Саяси Шолу


Гео и язык канала: Казахстан, Казахский
Категория: Новости и СМИ


Бұрынғы мемлекеттік қызметкер мен саясаттану ғылымдарының докторынан саясат туралы пайымдар. Қазақстандағы саясаттың шын мәнінде қандай екенін түсіндіремін.

Связанные каналы

Гео и язык канала
Казахстан, Казахский
Категория
Новости и СМИ
Статистика
Фильтр публикаций


Әлихан Смайылов премьер-министр лауазымын сақтап қалды

Бүгін Әлихан Смайылов қайтадан премьер-министр болып тағайындалды — мұндай жағдай бұған дейін болмаған еді.

Алдымен "Аманат" партиясының лидері Ерлан Қошанов президентке премьер-министр ретінде Әлихан Смайыловтың кандидатурасын ұсынды. Артынша Тоқаев басқа партия лидерлерімен кеңесіп, нәтижесінде Смайыловтың кандидатурасы дауыс беруге ұсынылды.

Мұнымен қатар, соңғы уақытта алғаш рет президент премьерді тағайындайтын кезде ҚР Конституциясына сілтеме жасады — бұл да барлық саяси процесстің Конституцияға сәйкес жүзеге асып жатқанының көрінісі.

Қазақстан халқы кандидатура ұсыну және оны дауыс беру арқылы мақұлдауды меңзеген Конституцияның 44 және 56 баптарын көпке дейін есте сақтайды деп үміттенемін.

Мәжілісте "оппозиция пікірін де" алғаш рет көріп отырмыз — 82 мәжіліс депутаты қолдаса, 7-еуі қарсы дауыс берді. 8-і дауыс бермеуді жөн көрді.

ЖСДП партиясы қарсы дауыс берді, ал "Ақ жол" дауыс беруден бас тартты деп ойлаймын.


📌 Amanat партиясының Саяси кеңесі Бюросының шешімімен 40 кандидаттың тізімі бекітіліп, ҚР Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылымының депутаттары ретінде тіркеу үшін Орталық сайлау комиссиясына жолданды.

Мәжілістегі Amanat партиясы фракциясының жаңа құрамындағы әйелдер, 35 жасқа дейінгі жастар және ерекше қажеттіліктері бар адамдардың үлесі 32%-ды құрайды.

1. Абдиев Ерлан Тұрсынбайұлы
2. Авершин Константин Викторович
3. Адамбеков Тілектес Серікбайұлы
4. Аймағамбетов Асхат Қанатұлы
5. Әбенов Мұрат Абдуламитұлы
6. Әшімбетов Нұржан Кемерұлы
7. Әшімжанов Жанарбек Садықанұлы
8. Әлтай Аманжол Дүйсенбайұлы
9. Бәшімов Марат Советұлы
10. Бейсенбаев Елнұр Сабыржанұлы
11. Бейсенғалиев Берік Тұрсынбекұлы
12. Дементьева Наталья Григорьевна
13. Ергешбаев Мұрат Нәлхожаұлы
14. Елеуов Ғалымжан Алмасбекұлы
15. Заитов Ринат Рифхатұлы
16. Имашева Снежанна Валерьевна
17. Ізмұхамбетов Бақтықожа Салахатдинұлы
18. Казанцев Павел Олегович
19. Керімбек Болат Бақбергенұлы
20. Колода Дмитрий Владимирович
21. Қошанов Ерлан Жақанұлы
22. Құспан Айгүл Сайфоллақызы
23. Кучинская Юлия Владимировна
24. Мұсабаев Самат Базарбайұлы
25. Нұртаза Самат Русланұлы
26. Пономарев Сергей Михайлович
27. Рау Альберт Павлович
28. Рожин Максим Николаевич
29. Савельева Татьяна Михайловна
30. Саиров Ерлан Бияхметұлы
31. Сарым Айдос Әміроллаұлы
32. Сарсенғалиев Нартай Аралбайұлы
33. Смағұлов Бауыржан Әміржанұлы
34. Смышляева Екатерина Васильевна
35. Сүлейменова Жұлдыз Досбергенқызы
36. Тәкиев Мәди Төкешұлы
37. Толықбай Мақсат Мәлікұлы
38. Тұрғанов Дүйсенбай Нұрбайұлы
39. Шапақ Үнзила Шапаққызы
40. Шаталов Никита Сергеевич


