AYATZHAN / Мінез!


Гео и язык канала: Казахстан, Казахский
Категория: Образование


Аятжан Ахметжанұлының мотивациялары

Связанные каналы  |  Похожие каналы

Гео и язык канала
Казахстан, Казахский
Категория
Образование
Статистика
Фильтр публикаций


​​ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТУ ФОРМУЛАСЫ ( 6 бөлім)

Жетістікке жету – адам баласына шабыт береді, жетістікке жеткен адамда мотивация да, ерік-жігер де жетерлік болады. Бірақ, жетістік қайдан келеді?
Бірде бір ғұламаға шәкірті дәл осы сұрақты қойса керек.
- Ұстаз, табыс қайда жасырынған? – дейді.
Сонда ұстазы:
- Табыс сенің сүрінген жеріңе жасырынған, – деген екен.
Ал, мұны атам қазақ «Ат сүрінбей жер танымас, ер сүрінбей ел танымас» дейді. Жалпы қателесу - ағаштағы қураған бұтақты кесу сияқты, егер сабақ ала білсек, табысқа жетудің басты кепілі. “Жеңіліс – жеңістің анасы” дейді мұндайды біздің жұрт.

Кім талпынбайды, кім сүрінбейді? Мәселе сүрінуде де, басқада да емес, мәселе әр нәрседен сабақ алу, әр істі өз жетістігіңе пайдалана білу. Мұны қазақ «көре көре көсем болар, сөйлей сөйлер шешен болар» дейді.
“Ащының дәмін татқан білер,
Алыстың мәнін жортқан білер”, - дегендей, ашпаса көрмей, айтпаса білмей жүре берсеңіз, табыстың сізде несі бар?! Шынымен табысқа жету басты мақсатыңыз болса, сүрінуден де, қателесуден де қорықпаңыз, әр қателіктен сабақ ала біліңіз. Әлемде ғалымдардың сан мәрте қателессе де қайтпаған ерліктерін білерсіз, мысалы, Мария Кюридің сынақты әлденеше жүз рет қайталағаны, тіпті жарылыстан құлағы естімей қалса да, шегінбегенін білерсіз. Кәдімгі біз қолданатын шамды (лампочка) ойлап тапқан Эдисон 10 000 рет қателесіп, тек соңында ғана шамды сәтті жасаған, оның табысқа жетуінің басты шарты – әр қателігін келесісінде дұрыстап отыруы.

Мүмкіндікке толы ғұмырда кез келген мүмкіндікті өз пайдаңызға жарата біліңіз. Алма бақта жүргенде кімнің басына алма құламады дейсіз, бақташының басына күнде әлденеше рет алма құлайды, бірақ, алма құлағанның бәрі бүкіл әлемдік тартылыс заңын ашқан Ньютон болған жоқ. Архимедтен бұрын ешкім ваннаға суға түспеді дейсіз бе? Сол сынаманы берген хан да күнде түседі, бірақ, судың көтерілуін пайдасына асырған Архимед қана өз мақсатына жетті. Дәл осындай, әркім байқай бермейтін мүмкіндікті байқаған адам ғана табыстың шыңына шығады.

Сіз өмірде қаншалық сергексіз? Қателесуден қорқасыз ба, әлде қателік жасағанды жақсы көресіз бе?

Жапонияда сынақ мерзімге жұмысқа алған қызметкер қателік өткізбесе, жұмысқа алынбайды екен, себебі, қателікті тек жұмыс істемеген адам ғана жасамайды. Тек тапсырмамен жұмыс істейтін адам табысқа жетпейді. «Қошқар мен текедегі» текеше айтсақ, «кім тәуекел етпейді, сол табысқа жетпейді».

Сіз тәуекелшілсіз бе? Тәуекел жасап, сәттілікке жеткен кезіңіз көп пе, әлде сәтсіздікке ұшыраған сәтіңіз көп пе? Сәтсіздігіңізді, яғни, жеңілісіңізді жеңіске айналдырып көрдіңіз бе?

QAZBILIM GROUP компаниясы басқарма төрағасы Аятжан Ахметжанұлы


​​Құрметті баспагерлер, достар, ата-аналар, ұлттық мектептің жанашырлары!

Адамды адам еткен- кітап, адамзат еткен-кітапхана, - дейді Әбіш Кекілбаев.
Мен үшін мектептегі ең жайлы, оқушы мен мұғалім үшін ең қолайлы орта кітапхана болу керек деп ойлаймын. Кемелді мектептің іші жартылай кітапхана, жартылай мұражай секілді жасалса деп армандаймын. Бұл баланың рухани өресін дамытуға, ізгілікке ұмтылдыруға керемет мүмкіндік болар еді деп ойлаймын.

Сондықтан да, мектебімізде жыл сайын осы бір дәстүрлі шарамызды өткіземіз. Биыл да өткізгелі отырмыз.
Ұлттық мектептің қалыптасуы мен дамуына аз да болса үлес болар еді. Ұлттық мектептің балаларының көз аясын кеңейтуге мүмкіндік болар еді.

Сіздерден QAZBILIM ұлттық лицейлері желісінде 15-25 қараша күндері арасында өткізіліп жатқан ұлттық мектепке кітап сыйла акциясына қолдау білдіруге шақырамын!

