ҒЫЛЫМ-БІЛІМ БАР ЖҰРТТАР


Channel's geo and language: Kazakhstan, Kazakh


Қазақстандағы және әлемдегі ғылым жаңалықтары. Ғылыми-танымдық ақпарат.
Арна авторы: Дина Имамбай, журналист, ғылымды насихаттаушы.

Related channels  |  Similar channels

Channel's geo and language
Kazakhstan, Kazakh
Statistics
Posts filter


Илон Маск Grok 3 нейрожелісі шығатынын мәлімдеді. Миллиардердің айтуынша, бұл жер бетіндегі ең ақылды ЖИ болады. Жаңа ЖИ-модельдердің мүмкіндігі 2025-жылдың өзінде-ақ адам ақыл-ойынан асып түседі дейді Маск.


Video is unavailable for watching
Show in Telegram
Жапондардың шығармайтыны жоқ. Инженер Такаюки Тодо роботтар көрмесінде ит-роботтарды таныстырыпты. Тамашалап тұрған адамдарға ұмтылған робо-итті шынжырлап қойған.


ЖАПАНДАҒЫ ЖАЛҒЫЗ ҮЙ

🌎 Жоғарыдағы суреттегі дөңгелек сызықтың ортасындағы НҮКТЕ – біздің ЖЕР планетамыз. Ғарыштың сайын кеңістігінен қарағандағы көрініс.

«Вояджер-1» зонды рекордтық 6 миллиард километр қашықтан түсірген Жердің атақты фотографиясы. Ағылшынша Рale Blue Dot – бозғылт көгілдір нүкте.

Сонааау нүктеге зер салып қараңызшы. Біз осы нүктеде – Жердеміз. Бұл біздің үйіміз. Ол айналамыздағы адамдардың, Жер шарындағы бүкіл адамдардың мекені. Сіз білетін, сіз сүйетін, сіз танитын, сіз естіген, оқыған-білген адамдар, сізге дейін өмір сүрген бүкіл адам осында өмір сүрді, сүріп жатыр.

Олардың әрқайсының өз тағдыры, қызығы мен қуанышы, қайғы-мұңы мен арман-мақсаты бар.

Біреу адамдар жақсы өмір сүрсе екен деп ғұмырын арнайды, біреу оның бәрін қиратады, біреу біреуге көмектеседі, біреу біреуге қиянат жасайды, өмірін қияды.

Патша да, соқыр тиыны жоқ кедей де осы нүктеде өмір сүрді. Баласынан үміт күткен әке-шеше, бақытты-бақытсыз сәбилер де осында.

Ғалым да, әпенді де, кетпен-күрек ұстаған диқан мен саяхатшы да, сайқал саясаткерлер де осы нүктеде тоғысқан. Жердегі «жұлдыздар», көсемдер мен тарихты «жасаушылар» да осы нүктеде өмір сүріп жатыр.

Бәрі-бәрінің тағдыры – Ғаламда ілініп тұрған әлдебір нүкте – Күн себезгілеген сәруар мекенге тәуелді.

Жер – осынау он сегіз мың Ғаламдағы кішкентай ғана бір әлем. Осы нүктедегі уақытша тақ пен бақ үшін қаншама адамның қаны судай ақты. Жер деген нүктедегі анооу бір нүктені иелену үшін адамдар бірін-бірі таптайды, бірімен-бірі жауласады.

Асылында, адамдардың ашкөздігі, тойымсыздығы, «менікі» деген қиялы – Ғаламдағы бір нүкте үшін түкке тұрғысыз ғой.

Біздің планетамыз – ғарыш тылсымындағы бір тозаң ғана. Бұл тозаңды тозаққа айналдыратын да, «кемедегінің жаны бір» деп селбесіп өмір сүретін де адамдардың өзі.

🌎 Шетсіз-шексіз Ғаламдағы бір нүкте – ЖЕР планетасы – адамдардың ЖАПАНДАҒЫ ЖАЛҒЫЗ ҮЙІ.

Анооооу бір Нүктені қадірлеу, оны аялау, біріне-бірі мейірімді болу – адамдардың өз қолында. Асылында, біздің бөлісе алмайтын ештеңеміз жоқ қой.

Карл Саган

Еркін аударма жасаған
Дина Имамбай.






📣 Ермек Тұрсынов 15 томдық шағын шығармалар жинағын Ұлттық кітапханаға және облыстық кітапханаларға сыйлайды.

Кітаптардың демеушісі – Марғұлан Сейсембай.


📣 7500 адамның миына ота жасаған хирург

Атақты нейрохирург, алтын қолды дәрігер Мыңжылқы Бердіқожаев Нәрікбиге сұхбат берді.

