Olzhas Hanafin


Channel's geo and language: Kazakhstan, Kazakh
Category: Religion


📚Дін, ілім, пайдалы мағлұмат

Related channels  |  Similar channels

Channel's geo and language
Kazakhstan, Kazakh
Category
Religion
Statistics
Posts filter


Ересек адамда баланың мына 5 қасиеті болғанда баяғыда әулие(Алланың досы, жақыны) болар еді:

1. Ризықты уайымдамау
2. Ауырса Раббысына шағымданбау
3. Тамақты бөлісіп жеу
4. Қорықса, көзінен жас шығуы(яғни Алладан қорықса)
5. Жанжалдасса достасуға асығу

Ұстазым Шейх Хассанның статусынан.

📌Олжас Ханафин ұстаз (рахимаһулла)


Бүгін сабақта ақидадан беретін ұстазым Шейx Фаррон حفظه الله атақты Мысырлық муфассир Шейx Шағрауидің رحمه الله ілім жолына қалай түскені жайлы айтып берді.
Соны сіздермен бөлісуді жөн көрдім.

Ол кісінің әкесі өзі ғалым болмаса да, ғалымдарды жақсы көріп, ұлы Шағрауиге шариғат оқытып, Исламдағы ғалымдар қатарынан болғанын қатты қалаған. Бірақ ол кісі шариғат ілімін мүлдем оқығысы келмеген екен. Әкесі сонда да сен сол оқуды оқисың деп, оны оқуға түсуге жібереді.

Шейx Шағрауи айтады: "Оқуды қаламағаным сонша, әкемнің жағдайы жоқ екенін біліп, әдейі 1жылдық емес 4 жылдық кітаптар тізімін жазып, әрі бізде оқытылмайтын басқа да үлкен кітаптарды ойдан қосып, жазып шықтым. Тізімді әкеме апарып, мына кітаптар менде болмай, мен ол жерде оқи алмайды екенмін, деп айтпақшы едім дейді.

Әкеме сол тізімді көрсеткенімде, әкем ойланып, "жақсы балам, мен алып берем саған бұл кітаптарды, сен тек қана оқы" депті. Сонда кедей әкесінің бір кішкентай жері болған, сол жерді сатып, тізімдегі барлық кітапты алып берді. Содан маған "балам, міне керек кітаптардың барлығы дайын, оқы" деп айтты.

Әкемнің сол ісі жүрегіме қатты әсер етіп, мен шариғат ілімін оқуға бел будым. Және ішімнен өзіме ант еттім, мына кітаптардың барлығын оқып бітірмей, мен бұл бөлмеден шықпаймын.

Солай Шейx Шағрауи رحمه الله әкесінің барлық әперген кітабын оқып бітіріп, ілім алып, ақыры үлкен ғалымдардан атанды.

Бұл жерде әкесінің шынайы ықыласының себебімен ол ғалым атанды. Сондықтан әр істе шынайы ықыласты болсақ, ол жемісін бермей қоймайды. Алла ислам ғұламаларынан разы болсын.

Олжас Ханафин ұстаз (рахимаһулла)


Бұрынғы ізгілер: “адам сау кезінде Алладан қорқынышы басым болғанын, ал өлім сәтінде Алладан үміт етуі басымдырақ болғанын құп көретін. Ендеше жүрек көбірек қорыққаны жақсы. Егер жүректе үміт басым болса, онда ол үміт жүректі бұзады”.

Қандай үміт бұзады? Оны күнә жасауға итермелейтін үміт. “Алла кешіреді ғой” деп жасай берсе, ол жаман үміт. Ал егер де ол күнәні тастап, тәубеге итермелейтін үміт болса, онда ол құпталған үміт. Себебі мұсылман Алладан ешқашан үміт үзбей, үнемі тәубеге асығуы қажет.

Олжас Ханафин ұстаз (рахимаһулла)


Адамның ниетіне үкім беруден сақ болыңыз. Біз ешуақытта кімнің қандай ниетпен айтқанын немесе істегенін айта алмаймыз. Іштегіні бір Алла біледі. Біз көрген нәрсеге үкім береміз. Іштегі сыр Алланыкі.