📌 Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы ҚР Парламенті Мәжілісінің 4 депутаттық мандатын кімдердің иеленгенін жариялады.

Тізімге енгендер:

1. Әуесбаев Нұрлан Сатыбалдыұлы
2. Рақымжанов Асхат Нұрмағамбетұлы
3. Сағандықова Ажар Бақытқызы
4. Сайлаубай Наурыз Саятұлы

ЖСДП-ның партиялық тізімі 19 кандидаттан тұрды. Сондай-ақ әйелдер, жастар және ерекше мұқтаждығы бар адамдарға қатысты квота сақталды.


Партиялық тізім бойынша кімдер Мәжіліс депутаты болады?

📌 “Қазақстан халық партиясы” (коммунистер) атынан Магеррам Магеррамов, Ирина Смирнова, Гаухар Танашева, Кенжеғұл Сейтжан, Ислам Сұңқар;

📌 “Ақ жол” партиясынан Азат Перуашев, Ерлан Барлыбаев, Ержан Бейсенбаев, Дәния Еспаева, Қазыбек Иса, Асқар Садықов;

📌 “Республика” партиясынан Айдарбек Қожаназаров, Руслан Берденов, Динара Шүкіжанова, Динара Наумова, Нұргүл Тау, Олжас Құспеков;

📌 “Ауыл” партиясынан Жигули Дайрабаев, Серік Егізбаев, Қарақат Әбден, Анас Баққожаев, Ерболат Саурықов, Николай Арсютин, Аян Зейнуллин, Таңсәуле Серіков.

⁉️ Енді “Аманат” пен “ЖСДП” қалды. Бүгін жариялар ма екен?


Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы құтты болсын! Наурыз сіздерге береке, бірлік, мәртебе әкелсін!


➡️Саяси реформалар жүзеге асып жатыр

Сайлауалды үгіт-насихат пен дауыс беру процесін асқан қызығушылықпен бақыладым. Exit poll нәтижесіне сүйенсек, 7 партияның бес немесе алтауының депутат орындығына жайғасуға мүмкіндігі бар.

Партияларға берілген дауыс және келушілер санының қолдан жасалмағаны қуантты. Бір жағынан бұл көрсеткіштер теріс нәтиже секілді болып көрінуі мүмкін, алайда бұлай ойлау қате. Ауқымды саяси реформалар туралы мәлімдемелерге бір жылға жуық уақыт болды, Қазақстан ұлты үлкен саяси жолдың алдында тұрмыз. Бұл жолда біздің үйренеріміз көп болмақ.

Сайлаушылар дауысының тең жартысы Amanat партиясына тиесілі — мұны партияның үлкен қорымен байланыстыруға болады. «Ауыл» партиясының көрсеткіші қуантты, Жигули мырза жұмыстың түзде екенін — өңірлерде халықпен жұмыс жүргізгенін дәлелдеді. Respublica заманауи үгіт-насихат жүргізу тәсілдері мен медиадағы танымалдылығын ұтымды пайдалана білді.

Азат Тұрлыбекұлының үгіт-насихат жүргізу тәсілін түсінбедім, үнемі партияның ескі жетістіктерін тілге тиек етумен болды — «Өткен күнді қуып жетпессің» деген осы шығар. ҚХП бұл жұмыстарды білдірмей жүргізді, ЖСДП да дәл солай.

