Қазақ әдебиеті


Channel's geo and language: Kazakhstan, Kazakh
Category: Education


Қазақ әдебиеті

Related channels  |  Similar channels

Channel's geo and language
Kazakhstan, Kazakh
Category
Education
Statistics
Posts filter


Мені ешкім сағынбасын.
Сен сағын!..
Сағын... көзден үзіп мұңның моншағын.
Дәл осылай сағынуға бола ма?
– деп, таңғалсын
Аспан.
Ай.
Күн.
Жер шары!..
Мені ешкім іздемесін.
Сен ізде!..
Ізгі өлеңі іздемеді дегізбе!
Дәл осылай бола ма екен сүюге?
– деп таңғалсын
Өзен,
Мұхит,
Теңіз де!..
Мені ешкім ойламасын.
Сен ойла!..
Сен ойласаң, мен сеземін қалайда...
Сезе тұрып айта алмаған тіл ғәріп,
Көз өтірік айта алмайды алайда!..
Мені ешкім аңсамасын.
Сен аңса!..
Аңсауларда армандар бар о, қанша?!.
...Жер бетінен пәк махаббат жоғалса,
Ғұмыр кешу қиын маған адамша!..

// Қалқаман Сарин - Сен...
t.me/adebiett


Елдің міні ұлғайып,
Сөздің құны азайып,
Тапқан бала қайырылмай шешеге,
Ұры-қары толып кеткен көшеге,
Некесіздер нəсіл болған заман-ай!

Не жер жыртып, қой бақпай,
Не сөз жазып, ой бақпай,
Жең астынан жымқырушы көбейіп,
Пысықтардың жүрер жолы кеңейіп,
Масылдар да асыл болған заман-ай!

Қанағатсыз көп болып,
Ұлағаты жоқ болып,
Арақ жұтқан желігіп,
Ішпей-жемей тоқ болып,
Инабаттан тұлдыр қалған заман-ай!

Шаңырағы атасыз,
Дастарханы батасыз,
Білімдері тұрақсыз,
Ұл-қыздары құлақсыз,
Қоңыраудан шылдыр қалған заман-ай!

Іні именбей ағадан,
Ит көп болып баладан,
Кедей-кепшік тамсанып,
Қалталылар əн салып,
Тексіздер де төре болған заман-ай!

Су тартылып, сəн кетіп,
Тіршіліктен мəн кетіп,
Сепкен дəнің береке боп жиылмай,
Өз тапқаның өзіңе де бұйырмай,
Ішкен асың кере болған заман-ай!

Ауыл азып, жер тозып,
Атажұрттан ел безіп,
Құлагердей тұлпардан
Жұртта қалған ит озып,
Ынтымақтың құты қашқан заман-ай!

Доңыз еті ас болып,
Қырма сақал жас болып,
Бозбала мен бойжеткен
Түні бойы мас болып,
Имандылар бетін басқан заман-ай!

Басшылары біліксіз,
Қосшылары құлықсыз,
Өз бетімен ой ойлап,
Іс жасамас ұлықсыз,
Əкімдерден əділдік қашқан заман-ай!

Аяқ басар жер таппай,
Сөзін тыңдар ер таппай,
Қараңғыда жол таппай,
Хакімдер де қатты сасқан заман-ай!

// Ақылбек Шаяхмет - Заман-ай
t.me/adebiett


Заманақыр жастары,
Қосылмас ешбір бастары.
Біріне-бірі қастыққа
Қойнына тыққан тастары.

Саудасы – ар мен иманы,
Қайрат жоқ бойын тыйғалы.
Еңбекпен етті ауыртпай,
Құр тілменен жиғаны.

Өнімсіз іске шеп-шебер,
Майданға түспей несі өнер?
Сиырша тойса мас болып,
Өреге келіп сүйкенер.

Күлмеңдеп келер көздері,
Қалжыңбас келер өздері.
Кекектеп секек етем деп,
Шошқа туар сөздері.

// Абай Құнанбайұлы


Көзімнің тұңғиығында,
Көңілімнің бір қиырында;
Арымның асыл көлінде,
Жанымның жасыл белінде -
Сен жүрсің...

Өлеңнің нәзирасындай,
Жаңаарқа жазирасындай;
Тағдырдың арман шыңындай,
Шалғынның тамған шығындай -
Мөлдірсің!..

// Ғалым Жайлыбай
t.me/adebiett


– Неге үйіне асығады бұл кісі?
Деп біреулер келетіндей білгісі.
Мен үйіме асығатын себебім
Менің жарым – асыл жардың үлгісі.

Күн шыққандай – күлсе оның күлкісі.
Оның көзі – көз біткеннің мұңдысы.
Кейде менің өңменімнен өтеді.
Секілденіп қосауыздың ұңғысы.