Қазақ және ағылшын тіліндегі ғылыми әдебиеттер, көркем әдебиеттер, тарихи танымдық әдебиеттер тағы басқа баланың көкжиегін кеңейтуге бағытталған кітаптарды қабылдаймыз!
Қазақ әдебиетінің бай туындыларын сыйласаңыз қуанып қаламыз!
Оқушы мен ұстаз оқуға тиісті туындылар болса қуана қарсы аламыз!

Құрметпен:
QAZBILIM ұлттық лицейлер желісі жетекшісі Аятжан Ахметжанұлы.


​​Өткенде Shyńǵys Muqan аға: “Coffee Book-ті" жауып жатырмын. Өзін-өзі ақтамай, сақтап қалуға мүмкіндік болмады" деген кезде қатты өкінген едім. "Әдемі жоба, ұлтты интеллектуалды дамытуға жетелейтін жоба өмір сүргені дұрыс еді" деп өкіндім.
Ал бүгін университет қабырғасынан ашылғанын көріп, қуанып қалдым.

Иә, бизнестің шарты да, ойыны да – әділетсіз. Оған эмоция да, патриоттық та, ұлтшылдық та, адамгершілік те қас. Өз ережесімен ойнамасаң, өз ережесіне бағынбасаң, құрдымға жібере салады. Оның арты – тығырық.

Бизнес жетекшілері: "бизнес жасауда бірінші мақсатың – экономикаңды реттеу болмаса, экономикаңды дұрыс басқармасаң, тиімділігін арттырмасаң ұзаққа бармайсың", – дейді.

Иә, ұлттық мектептер желісін қалыптастырам, QAZBILIM-ді бизнестік жоба емес, әлеуметтік жоба етемін деп, барымды салып, 10 жылға жуық үздіксіз 365 күн, 24/7 барымды салдым.

Әсірелеу секілді көрінер. Бірақ соңғы үш жыл тіпті өз-өзімді қатты ұрып жібердім. Соңғы 1,5 жылда өте ауыр күйде жүрмін. Өмірімдегі өте үлкен құрбандықтар да болды. Денсаулық та ойланта бастады. Кейде қолыңды бір сілтегің келеді. "Жоқ, мақсатқа жетпей тынбау керек!" деп, қайтадан арпалысасың. Жігерің мұқалады.

Неге?
Себебі аренда үшін, коммуналдық төлемдер мен мемлекетке төлейтін салық үшін жұмыс істейсің. Қаланың мектепке сай ғимаратының арендасы 12 айда бүкіл кірісіңді қағады. Тентіретіп жібереді.

Оқу ақысын сәл көтерсең, ата-ананың қолы жетпейді. Оқығысы келген білімді бала төлей алмайды.

Ал көтермесең, аренда есігіңді, мемлекеттік салықтар шотыңды жабады. Сосын шақшадай басың шарадай болып отырасың. Тым ауыр.

Бірде бизнесмен Марғұлан Сейсембай: "Патриоттық бизнестің жауы, бизнес патриотизімнің досы", – деп еді. Рап-рас. Осы күні дәл соны өзім қатты сезініп жүрмін.

Өткенде сол Шыңғыс аға COFFEE BOOK-ті жапқанын естігенде де осы ой келді. Өзімдегі қиындықтар туралы ойлап, Шәкеңді түсіндім.

Өзім де бір күн осы күйге түспесем екен деп одан сайын қорықтым.

QAZBILIM Ұлттық мектептер желісі – ұлттың болашағы, елдің болашағы үшін жасалып жатқан жанкешті жобам. Бұндай дүниеге демеуші де, инвестор да табу тым қиын. Себебі бизнес көзімен қараған жұрттың шартына көне алмайсың.

Ниетіміз дұрыс қой деп, арпалысып келеміз. Құдай бір ретін табар деп, алысамыз. Сол сәтте біреулер түсінбей жағаңа, біреулер көре алмай балағыңа жармасқанда, "оо, атаңа нәлет!" деп айғай салғың келеді. Айғай салғың келеді.

P.S. Сурет ЖИ жасаған 60-тағы Аятжан. Бұл түрдегі күйге жетсек бұйырса. Бүгінгі арман орындалған күйді көрерміз...


Ұлттық валюта күні

1993 жылы 15 қараша.
1 $ = 4,74 теңге

2024 жылы 15 қараша
1 $ = 497 теңге

Теңгеміздің бәсі биік, берекелі болсын!






​​ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТУ ФОРМУЛАСЫ (5 бөлім)