Қорытындыласақ: Қазақстанның саяси өмірінде жақсы өзгерістер болып жатыр. Бірқатар қазақстандық саясат майданына тікелей араласуға мүмкіндік алды. Осы үрдістің ары қарай да жалғасатыны сөзсіз, билік басынан жаңа, халқына қарайласуды мақсат тұтқан жүздерді көретін боламыз.


Феминистер маршындағы ұлтшылдар — Ресейдің жобасы ма?

8 наурыз күні Алматы қаласындағы Ганди атындағы саябақта феминистердің маршы өтті. Митинг кезінде акцияға қатысушылардың бірінің бетіне көзді ашытатын зат шашып жіберді. Бұл кикілжіңнің туындауына "Шаңырақ" ұлттық қозғалыс мүшелері" себепші екені хабарланды. Олар ВК желісінде сурет жариялады.

Осы суреттің астындағы мәтін риторикасы мен стилистикасы жағынан әртүрлі "ватник" жарияланымдарды еске түсіреді. Жарияланымның ВК желісіне салынғанын және оның кімге тиесілі екенін ұмытпайық.

Ресейдің кейбір тұлғасына "қазақы ұлтшылдықты" барлық ресейлік атрибуттармен — "Шаңырақтың" свастикаларымен көрсету тиімді сияқты, иықтағы жіп-жіңішке байлаулар (жігіттердің залда шынықпағаны көрініп тұр) мен тулар. Мұнымен қатар, "ваталар" жақсы көретін қызыл түс те бірден көзге түсіп тұр.

Өрімдей жас балалардың шетелдік пропаганданың құрбаны болғаны өкінішті. Енді оларды елдің ұйытқысын бұзғысы келгендердің барлығы пайдаланатын болады. Бірі өзін көрсетіп үлгерді — Роман Юнеман. Орыс ұлтшылы, Қазақстанның бұрынғы азаматы, Қарағанды мектебінің түлегі, халықаралық жоғары экономика түлегі, Госдума мен Мосгордуманың бірнеше мәрте үміткері. Қазір ДХР және ЛХР деп аталатын жердегілер үшін жылытқыштарға ақша жинаумен айналысып жатыр.

"Суреттерді "Сны Буданбая" арнасында таратқан екен. Ол біздің мемлекетімізде Ресей пропагандасын дамытқысы келетін адам ретінде танымал.

"Ватник" мырзаларға Қазақстанда "қазақ ұлтшылдығы" болмауы керектігі және болуы мүмкін еместігі жетпей тұрған сияқты. Мұны халықтың тарихы айқындайды. "Вата" қалай ренжісе де, басқа да бізге бей-жай қарамайтын адамдарға айтарым — Қазақстан жері қазақтарға емес, қазақстандықтарға тиесілі.


❗️ Күні кеше саяси партиялар арасында өткен сайлауалды пікірсайысты көрдім.

Меніңше, дебат ауыз толтырып айтарлықтай қызық өтті. Оппоненттер саяси шоу қойды, бір-бірінің кемшілігін бетіне басты. Әр партияның Мәжіліс пен мәслихатқа барғанда нақты қандай іспен айналысатынын терең түсінетіні қуантты. Бұл ауыл, инфрақұрылым, жұмысқа орналастыру, білім беру, бизнес мәселелері, ең бастысы — жалақы мен шәкіртақы және басқа төлемдерді де қамтитын әлеуметтік проблемалар.

Мұнымен қатар, пікірсайыс қатысушыларының барлық жақтан алып қарағандағы алуандығы қызықтырды. «Аманаттан» келген Елнұр Бейсенбаев та, «Ауыл» партиясынан ақсақал Жигули Дайрабаев та.

Дебаттан кейін пікірсайыс пен сайлау туралы сауалнаманың нәтижесін көрдім. Респонденттердің 77%-ы сайлауға баратынын айтқан. Бұл сайлау біз үшін, қатардағы әрбір қазақстандық үшін маңызды болғандықтан, жеме-жемге келгенде сайлаушылар саны бұдан да көп болады деп үміттенемін.


