Таңертең жүгіруге шыққанда байқайтыным, өздері жүгіріп жүрген адамдардан иттерін қыдыртып жүрген адамдар көп. Адамдар өздері үшін таңертең ерте тұрғанша, иттері үшін тұрғанды қалайды. Иттерін қыдыртпаса, иттері үйді былғайды ғой. Яғни оларды таңертең ерте тұрғызуға сыртқы жағдай әсер етеді. Ал өздері жылы төсегін қиып, жүгіруге тұратындар, өз бетінше шешім қабылдағандар деп білемін. Өз ерік-жігерін, өз денсаулығын, өз өмірін қолына алған адамдар. Табысты адам мен кедей адамның айырмашылығы да осында. Табысты адамдарға шешім қабылдау үшін сырттан әсер ететін "иттер" қажет емес. Олар өз бетінше шешім қабылдап, өздері үшін өмір сүре алады. Ал кедей адамның әрекет етуі үшін "иттер" нұқып, үйлерін былғап отыруы керек.