"Адам – бір боқ көтерген боқтың қабы,
Боқтан сасық боласың өлсең тағы.
Менімен сен тең бе деп мақтанасың,
Білімсіздік белгісі – ол баяғы", -дейді ұлы Абай.
Иә, білімді болсаң, есті болсаң, өзіңнен ғана талап ет, тіршілігіңде жиіркенішті күйге түспе дейді. Біз ше? Бүгін кімбіз, ертең кім боламыз? Болжай аламыз ба?
"Өзім қанша мықтыны мойындасам,
Енді өзімді оларға мойындатам", -дейтін ақын Мұхтардың өрлігі шыға ма?
"Суда жүзген кеменің ізі қалмайды,
Қалса да, лездік толқындар легі жалмайды.
Басылса егер тарих бетіне ізгі ізің,
Дауыл, толқын мәңгі өшіре алмайды,
Ізсіз қалу – адамзат үшін жан қайғы", - дейді біздің қазақ.
Істеген ісімізден өзгеге өнеге бар ма, ертеңге тиер пайдасы бар ма, қаттырақ айтсақ, артымызда із қалдырып жатырмыз ба? Өзіңнен есеп алу осындай тым ауыр һәм мұңлы.
Себебін тағы да, Абайдан іздеп көрелік.
"Біреулер құдайдан бала тілейді. Ол баланы не қылады? Өлсем орнымды бассын дейді, артымнан құран оқысын дейді, қартайған күнімде асырасын дейді. Осыдан басқасы бар ма?
Балам орнымды бассын демек не сөз? Өзіңнен қалған дүние иесіз қалар дейсің бе? Қалған дүниенің қамын сен жемек пе едің? Өліп бара жатқанда өзгеден қызғанып айтқаның ба? Өзгеге қимайтұғын сенің не қылған артықша орның бар еді?
Артымнан балам құран оқысын десең, тірлікте өзіңнің жақсылық қылған кісің көп болса, кім құран оқымайды? Егер жаманшылықты көп қылған болсаң, балаңның оқыған құраны сені неге жеткізеді?
Қартайғанда асырасын десең, о да – бір бос сөз. Әуелі, өзің қаруың қайтарлық қартаюға жетемісің, жоқ па? Екінші, балаң мейірімді болып, асырарлық болып туа ма, жоқ па? Үшінші, малың болса, кім асырамайды? Малың жоқ болса, қай асырау толымды болады? Баланың мал табарлық болары, мал шашарлық болары – ол да екіталай", - демей ме оныншы қара сөзінде.
Иә, істеген ісің мен елге жасаған жақсылығың болмаса, басқа іс қалдырдым дегенің бос сөз, ұрпақ жалғастыру төрт аяқтылардың да қолынан келетін іс емес пе еді?!
Қазақ мұндайда "Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді" дейді. Менің атым ертең кімнің есінде қалар деп ойланар болсақ, Абай айтқан естілер санатында болар ма едік. "Ессізсің" десе әрине, есіміз шыға жынданамыз.
Есеп аларда 26 жыл ғана ғұмыр кешкен Сұлтанмахмұт та, 30-ға жетпей опат болған Шоқан Уәлиханов та тарихта атын бедерлеп кетті. Артындағы ұрпаққа ұшан теңіз еңбегін тастап кетті. Көп ғұмыр сүру де, аз ғұмыр сүру де маңызды емес, маңыздысы мәнді ғұмыр сүру екенін еске алсақ ше?
"Дүние қарап тұрсам, шолақ екен,
Адамдар бiр-бiрiне қонақ екен.
Барында оралыңның ойна да күл,
Қызығы бұл өмірдің сол-ақ екен", -дейді тағы халық әнінде. Ал, ойсыздық кімге опа берген-ді?
Ойлана жүрген өзімізге тиімді. Мен өзімнен үнемі есеп аламын, бірі анда-санда кешке бір ұйқысыз жатқан шақтарда «мен не істеп жүрмін?» деп ойланасың, кейде өзіңнен қорқасың, кейде өзіңе риза боласың. Қорқар шағыңнан риза болар шағың көп болғаны, әрине табысқа жеткізсе керек-ті.
Екіншісі, жылына бір рет келетін өмір есігін ашқан күнің. Жұрт тойлайтын шығар, мен тойлай алмадым сол күнді, бір жасқа қартайғаныңды тойлау күлкілі сезіледі, тіпті. Ал сол күні «осы жасқа немен жеттім, не бітірдім?» деп ойланасың. Бітірген, тым құрыса бітіріп жатқан ісің болса, қуаныштысың әрине. Себебі, "екі дүниенің бақытын бер" деп сұрамайтын ба еді атам қазақ? Бұ дүниенің бақыты қалдырған ізің болса керек.
Ал сіз ше, жасыңыз нешеде, бүгінге дейін не бітірдіңіз? Көз алдыңыздан ғұмырыңызды бір сыдыртып өткізіңізші…


​​Құдайдан да күшті болып уақытты артқа бір сағат сырғыта салдық.

Енді қыс түсті. Кей өңірде күн төрттен аса батады. Бестен аса қараңғы түседі.
Екінші ауысымда оқитын балалар мектептен жетіден аса шығады. Бұл кез тым қараңғы. Оқушының амандығына, қауіпсіздігіне қиын боп тұр.
Енді не істейміз?
Бізде бәрін шеше салатын бір жаман үрдіс бар.

- Мектепке бала сыймай жатыр не істейміз?
- Сабақ уақытын қысқартып үш ауысымды жасаңдар!
- 45 минутты 40 минутқа түсірдік. Мәселе «шешілді».
- Бүгін мереке ғой. Не істейміз?
- Бір екі сабақты қысқарта салыңдар.
- Балалардың сабағы біткенше түн болып кетіп жатыр, не істейміз?
- Сабақ уақытын қысқарта салыңдар!
- 40 минутты 30 минутқа түсірдік. Мәселе шешілді.
- Міне, мәселенің шешу жолын тауып үйреніңдер. Жоқ жерден проблема туындатпай.

Көп жерде мәселенің шешу жолы осылай қалыптасты. Қазір кей мектептің бір академиялық сағаты 45 минут, кей мектепте 40 минут. Енді мына сағаттың жылжығанымен 30 минуттық ете салайық деген ұсынысты көріп кәдімгідей шошып отырмын. Бұл педагогикалық ұстаным, педагогикалық заңдылық қайда?
Өткенде неге 40 минут деген сұрағыма біреу 5 минуттың не ары берісі бар, оқитын бала 15 минутта да оқиды депті. Ех, сөйтіп оқу жылын да кесіп тастап едік.

