Раббым🤍
Мен ренжімеуді таңдасам да, ренжіп қоя беремін. Маған ренжімеуді, адамдардан күтпеуді, жақсы құл болуды үйретші. Сенің алдыңда өте әдепті, тәртіпті құл болып, тыйымдарыңа көркем түрде бағынғым келеді Раббым.
Раббым, мен өзіме залал келтіріп жүргенімді білемін. Көзімді шел баспай, дүниеге мас болмай, Өзің берген хақ жолдан адаспасам екен. Ешкімді өсектеп-сөккім, тілдегім келмейді. Тіліме әсемдік бер. Аузымнан тек әдемі сөздер шықса екен..
Раббым, мен көңілге алғышпын. Жібектей жұқа көңілімді Өзіңе ғана байлашы. Әйтпесе сәл нәрсеге жылауық болыппын. Жүректерді Басқарушы Өзің ғой, менің көңілім де, жүрегім де Өзіңдікі…Ендеше саған тапсырдым.
Аллаһым, ақиқаттың ақ жолынан адастыра көрме. Сенің ақ дегеніңді ақ, қара дегеніңді қара деп танығым келеді. Сенің үкімдерің мен заңдарың- ең жеңіл жол. Сен ешқашан маған қиындық қаламағансың…
Раббым, құлшылықтарыма бекем болғым келеді. Таң намаздарына ұйықтап қалмай, берекесіне бөленіп, әр күнімді разылықпен өткізсем деймін. Сен осыған көмектесші.
Раббым, Құранға деген махаббатым ашылғанын қалаймын. Кемеліне жеткізіп, әр аятты махаббатпен оқуды және оқығаныма амал етуді нәсіп етші. Сол Құран- менің өмірдегі әрекеттеріме әдемі ықпал етсе екен..
Раббым, сүйген, жақсы көрген адамымды сақташы. Оның жүрегінен Саған деген махаббатты тапқым келеді. Сенің “оған көрсет” деп берген махаббатыңды ол кісіге һайырлы, нәзік етіп жеткізгім келеді.
Аллаһым, біреудің бір-екі қателігін көріп, ол кісіні жек көргім келмейді. Маған адамдардың қателігін көрмейтін, кемшілігін жасыратын сипат берші. Үнемі жақындарымды ақтап жүрейінші.
Раббым, сенің алдыңда өте тыныш, әдепті құл болайыншы. Ешкімге зиянымды көрсетпей, ешкімнен зиян көрмей, тәртіпті ғұмыр сүргім келеді.
Раббым, жүрегімді дүниеге деген махаббаттан, дерттен сақта. Сенің Мутакаббир есіміңнен таласқым келмейді. Расыңда Паң, Асқақ ол - Сенсің. Және бәрі сенікі🤍
Раббым маған сүюді үйрет. Сенің есіміңсіз ас ішпеуді, Сенің есіміңсіз үйге кірмеуді, Сенің есіміңсіз көлікке отырмауды, Сенің есіміңсіз бір іс бастамауды үйрет. Ғұмырымның әр сәтінде Өзің болғаныңды қалаймын Раббым.
Құрметпен, сенің кішкентай, әлсіз, мұқтаж құлың…