Пайғамбарымыздың ﷺ бір сахабасына айтқан сөзін ұмытпайық. “Сен оның жүрегін ашып көрдің бе?”.

🖌️Олжас Ханафин ұстаз (Алла рахымына алсын)


Алланың дінін жеткізу ұлы нығмет.

Олжас Ханафин ұстаз (Алла рахымына алсын)


Жақсы амалдар тек көркем мінезден шығады.

Олжас Ханафин ұстаз (Алла рахымына алсын)


Ертең өкініп қалма!

Мен кіммін? Қайда бара жатырмын? Мақсатым не? Мына өмірге не үшін келдім? Жәй ғана ішіп-жеп, нәпсілік қалауларымды қандыру үшін бе? Жоқ әлде қарынның қамын ойлаудан басқа ұлы мүдде бар ма? Қарап отырсам, баршасы, тіпті МЕН деген патшалар өліп, жер астында құрттың жемі болып жатыр. Олардың алып әскері мен таудай мал дүниесі қалайша өлімнен сақтап қалмады? Өзіңізге осы секілді сұрақтарды қойып көрдіңіз бе?

Демек сұрақтардың жауаптарын ойланып көрсеңіз, бұл жалған өмір екенін ұғынасыз. Ендеше өмірдің мәні неде? Өмірдің мәні Жаратушыны тануда. Әлемдегі барлық нәрсені танып, сізді Жаратқан, жан берген, ақыл берген Алланы танымасаңыз оның барлығы бос.

Алла Құранда: «Біл, Одан басқа Құдай жоқ.» Біл дегені, Алланы тануға асық. Саған міндет болған әуелгі іс сол. Раббыңды танысаң ғана екі дүние бақытына жете аласың. Бәлкім, Алланы танымай бақытқа жетерсің, бірақ сен сезінген бақыт, ол шынайы емес. Шынайы бақыт ол Жаратушыны танып, оған бойұсыну.

Жақында @abu4dy видеосынан бір керемет мысал жайлы естідім. Ол жерде былай делінген. Адият сүресінде Алла Тағала Алла жолында шапқан атпен ант етіп, артынша «Шынында, адам баласы – Раббысының жақсылығын көрмейтін рақметі жоқ жаратылыс» - дейді.

Алла жолында жорықта шапқан ат пен адамның қандай байланысы бар бұл жерде? Қызып жатқан соғыстың, ешнәрсе көрінбейтін шаңның, өлімнің ішіне ат шауып кіріп кетеді. Сондағысы қожайынына бойұсынғаны. Ал бойұсынуы бар жоғы тамақ беріп, қарағаны үшін ғана. Ал сен адам баласы, Алла саған қанша нығмет берсе де қарсы келуші, шүкірсізсің!

Осы мысалға қатты таңғалдым. Шынымен-ақ, адам сондай. Бірақ білесіз бе, ондай емес екеніңізді Аллаға көрсету үшін сізде әлі уақыт бар. Сіз тірісіз. Жүрегіңіз соғып, тіліңіз сөйлеп тұр. Раббыңызды танып, оған итағат етіңіз. Және ұмытпаңыз, ажал айтып келмейді.

Олжас Ханафин ұстаз (Алла рахымына алсын)


Forward from: Bir adamnyn qolzhazbalary📝
Олжекеңнің мен байқаған ерекше бір мінезі бар болатын. Ол мінезі өзгенің қуанышына шынайы қуану болатын.

Ия Олжекең сондай жан еді. Бір бауыры осындай кітап бастадым десе, қуана тауфиқ сұрайтын, кітап сатып алса, өзі алғандай болатын. Қандай жақсы бір іс бастаса қолдаушы болып пікірін аямайтын еді. Әрі қуанышы шынайы жүзінен, айтқан сөзінен білініп тұратын. Өйткені эмоциясын ашық көрсететін еді.

