Қалықта, қалқам...


Channel's geo and language: Kazakhstan, Kazakh
Category: Books


Өлең жырларымен жаныңызды жылытыңыз

Related channels

Channel's geo and language
Kazakhstan, Kazakh
Category
Books
Statistics
Posts filter


СЕН БІЛЕСІҢ...

Сен бәрін де білесің, бәрін-бәрін,
Дауылдарын жүректің, жауындарын.
Қай көктемде құстардың кешіккенін,
Сонда менің жанымның ауырғанын.

Қай бір сөздің дертімді емдегенін,
Қай бір әуен бейуақ тербегенін,
Қай бір күзде гүлдердің ерте солып,
Ертесіне мен саған келмегенім.

Сен білесің сезімнің жаздағы әнін,
Жазмыш оты жүректе маздағанын,
Күйін кешіп бір сәтте бозбаланың,
Бір сәтте жанып кете жаздағаным.

Сен білесің тағдырдың шайқағанын,
(Шайқаламын таулардай, жай табамын),
Қай нөсердің астында көкке қарап,
Қандай сөзді ішімнен қайталадым,
Сен білесің,

Жаным не қалайтынын,
Саған мәлім – табарым қалай тыным,
Қай дұғаны таңертең оқитыным,
Қай кітапты кешкілік қарайтыным,

Сен білесің, ерке қыз, бәрін-бәрін,
Сенен өзге жүрекке шағынбадым,
Қай түндерде қандай түс көргенімді,
Сол түстердің қалайша жорылғанын,
Сен білесің,

жан білмес сырларымды,
өзім шеше алмайтын жұмбағымды,
Ешбір адам көрмеген белгілерді,
Еш жинаққа енбеген жырларымды,
Сен білесің,

бәрінің бір дерегін,
Сен білесің неліктен мұңлы өлеңім,
...Менің кінәм шығар-ау,
Бәрін біліп –
Маған керектігіңді білмегенің...

Ерлан Жүніс


Түндер келеді
құбылмас қараңғылықпен
дүниенің барлық жиіркеніштерін таса ғып,
күндізгі сағымдай көз жауын алмай
көлгір көркімен жасанып;
ақ сезімдердің ақ айдынында тербелер
дел-сал сәт қой бұл
қатыгездіктен қажыған көңілдер жасарып!
Қараңғы түндер,
бұл дүниенің ләззаты жалғыз сендерде ғана
қалған ба!
(Өзгенің бәрі өзгеріп кеткен шеңгелін мезгіл
салғанда).
Түндердің тұнжыр тыныштығы ма екен
көңілдерді көкке көсілтіп,
талпындыратын таңдарға?!
Таңдайыңа татып тірліктің шырын шақтары
жанды шалқытқан
түн құшағына алғанда?!
Жалғыз-ақ мынау бөлмеде
тыныштықта бей-жай көңіл көрпесі көсілмей,
(қасиетті түндер кешіргей!)
ақтүтек ойлардың ақпаны сақ-сақ қүледі
жалғыздығынан құтырып кеткен жесірдей.
Рахатын түннің тұл етіп сонда
мен отырамын шабыттың
сарала сауытын шешінбей.
О, шуақ күндер!
Қыз саусақ шұғыла төккенге балғын бақтарға -
менменшілдікпен мақтанба!
Тірліктің қимас күндерін тылсым түндерде ғана
сезбесек,
қадірсіз шығар ақ таң да.
Мынау жалғанда жалғыз-ақ өзім
құдіреттідей боп отырам
Қараңғы түндер шапағат шашқан шақтарда.

Фариза Оңғарсынова


Кеттің. Енді жаныма жанашыр кім?
(Мен сорлы да өрліктен шарасызбын).
Содан бері жанарым мұңға толы,
Содан бері әйтеуір мазасызбын!

Сен кеткелі тау жақтан жел еспеді,
Гүл де солып қалғандай белестегі.
Екеумізді бір арман матастырып,
Екеумізде мұң да бір емес пе еді?!

Жиіркендім-ау өмірдің бақ-тағынан,
Жанарымды сен келер жаққа бұрам.
Енді кіммен қосылып ән саламын,
Енді кімге сонда мен ақтарылам?

