🇰🇿 Хижри жыл санақпен 158 - ші жылы Имам Зуфар қайтыс болған кезде мәжілістің басына Имам Абу Юсуф тағайындалады. Негізінде Имам Ағзам қайтыс болып мәжілістің басына Имам Зуфар келген кезде Имам Абу Юсуф оның мәжілісіне қосылмайды. Өзі бөлек мәжіліс құрады. Бірақ оның мәжілісіне бес - алты кісіден басқа ешкім келмейді. Имам Ағзам мәжілісінің басым бөлігі Имам Зуфарды таңдайды. Тек қана Имам Зуфар қайтыс болғаннан кейін ғана мәжіліс Имам Абу Юсуфты мойындайды. Имам Абу Юсуфтың Имам Зуфардың мәжілісіне қосылмауының себебін құдай біледі. Оларды сынау біздің ісіміз емес. Бірақ себептердің біреуі Абу Юсуф өзін Имам Зуфардан төмен деп есептемегендігі болуы мүмкін. Өйткені шынымен де екеуі Имам Ағзамның ең үздік шәкірттері болған. Және де жастары да шамалас болған. Имам Зуфар хижри жыл санақпен 110 - шы жылы дүниеге келген болса, Имам Абу Юсуф 113 - шы жылы туған.