Айналайындар, оқу бағдарламасы жоспарланғанда әр сабақ 45 минутқа лайықталады. Әр сабақтың салмағы, жүгі 45 минутқа арналады. Мұғалім үшін 5 минут түгілі 5 секунд та қадірлі һәм қымбат. Мұғалім 5 минутта өте үлкен мәселелерді шешіп үлгереді.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Балаларға көп үйретем деп, асығып шала-шарпы үйретуден, аз да болса, анықтап нық үйрету абзал» дейді. Әлде Ұлт ұстазының ұстанымы да ойыншық па?

Уақытты шегерген қателікті оқушының білім алу уақытын қысқартумен шешпеңдерші, өтініш!
Балалар, толық, лайықты, сапалы білім алу керек!

P.S. көптің баласы үшін жаным ашып, шырылдап отырмын. Әйтпесе маған бәрібір. QAZBILIM ұлттық лицейлерінің бәрі бір ауысымда сағат 8:30 – 16:30 аралығында оқиды. Қалай сырғытса да әсер етпейді.


​​Баяғыда «Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, «білім беру ісінің үздігі», «білім беру саласының құрметті қызметкері» -деген төсбелгі иегер ұстаздарды көргенде құрметім кәдімгідей артатын. Ең мықты санаулы ұстаздарда ғана болатын еді. Олардың қадірі басым, ұжым алдында бедел еді.

Министрдің атынан бір адамға алғыс хат немесе құрмет грамотасы келсе ұжым болып қуанатын, ұжым болып марқайып қалатын еді.
Қазір ше? Бәрінен қадір кетті, анығын айтқанда қадірін кетірді. Әр жиынның соңы марапаттау, әр іс-шараның соңында медальдің шылдыры естіледі.

Тіпті білім саласында санат алсаң да медаль, сағат алсаң да медаль. Бәрі министрдің атынан, министрліктің атынан. Бәрі мәз секілді бірақ, бұрынғыдай ешкімнің беделі жоқ. Неге?
Қазір екі медаль елдің бәрінде бар, бірақ, ел бойынша білім сапасы төмен, министрлік соны шешеміз деп «мақсатты мектеп», «нысаналы мектеп, нышаналы мектеп» деп ала шапқын. Сонша кеуде толған медаль болса неге білім сапасы төмен болады деп мен де аңтаң, апам да аңтаң.

Ел бойынша балалардың тәрбиесі ушығып тұр. Аптасына әлеуметтік желіде жаға ұстатар екі-үш мәселе көресің. Күйінесің, күйрейсің. Министрлік пен білім басқармаларына қарасаң марапатталып жатқан, марапаттап жатқан іс-шаралар. Жылдан асты аспаннан медаль мен алғыс хат жауып жатыр. Сонша үздік көп, неге баладан тәрбие кетіп тұр? Жаңағы жұрттың өнегесі қайда?
Өткенде бір ақпаратты оқып отырсам бір облысқа 11 500 дана медаль барыпты-мыс. Ол өңірде қанша мектеп, қанша оқушы бар екен деп зерттедім де, мына мектебі аз өңірге осынша болса, сонда Түркістан облысына неше мың медаль барды екен деп бір күліп алдым. Күліп отырып күйініп ашуланасың ғой сол.
Атақ, мәртебе, даңқ, орден. Басқа ауырса да бұнымен ұстаздар ауырмау керек. Ұстаздарды ауыртпау керек.

3-4 жыл бұрын «Ұлт ұстазы», «Алаш ұстазы» деген марапат бизнеспен, ақшасын төлесең бере салатын медаль бизнесімен күресіп ек.
Енді басқа емес министрліктің түрі мынау... Қадірін әбден кетірдіңдер-ау, өз қадірлеріңмен қоса.

P.S. Содан күйініп YouTube-қа кірсем жазушы Қанат Тілеуханның «медаль» деген әңгімесі алдымнан шыға келді. Ой, тыңдап отырып бір риза болдым. Шын хәліміз дәл солай.
Сілтемесін комментке салдым.


​​КЕШІР, ӘКЕ

Сен, әке,
Өкпелеме мынау жас елге,
Тентегі бар оспадар.
Қаны бар қазақ осы елде,
Дұшпанға қатал, досқа адал.

Сабыр ет, әке, бәсеңде,
Соны көш сонар басталар.
Туғанды маған әкелде,
Тірек болсын басқалар.

Армандап кеткен тәтемде,
Оны ойласам жас тамар.
Қытайда қалған көкемде,
Болмай тұр әлі асқақ әл.

Қазақ қып ұрпақ өсірген,
Әр қазаққа көш міндет.
Кешегі ғасыр кешірген,
Бүгінгі дәуір кешірмес.

Жатпайма, әке, кеш біліп,
Өр заңғарлы есіл ел.
Есін жияр ес біліп,
Қанатыда жетілер.

Майданда шапқан қас тұлпар,
Тұяғы талай кетілер.
Қазақ деген қас сұңқар,
Көгінде талай көсілер.

Қарашаңыраққа, әке, барар ем,
Ұрпаққа керек тұрақтау.
Өзіңді алып қалар ем,
Туған жер, әттең, жырақтау.