Қайтсем екен:
Қасіретіңді сенделіп шексем бе екен,
Әлде өзіңе тап қазір жетсем бе екен?
Тұрғызып ап төсектен жеті түнде
Жаныма ертіп бір жаққа кетсем бе екен?..

Менің жаным секілді аспан көшкен…
Біліп жүрсің – жәйттар ғой бастан кешкен:
Маған деген реніш ұйқы бермей
Сенің көңіл-күйің де астан-кестен.

Мен де қалай жарқылдап жүре аламын,
Жүрегімді жылатса кінәларым.
…Болғаны да жақсы екен дүниеде
Өкпелеуге тұратын бір адамың.

Фариза Оңғарсынова


Бесікте сәби жылайды, табытта адам,
Мың елестер ішінде ғарып ғалам.
Тыста боран... ұлыған бөрі желде,
Анау адам сенсің бе шам ұстаған?

Далада гүл жылайды, үйде бала,
Өмірге енгендейміз мүлде жаңа.
Ақымақтар күледі күні бойы,
Жапырақтар өкси ме күзде ғана?!

Баста миым жылайды, қағазда – ойым,
Жүрек неге бүлк етпес, жаны аз ба оның?
Көзімдегі толқындар асау құлан,
Аңғара алмай қаңғиды барар жолын.

Сыртта дауыл жылайды, іште уайым,
Жазға жетер асықпай күтсе қайың.
Әрбір күнім сәт сайын алыстайды,
Мен де ендеше басқаға ұқсамайын.

Қараңғыда ай жылап, тұманда бұлт,
Түлкі тірлік жүр ме әлі бұлаң қағып?!
Өмір жылап жатады жалғыз қалып,
Мың ойланып, содан соң мың алданып.

Дүйсенәлі Әлімақын


БІР КӨКТЕМ ПАЙДА БОЛДЫ МАҢАЙЫМДА…
...Бір көктем пайда болды маңайымда,
Су іштім көлді шайқап, балдырын ап.
Күз өткен, қыс та кетті...
Самайында
Ақ шашы кәрілердің қалды бірақ.

Айнала сағымданды, сикырланды,
Тау жатты қара бұлтты қақтап еміп.
Түн кетті – төсегімнен ұйқы ұрланды,
самал жел қыдырып жүр баққа келіп.

Келеді желмен бірге ән дүрмегі,
Мен ғана үйде отырмын күйбең-күйбең.
Жалғыздық көрмесін деп тағдыр мені
өлең деген бір қызға «үйлендірген».
Ол менің көп мінімді сездіреді,
Отырмын тар бөлмені ыза кернеп.
Үрлейді лебімен мезгіл өзі:
«Дәл қазір жанбасаң да қыза бер!» деп.

Табиғат теңізіне сыр батырып,
ой алсам оңай сөзбен – бәрі ұнатты.
Басыма өссе де орман бір қапырық
көкейім сыр мен шуға жарымапты.

Жүрегім тап-таза бұлақ тұнып,
Қүй ақты сай-жырамды толтырғалы.
Жартысын сенімімнің лақтырып,
қайтадан қағып алды толқындары.

Еліктеу табиғатқа жаңалық па,
Көлбеңдеп көл еркесі көгімде жүр.
Мен саған ұқсамаймын,
маған ұқса –
Ұқсастық керек болса тегінде бір!...

Жұмекен Нәжімеденов


Саған жазғым келеді
Құлазыған шақтарда көңіл бағым,
Келмейтінін көргенде өмірге әлім,
Шарқ ұрғанда жанымның шағаласы,
Шарпылғанда алауға қоңыр жалын...

Саған жазғым келеді
Тым елеусіз атқандай таң күлісіп,
Жай әншейін себепсіз хал білісіп...
Түпсіз терең түнекте тас қараңғы,
Тар кеудемде жатқанын жан бүрісіп...

Саған жазғым келеді
Тірлікті арзан бір сәтке ұмыттырып,
Есігімнен келгенін үміт кіріп,
Саған жазғым келеді, сол жазғаннан,
Өзгермесін ештеңе біліп тұрып...

Саған жазғым келеді
Айта алмайтын сырымды жанға күллі,
Қиялымды,
Ойымды,
Арманымды.
Бататұғын нарт қызыл күндерімді,
Ататұғын ақ арай таңдарымды.

