#Рецензия
Көрінбейтін адам / The Invisible Man
"Пила" хоррор-франшизасын өмірге әкелгендердің бірі - Ли Уоннеллді құрметтеймін, бірақ жұмыстарын бақылайтындардың қатарынан емеспін.
Бірақ мына "Көрінбейтін адамын" көруге себеп бар еді: біріншіден, ассалаумұғалейкүм. Екіншіден, бұл фильм Universal студиясының "Dark Universe" киноғаламына кіреді (танкіде келе жатқандар үшін: https://old.kinostan.kz/news/view?id=1529). Сосын Кевин Бейкон ойнаған, бала кезде ерекше әсер еткен "Көрінбейтін адаммен" ("Hollow Man") салыстыру қызық болар деп ойладым.
Сонымен киноны жасаушылар әйелдерге көрсетілетін зорлық-зомбылық проблемасына баса назар аудартуды көздепті. Басты кейіпкер - социопат, барлығын бақылауда ұстауға құмар өнертапқыштың әйелі. Күйеуінің физикалық һәм психологиялық теперішіне шыдамай, бір түні қашып кетеді. Көп кешікпей күйеуінің өлгенін біледі. Көп кешікпей әйел әлдебіреудің жанында жүргенін сезе бастайды, сосын қорқынышты оқиғалар басталады.
Десек те әйелдер проблемасы ашылмай қалды. Бір ұтымды сәті - күйеуінен қашып кеткен әйелдің фобиясы жақсы берілген: қауіпсіз жерде жүрсе де күйеуі келіп қалатындай, оның қайда екенін біліп қалып, міне-міне есіктен кіріп келетіндей әсерде жүрген, әр тықырға бола селк етіп шошып кететін келіншектің үрейі жақсы суреттеледі. Осындай атмосфера актриса Элизабет Мосстың арқасында ғана жасалды деуге болады.
Бірақ авторлар қозғағысы келген проблема әрі өрбімейді.
Әрі өрбитіні сол - көрінбейтін адамның көрсеткен қорлығы мен салған ылаңы. Бұл жерде Кевин Бейкон ойнаған персонажбен еріксіз параллель іздей бастайды екенсің. Кевиннің сырт келбетінде де, ол ойнаған персонаждың мотивінде де әлдебір тылсым байқалатын. Бұл жерде дамыған технологияның көмегімен қандай сұмдықтар жасауға болатыны ғана көрсетіледі. Антагонист аса дамымайды, персонаж ретінде қызық емес. Иә, маньяктығы бар, қашып кеткен әйеліне ашулы, осы мотивпен ғана шектеледі.
Мүмкін авторлардың көздегені - жаһандық масштабтағы монстр жасау емес, тұрмыстық деңгейдегі тиранды көрсету болған шығар, кім білген. 2000 жылғы "Көрінбейтін адаммен" салыстырғанда концепциялық тұрғыдан да мүлдем басқа кино: бұрын бәрі көрінбейтін адам тұрғысынан баяндалса, жаңа фильмде керісінше, басты объект - көрінбейтін адамның өзі емес, соның құрбаны.
Көрген түстей кейбір сәттері ғана есте қалғаны болмаса, өткінші жоба сипатында қабылдадым өз басым.