Кешір әке,
Екінші әрең мүшелім,
Ұлыңның ойы олақтау.
Мененде жасы кіші елдің,
Мененде ақылы шолақтау.

Аятжан Ахметжанұлы
2014 жылы шілде


​​ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТУ ФОРМУЛАСЫ (4)

Жетістікке жетудің, жалпы, жалғыз формуласы ол:
Бастау > даму > сүріну > тұру > қайта даму > жетістік!
Ал осы барыстың ең қиыны - бастау. Көп адам “бірдеме істеу керек еді” деген ойда жүреді, бірақ істемейді. Істемеу себебін жоғарыда айтқан едім, енді бастамау себебін іздеп көрейік.

Қазақ «Еріншектің ертеңі таусылмайды» дейді мұндайда. Еріншектік те бір өзіңді ақтайтын сылтау. Көп адамның ең үлкен кемшілігі - менің ойымша, “Келесі дүйсенбі!”
- Әлемді өзгерткің келе ме? Онда
өзіңнен баста,
бүгіннен баста,
дәл қазірден баста, – дейді Конфуций. Ал біз барлық істі (кітап оқуды, диетаны, жүгіруді, тіпті бизнесті де) келесі дүйсенбі немесе келесі айдың басынан, сәрсенбінің сәтінен бастаймын деп ойлаймыз, жоспарлаймыз. Бір есімізді жисақ, келесі аптаның ортасынан ауып кетеді. Сәрсенбінің сәтін күтіп жүріп, сәтсіздікке ұшырағандарымыз қаншама?!
“Үш күн жатсаң, тозаққа да көнесің” демей ме? Қорықпай үш күн істеген әрекет әдетке, әдет мінезге, мінез нәтижеге жеткізерін ойлай бермейміз. Бұл ғылыми тұжырыммен дәлелденген 72 сағат теоремасы. Сондықтан, ой әрекетке, әрекет әдетке айналған кезде ғана, жетістіктің жеңісі жақындайды.

- «Адам мінезін түзеп болмайды» деген кісінің тілін кесер едім, - дейді тағы ұлы Абай. Онда өзгеру мүмкін, тек өзгеруге шын ниетпен кіріссек. Қалай өзгермек керек?
Ол үшін өз-өзімізге үнемі есеп беріп отыруымыз керек. Ал, біз өзімізден есеп алып көрдік пе? Өзгенің өзімізге қайтаруы тиісті жақсылығы мен қарызынан басқаны есептемейтін пенделігіміз бар. Ал өзімізден өзіміз есеп ала аламыз ба? Ол сұрақ!
“Әуелі пенде адам болып жаратылған соң, дүниеде ешбір нәрсені қызық көрмей жүре алмайды. Сол қызықты нәрсесін іздеген кезі өмірінің ең қызықты уақыты болып ойында қалады.
Сонда есті адам, орынды іске қызығып, құмарланып іздейді екен-дағы, күнінде айтса құлақ, ойланса көңіл сүйсінгендей болады екен. Оған бұл өткен өмірдің өкініші де жоқ болады екен”, - дейді Абай.
Онда қызыққан дүниеңізді, бастауға тиісті ісіңізді келесі дүйсенбі немесе келесі жыл емес, бүгін бастаңыз, кішкентайдан болса да бастай беріңіз. Өзгеруді өзгеден емес, жүйеден емес, өзіңізден бастаңыз!
Сіз бастамай жүрген қандай тірлік бар? өзгеруге дайынсыз ба?


​​Әдебиеттен нобельді кәріс жазушысы алыпты. Мемлекеттік “Абай” атындағы сыйлықтың да иегерлері белгілі боп жатыр екен, бүгін. Құтты болсын!

Осы тұтса қазақ әдебиетінің ең шоқтығы биік шығармаларының бірі, көлемі жағынан ең көлемді шығарма, түрме әдебиеті жанырының керемет туындысы ол 42 жылын қытай түрмесінде өткізген заңғар жазушы Қажықұмар Шабданұлының “қылмыс” романы деп ойлаймын.

Ол кісі тірі кезінде ата жұртын қанша аңсаса да үй қамақтан босатпады. Ел жаққа қанша хат жазса да ата жұртқа алдыру бақыты бұйырмай 2011 жылы өмірден өтіп кете барды.

Ал ол кісінің 6 томдық ғажап романы ҚЫЛМЫС романы “қылмысынан” айықпай баспадан шығаруға қатаң тиым салынып жарық көрмеді.

Қылмыстың алты томы ата жұртта жекелеген адамдардың демеуімен ғана жарық көрді. Шетелдегі қазақ әдебиетінің сүбелі туындысына мемлекет тарапынан көзқырын да салмады-ау. Сапалы, көлемді тираджбен шықпады да.

Негізі қазаққа берері мол, шетелдегң қазақ тарихының қатпар, қатпарына қызықтыра жетелейтін керемет туынды. Оқырманын шымшыма сөздерімен күлдіре отырып жылатады. Жылатып отырып күлдіреді. Оқыған да шығарсыздар.

Өткенде соңғы кездері аудио кітап тыңдауды әдетке айналдырғанымды айтып ем. Соңғы үш жылда біраз романды жаңғырта тыңдап шықтым.