🇰🇿🇺🇸 АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің Астанаға сапарын бақыладым.

Сайлау алдында мұндай қонақтың келуі ерекше сипатқа ие. «Жабық есіктің артында» қонаққа жүргізіліп жатқан саяси реформалар туралы да айтылған шығар. Сондай-ақ, журналистерге «шабуылды» ұйымдастырған координатордың ұсталуы туралы да сөз қозғалғаны анық.

Бұл қадамдардың барлығы АҚШ-қа Қазақстан билігінің елде демократияны дамытуға ниетті екенін көрсетеді. Америкалық дипломат сапар соңында мемлекетіміздегі саяси және экономикалық өзгерістерді жоғары бағалады.

Геосаяси ахуалдың шиеленісіп тұрғанын ескерсек, дәл мұндай сапарлар ерекше әрі оның өзіндік салмағы бар «саяси салтанат» — Қазақстан Блинкен келген Орталық Азиядағы тұңғыш мемлекет. Ол Орта Азия мемлекеттерінің сыртқы істер министрлері бас қосқан «С5+1» форматындағы жиынға қатысты.

Мұндай кездесулердің оңтайлы тұсы көп. Кездесу барысында экономикалық серіктестік, ресейлік санкция және инвестиция мәселесі көтерілді.


Журналист Асхат Ниязовтың Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтан алған сұхбатын көріп шықтым

Әкімнің шамданып тұрғаны байқалады. Ниязов қарапайым сұрақтар қойып жатыр: қалада серуендей аламыз ба, ЖЭС жағдайы қалай және болған оқиғаға кім кінәлі?

Ниязов пен Байханов бірге пәтерлерді аралап шықты — тұрғындар бірауыздан батареяның тастай суық екенін айтып жатыр. Әңгімелесіп тұрған Байхановтың қобалжып тұрғаны байқалады.

Байхановтың Екібастұздағы төтенше жағдайдан кейін әкім болғанын түсінемін. Ол жағдайды қолынан келгенше түзетуге тырысып бағып жатыр. Десе де бұл тұрғындармен дәл осылай сөйлесуге болады деген сөз емес.

Жылу Екібастұзда ғана сөнген жоқ — магистральдің екпініне байланысты Рудныйда үш рет жаппай өшті. Риддерде де осындай жағдай қайталанды.

Қала тұрғындарының мәселесіне келгенде әкімдер мен басқа шенеуніктердің президент тапсырмасын жүзеге асырмай отырғанын көреміз. Мұндайда әдетте президент жағдайды өз көзімен барып көретін.


🔵Танымал қоғам қайраткері сайлауға түспейтін болды, ОСК-ның кінәсі бар ма?

Алматы қаласының үшінші округінде қазақ тілді аудитория арасында кеңінен танымал Сырымбек Тауды сайлауға жібермегені туралы ақпаратты оқыдым.

Ол — Respublica партиясын құрушылардың бірі, туған жеріне судай сіңіп, өз кәсібін бір кісідейін дөңгелете алған қандас. Халық арасында ерекше танымал болғандықтан, саясатқа араласуы — қисынға келетін қадам.

Бірақ "Сырымбекті сайлауға әдейі жібермеді" деген жаңалықтарды да көріп отырмын. Мұны Respublica партиясының өз мүшелері де тілге тиек етті. Енді бар соққы Орталық сайлау комиссиясына тиіп жатыр.
Бұл дұрыс емес, өкінішке орай, "Республикалықтардың" тарапынан айтылған орынсыз "шу". Мұндай өкпе-наз жас та өршіл партияға жараспайды.

ОСК барлығын заңға сәйкес жасады, ал Тау мен оның партиясы аудиторияның көңіл-күйімен "ойнап отыр". Кандидат заңды талаптарға сай келмесе, партияның комиссиядан қандай шешім күткенін түсіне алар емеспін. Сырымбек Тау Қазақстан азаматтығын жуырда ғана алды.

