📍Ұстаз бен шәкірт арасындағы оқиға
Ұстазым шейх Ахмад ал-Ахмад, араб тілінен 20 жылдай тәжірибесі бар, үлкен ғалым, бізге ұстазы шейх Әдиб ал-Калласпен р.а. болған қызықты оқиғаны айтып берген еді.
Шейх Әдиб ал-Каллас р.а көп жылдар бойы медреседе «Муғни Ләбиб» атты наху пәнінің ең жоғары деңгейіндегі кітаптан сабақ беретін еді. Бірақ ұстаздың жасы ұлғайғандықтан, медресе басшылығы ұстаздың орнына маған сабақ беруді тапсырды.
Бұл кітаптан жарты жылдай сабақ беріп жүргенімде бір күні сыныпқа шәкірттермен бірге шейх Әдиб ал-Каллас та кіріп келді. Мен орнымнан тұра бергенімде, ол жылдам шәкірттермен бірге алдыңғы орынға барып отырды. Мен оған: Ұстаз, бұл сіздің орыңыз, ұстаздың отыратын орнына келіңіз, сіз біздің ұстазымыз, біз сізден білім алдық, дедім.
Ол: Балам, бүгін сен - ұстаз, ал мен оқушымын. Мен бұл сабақ қалай өтіліп жатқанын өз көзіммен көргім келді, - деді.
Мен оның айтқанына бағынып сабағымды бастадым. Сабаққа қатысты аяттарды талдап, түрлі тәсілдермен түсіндіріп, тақтаға схемалар салып, мәтінді бір түспен, түсіндірмелерді екінші түспен, ал граматиқалық талдауларды үшінші түспен жаздым, барымды салып сабақты түсіндіріп шықтым. Сабақ соңында шейх орнынан тұрып, шәкірттерге қарап:
Бұл ұстазды қадірлеңдер, одан айырылып қалмаңдар. Шындығында, 35 жыл бойы қате түсіндіріп келген бір мәселені бүгін алғаш рет дұрыс түсіндім - деп, маған дұға тілеп шығып кетті.
Кейін мен шәкірттерге: Шейхтың: Мен 35 жыл бойы қате түсіндіріппін - деп айтқан сөздерін тура мағынасында түсінбеңдер. Ол менің сабақты түсіндіру әдісімен, тәсіліме сілтеме жасады - дедім.
Бұл оқиғадан алатын пайдалар:
1. Ғалымдардың кішіпейілділігі: Шынайы ғалымдар әрдайым қарапайымдылық танытады.
2. Әдептілік: Шәкірт ұстазы рұқсат бермейінше сабағын бастамауы керек.
3. Қолдау көрсету: Ұстаз шәкіртінің жетістігіне қуанып, оны қолдай білуі қажет.
4. Оқыту әдістері: Сабақ түсінікті болуы үшін ұстаз түрлі әдіс-тәсілдерді қолдануы керек.
5. Түсінгенді дұрыс бағамдау: Ұстаздың сөздерін терең түсініп, дұрыс мағынада қабылдау маңызды.