Сол кезде Нәзір Сүлеймен бауырдың оқыған шығармалары біраз азық болды. Содан осы “қылмыстың” таралуына, оқырманға жетуіне бір көмегім болсын деп, Нәзірге қолқа салдым.
Азда болса демеушілік жасайын деп ем, Нәзір де келісті. Келісті де бастап кетті.

Қазірге дейін үш томын толық оқыды. Тіпті тыңдарман қауымы түріктің сериялын күткендей келесі бөлімін күтіп отыр. Өзім де соңғы үш бөлімін оқымап ем, күтіп отырмын.

Кітап сүйер қауым, тыңдап көріңіздер!
Ғажап туынды!
Ғажап роман!
Ажуа, сатира, ғажап логикалық шиеленіске толы өмірбаяндық туынды.

Нәзір дауысың қарлықпасын!
Шап! Қалған бөлімдерін күтеміз!

Сілтеме:
https://youtu.be/lQ4qmgk6KSU?si=FQtROO5rHpin-b3q


Енді дәл осындай масқара болудан кейін егер ұяты болса қазіргі оқу-ағарту министрі, білім сапасына тіке жауапты бірінші орынбасары, Орта білім комитеті төрағасы, Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасы бәрі командаларын жетектеп, чемодандарын көтеріп толық құрамда отставкаға кетуі керек деп ойлаймын. Ұяттары болса әрине.

Себебі, білім саласы елдің ең маңызды саласы. Ол жердегі бүгінгі нәтижесіз жұмысы елдің алдағы 10-20 жылындағы дамуына қолдан жасалған кедергі. Адами капиталдың сапасы ол елдің болашағының сапасы. Оны қамтамсыз ете алмаса, өз еріктерімен кеткені дұрыс.
Айтпақшы, президентке 1200-ден астам мұғалім қол қойып ашық хат жолдапты. Әрине мынадай масқаралықтан кейін есі дұрыс адам кетуін талап етеді.

Кетесіздер ме, құрметті оқу-ағарту министрі һәм командасы?
Жолдарыңыз болсын!

Аятжан Ахметжанұлы
QAZBILIM GROUP компаниясы басқарма төрағасы


​​Мақсатынан адасқан «мақсатты мектеп» жобасы

Жібекті жүн қылады түте алмаған,
Жігітті күң қылады күте алмаған, - дейтін мақал бар еді. Дәл мына «мақсатты мектеп» жобасы мен оның айналасындағы шуды көріп отырып осы сөз ойыма келе береді. Қор болған мақсаттар ай, әлін білмейтін шенділер-ай.
Білім сапасы. Иә, ішкі сыртқы қандай зерттеуге қарасақ та біздің елдің білім сапасы көңіл көншітпейді. Білім сапасы жалған көрсеткіш қуған мектептер мен білім басқармаларының күнделік.кз-те көрсеткен жалған %-дары емес. Білім сапасы шынымен трагедия.

Басқасын айтпағанда 2-3 зерттеудің нәтижесіне қарайық;
- Дүние жүзі даму банкі еліміздегі адами капиталдың сапасы туралы зерттегенде, еліміздегі балалардың 1 %-ы ғана сапалы білім алады деп тұжырымдайды.
- PISA-2022 зерттеуіне қатысқан 81 елдің ішінде оқу сауаттылығы бойынша 61 –інші орында. (Бұның өзінде емтихан тазалығына күмәнмен қараймын.)
- ҰБТ нәтижесі бойынша елімізде орташа балл 68 балл. ҰБТ жалпы балы 140 екенін ескерсек орташа балдың 50% -ға да жетпеуі білім сапасының көрсеткіші қандай деңгейде екенін көрсетеді. (Бұл нәтиженің өзіне қаншама баланың орталық жағалап, қосымша курсқа барып жүріп жетеді.)

Дәл осы тұрғыдан алғанда ауруын жасырғанның өлімі әшкере деген анық. Біз білім сапамыздың шынайы төмен екенін ашық мойындап, оны дұрыстауға жұмыс жасамасақ, түбі жақсылыққа апармайтыны анық.
Білімі төмен елде қылмыс көп болады. Білімі төмен жерде әлімжеттік те көп болады, бұзақылық та көп болады. Бүгінгі заманда көрініс тауып жатқан оқиғалар да соның айқын көрінісі.
Дәл осындай ауыр мәселенің бар екенін бүгін үкімет те сезді, президент те сезді деп ойлаймын. Жоғарыдан білім сапасын арттырыңдар, орта білімнің мынау сапасы масқара деп жоғарыдан пәрмен түскен сыңайлы.

Өкінішке, сол пәрмен берген үкімет қазіргі оқу-ағарту министрлігінің бұған шамасы мүлде жетпейтінін ойламады.
Ал, оқу-ағартудың істің жүйесін білмейтін, заңды, құқықтық норманы білмейтін командасы білім сапасын көтеру мақсатын социалистік жарысқа айналдырды да, «мақсатты мектептің» мақсаттарының быт-шытын шығарды.

Өздері бекіткен норманың заңды, заңсыз екенін де білмеді. Заңға негіздемей бекітіп алды да, енді сасқан үйрек боп артымен жүзіп отыр. Өздерінің осы жобадағы мақсаттарынан да адасып қалды-ау шамасы. Жобаның айналасындағы құқықтық сұрақтарды бұған дейін біраз әріптестерім талдапты. Оған соқпай ақ қояйын. Мен күліп отырмын шыны керек.