Бәлкім партия танымал қайраткермен бәйгеге түсіп, қазақ тілді электоратты өз жағына шығарғысы келген шығар, бірақ саясат мұндай арзан ойынды кешірмейді, керісінше болашақта теріс салдары болуы мүмкін.

Біз "Әділетті Қазақстанды" құрып жатырмыз, ал онда бірінші орында хайп пен танымалдылық емес, Ата заң тұрады.


Мәжіліс сайлауында кім жеңіске жетеді? 🤔

Мәжіліс сайлауы болатын күн жақындап келеді. ОСК шетінен талапқа сай келген партия кандидаттарын жария етіп жатыр. Үгіт-насихат кампаниясын көретін күн де алыс емес.

Партия мүшелері мен саяси қайраткерлердің желідегі парақшасын қарап отырып Respublica партиясының PR бөлімінің басшысы Назым Жангазинованың жазбасына көзім түсті. Ол кімнің жеңіске жететінін болжап, "Аманат" партиясын лидер деп атады. Бұлай сайлау басталмай жатып жеңісті қарсыласқа беріп қою — этикаға да, кәсібилікке де жат. Десе де бұл өз күшін дұрыс бағамдай білудің көрінісі, екінші жағынан "Respublica жеңіске жетеді" демегеніне ризамын.

2022 жылы "Аманат" пен "Адал" партиялары бірікті. Сол уақытқа дейін Назым Жангазинова "Адалдықтардың" PR штабына жетекшілік етті. Ол өз қарсыластарының мықты да әлсіз тұстарын жақсы біледі.

Жангазинова орта тарап арасында ерекше танымал, саяси алаңда өзіндік жаңашылдығы бар деп Respublica партиясын екінші орынға қойды. Ал үшінші орынды "Ауыл" партиясына берді. Қазақстандағы аграрлық сала мамандарының санын ескерсек, бұл қисынға келеді. Мұнымен қатар, партияның құрамында президенттікке экс-кандидаттар бар — Төлеутай Рақымбеков, Жигули Дайрабаев және Қарақат Әбден.

Оның ойынша, "Аманат", "Ауыл" және Respublica партиясынан өзгелердің жеңіске жетуге мүмкіндігі жоқ. Десе де, мұның барлығы дәл осылай болады деген сөз емес — өз басым "Ақ жол" мен Қазақстан халық партиясын шетке ысырмай қоя тұратын едім. Партия ішіндегі келеңсіздіктерге қарамастан, олармен әлі де санасу қажет.


🇰🇿🇹🇷 Әлем Түркияға қол ұшын созып жатыр, біз де қапы қалмадық

Түркиядағы жағдайға көңілім алагеуім болып отыр. Әлемнің жарыса көмектесіп жатқанына да қуаныштымын.

Қазақстан да шетте қалмады, президент Тоқаев зілзаланың салдарын ретке келтіруге көмектесу үшін біздің құтқарушыларды жіберді. Түркияда дәл қазір көптеген Қазақстан азаматы білім алып, жұмыс істеп жүр, ең бастысы, бұл екі мемлекет арасындағы бауырмалдық қарым-қатынасты көрсетеді.

Табиғи апат кезінде мемлекетке демеу болу — халықаралық дипломатияда қалыптасқан практика. Қазақстанда осыған ұқсас жағдай бола қалса (Құдай бетін ары қылсын әрине), Түркияның шетте қалмайтынына сенімдімін.

Біздің Төтенше жағдайлар министрлігінің арнайы бортымен қазақстандықтар мен қырғызстандықтардың елге аман-есен жеткізілгенін бөлек атап өткім келеді. Бұл қос мемлекеттің бірлігі мен иық тіресе жұмыс істеп жатқанын көрсетеді. «Тiстем нанның қадiрiн тарыққанда бiлерсiң, анық достың қадiрiн зарыққанда бiлерсiң» деген осы болар.