Саған жазғым келеді
Дидарыңнан төгіліп тәтті ән керім,
Сен жымиып оқитын хаттар легін,
Күлімдеген жып-жылы сәуір жүзін,
Сақылдаған сары аяз ақпан демін.

Саған жазғым келеді
Кірпіктен жас үзіліп құлағанын,
Сол тамшыда күллі әлем тұра аларын...
Маңдайыма жазылған махаббатым,
Хат жазуға болмайтын бір адамым,

Саған жазғым келеді
Қара сия екенін қара түнім,
Қара түнде біреу шам жағатынын,
Болатынын біреуді ұмытуға,
Еске алуға біреуді болатынын.

Саған жазғым келеді
Өмір деген бір үлкен жар екенін,
Сезім сол жарқабақтан әрі екенін,
Сағынбайтын жандардың жоқ екенін,
Жеткізбейтін жолдардың бар екенін.

Мирас Асан


Сіңліге сыр

      Осал да болма
ойыңнан оңай адасқан,
Өжет те болма
орынсыз сөзге таласқан.
Алдымен қызға
керегі пәктік, адалдық,
Одан соң, жаным,
жаз мінез керек жарасқан.
Айтарым тағы
берік бол сертке бір сөйле,
Сабырлы таудың
мінезі керек күлсең де.
Қыз мінез деген
- сұлулық сыры өмірдің,
Жұмбақтай қиын
жатқандай болсын бір сенде.
Десек те біздер
«жастықтың сырын аз ұқтық»,
Өмірдің жолы
болмайды тегіс жазықтық.
Ісіңнен кейін
есіңе сақта, жарқыным,
Жеңілмес мықты
қаруың сенің - нәзіктік.
Қайғының жүгі
жаныштап сені жатса да,
Досыңды «тағдыр
талқысы сол» деп тастама.
Дұшпаның саған
ойласа алуан қастандық,
Қалай да өзің
жақсылық ойла басқаға.
Қадірлер сонда
қалтқысыз танып асыл ер,
Өзгелер сені
«адамның бірі - осы» дер.
Арыңа тиіп, жолыңды
кескен тентектер
Алдыңа келіп өздері
кейін бас иер.

Ақұштап Бақтыгереева


Сені сүю

Ертең жұма, киелі жұмыс күні.
Әлди-әлди жанымның тыныштығы.
Сені сүю - махаббат шариғаты.
Сені сүю - есімнің дұрыстығы.

Сені сүю - алғашқы ізгі амалым.
Қай ғаршыдан келдің сен,ізгі адамым?
Маған енді екінің бірі емессің.
Екі көздің бірінен қызғанамын.

Сезім деген - сұлу сөз,заты мақпал.
Жүрек деген - алқызыл жапырақтар.
Есі дұрыс адамның бәрі ғашық.
Ғашықтардың барлығы ақымақтау.

Айқара ашып алдымнан уақыт құшақ.
Мөлдірейді,жәудір мұң жақұт құсап.
Сені сүю - жұмақта серуендеу.
Сені сүю - ғұмырлық бақытты сәт.

Өлең бөлеп өмірдің бесігіне,
Ентеледім жұмақтың есігіне.
Саған ғана жаным деп сөйлейтінім.
Тілім келмей қалады есіміңе.

Сені сүю - адамға адамдығым.
Сені сүю - жүрекке адалдығым.
Тағдырыма бұйыртқан Тәңір өзі.
Сені сүю - сүйікті мамандығым.

Жүрегім де барады кірлеп күнім.
Таңдауыңа разымын,құрметтімін.
Сен бақытты болуға лайықтысың.
Мен бақытты болуға міндеттімін.

Ақжол Түменбай


Күнім де алыс, жұлдызым алыс, ай да алыс,
алысты бүгін армандауды да койғамыз.
Бақытты қайда, махаббат қайда деп жүрген,
Сен қайда жүрсің,
Мен қайда жүрмін,
Қайдамыз?

Көмілген қарда көңілден жарға шұбайды із,
Өзіміз жоқта өзгені қалай сұраймыз?!
Қалың қар басқан қалада мынау қалтырап,
боранды түнде бөрідей ұлып жылайды іш...