Мыңжылқы Сайлауұлы қазір Астанадағы Президент ауруханасында директордың орынбасары.

Дәрігер былай дейді:
Инсульт – мидың бір қызметінің аяқ астынан жойылып кетуі.
Мысалы, қол-аяқтың істемей қалуы, сөйлей алмай қалу, беттің қисаюы, т.б.

Қазақстанда жылына 40 мың адам инсульт алады. Өйткені, бізде қан қысымы жоғары адамдар көп, әсіресе ерлер.

Жылына МӘМС бойынша 550-600 тегін ота жасалатын еді, биыл қаржы қысқартылып, 82 ота жасалады. Науқастар ұзақ кезек күтуге немесе ақылы ота жасатуға мәжбүр болады.

Мыңжылқы Сайлауұлы сенбі-жексенбі Алматыға келіп ота жасайды, науқастар жол жүріп әуре болмасын дейді дәрігер.

Қазір генетикалық ауытқумен туатын балалар көп.
Жеті ата дәстүрі – генетикалық аурулардың алдын алатын технология.

Медицина университеттерінде неврология оқытылмайды, басқа сала дәрігерлері одан хабарсыз боп шығады.

Исламдағы амал дәптері сияқты, адам өмірі мида бағдарламаланған.

Адам жетістікке жету үшін еңбек етуі керек.
Тез, оңай байимын деген адам стресске ұшырайды.

Күйзеліс (стресс) миды зақымдайды.

Мыңжылқы Сайлауұлының сұхбатын міндетті түрде көріңіздер, дос-туыстарыңызға таратыңыздар.

Сілтеме


😍 Таңшымшық (Erithacus rubecula)

Суретті түсірген әуесқой орнитолог
Мәлік Нүкісбеков

Жуалы, Ертай ауылы
13 ақпан 2025 жыл


Шахислам Лайсханов,
географ, PHD:

Шыңғысхан әскерінің Орта Азияға және Еуропаға жасаған жорықта жеңіске жетуіне климат та көмектескен


Зерттеулеріміздің нәтижесі Scopus базасына кіретін Journal of the Bulgarian Geographical Society (Q2) журналында жарияланды.

Мақалада ортағасырда Орталық Азиядағы климат өзгерістері баяндалады.

Осы зерттеуде топонимдерді (жер-су атауларын) климат өзгерістерінің индикаторы ретінде қолдана отырып, X-XIII ғасыр аралығында климаттың қазіргімен салыстырғанда өзгеше "ылғалды" болғандығын тарихи-географиялық деректер негізінде дәлелдеуге тырыстық.

Зерттеу нәтижелері Шыңғысхан әскерінің Орта Азияға және Еуропаға жасаған жорықтарында сәттіліктерге жетуінде климаттық фактордың ықпалы зор болған деген болжамды растай түседі.

Мақаланың толық нұсқасы мында:
https://jbgs.arphahub.com/article/143846/


«Ғылымның бір ұшы – мансап. Докторлық пен членкорлық»

Асқар Сүлейменов
«Жетінші палата»

1985-жыл.


🌎 2024 YR4 астероиды Жерге қарай ұшып келе жатыр

Дегенмен, ол астероид Айға соғылуы да ықтимал.

Көлемі Пизан мұнарасымен бірдей алып тас біздің планетамызға 2032 жылдың 22 желтоқсанында соғылады деген болжам бар. Болжамның ықтималдығы – 2,3%.

Аризона университетінде зерттеуші Дэвид Рэнкин жасаған орбиталық есептер 2024 YR4-тің Аймен соқтығысу ықтималдығы 0,3% шамасында дейді. Егер Айға соғылса, онда диаметрі 500-2000 метрлік кратер пайда болады. Есесіне Жер зардап шекпейді.

Лондондағы Имперлік колледждің планетология профессоры Гарет Коллинздің айтуынша, Айға соғылған астероидтың кейбір бөлшегі Жерге жетуі мүмкін.


Жерден айырмашылығы, Айдың өзін қорғайтын атмосферасы жоқ. Егер 2024 YR4 – сағатына 50 мың километр жойқын жылдамдықпен Айға соғылса, Хиросимаға тасталған атом бомбасынан 343 есе қуатты жарылыс болады дейді астрономдар.


📣 Мектепте шағын ғылыми орталық ашылды

SGS компаниясы Атырау қаласындағы №43 орта мектептің химия кабинетін жаңартып беріпті.

Компанияның қаржы бөлуінің арқасында мектеп заманауи құрал-жабдықтар алды, бұл оқушылардың жаратылыстану ғылымдарын меңгеруге керемет мүмкіндік береді.