Экс-дипломат ретінде де, өзім үшін де Түркиядағы жағдайдың ары қарай қалай өрбитіні қызық. 14 мамыр күні онда президент сайлауы өтеді. Бәлкім оппозиция президентті зілзала салдарына «баяу әрекет» етті деп айыптайды. Ал Эрдоған қазір өз кезегінде саяси ұпай жинай алады.

Түркия президенті адамның мұңын қандай мақсатта болсын пайдаланудың қажеті жоқ екенін жақсы түсінеді. Бәлкім ол мұны қаламайтын да шығар, оған мұндай танымалдық қажет те емес. Десе де Түркия халқы оның халық алдына қайта-қайта шығып сөйлеп жатқанын және зілзаланың салдарын ретке келтіру үшін қалай жанталаса әрекет етіп жатқанын көріп отыр.


🟢Оппозиционер айтыскер «Аманатқа» барды

Бүгін Amanat партиясының съезінен кейін бір жаңалық көзіме ілікті. Бұған дейін бірмандаттық аумақтық сайлау округінің сайлау комиссиясына өзін-өзі ұсынған Ринат Зайытов партия депутаттары тізімінен бір-ақ шықты.

Оның белсенді қоғамдық және саяси ұстанымын еске түсіріп отырмын. 2011 жылы айтыстағы цензураға қарсы шықты, 2013 жылы билікті қатты сынады.

2019 жылы Әміржан Қосановты қолдады. Сайлау нәтижесін естіген соң, наразылық білдіруге шығып, алда саяси партия құратынын айтты. Кейін оны полиция ұстап әкеткен болатын.

Бұл одақтан кімнің пайда көрері әзірге белгісіз — Зайытов па әлде партия ма? Әзірге Amanat үшін Ринат сайлауға қатысты нарызылық білдіріп жүргендерді өз жағына шығарып бере алады. Ал Зайытовтың өзі бұл одақта саяси ұпай жинап, ірі партия ресурстарымен танымалдылығын арттыра түседі.


Биылғы сайлаудың басты ерекшелігі

Бұл жолы Мәжіліс депутаттарының сайлауы аса қызық болмақ — өйткені бәсекеде ешбір партияға мүше емес, бір мандатты үміткерлер бар. Соңғы рет Қазақстанда мұндай форматтағы мажоритарлы жүйе бойынша сайлау 2004 жылы болды.

Бұл ешбір партияға мүше емес, өз күшімен қазақстандықтардың сеніміне ие болғысы келетіндер үшін Мәжіліске апаратын таптырмас мүмкіндік. Айта кетейін, мен қазір тұрып жатқан Англияда сайлауға партия мүшелері де, тәуелсіз үміткерлер де түсе алады. Бірақ көп жағдайда сайлауда партия мүшелері жеңіске жетеді. Мысалы, 2017 жылы бір ғана тәуелсіз үміткер жеңіске жетсе, 2019 жылы — біреуі де сайланбады.

Қазақстанда жағдай басқаша болады деп ойлаймын — бізде әдеттегі "Аманат"," Ақ Жол", ҚХП секілді өзінің аты мен тәжірибесіне сүйенетін партиялар бар, сондай-ақ қазақ тілді аудиторияның сенімі мен қолдауына ие, харизмасы мықты Ринат Зайытов секілді лидерлер бар.

Лондонның докторантурасындағы оқуым болмағанда саяси технолог немесе депутаттыққа кандидат ретінде сайлауға қатысатын едім.

Stay tuned деп қояйын :)


🔵 Қайрат Боранбаев — мемлекеттегі ең бай мәңгүрт

Дәл қазір мемлекет ақшасын жымқырғаны үшін істі болып, блогерлерге өзіне қолдау көрсету үшін қыруар қаржы төлеп отырған Қайрат Боранбаевтың айналасындағы ақпарат легі толастар емес.