“Алла тағала жүрегіңізге қуаныш сыйласын десеңіз, өзгенің қуанышына қуана біліңіз, әрі бауырыңыздың жүрегіне қуаныш ұялатыңыз”

Олжас ұстаздың рухына Фатиха оқып қойыңыздар!


✍️ Уайымдамаңыз, қайғырмаңыз.

📌Алла бәрін реттеп қояды. Алламен бірге болсаңыз түгел барлық мәселе шешіледі. Өмір уақытша, оның ішіндегі қайғы мен қуаныш та уақытша. Бәрі бітеді, бәрі аяқталады. Мәңгі тек Алла. Ендеше Мәңгі болған Алламен болыңыз. Мәңгілік ол ақырет, мәңгі өмірімізді көбірек уайымдау керек, өткіншіні емес.

Бірақ пенде болғасын сабырсыздық танытатын шақтар болады. Қазірден бастап өзіңізді қолға алып, алдыға жылжыңыз. Бар өмір әлі алда, бәрі болады, бәрі шешіледі. Шешілмесе де ақыретте сабыр қылғаныңыз үшін есепсіз сауап алып, кеңдігі жер мен аспандай болған жәннәтқа кіресіз. Ал жәннәтқа кірген адам үшін ешбір қайғы, қорқыныш жоқ.

Ол кезде мәңгілік бақыт басталып, уақытша болған қайғылар мен уайымдар түгелдей ұмытылады. Ал енді оған жету үшін бұл өмірді соған лайықты түрде өмір сүруіміз қажет. Алла сізді жақсы көреді, бұл дүниеге бола қам жемеңіз.

Олжас Ханафин ұстаз رحمه الله




Олжас Ханафин ұстаздың (Алла рахымына алсын) телеграм каналындағы жазбалар мен аудармалардың жиынтығы. PDF форматта. Тегін.


«Жүрек туралы хадистер» дәрістерімізді түсіріп жатқанбыз. Сол сәтте үлкен ғұлама-ғалым Шейх Нуриддин Итр секілді алып ғалымдардан сабақ алған Шейх Махмуд Мысри (Алла ол кісілерден разы болсын) келіп, қарама-қарсы орынға отырды.

Қысылғанымнан түсірілімді тоқтатып, сол кісілермен амандасуға жандарына бардым. Сәлемдесіп сабақ түсіріп жатқанымды айтқан едім, ол кісі бірден: “неге тоқтаттың? Қап, біз білмедік қой сенің дәріс түсіріп жатқаныңды. Білгенімізде бұл жерге отырмас едік” деп кішіпейілділік танытты.

Ол ол ма, артынша өзі тұрып бізге екі сусын әкеліп берді. Ұялғанымнан кірер тесік таппай кеттім. Үлкен ұстаздығымен біз сияқты шәкіртке осындай мәміле жасауы қарапайымдылықтың нағыз көрінісі. Жүректің тазалығы. Нәпсінің кемелділігі…

Бұл секілді көріністі Шамдық ғалымдардан көп байқадым. Шынайы ғалым кішіпейіл болады. Бұл кісілер нәпсілерін құрықтаған ғалымдар. Тек қана сөздің емес, амалдың да адамдары.

“Ілімінен бұрын әдебін ал” деген осы шығар.

Алла барша ғалымдарға разы болсын. Бізге ғалымдардың қадірін түсінуімізді нәсіп етсін. Әмин.🤲🏻

📝Олжас Ханафин ұстаз (Алла рахымына алсын)


Ыстамбұлдағы әл-Фатих институтының әкімшілігі куәлік етеді:

Шәкіртіміз Олжас Ханафин институтта үш жыл оқыды. Алайда оқуының соңғы жылы Аллаға қайтты.

Егер сол бір қайғылы жағдай болмағанда, ол өзінің біз білетін білімге деген құштарлығы мен еңбекқорлығымен, Алла жолында даналықпен және көркем үгітпен шақыру ісін жалғастырар еді. Оның мінез-құлқы көркем, адамгершілігі жоғары, басқалармен қарым-қатынасында мейірімді, әрі сөзімен де, ісімен де Аллаға шақырушы еді.