О, енді мәнсіз, кім қарау, кім бос, кім ізгі,
Ұқсата алмай өмірден ұққанымызды,
Бақыттың біздер мекенін іздеп шыққанда,
Сезбеппіз сол бір мекеннен шыққанымызды.

«Қуаныш егіз болғанда, бізде дерт – егіз,
Телқоңыр тағдыр термесін бірге шертеміз»,
Деуші едік сонда, ағысқа қарсы ұмтылып,
Есілде бүгін мұз қатып жатыр... ерке қыз!

Арман да аңыз, махаббат аңыз, ой да аңыз,
аңызға бүгін сенуді тағы койғамыз.
Бақытын тапқан жандарды көрем түсімде,
Сен қайда жүрсің,
Мен қайда жүрмін,
Қайдамыз?!.

Ерлан Жүніс


Қарға адым жерде тұр еді менің бақытым
Ұстай алмадым,
Өткізіп қойып уақытын.
Сансырап, шаршап жүргенде,
Біреу тап келіп,
Қақты да кетті,
Айылы мықты, аты тың.
Тұратын еді,
Қол созым жерде, қарға адым
Қамсыздығымнан, қайтейін,
Ұстай алмадым.
Ғанибет етіп, тірлікке мына алданып.
Өлген жоқ бірақ,
Бақытқа деген арманым.
Ырзамын өзім тіршілік етіп жүргенге
Кімдерге жақпай.
Аяулы болып кімдерге
Бақыт дегенің - өмір кешу ғой білгенге,
Келуі де оңай,
Кетуі де оңай бір демде...

Мұқағали Мақатаев


Саған жазғым келеді
Құлазыған шақтарда көңіл бағым,
Келмейтінін көргенде өмірге әлім,
Шарқ ұрғанда жанымның шағаласы,
Шарпылғанда алауға қоңыр жалын...

Саған жазғым келеді
Тым елеусіз атқандай таң күлісіп,
Жай әншейін себепсіз хал білісіп...
Түпсіз терең түнекте тас қараңғы,
Тар кеудемде жатқанын жан бүрісіп...

Саған жазғым келеді
Тірлікті арзан бір сәтке ұмыттырып,
Есігімнен келгенін үміт кіріп,
Саған жазғым келеді, сол жазғаннан,
Өзгермесін ештеңе біліп тұрып...

Саған жазғым келеді
Айта алмайтын сырымды жанға күллі,
Қиялымды,
Ойымды,
Арманымды.
Бататұғын нарт қызыл күндерімді,
Ататұғын ақ арай таңдарымды.

Саған жазғым келеді
Дидарыңнан төгіліп тәтті ән керім,
Сен жымиып оқитын хаттар легін,
Күлімдеген жып-жылы сәуір жүзін,
Сақылдаған сары аяз ақпан демін.

Саған жазғым келеді
Кірпіктен жас үзіліп құлағанын,
Сол тамшыда күллі әлем тұра аларын...
Маңдайыма жазылған махаббатым,
Хат жазуға болмайтын бір адамым,

Саған жазғым келеді
Қара сия екенін қара түнім,
Қара түнде біреу шам жағатынын,
Болатынын біреуді ұмытуға,
Еске алуға біреуді болатынын.

Саған жазғым келеді
Өмір деген бір үлкен жар екенін,
Сезім сол жарқабақтан әрі екенін,
Сағынбайтын жандардың жоқ екенін,
Жеткізбейтін жолдардың бар екенін.

Мирас Асан


Тағдыр қосса бізді егер...
Он сегіз мың ғалам бәлкім гүлденер.
Әлем шырқап әсем ән,
Ғарыш бізге айды берер.
Күн берер,

Тағдыр егер қосса бізді кім білген?
Жыр суырар ақындары,
Гүл ұсынар бағбандары бір-бірден.
Жүрек біткен кеуделерге сыймайды,
Баршасына бақыт қонып үлгерген.

Тағдыр бізді қосса -
Мүмкін жоқ қайғы,
Жан біткен шат,
Мұң атаулы тоқтайды.
Қан жүрмейді бойына,
Жан кірмейді қайғыға,
Жоқ қайғы.

Тағдыр қосса бізді баққа бастайды,
Зарығу да,
Сағыну да аяқ аттап баспайды.
Бола алмайды ешкімге де дос қайғы.

