БҰРҒЫЛАУ МЕКЕМЕСІНІҢ 60 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙ АЯСЫНДА «IRON MAN» АТТЫ ЖІГІТ СҰЛТАНЫ ӨТТІ
Сонау өткен ғасырдың алпыс бесінші жылдары құрылған «Бұрғылау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 60 жылдық мерейтой аясында «Алтын Дария» мейрамханасында ер азаматтар арасында «IRON MAN» атты жігіт сұлтаны сайысы өтті. Бұндай сайыс Бұрғылау ұжымында алғашқы рет ұйымдастырылып тұр.
Сайыстың басты мақсаты – ұлттық рухты көтеру, ұлттық құндылықтарды және жігітке тән қасиеттерді дәріптеу, салауатты өмір салтын насихаттау, ер азаматтардың қабілеттіліктері мен белсенділіктерін арттыру.
Шараға жеті қырлы, бір сырлы, сайдың тасындай іріктелген мықты-мықты Бұрғылаудың белсенді жігіттері қатысты. Кіл жүйрік сынға түскен байқау 8 кезеңнен тұрды. Олар өздерінің шығармашылық, интеллектуалдық және физикалық дайындықтарын көрсетті. Алғашқы кезең – таныстыру. Одан кейін шығармашылық бөлім басталып, жігіттер ән шырқап, актерлік шеберліктерін көрсетіп, өлең оқыды. Шығармашылық бөлімнен кейін қатысушылар қойылған сұрақтарға жарыса жауап беріп, ұлттық киімдерін таныстырды. Байқаудың соңғы кезеңінде жігіттер нағыз ер мінезге тән қасиеттерін көрсетіп, қоссырықта серпілу, кермеге тартылу, кір тасын көтеріп отырып-тұру, бір қолмен жұдырықта тұру кезеңдері бойынша өзара мықтыны анықтады.
Бұрғылау қызметкерлер арасынан «Жігіт сұлтаны» болуға талаптанған 15 жігіт қатысты. Әрқайсысы өздерінің жақсы қырларын көрсетіп, бар өнерлерін паш етті. Әрине, ұлттық дәстүрлерден үзінділер де қойылды. Спорттық сайыс болсын, дәстүр болсын, қатысушылар әр бөлімде ұлттық нақыш пен заманауи әдістерді қолданды.
Әділ қазылар алқасының шешімі бойынша "Жігіт сұлтаны-2025" атағына Б-11 қондырғы бригадасының бұрғышы көмекшісі Жөнелбеков Сәттіғұл лайық деп танылды. К-5 бригадасының бұрғышы көмекшісі Шохан Еркебұлан екінші орынға тұрақтаса, Энергетика бөлімінің аға инженері Гокгозов Нурлан үшінші орынды қанжығасына байлады.
Марапаттау рәсімінде Бұрғылау" ЖШС бас директоры Қанат Ермекұлы, "KazPetroDrilling” АҚ-ның Маңғыстау обылысы бойынша өкілі ӨТБ бастығы Алиев Нұрлан, еншілес мұнай компанияларының басшылары және "Бұрғылау" ЖШС кәсіподақ төрағалары жеңімпаздарды марапаттап, өнерлерін паш еткен барша қатысушыларға ризашылықтарын білдіріп, сайыстың өте жоғары деңгейде өткендігін сөз етіп, «Жігіт сұлтаны» бұдан әрі компания көлемінде дәстүрлі түрде өтуіне ұсыныстар айтылды.
Жеңімпаздарға Жігіт сұлтаны белдігі, бағалы сыйлықтар, 300, 200, 100 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлықтар табысталды. Одан бөлек, барлық қатысушылар 30 мың теңге сертификаттарымен марапатталды.
Сонымен қатар «Жігіт сұлтаны» сайсының эстафеталық туы еншілес «МұнайФилдСервис» компаниясына ұсыныс ретінде табысталды.