Біз оған Алланың мейірімі мен рақымын тілейміз және оны шыншылдар мен шәһидтермен бірге тірілтуін сұраймыз. Әмин.

Институт әкімшілігі

Қол …


Құрметті менің шариғат оқып, Құран жаттап не толық жаттап болған бауырым! Алла сізге ең үлкен байлық, қазына бергенін ұмытпаңыз. Сіздегі бар шариғат ілімі мен Құранға мына дүниеде ешнәрсе тең келмейді. Ешқашан өзгеге берілген байлығына не басқа да нәрсесіне қызығып, “одан да мен бай болғанымда ғой” деп, Алла Тағала дәрежесін көтеріп қойған ілімнің дәрежесін түсірмеңіз.

Уаллаһи! Құранды жаттаған адамнан бай адам жоқ. Ол Алланың сөзі ғой. Сондықтан қиналғанда не басқа да жағдайда ешқашан өзгеге берілген нығметті шариғат ілімі мен Құраннан жоғары қоюшы болмаңыз.

Мен деген ең байдың не бастықтың не басқа да мансабы бар адамның үйінде не басқа бір кездесуде болсаңыз, басыңызды тік ұстап, ол адамнан өзіңізді төмен сезінуші болмаңыз.

Олжас Ханафин ұстаз (Алла рақымына алсын)


Жастайынан намаз оқып, құлшылық жасап жүрген бауырым! Алла саған үлкен нығмет берді. Оны ешқандай күнәмен алмастырушы болма. Бұл дүниенің күнәлі істеріне қызығып, Раббыңды ұмытып кетпе. Егер жүректе иман болса, күнәда ешбір қызық жоқ бұл жалғанда. Жанның рахаты – шынымен де иманда. Иманыңа берік бол бауырым. Аршының көлеңкесінде жолыққанша…

Олжас Ханафин ұстаз (Алла рахымына алсын)


‎أكثر أهل الجنة البله

"Жәннат иелерінің көпшілігі - арамдығы жоқ, ақкөңіл жандар" (Байһақи)

Осыдан бірнеше күн бұрын қабырғамызды қайыстырған хабар келген болатын. Ол - жас ғалым, ұстаз, елімізге танымал уағызшы Олжас Ханафин бауырымыздың бұл өмірмен қоштасуы еді.

Шыны керек, өзім үшін бұл қатты ауыр тиді. Дегенмен, амал нешік Құдайдың шешімі осы, оған разымыз. Және түбі Оған қайтатынымызды мойындаймыз.

Ислам кітаптарында ғалымдардың өмірбаяны жазылған жерлерде міндетті түрде олар туралы замандастарының сөздері де жазылады. Міне, сол секілді Олжекеміз жайында да қысқаша ойымды парақшама жазып қалдырғым келді.

Олжас Ханафин ұстаз, бауырымызды еске алған кезде жоғарыдағы хадис ойыма келеді: "Жәннат иелерінің көпшілігі - арамдығы жоқ, ақкөңіл жандар". Бұл хадистегі араб тіліндегі "Әл-Булһ" сөзін ғалымдарымыз: "Жамандықты көрмес соқыр, жақсылықты ғана көретін көрегендер",-дегенді меңзейді дейді. Кейбір ғалымдар: "Дүниелік істерді аса ұқпайтын, діндеріне қатысты мәселелердің білгірлері"-деп түсіндіреді.

