📣 Достар, бұған дейін атап өткенімдей, Дүниежүзілік Банктің «Орта білім беруді жаңғырту» жобасы аясында жоғары білімді оңтайлы ету үшін ҰБТ форматы жетілдірілетін болады. Бұл жобаның маңызды тармақтарының бірі – Қазақстан білім беру ұйымдарынан 350 маманды, оның ішінде сарапшы-тестологтер мен талдаушыларды оқыту.
Қазіргі уақытта Ұлттық тестілеу орталығы тестология саласындағы біліктілігін арттырғысы келетін үміткерлерді іріктеу үшін өтініштер қабылдай бастады.
Байқау екі бөлімнен өткізіледі: сауалнаманы толтыру және тестология мен пәндік білім бойынша компьютерлік тестілеу тапсыру. Байқауға қатысушылар ҰТО жобаларына қатысуға мүмкіндік беретін халықаралық сертификат алады.
Конкурсқа қатысуға ниет білдірушілер онлайн сауалнаманы 28 қыркүйектен 6 қазанға дейін толтырып (
https://forms.gle / SMwEqzeA8RN7KSbNA), 7 қазанда Аймақтық тестілеу орталығында тест тапсыра алады.
Оқыту аясында мамандар тест тапсырмаларын әзірлеу мен талдауды, тестологиядағы озық әдістемелерді меңгеретін болады. Жобаға мамандардың қатысуы олардың білімді бағалау, тестілеу нәтижелерін статистикалық және психометриялық талдау саласындағы құзыреттілігін дамытуға, осы процесте заманауи технологияларды қолдануға көмектеседі. Тестология саласындағы біліктілікті арттыру кәсіби дағдыларды күшейтіп қана қоймай, ҰБТ және жалпы білім беру жүйесіне инновацияларды тиімді енгізуге мүмкіндік береді.
Осы жобаға қатысуға педагогтерді, магистранттар мен докторанттарды, ЖОО оқытушылары мен тестолог-мамандарды шақырамын. ҰБТ жүйесін одан әрі жетілдіруге баға жетпес үлес қосатыныңызға сенімдімін.