Кішігірім ғылыми орталық секілді жаңа кабинет озық құралдармен жарақталған. Мұнда оқушылар кәдімгі зертханалық тәжірибелер жасап, теориялық білімін практикалық машықпен нығайтады.

Бұл жоба – мектеп оқушыларын инженерлік мамандықтарға және ғылымға тартудың керемет көрінісі, әрі басқа компанияларға да үлгі болса екен. Атырау сияқты мұнайлы өңірде химия пәніне басымдық беру өте маңызды.


🔸Нәйла Базанова басқарған Физиология институты бүкіл Кеңес одағында үздік, үлгілі ғылыми мекеме дәрежесіне жеткен, мойындалған. Ғалым көптеген ғылым докторларын, кандидаттарын тәрбиелеген.

Ас қорыту және лимфа жүйесі физиологиясы бойынша ғылыми мектеп қалыптастырған. Бұндай жетістікке жету үшін қандай еңбек керек екенін ғалымдар жақсы біледі.

Н. Базанова өмірден өткен соң бәрі тоқтады.
Шәкірттері ғылыми мектепті қорғап қала алмапты.

✔️ Қазір Базанованың институтының ғимаратында Халықаралық инженерлік-технология университеті орналасқан.
Академиялық қалашықтағы, әл-Фараби көшесіндегі керемет жер 1990-жылдары жекешелендірілген болса керек.


Статистика бойынша, адамдардың 96 пайызы әңгімелесетін тақырып таба алмай қиналады екен. Олар өсек-аяңға, біреудің өмірін талқылауға бейім.

Ал ғалымдармен сағаттап түгілі, күні бойы әңгімелессеңіз де іш пыспайды, солай емес пе, иә 🤔


📣 Еліміздегі өсімдіктер әлемін түгендеп, ғылыми сипаттама берген “Флора Казахстана” атты 9 томдық энциклопедия он жыл жазылып, 1956-жылы шықты.

Сұрапыл соғыс жылдарында да Қаныш Сәтбаев бастаған ғылым академиясы зерттеуді тоқтатпай, қаржы бөлініп жатты. Соның нәтижесі - аталған академиялық еңбек. Ол әлі қолданыста.

Ал тәуелсіздік алғалы бері 30 жылдан асты. “Қазақстан флорасы” неге қазақша жазылмайды? Ғалым жоқ па? Қаржы жоқ па? Көзқарас дұрыс емес пе?

Ботаника ғылымының жағдайы қалай?

Корольков, Колпаковскийдің атын алған қызғалдақтардың өз тілімізде атауы жоқ па? Оларды өзгертуге бола ма?

Бұл жайында биология ғылымының докторы, Ұлттық аграрлық ғылымдар академиясының академигі, профессор Нұғман Аралбаймен әңгімелескен едік. 
Үш сағатқа созылған сұхбатты сығымдап, газеттің бір бетіне сыйғыздық.

Сілтеме міне


Қанат ӨСКЕНБАЙ, тарих ғылымының кандидаты:

“Қазақ тарихын зерттеуші Ирина Ерофееваның (1953–2020) ғылыми мұрасы біздің кейбір "жаңа" тарихшыларымызға маза бермей жүр.

Жақында Ирина Ерофееваның "Хан Абулхаир: полководец, правитель, политик" деп аталатын белгілі еңбегін қазақшаға аударып, мың данамен шығарыпты.

Бұл туралы "Жас Алаш" газетінде журналист Тұрсынбек Башардың "Осы Шахаров Әбілқайыр ханды біле ме екен?" атты мақаласы жарияланды.

Бұл мақалаға қарағанда, Ерофееваның зерттеуін өмір бойы судья болып істеген Нұртуған Тұржанов аударыпты. Кей жерін әдейі бұрмалап аударған, кей тұста мағынасын өзгертіп жіберген. Көп-көрім ғылыми монографияны ту-талақайын шығарған осындай аударманы баспа ісінен хабары жоқ адамдар қалай кітап қылып шығарған?

Аудармашы "сендердікі тырнақ астынан кір іздеу, ұнамаса оқымай-ақ қойыңыздар" – дейді. Осы да сөз бе?

Мен білетін Ирина Викторовна ой-пікірін ешкімнен қорықпай, ашық айтатын нағыз ғалым еді. Тірі кезінде тарихшы ғалымдарымыздың оны "қазақ тарихының батыры" деп атағанына өзім де куә болғанмын.

Енді бүгін өзі жоқтың көзі жоқ деп Ерофееваны бет-албаты сынаушылар көбейді. Кейбір "кәсиби тарихшылар" да Ерофееваның еңбектерін ұрлап, өз атынан шығарумен әлек боп жүр. Бәріне уақыт төреші.