Оның қызы Әлима бұл кампания үшін орыс тілді блогерлер мен "атағы жер жарғандардың" көмегіне жүгініп жатыр. Нұрсұлтан Назарбаевтың сүйікті құдасы бостандықта жүргенде халқының қамына пысқырып та қараған емес. Ол қазақ мәдениетін дамыту үшін саусағының ұшын да қозғалтпады, есесіне орыс тілді әншілер мен ресейлік жұлдыздардың шашбауын көтерді. Қазірдің өзінде қолдау білдіру үшін Дима Биланға ақша беріп отыр. Әлима Боранбаева әйелдейін сызылған, бүгінде жұлдызы сөнуге жақын осындай әртістің сөзіне сенетіндей халықты ақымақ деп ойлай ма?

Боранбаевтың сотында зиялы қауымның өкілдері төбе көрсетті ме? Жоқ. Өйткені бизнесмен халқының мұң-мұқтажынан басын ала қашатын.

Осы себептен оның қызы бір жарнама үшін 2 млн теңге төлеп, орыс тілді блогерлерге зәру болып отыр. Ол тіпті халқының қамы үшін бір тиын жұмсау туралы да ойланбайды. Бүгінде Боранбаевтың Instagram парақшасын орыс тілінде жүргізіп жатыр, өйткені халықтан көмек күтпейді.

Бәлкім қатты айтатын шығармын, бірақ өз халқын аяқ асты етіп, тонап отырған мәңгүрттерді аяудың не керегі бар?


🔘Мәулен Әшімбаев қайтадан Сенат спикері болды

26 қаңтарда Қасым-Жомарт Тоқаев Сенат отырысында Мәулен Әшімбаевті Конституция бойынша мемлекеттегі екінші адам — палата спикері қызметіне ұсынды. Ол қауіпсіздік кеңесі, стратегиялық зерттеулер институтында жұмыс істеді, президент көмекшісі болып, әкімшілігінде қызмет атқарды.

📰 Беделді лауазымдағы қызметтерін бір шетке қойғанда, оның БАҚ-пен жұмысын ерекше атап өтуге болады. 2022 жылғы қаңтардан бері мемлекеттік аппараттың бар жұмысы мен жоспарын түсіндіріп келеді. Кей депутат пен министрлер секілді журналистерден де, сұрағынан да қашқан жоқ, барлығына дәл жауап беруге тырысты.

Қазақстандықтарға Елбасы туралы заңның неліктен алынғанын, үкіметтің бас сауғалаған ресейліктермен қалай жұмыс істеуді жоспарлап отырғанын айтып, атышулы "Сарым-Зәкиева" түзетулеріне қатысты түсініктеме берді.

Әшімбаев ақиқатты жатық һәм дипломатия қағидаттарына сүйене отырып жеткізе білетіндердің бірі.


🗳 Мастодонт партиялар сайлауға дайын

Елдегі үш ірі партия — "Аманат", "Ақ жол" және Қазақстан халық партиясы мәжіліс сайлауына дайын екенін мәлімдеді.

Үшеуінің мәлімдемесін зерделей отырып келесіні байқадым:

"Аманат" басшысы Ерлан Қошанов партия жұмысының қорытындысы туралы мемлекеттік және орыс тілінде үндеу жасады. Ол Қостанай облысындағы өрт пен Екібастұздағы ТЖ кезінде партия мүшелері мен еріктілердің қалтқысыз еңбек еткенін еске салды. Мұнымен қатар, партия жақтастары және сыншыларымен иық тіресе жұмыс істеуге дайын екенін мәлімдеді;

"Ақ жол" төрағасы Азат Перуашев
бейнеүндеу жазбай, партия сайтында пресс-релиз жариялаумен шектелді. Партияның мәлімдемесінде депутаттар Алаш Орданың зияткерлік мұрасына сүйенетіні, сондай-ақ экономика мен қоғамдағы либералды өзгерістерді жақтайтыны туралы айтылған;

Қазақстан халық партиясының лидері Ермұхамет Ертісбаев тек орыс тілінде бейнеүндеу жасап, елдегі саяси жаңғыру туралы 5 минут монолог айтты. Сөзіне сенсек, партия әлеуметтік жауапкершілігі жоғары мемлекет құрады. Айтпақшы, Ертісбаев өз сөзінде "Байтақ" және Respublica партиясын атап өтті, сол үшін респект.