1. «Мақсатты мектепке» енген мұғалімдерге курс оқытты. Ол курстың мақсатын да түсіндірмеді де, оқу керек деп ала шапқын болды. Онлайн курстарының да өнімділігін ойлағандары шамалы.
2. Курстан соң тест алынады. Тестен өтпесе шара көреміз деді. Шу еткен дауыс шыққанда өздерінің заңсыздығын сезе қойды да, тестен өтпесе де жұмыстан шығармаймыз деп жауырды жаба тоқыды.
Тест жексенбі екен, жұмыс күні емес заңсыз деп еді, тестке бармаған мұғалімге қысым жасалмайды деп тағы бұлтаң етті.
Нәтижесіне сұрау болмайтын, қатыспаса да ерікті болатын тестті өткізуге бюджеттен ақша бөліп отыру қаншалық күлкілі һәм бейшаралық еді.

«Мақсатты мектеп» жобасының әу бастағы білім сапасын көтеруге бағытталған мақсаты дұрыс еді. Бірақ, бірақ...
Жібекті түте алмағандар жүн етті ғой, қайтейін...
Білім сапасы төмен бе, төмен.
Бірінші, оны қалай дұрыстаймыз, -деп нақты зерттеу жасау керек. Сарапшы, зерттеуші тәжірибелі мамандармен нақты кеңесіп жобаны жасау керек.
Екінші, ол жобаны заңдық тұрғыда құжаттармен заңдастыру керек. (Құқықтық ел боламыз десек, бірінші заңдық тұрғыда бекітіліп, сосын барып басталуы міндетті!)

Үшінші, атқару механизімін шаш ал десе бас алатын әпербақандықа, жүз қойдан жүз сексен қозы алатын социалистік жарысқа салмай дұрыстап ұйымдастыру керек.
Өкінішке, қазіргі министрден де, министрдің командасында да ондай деңгей жоқ. Жоқ, екені бір айдан бергі шуға да, жұмысқа да есі дұрыс жауап бере алмай отырғанынан айқын көрінеді.


​​Биылғы оқу жылында QAZBILIM ұлттық лицейлерінде қаржы сауаттылығы пәнін енгіздік.

Оны кәсіби мамандар жүргізсін деген мақсатпен, елімізге тамымал экономист Халықтың Мақсаты басқаратын Sana business академаиясымен келісіп, сол кісілер жүргізіп жатыр.

Бағдарламасын сол кәсіби мамандар жасап, жүйелеп 8 қаладағы 9 QAZBILIM ұлттық лицейінде қаржы сауаттылығы пәнін сол құрамда мықты бес маман жүргізіп жатыр. Қазірге оқушылардың қызығушылығы жоғары.

Алда Sana-ның қыз жігіттерімен бірге біраз жоспарлар бар. Қаржы әліппесін, қаржы сауаттылығы оқулығын дайындап шығарсақ деген мақсат бар.

Оқу жылының соңында бір жыл қаржы сауаттылығын оқыған оқушылар арасында республикалық деңгейде үлкен жарыс өткізсек деп тұрмыз. Басты мақсат экономиканың тілін ерте жастан түсіну.

Мақсат Халық ағамыз қаржы сауаттылығы - халықтың өмір сүру деңгейінің көрсеткіші, - дейді. Сондықтан да бұл пән маңызды һәм өзекті. Алдағы уақытта кеңінен дамытуымыз, жетілдіруміз керек.

Өткенде Алматыда осы қаржы сауаттылғы пәніне байланысты қаржы сауаттылғы пәні мазмұны, маңызы, оқыту ерекшелігіне байланысты Мәкеңмен сұхбат жаздық.

Мәкеңнің біраз сұраққа жауабы бізді де ойлантты. Сізге де пайдалы болады, тыңдап көріңіз.
Сілеме:

https://youtu.be/IfsjbU-cuBU?si=n6erdAB2ORpTR5im




​​ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТУ ФОРМУЛАСЫ (3 бөлім)

Иә, жетістікке жетем десең сылтау айтпа, қашан да әр жетістіктің де, сәтсіздіктің де себебін өзіңнен ізде. Ұлы Абай:

“Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді, ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап”, - деген. Ал, біз өзімізге емес, демеушіге, қолдаушыға сеніп жалтақтаймыз.

“Істегісі келетін адам мүмкіндік, ал істегісі келмейтін адам сылтау іздейді”, - дейді Бауыржан Момышұлы. Біз “мүмкін” деген сөзден гөрі “мүмкін емес” деген сөзді көбірек қолдансақ, онда жетістік бізден алыстайды. Себебі, «Біреу жұмыс қылайын десем, тұрған жерім жаман дейді, біреу маңайымдағы елім жаман дейді. Бұлардың бәрі де бос сөз. Абақтыдан жайсыз орын жоқ, онда да отырып жұмыс істеуге болады», - дейді ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы. Ал біз бүгінгі еркіндікте, мүмкіндікке толы қоғамда “мүмкін емес” деген сөзді жиі қолданамыз. “Мына жүйе оңбаған” демей тұрып, өзіміздің тірлігімізді оңап алып, ойланармыз.

Өзіңді өзгертуге мотивация керек пе? Онда жетістікке жеткен тұлғалардың өмір жолын бір ақтарып шығыңыз. Табысқа жеткен адамдардың талайы нөлден бастаған. Бір сөзбен айтқанда, мүмкіндікке толы өмірде мүмкін емес деген сөзді айтпаңыз.