Шынында, Олжекемнің көңілі таза, адамдар жайлы ойы да жақсы еді. Біреуден айыпты көрсе, барынша ақтауға тырысатын. Дүниелік істерге келер болсақ, онымен араласқан уақыттарымда мына дүниесін уайымдап: қалай үй, қашан көлік алам? дегені мүлдем есімде жоқ. Ал діни істерде үнемі оқырмандарға қандай пайдалы діни ақпарат жеткізсем екен? деп үнемі ізденісте жүретін. Сөйтіп жүріп, бірнеше курстарды жасап, жазып, оларды әлеуметтік желіде бөлісіп үлгерді. Бірақ сол курстарды сату кезінде оның мына сөзі есімде: "Тәкем, менің қолымда байлық болса, мен ешқашан мына курстарымды сатпас едім. Барлығын жамағатқа тегін бере салар едім"-дейтін. Сол себептен кейде іштей курстарды сатып жүргеніне қатты налитын😢

Негізі, Олжекем туралы айтарым өте көп. Дегенмен, қысқаша осы. Алла Тағала Олжекемнің қабірін кең, орнын Жәннат төрінен қылсын! Сағынған бауырларымызбен бір қатар болып, сүйікті Пайғамбарымыздың хауызы жанында көрісуімізді Құдайым нәсіп етсін!

Жазба иесі, бауыры: Тұрым Муханбетжан


Forward from: Абылай Кенжалы
Oljeken jaily estelik x Abylai Kenzhaly x 2024.pdf
2.1Mb
Жаназаға барар жолда жазылған шұғыл естелігім❤️🫂 …




Forward from: [AL] About Languages & IR
Мурад Алискеровтың парақшасынан оқып отырмын, бір қыз жазған екен…:

“Отбасым жақсы, ешкім ішпейді, шекпейді. Алайда бәрі ажырасып жатыр. 11 жыл отбасылы болған ағам ажырасып кетті осы жылы, кіші ағам өткен жылы үйленді де 2 апта өткен соң ажырасып кетті, басқа ағам жарты жыл отбасылы болып сосын ол да ажырасып кетті. Мен де әлі тұрмыс құрмадым, бірақ қолымды сұрап келушілер көп.

Өте қиналып кеттім. 5 жыл бұрын тапсырыс берген суретті қайдан табарымды білмеймін [қосымша түсінік: яғни, бұл қыз 5 жыл бұрын балгер-палшыға барып, бір адамның суретін беріп сыртынан оқытқан. Зиян беру мақсатында ма, жолын жабу мақсатында ма, приворот жасаған болуы мүмкін, жалпы солай ҮЛКЕН ХАРАМ істеген. Кейін ол суретті бір жерге көміп тастаған].

Бұл әрекетім туралы ешбір жан білмейді. Мен қатты өкінемін. Не істесем екен?

Менің отбасым жақсы. Бауырларым да дін жолында, алайда жолдары болмайды үнемі.

Сол бір ісім үшін қатты өкінемін. Менің әрекетімнен бүкіл отбасым жапа шегіп жатқандай. Суретті тауып, көзін құртқым келеді. Құдайдан да қатты қорқамын, ертең қалай жауап беретінімді білмеймін…қазір осыны жазып отырып та тоқтай алмай жылаудамын.

Өзгеге жасаған зұлымдығым үшін бізге берілген жаза ма?

Не істесем екен?”


Мурад Алискеров жауап берген:

— Суретті іздеу керек немесе шіріп кеткенінше күтесіз.

Арада біраз уақыт өтсе керек, жаңағы қыз қайта жазған екен. Көмген суретті тауып, өртеген соң жеңілдеп, жақсы бола бастағанын жеткізген.

Ой түйін:

Жаратушы Алла Тағалаға серік қосып, өзінше өзгенің жолын жауып, не ашып жүрген палшы-балгерлер, соларға жүгінгендердің түбі не боп кеткенін көрген кездер аз емес осы қысқа өміріміздің өзінде. Алланың есебі түзу. Өзгеге зияндық ойлаған адам сол бір Құдай алды қылмысы үшін үрім-бұтағымен жауап беріп кетуі мүмкін.

Тәубе, истиғфар, кәффарат. Алла - тәубелерді қабыл етуші, аса Мейірімді.

#ой_түймекке


Мал-дүние садақадан кемімейді(керісінше оны арттырып, малға береке кіреді).

📚 Хадисті имам Муслим жеткізді.

Ендеше ақшаңыз артып, берекелі болсын десеңіз садақа беріңіз.

20 last posts shown.