Таңға жуық, сағат 4-тің кезінде офистен шықтым да, үйге қарай беттедім. Қалтамнан телефонды алып, такси шақырдым. Телефонды алып жатып, қолыма шеті тиіп кеткен кілт ұшынан екінші ой келді: әйелім мен балам ұйқыда... деген бірдеңе сап ете түсті де, көңілім жайланып қалды. Такси табылды да, телефоным «дыз» ете түсті, 1210 теңгені жұлып алды. Жаңа ғана жайланған, жамбастап жатқан көңілдің көтінен бір тепкен ақша, қайтадан құлазытып жіберді. Оны ойлап, түңіліп үлгермедім, бесінші ме, алтыншы ма ой келді де: «тауып жатсың, шүкір ет!» деп құлақ түбінен шертіп, өте шықты. Енді сарсаңға түскен көңіл тепе-тең қалыпқа түскендей...
50 жас шамасындағы көкем Granta көлігінің есігін іштен ашты да, сол сәтті күні бойы күткендей: «інім, темекі шеге берсем, қарсы емессің бе?» деді. «Шегіңіз!» дедім мырс етіп. Жан қалтасына асыққан қолда жазық жоқ, оны көрген менің көзім де кінәлі емес, сол сәттегі көкемнің титтей бір бақытқа дірілдей жеткенін қарап отырдым. Бір тал темекі шықты да, тұтанған беті көліктің ішін көк түтін қылды. Салдырлап келе жатқан көлік, түтінге оранған ішкі әлем, буланған терезе, оның сыртында «қолыңнан келсе, сатып ал» деген жап-жарық үйлердің шамдары, одан қалса, қасыңнан «әкең алып бере алмаған көлік осы ғой» деп зу ете шыққан иномаркалар... Соларға қарап, өзіндегі намысты бермей, мырс етіп отырған 31 жастағы жігіттің тиктогында «саған мотивация жетпей жатыр» деп ақыл айтып отырған мұрынбоқ біреу...
«Жұлдыз баса сал ә!» деп көкем мені үйдің қасынан тастап кетті. Бес жұлдызға жеткізіп бастым. Бүгінге істеген жақсылығым осы секілді көрінді. Үйге кірмей, бірер минут кідірдім. Бәсе, бәрі қайда кетіп қалды деп ем, міне енді жетті: санама келіп соғылатын менің ішкі «мендерім» ғой. Олар дәл осы сәтте мың қырық сұрақ қойып, сап-сау миыңды миғұла етеді. Бәріне жауап беруге міндетті адамдай, «өзі ғой», «қолымнан келмей жатыр», «тырысып жатырмын», «не істейін, өлейін бе?», «малмын иә»... деген сөздерді тіс ішінде ұстап, сыртқа жібермей, сайрағыш тілді таңдайға басып, күңкілдеп тұрмын. Күңкілдеп тұрғанда анау жақтағы жетінші қабаттан жанған үйдің жарығы: «көтіңді қысшы болды» деп маған арнайы жағылғандай сезім береді де, қайта өшеді. Сонымен бірге мен де өшемін. Сосын... Сосын, не болушы еді, үйге кіремін.
Қайырлы таң, тірілер!