🔴 "Қазақмыс" жұмысшылары Тоқаевқа қайырылып, қысымға шағымданды17 желтоқсаннан бері ереуілдеп жатқан "Қазақмыс" корпорациясының жұмысшылары президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қайырылып, күштік құрылым өкілдерінің өздеріне қысым жасап жатқанын айтып, шағымданды.
Кеншілердің видеосы әлеуметтік желіде тарады.
Онда үндеу авторлары кеншілердің талабын "Қазақмыс" корпорациясының басшылары елемей отырғанын айтып, құрылған бастама тобына арнайы қызмет өкілдері қысым жасап, қорқытып жатқанын айтады.
"Тек қана қорқытып қана емес, "корпорациядан қайта-қайта ақша сұрай бересіңдер, соттатамыз" дегенге дейін жеткізді. Бұл ереуіл, митинг емес, жұмыс беруші мен жұмысшылар арасындағы дау" деді видеомәлімдемеде үндеуді оқыған жұмысшылардың бірі.
Үндеу авторлары интернетте "Қазақмыс" жұмысшыларының ең төменгі жалақысы "800 мың теңге екен" деген жалған ақпарат тарап жатқанын айтып, ақпаратты жоққа шығарды.
Олардың сөзінше, бұған дейінгі келіссөздерде жұмысшылар үш талап қойған: қудалауды тоқтату, 13-айлықты дұрыс төлеу және оклад көлемін "бірден бірге көбейту" (екі есе арттыру).
"Тым жоғары баға қойып отырсыңдар" дегеннен кейін олар өзара ақылдасып, үшінші талапты біраз өзгерткен.
"Үшінші күні осындай шешім қабылдап, басшыларға жеткізейікші десек, басшылар бізбен келісімшарт жасаудан бас тартып отыр. Біз қазір окладты бірге-бір ету емес, окладқа 300 мың теңге қосуды; тоқсан сайын 50 АЕК көлемінде сыйақы және оклад пен 13-айлықтың шын көлемі арасындағы айырмашылықты төлеуді сұрап отырмыз. Біздің талаптарымызды орындап, ҰҚК тарапынан қыспаққа алмаауды сұраймыз. Біз қоғамдық тәртіпті бұзып отырған жоқпыз" дейді үндеуді оқыған жұмысшы.
ҰҚК әзірге түсініктеме бермеді. 20 желтоқсанда желіде тараған видеолардың бірінде автор полиция деген жазуы бар автобусты нұсқап "шахтадарға таратып жатыр ғой" деймін деп айтады.
❤️
Азаттыққа жазылыңыз