Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Дұғаның қадірлісі – Арапа күні жасалған дұға» (Бәйһақи) дейді.
Тәубе ету.
Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Адам баласының бәрі қателік жасайды. Солардың ішіндегі ең жақсылары –жасаған қателіктері үшін тәубе ететіндері», - деген.
Демек күнә істемейтін, қателікке бой алдырмайтын пенде болмайды. Алла пендесіне тәубе ету мүмкіндігін берді. Сол үшін Арапа күні мейірім есігі ашылған кезде, Аллаға тәубе жасап, күнә-қателіктеріміздің кешірілуін сұрайық. Өйткені, Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Арапа – өте құнды күн. Ол күні мейірім есіктері ашылады» деген. (Дәйләми)
«Төрт түннің күндізі де түні секілді құнды болып келеді. Алла Тағала ол күндері дұға еткен адамның тілегін кері қайтармайды, оларды кешіреді және олар бұл күндерде мол ихсанға қауышады. Бұлар: Қадір түні, Арапа түні, Бәрат түні, жұма түні және күндері» (Дәйләми)
Кешірімді болу: Кешірім – иманның шынайы көрінісі. Адамзаттың ардақтысы Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай айтқан: «Кешіре әрі райдан қайта біліңдер, өйткені кешірім мен мейірімділік таныту пенденің маңыздылығын арттыра түседі. Егер Алланың сізді ұлықтауын қаласаңыз, онда өзгелердің де күнәларын кешіріңіз».
Ендеше, Алланың шарапатымен, кешіре алатын мұсылман жұмақтағы Кәусәр бұлақтан су іше алады, Алла оны ұлықтайды, Қиямет күні өзі кешіріліп, жоғары дәрежеге ие болады. Ал кімде-кім мейірімділік танытпаса, мұның бәрінен құр алақан қалуы ықтимал. Осынау Алла қадірлі еткен күнде маңайымыздағы жандардың барлығын кешірсек, Алла бізді де кешіреді.
Арапа күні мүбәрәк болып, елімізден, үйлерімізден бақ-береке кетпесін! Жаратушы Жаббар Иеміз Арапа күнгі жасайтын ізгі амалдарымызды сауаптан жазғай! Әмин!