Мен сияқты баласының тұңғышы
Кейде мені келеді оның ұрғысы.
Соның ыстық пейіліне ынтызар
Мен аялап келе жатқан жыр құсы.

Мен жəйлі оның келер бəрін білгісі
Айырбастай алмас оны мың кісі.
Анамдай боп аймалайды бетімді
Басқа түгіл, оның жұмсақ сүлгісі.

Келеді оның қасымда ылғи жүргісі,
Жарасады менімен тек тұрмысы.
Қызықпайды басқалардың бағына -
Тек менімен келеді өмір сүргісі.

Тек менімен келер өмір сүргісі
Жер бетінде бар болған соң бір кісі
Асығамын, асығамын үйіме –
Болмайын деп сағындырған жыл құсы!

// Жүрсін Ерман - Асыл жар
t.me/adebiett


Жасымнан ұнатып ем бір жігітті,
сүюдің қиындығын кім біліпті.
Көз қырын тастамай ол өте берді,
жүрекке арқалатып нұрлы үмітті.

Әдейі оны күнде жанап өтем,
ойпыр-ай, ғашық болған жаман екен,
көңілдің жайлауында сайран салып,
жаныңды талай күйге салады екен.

Сол жігіт білсең атын өлең деген,
жымияр: «Саған оңай көнем бе мен!»
– Ерте-кеш болса да бір естір ме екем
бір сөзін «Сені жақсы көрем!» деген ...

// Фариза Оңғарсынова - Ұнатып ем... (1957)
t.me/adebiett


Болмаппыз шыны керек туа мықты,
Жабысқан дерттен жаным суалыпты.
Азайып анамыздың ақ үміті,
Алмапты Туу жайлы куәлікті.
Үміттің үзілген тек жері бар ма?
Бәрібір тоқтамапты өмір арба.
Жыл өткен соң тіркепті ауыл Совет,
Туды деп мені оныншы февральда.
Өлер деп көздің жасын сан ағызған,
Өмірге қайта кепті жаңа бір жан.
Бір күнге мен осылай кеш туыппын,
Мұзбалақ Мұқағали ағамыздан.
Туа сап сол ақынға ауды да есім,
Пір көріп өттім өлең дәу киесін.
Мұқаңнан мені өмірге кеш әкелген,
Ауыл Совет, сен қандай әулиесің?
Шынымен болмасақ та, туа мықты,
Мұқалмас жырмен Мұқаң суарыпты.
Өлең сенің өзіңнен алсам деймін,
Туу жайлы ендігі куәлікті.

// Есенқұл Жақыпбек - Туу туралы куәлік

t.me/adebiett


Шәміл,
Шәміл!
Шаршадым, қалжырадым.
Ет жүрегім езілді, қан жылады.
Жырым менің – науқастың сандырағы,
Құным менің – тазының қарғыбауы.

Темір емес, мен-дағы адаммын ғой,
Аңнан емес, адамнан жаралдым ғой!
Шәміл-оу
Тұңғиыққа қамалдым ғой!
Қайтермін?!
Қайда барып жазармын бой?!

Тағы түн.
Тағы менен ұйқы қашты.
Қайтемін қаңыраған күйкі басты?
...Алдымда мынау фәни-тыржалаңаш,
Шығарып тілін маған, сиқы ашты.

Махаббат менен кеткен,
Бөлекте жүр.
Мен де бір – жасын түскен терек те бір.
Тіршілік махаббаттан таралған ғой,
Шәміл-оу!
Енді маған керек пе өмір?!

// Мұқағали Мақатаев - Шәмілге жазған хаттардан (6)
t.me/adebiett


Шәміл, Шәміл!
Айналдым жазылмасқа.
Күйрейтұғын түрім бар, жазым бассам.
Қазір менен сауық пен сайран қалған,
Жайына жыр да қалған жазылмастан.

Ойға өріс таппаған, тілге – дерек,
Ойнақы жырым менің кімге керек?
Тулайды тұтқындалған ақтиіндей,
Шығыршықты айналып шыр көбелек.

Жоқ, Шәміл,
Менің ойым бөлек еді,
Басқа жыр, басқа ғұмыр керек еді...
Құл болғам Махаббатқа, менде ерік жоқ,
Еріксіз өмір маған не береді?!

Махаббат түсінбеді, аулақтады,
Арманым кетті мені алдап тағы.
Сая іздеп құр бекерге сабылыппын,
Табыныппын сағымға ар жақтағы.

...Қазір түн.
Сыртта нөсер.
Сәуір айы.
Көктеген әлдеқашан кәрі қайың.
Сәлден кейін тағы да таң атады,
Тағы да...
Сары уайым...
Сары уайым...

