Бірнеше күн бұрын Қазақ әдебиеті газеті Сайлау Төлеуовтың «Шайтанның торы» дейтін әңгімесін
жариялады. Бұл шығарманы бір топ жазушы мен журналист жоғары бағалап (ал Жетісу облысының Прокуратурасы, соты, полиция басқармасы демеуші болған көрінеді), Кемел Тоқаев атындағы VI детектив шығармалар байқауында 3-орынға лайық көріп, авторына 500 мың теңге
табыстапты.
Сол шығарма "Қазақ әдебиеті" газетіне жариялана салысымен адам құқына бей-жай қарамайтын жандардың сынына ұшырады. Бұрынғы саясаткер Қуандық Бишімбаевтың қылмысынан кейін мұндай шығарманы оқу, шынында да, кринж нәрсе. Осы жағдаятқа қатысты медиа сарапшысы, зиялы тұлға
Бэлла Орынбетова ханымның мына пікірі өте маңызды деп ойлаймын. Ол былай дейді:
Бірнеше күн бойы Қазақ әдебиеті сайтында жарияланған «Шайтанның торы» әңгімесіне әдебиетшілер қауымы сын айтқанына қуанып қалдым. Әдетте адам құқы, феминизм тақырыбынан гөрі тіл, дін мен діл төңірегінде ғана көргендіктен шығар.
«Шайтан торы» сияқты мизогин, сексистік идеяны насихаттап, әйелге қатысты зорлық-зомбылықты ақтап алатын шығармалардың қауіпі неде екенін айта кетсек.
Теледидар, әлеуметтік желі, кинотеатрда көрсетілетін ортаңқол сериал, кинода онсыз да әйелдің эмоционал, «шектеулі санасына» қатысты стереотиптерді одан әрі күшейтіп жатыр. Мұндай стереотиптер гендерлік теңдік ауылын одан әрі алыстата түседі, әйелге қатысты зорлық-зомбылықты, дискриминацияны қалыпты жағдайға айналдырады, әлеуметтік алауыздықты тудырады.
Мұндай контентті жасаушылармен қоса осындай дүниені өз платформасында, медиасында жариялайтындарға да жауапкершілік болуы керек. Мұндайда «редакция автор көзқарасын бөліспеуі мүмкін» деген ескертпенің еш мәні жоқ. Өз сайтында, газетінде, телеарнасында надандықты насихаттап отырған редакторға да сұрақ қойылуы керек деген ойдамын.
Әншейінде журналистердің, әлеуметтік желідегі белсенділердің әр жазбасының сөзіне шүйгіліп (бірнеше жыл бұрын Әлнұр Ильяшевтің қылмыстық жауапкершілікке тартылуына оның постындағы сұрағы себеп болған жоқ па еді? Қазір қамауда отырған суретші Дәурен Макиннің айыпқа тартылуына оның жарияланбаған жеке көзқарасы болған жоқ па?) отыратын мемлекеттік органдар, атап айтқанда Мәдениет және ақпарат министрлігі де мұндай контентке қатысты өз позициясын білдіруі қажет. Құдай біледі жоғарыда аталған әңгіме де отбасылық құндылықты насихаттау тармағы бойынша мемтапсырыс тізіміне енген шығар.
Жалпы кез келген БАҚтың өз редакция саясаты болуға тиіс. Бұл құжатта олардың ұстанымдары, принциптері мен құндылығы айқын жазылады. «Қазақ әдебиеті» газетінде мұндай құжат, этикалық кодексі бар ма жоқ па білмеймін. Бар болса,газет редакторы Дәурен Қуаттан жариялауын сұраймын.