БАШПАЙ
Ғұмырында жалғыз мәрте қарындасына башпайының болар-болмас тиіп кеткенін бойына ар тұтып, өзін күнәһар санап өткен бекзат бабаның соңғы күйі – Башпай күйі екен...
Сұлу Сыр, толқыныңмен таспай, ұйы,
Жетті маған ажалдың тастай сыйы,
Енді сенің үстіңде, жан серігім,
Соңғы күй орындалмақ – «Башпай» күйі.
Кезіп өткен Кең Әлем, Сардаланы,
Пенденің де біткен бе арман – әні,
Ақтамағым, алтыным, бауырым ең,
Бауырым, бұл күй саған арналады.
Кешір мені, Ақтамақ, қарындасым,
Әрдайым болсын, жаным, арың басым,
Башпайымды көмерде ашып таста,
Тыншырмын тек күнәдан арылғасын.
Күнәлімін алдыңда, таңданбағын,
Есіңде ме тасыған талқан, дәмің,
Дәм татып отырғанда толқын тұрып,
Башпайым тиді-ау саған, қалқам, жаным.
Содан бері мен-дағы армандамын,
Башпайымнан безініп, қарғаудамын,
Енді міне, тынысым тарылуда
Таусылмастай көріп ем жалған дәмін.
Өмір еді таңдаған талғамды әнім,
Айт десең, тағы айтайын арман барын,
Талай алдап кетіп ем сұм ажалды
Енді өзімнің Өлімнен алданғаным...
...Тарихтың беттерімен жортып қайтқан
Бұл сырды Сыр–Ананың толқыны айтқан.
Өлерінде Сыр–Ана құшағында
Өзге емес, бұл сөздерді Қорқыт айтқан.
Айтқан да, қыл қобызын күңіренткен,
Талай күй тиегінен мөлдіреткен
Аққу үнді Қорқыттың қобызының
Көмейінде ақырғы мұң дір еткен.
Оңар ма деп күнәдан жуынбаған,
Адалдық, ар жолынан суынбаған,
Өнердің туын тіккен өр бабамның
«Башпай» күйі осылай туындаған.
Күйді естісем, өн бойым дуылдаған,
Күнәм қанша бойымда жуылмаған
Маза бермей, түртпектеп тұратындай
Сыр–Ана ұсынардай суын маған
Дегендей ме: «Жуыншы, жуын, Адам!»
Күнәм көп қой, кешірші, Суым, Далам,
(О баста күнәлы боп туылмағам!)
Әйтеуір, білем, бір күн тазарам да,
Қолыма бабам тіккен туымды алам!
1999 ж.