// Мұқағали Мақатаев - Шәмілге жазған хаттардан (5)
t.me/adebiett


Шәміл-оу!
Күндер өтті,
Айлар өтті.
Алаңсыз қайран күндер қайда кетті?
Махаббат сәулесіне ұрындым мен,
Махаббат өмірімді ойран етті.

Қазір түн.
Көктем түні маужырап тұр.
Отырмын жазбай, сызбай қалжырап құр.
Алдында тереземнің - кәрі қайың,
Көктей алмай бұтағы саудырап тұр.

Ақ нөсер аңырап кеп дүркін-дүркін ашылар,
Кәрі қайың көктер бір күн.
Махаббат мені, сірә, дауалар ма,
Бет алып бұрылмасқа кеткен, шіркін.

Көшелердің көзінен қан атылып
Қала жатыр,
Қазір түн.
Дала тұнық.
Махаббатты күзетіп, кіршік ілмей,
Бүгін және отырмын таң атырып.

// Мұқағали Мақатаев - Шәмілге жазған хаттардан (4)
t.me/adebiett


Махаббат бүгін және қарамады,
Қарамады...
Жанымды жаралады.
Шәміл-оу!
Білесің бе?
Шын махаббат –
Осылай қарамаудан жаралады!

Мейлі, ол қарамасын, түсінбесін,
Осылай асқақ болсын, кішірмесін.
Бастан ауып баратқан тал түсіме,
Тағдырым көлеңкесін түсірмесін.

Ескермесін, білмесін,
Кете берсін.
Бұл фәниден алаңсыз өте көрсін,
Дәрменсіз менің мылқау махаббатым,
Сірә да, өміріммен өтелерсің...

// Мұқағали Мақатаев - Шәмілге жазған хаттардан (3)
t.me/adebiett


«Достардың» ортасына түсіп қалдым...
(Шәміл-ау!
Осы мені ұшықтар кім?)
Желдеріне желігіп пысықтардың,
Кеше мен махаббатқа ішіп бардым.

Бардым-дағы отырдым қарсы қарап,
Ол да отыр.
Түрі жоқ хал сұрамақ.
Сұқтанған жат көздерден жасқандым да,
Тайып тұрдым.
Қашанғы әл шыдамақ.

Тіл қатып, тіс жармадым, үндемедім
Білмеймін білгенін де, білмегенін.
...Мен деген – саудам біткен саудагермін,
Керегім бола қойсын кімге менің?!

О, шіркін!
Қайран күндер.
Сайран күндер!
Қанатын бақыт құсы жайған күндер.
Жалт бұрылып, оқыс бір қарағанда,
Жүзіңнен жүрексініп, тайған кімдер.

Сол күндер ғой - жүректің аңсағаны,
Соған шөлдеп, айызым тамсанады.
Өкініш пе, білмеймін, қуаныш па?
Өз-өзінен жүрегім ән салады.

Әнсіз өмір өмір ме, қаңсымай ма,
Өзегіңді өртеп дерт, жаншымай ма.
Махаббатқа арнап бір ән шығарсын,
Шәміл-ау!
Шәмші қайда?
Шәмші қайда?

Шәмшіге айт,
Тағы да бір таңдандырсын,
Жындандырсын жүректі, жандандырсын!
Мәңгі өлмес Махаббатым айта жүрер,
Мәңгілік өлмей тұғын ән қалдырсын!

// Мұқағали Мақатаев - Шәмілге жазған хаттардан (2)
t.me/adebiett


Мұқағали Мақатаев - Шәмілге жазған хаттардан (t.me_adebiett)


Шәміл-ау!
Хал-жайымды білсең еді,
Білмеймін қайтерімді...
Кім сенеді?
Он жетімде өшіріп алған отым,
Қайтер ең, қайта қарып жүрсе мені?

Бір дертке ұшырадым, бұл күнде мен
Қоштастым сауығыммен, күлкімменен.
Жүрегім жерік болған жағдайы бар
Бір пәле жатыр білем, бүлкілдеген.

Ынтығып ыңқылменен, күңкілменен
Жеткізіп айту қиын құр тілменен,
Бүгін маған жиырма керек боп жүр,
Алдында хор қызының іркілмеген.

Белгілі саған менің маубастығым,
Сабырсыз аузы күйген албастымын.
Кесемді алдыменен үрлеп алам,
Ыссы шайды аузыма алмас бұрын.

Ойласам, талай-талай қыр басыппын,
Досым деп, «доңызбен» де мұндасыппын.
...Шәміл-ау!
Қалың достан қалған сен ең,
Қайтемін?
Ғашықпын мен,
Шын ғашықпын!!!