Әрине, сын керек, сынсыз даму да болмайды, бірақ сын шын болуы керек. Әр нәрсенің шегі бар емес пе?


Шейх Ахмет Құдайдад Таразидің 1436-1437 жылдары жазып, мұра етіп қалдырған «Көркем сөз өнері» - әдебиеттану, әдебиет теориясы саласындағы түркі тіліндегі тұңғыш туынды.

Еңбекте автор поэзияның заңдылықтарын, жеке сөздің өлең құрылысындағы рөлін анықтайды.

Трактатта өлең түрлері, уәзіндері, әрбір сөздің терминдік мәні, әрбір әріптің сөз құраудағы міндеті пысықталып отырады, сөйлем, сөз, әріптердің бір-бірімен байланысы талданады. Сонымен бірге Шейх Ахмет Тарзи өз тұжырымдарын түркі, парсы және араб тіліндегі өлең жолдарымен қуаттап отырады.

Түркі және араб-парсы тіліндегі өлеңдерді Ислам Жеменей аударған.

✔️ Бізде ХХ ғасырға дейін де әдебиеттану саласындағы еңбектер болған.


⚛️ Қазақтың ғалым әйеліне өкімет арнайы институт ашып, ғимарат салып бергенін білесіз бе?

Нәйла Оразғұлқызы Базанова – кеңес және қазақ физиологы, Қазақ КСР ҒА академигі (1951 ж.), биология ғылымының докторы (1945 ж.), профессор.

Қазақстан мен Орталық Азиядағы тұңғыш әйел-академик.

Биологияның жаңа саласы – ауыл шаруашылығы жануарларының физиологиясы ғылымының негізін қалаушы.

Н. Базанова 1911 жылы Пішпек қаласында туған. Әкесі Оразғұл Базанов Семейде дүниеге келген, Қазан ветеринария институтын бітірген алғашқы қазақтың бірі.

Нәйла Оразғұлқызы Алматы ветеринария техникумында, сосын зоовет институтында, аспирантурада оқыған.
1945 жылы докторлық диссертация қорғаған.

✔️ Базанованың ғылымдағы еңбегі үшін Кеңес өкіметі оған арнап 1966 жылы Адам және физиология институтын ашып, арнаулы ғимарат салып берген (Ол кезде ҒЗИ ашуды, ғимарат салуды Мәскеудегі билік пен Госплан шешетін).

Ғалым осы институтты 20 жыл басқарған.
Зертханалар ашқан, институттың материалдық-техникалық базасын нығайтқан. Биоэлектроника, мембраналар физиологиясы және басқа бағыттарды дамытқан.

Ғалым мидың жекелеген бөліктерінің ас қорыту мен зат алмасу процесін реттеудегі қызметін зерттеген.

Найля Базанова Қазақстан физиологтарының үлкен ғылыми мектебін қалыптастырған. КСРО-ның кәсіби ғылыми журналдарында редколлегия мүшесі болған. Алматыда бүкілодақтық симпозиумдар ұйымдастырған.

▪️1990-жылғы дүрмекте көптеген ғылыми мекемелермен бірге бұл ҒЗИ жабылды, ғимарат біреулердің жекеменшігіне айналып кетті. Ғылыми мектеп, сабақтастық үзілді деген осы.


Әйелдердің қазіргі заманғы ғылымдағы жетістіктері:

Фрэнсис Арнольд –белок инженериясы саласының ғалымы (Америка). Ол ферменттердің эволюциясын дамыту жөніндегі жұмысы үшін химия бойынша 2018 жылғы Нобель сыйлығын алды.

Донна Стрикленд – Канада физигі, лазерлік физика және оптика саласында жұмыс істейді. Оптикалы импульстарды жасау әдісі үшін 2018 жылы Нобель сыйлығын иеленді.

Джейн Гудолл – ағылшын приматологы, антропологы. БҰҰ-ның Бейбітшілік елшісі. Әлем болашағы кеңесінің мүшесі. Гудолл ханым шимпанзелерді зерттеуден әлемде жетекші сарапшы болып есептеледі. Оның шимпанзенің мінез-құлқын зерттеуі приматтар мен адам эволюциясы туралы түсінікті едәуір кеңейтті. «Ғалым қатігез болмауы керек» дейді ол.

🔘 ЮНЕСКО мәліметтері бойынша, әлемдегі барлық зерттеушілердің шамамен 30%-ы – әйелдер.

Таланты мен жетістіктеріне қарамастан, әйелдер әлі де ғылымда гендерлік кедергілерге тап болатыны рас.


⚛️ 11 ақпан – Ғылымдағы қыздар мен әйелдердің халықаралық күні

Ғалым қыздарды құттықтаймыз!

20 last posts shown.