Жалпы, партия басшылары сайлау алдындағы "міндетін орындады" — өз жетістігін жұртқа жария етіп, мемлекеттегі саяси жаңғыру туралы жалпылама айтты. Осылайша олар сайлаушылардың көңілін аулауға тырысып жатыр.

Мен осы постты жазып отырғанда "Ауыл" партиясының жетекшісі Әли Бектаев мәлімдемесін жария етті, оны бірге бағамдайық. Алда ЖСДП, "жасылдар" мен "блогерлер" партиясының мәлімдемесін күтеміз.


➡️Сенатқа сайланған депутаттардан не күтеміз

Қазақстанда сенат депутаттарын сайлау өз мәресіне жетті. Сайланған депутаттар тізімін зерделей келе барлығының дерлік мемлекеттік басқару жүйесінде мықты тәжірибесі барын байқадым. Әрине, бұрында да осылай болған. Бірақ бұл жолғы басты ерекшелік — сайланғандар арасында басшы лауазымында болғандар жоқ. "Ең ірісі" — кезінде орынбасар болғандар.

Бұл сайланған сенаторлардың қайнаған жұмыстың басы-қасында жүріп, мәселені реттеуге тікелей араласқанын білдіреді. Қазір бізге керегі де осы болып отыр, яғни бас тапсырмаларды орындап отырған азаматтар.

Біз олардан Қазақстанның барша тұрғынының өмірін жақсы жаққа қарай өзгертетін нақты іс-әрекетті асыға күтеміз. Атап айтқанда — мәжілістің азаматтардың мүддесін қорғайтын заң жобаларын мақұлдау.

Бұдан өзге сенаторлар облыс, республикалық маңызы бар қала мен Астана әкіміне сұрау сала алады. Олар бұл жаңа өкілеттігін халық атынан басқару үшін қолданады деген үміттемін.


👨‍⚖️ Конституциялық соттың бірінші шешімі: Елбасы туралы заңның күші жойылды деп тану туралы қаулы шығарды

10 қаңтарда Конституциялық сот шығарған нормативтік қаулыға сәйкес, Елбасы туралы заңның күші жойылды.

Конституциялық соттың бұл қаулысы — Қазақстан қоғамын демократияландырудың бір тетігі. Мұны қаулыдағы "Қазақстан халқы биліктің жалғыз көзі ретінде" және "референдум арқылы Конституциядан ережені алып тастау" деген сөйлемдер айғақтайды. Менің түсінігімде әділетті Қазақстанда пұттар болмауы тиіс.

Біз Назарбаевтың президент ретінде, әсіресе Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда оң нәтиже көрсеткенін атап өткеніміз сөзсіз, алайда қазір заман қалаған "Ұлт көшбасшысының" образы бұл емес.

Конституциялық сот жұмысының басталу фактісін де атап өтпеске болмайды. Менің бақылауымша, бұл орган шетте "жалтырап" тұрмай, шын мәнінде өз қызметін атқаратын болады. Бұл сөзсіз оң нәтижесін беретін үрдіс.

Конституциялық сот жуық арада қазақстандықтардың ең өткір мәселелерін шешеді деп үміттенемін. Айтпақшы, олар өз жұмысының регламенті мен Конституциялық сотқа өтініш жазудың инструкциясын бөлісті.

Показано 20 последних публикаций.

1 893

подписчиков
Статистика канала