Өзіңді өзгертуге мотивация керек пе? Онда жетістікке жетіңіз. “Білім білген сайын қызық” дегендей, жетістікке жеткен сайын адамның өзіне сенімі артады, жетістікке жеткен сайын шабыттанады. Ал, өзгеден емес, өзіңнен алған мотивацияң өзің үшін әлдеқайда баянды.
Бізде бәрін басынан бастауға, өзімізден бастауға батылымыз жете ме?


​​Білімнен қайырымдылық жасау

Қазір қосымша курсқа қатыспайтын бала кемде-кем. Қосымша дайындыққа қатыспай ҰБТ-да жоғары балл алу мүмкін болмай кетті. Қосымша сабаққа қатыспай Назарбаев зияткерлік мектебіне, білім-инновация мектебіне түсу мүмкін емес.

Ал, қосымша сабақ ақылы. Ақылы дайындыққа қатысуға барлық балада мүмкіндік болмайды. Бұл деген сөз грантты тек ақылы оқи алатындар алады. Бұл әлеуметтік теңсіздікті келтіріп шығарады.

Сол білім алам деген балаларға көмек болсын деп 2020 жылдан бері YouTube де тұрақты ҰБТ-ға, НЗМ-ға, IELTS- ке дайындық сабақтарын жүргізіп келе жатырмыз!

Қазіргі таңда YouTube де QAZBILIM TV арнасында 700-ге жуық видео сабақ бар. Әр жылы ҰБТ-дан соң сіздердің каналдан дайындалып жақсы балл алдым деп қаншама оқушы жазады. Ұстаздарға да көп көмегі тиіп жатыр деп ойлаймын.

Биыл да сол үрдісті бастадық. Кешеден бастап YouTube де сағат 20:00 де тікелей эфирде сабақтарымызды бастадық!

Қосылып көрсеңіздер, оқушыларыңызға таратып қойсаңыздар болады!

Алдағы уақытта 8 қаладағы QAZBILIM ұлттық лицей ұстаздары тұрақты сабақтар жүргізеді. Біліммен қайырымдылық жасап, біліммен зекет береді.

Сілтеме: https://youtube.com/@qazbilim?si=Rofc--HxwstVoqja


​​Саясат - сары аяз,
Санамды құл еткен,
Көбік сөз, ой таяз,
Шықпаған жүректен...

Бүгінгі күй осы,
Қоғамның дерті ауыр,
Биліктің жүйесі,
Сенімсіз ол жауыр.

Қанағат қарын тоқ,
Пенделік озып тұр,
Санамда уайым көп,
Төзімім тозып құр.

Сабырға жеңдірсем,
Санамда қорқыныш,
Ақылға көндірсем,
Болсыншы ел тыныш.

Ертеңді ойласам,
Санада сан сұрақ.
Тілімді толғасам,
Барады қансырап.

Осылай кетсе егер,
Тұра ма жан шыдап?
Бір Алла берсе екен,
Еліме тамшы бақ!

Жерімнен садаға,
Бір шөбін жұлдырман,
Қара жер анаға,
Қараулық қылдырман.

Тастамас додаға,
Намысын будырған.
Түсірер тобаға,
Батырын тудырған...

Бұл жерім ұжмақ-ты,
Қазағым қонсын тек,
Бұл елім қуатты,
Мəңгілік болсын тек!

Аятжан Ахметжанұлы
2016 жылы сәуір
#өлең
#мінез
#Аят


​​Қазақ тілді бизнесмендер бас қосуы

Өзімді бизнес өкіліне жатқыза алмай-ақ қойдым. Өзімді бизнесмен санамаймын. Білім саласындағы жоба жетекшісі санаймын.

Бірақ, бүгінде еліміз бойынша 500-ден астам адамға жұмыс беріп отырған үлкен компанияға айналдық. Яғни, 500 адамның отбасылық табысы.

Оның сыртында 8 қалада 10 офис бар. Оның жалдауы, күнделікті шығыны.

Оның сыртында QAZBILIM баспасы өнімдерінің, кітаптары мен оқу құралдарының сатылымы. Оның айналымы.

Солай есептегенде айына 300 миллион теңгелік айналым жасайсың. Онсыз жоба өзін ақтамайды. Табысқа жетпейді.

Демеуші, қаржыландыру көзі жоқ, өзімен өзін дамытып келе жатқасын кей шешімге қаржылық тұрғыда қарауға міндетті боласың ғой. Онсыз банкроттық күтіп алады. Онсыз ұлттық мектеп құру арманы күл парша болады.

Ертең 13 қазан күні қазақ тілді бизнесмендер бас қосатын Алматыда Sana business forum өтеді. Сол шарада спикерлер қатарында біраз ой бөлісу мақсатым бар.

Биыл QAZBILIM ұлттық лицейлері мен sana foundation қоры бірігіп қаржы сауаттылығы пәнін енгізгенбіз. Ол қазір тап тамаша жүріп жатыр. Оқушылардың да қызығушылығы жоғары. Біз де өз серіктесіміздің осы бір үлкен мақсаттағы жобасына Халықтың Мақсатының ұсынысымен келіп қалдық.

🗓 Күні: 13-қазан
📍 Өтетін орны: InterContinental Almaty
Форумға тіркелу туралы ақпарат: @sana.forum

Ертең форумда жолығайық!

Показано 20 последних публикаций.