Ғашықпын!
Ғашықпын деп білдірмедім,
(Белгілі: білдіргенім - бүлдіргенім).
Жарқ етіп, жайдың оты шашылғанда,
Жалт етіп, қарауға да үлгірмедім...

// Мұқағали Мақатаев - Шәмілге жазған хаттардан (1)
t.me/adebiett


Өкінбе жалғыз жүрмін деп,
Несіне өмір сүрдім деп.
Бәрінің де аты — жалғыздық,
Келеді бәрі бір-бірлеп,
Кетеді бәрі бір-бірлеп.

// Мұқағали Мақатаев. "Таңданба, жаным, таңданба" өлеңінен үзінді (06.07.1973)
t.me/adebiett


...Құс та болғым келмейді!
Қанатым бар.
Қанатым бар күмістен жаратылған.
Сәби болғым келеді, сәби болғым,
Мына өмірден хабарсыз, жаңа туған.

От та болғым келмейді!
Жылуым бар.
Жылуым бар, керексе жылыныңдар.
Әлди болғым келеді, әлди болғым -
Күн сәулесі ойнақтап тұлымында,
Отыратын анасы құлынымдап.

Қанаттанып өмірге ұшарымда,
Кесілмесін бәрібір тұсауым да.
Сәби болғым келеді, сәби болғым,
Сәбиі жоқ Ананың құшағында.

Tap бесігі – кең жаһан тарылмаған,
Біреуге бар, біреуге табылмаған
Сәби болғым келеді, сәби болғым,
Ана сүті аузынан арылмаған.

// Мұқағали Мақатаев - Сәби болғым келеді
t.me/adebiett


Мұқағали Мақатаев - Сәби болғым келеді (t.me_adebiett)


Өмірдің қысы, жазы, көктемдері,
Қысылтаяң шақтары, өткелдері,
Адамның аққан қаны, төккен тері,
Мұратқа жетпегені, жеткендері –
Жанымды жеп жүр менің көптен бері.

Атысу, аңдысу мен таласудың,
Санасу, табысу мен жарасудың,
Мінезін мынау адам баласының
Білсем деп құпиясын аласұрдым.

Алдында алуан-алуан мінездердің,
Амалсыздан келеді мың өзгергің.
Әркім өзін балайды данышпанға,
Бір-бір құдай санайды бір өздерін.

Білмейді екем...
Қолымнан келмейді екен,
Жоқты аңсап, жоқ сусынға шөлдейді екем.
Қой енді, тыйылайын, бұғынайын,
Ойымды орасанға бөлмей бөтен.

Жасырмай ойымды айттым талай-талай,
Қайтейін кетті бәрі қарайламай.
Айтарын ашып айтқан абайламай,
Дариға-ай,
Махамбеттер, Абайлар-ай!!!

// Мұқағали Мақатаев
t.me/adebiett


Мұқағали Мақатаев - Махамбеттер, Абайлар-ай (t.me_adebiett)


Мұқағалидың әкесі колхозда сушы, шалғышы болып істеген қарапайым шаруа адамы болыпты. Нағиман апаның айтуынша, үйдің тұңғышы болғасын ба, Мұқағали Тиын әжесіне табиғи болып, анасын жеңге есебінде санаған. Мұқағали ер мінезді, айбынды әжесін ерекше құрметтеген. Табиғаты шырайлы да шұрайлы Қарасаз топырағындағы қаймағы бұзылмаған қазақы ортада өсіп-өнген Мұқағалидың балалығы әуелде мұңсыз басталады. Алайда сол мұңсыз балалыққа сызат түсірген соғыс Мұқағалиды демде есейтеді. Бір топ жерлестерімен әкесі майданға аттанғанда ол небары он жаста-тұғын. Мұқағали үш ағайынды болған. Ең үлкені – Мұқағали, одан кейін – Тоқтарбай, Көрпеш деген інілері болған.

Мұқағали Мақатаевтың балалық шағы қазақтың басына төнген қайғы-қасіреттің бірнешеуімен тұспа-тұс келді. 1932-33 жылдардағы ашаршылық кезінде ақын небәрі 1-2 жас шамасында болса, 1937 жылғы саяси қуғын-сүргін кезінде 6 жаста болады. Екінші дүниежүзілік соғыс барысында Мұқағали Мақатаев 10 жастағы бала екен. Соғыстың салқын қабағы ақынның шаңырағына оңай соққан жоқ. Әкесі Сүлеймен 1941 жылы Калининград майданында қаза тауып, анасы мен әжесінің тәрбиесінде өсті. Балалық шағы соғыспен тұспа-тұс келген Мұқағали өлеңді он-он бір жасынан жаза бастайды.

20 last posts shown.