Мұңсыз махаббат та болмайды,
Сондықтан да,
Тағдыр бізді қоспайды.

Гүлжайнар Қалдина


Көздеріңе ғашықпын

Жұмып кейде жанарымды нұр сіңген,
Сырласқанда арман атты тылсыммен.
Ту сыртымнан үп еткенде самал жел,
Елеңдеймін, сен шығар деп күрсінген.

Ғашық жанның басындағы хал бөлек,
Ғашық жанды әлдилейтін ән керек.
Жаңбыр жауса, тырсылынан оянам,
Іздеп келіп, есік қаққан сен бе деп?!

Қашан болсын қайғы көрмей жүр аман,
Мен тағдырдан басқа тілек сұраман.
Күн астында күмбірлесе күміс су,
Сенің күлкің естілгендей қуанам.

Өмір деген өте шығар өткінші,
Аз ғұмырда көп қуанып, көп күлші.
Маған ұқсап аспандағы Ай мен Күн,
Көздеріңе ғашық болып өтсінші.

Ұлықбек Есдәулет


Семья – шағын мемлекет.
Мен – президент, сен – премьер.
Арттым саған көп міндет,
Премьер жолдас, бер пример.
Мен тыңдар деп селт етпес,
Ескіліктің уағызын.
Сен орында, екі етпе
Президенттің указын.
Басқара біл үй ішін,
Бердім саған билікті.
Жемісті болса жұмысың,
Мен аяман сыйлықты.
Бар досым да, бар дұшпан,
Сал ойланып ақылға.
Алыстай біл алыстан,
Жақындай біл жақынға.
Жауаптымыз сіз бен біз,
Ұқсын басқа ұқпасын.
Мемлекетке тәуелсіз
Дұшпан қолды сұқпасын.
Көкірегімнің күйі үшін,
Сен еңбек ет мен үшін,
Басқар өзің үй ішін,
Мен жырлайын ел үшін.
Жыр тоқимын көп ойға,
Жетер ме екен уақытым.
Мен де ойлаймын, сен де ойла
Балалардың бақытын.
Біздің байтақ еліміз,
Семьялардан құралған.
Елін сүйер, сеніңіз,
Өз семьясын сүйе алған.
Сүй еліңді – үйіңдей,
Сүй үйіңді – еліңдей.
Көкіректегі күйіңдей
Жырыңды жаз ерінбей.

Қасым Аманжолов


Аспан баяғыда ашылған,
Жаңбыр аяғы да басылған.
Сен несіне жылап қалдың,
Мәжнүн тал,
Көктің қолы сипағанға шашыңнан?

Мейлі, шеріңді қозғасын,
Аман-есен ғой өз басың…
Қыздардың әдетін қайдан алғансың,
Қит етсе сығатын көз жасын?

Бұлтымен басқанға,
Жаңбырын шашқанға,
Емексіп, егіліп,
Еліктеме аспанға!

Мүбада,
Желмен сүйісу күнә ма?
Сірә да.
Бұлттар сөзінде тұра ма?
Қой, қалқам,
Мәжнүн боп кетсең де жылама!

Әркімге – әртүрлі сыбаға!

Ұлықбек Есдәулет


Ұйықта, жаным...
Жанымды азаптама,
Тау мен дала - бәрі де көз ілді ғой.
Ит те жатыр шынжырды жалап қана,
Шаршатқандай ас жайлы өзін бір ой,
Теңіз ғана тасырлап тынши алмай,
Жапырақтар жұтады ағын демін.
Ал мен саған жалынам үн шығармай,
Сыбырлаймын: «Ұйқташы, жаным менің...»
Ұйықта, жаным...
Жаныңа мұң екпесін
Ренжісіп, келіспей қалғанымыз.
Елестетші: бәрі ертең түн өткесін
Ұмыт болып, жайнайды жан-жағымыз.
Ұйықта, жаным...
Кеп қалар таң да ұрланып.
Жасың тыйып, түсіңде күлімдеші.
Гүл тергендей куаншы, бал-бұл жанып,
Жүрегіңді жылатып түңілмеші.
Ұйқысырап сөйледің –
Жатқан жоқ па түсіңе ешкім еніп,
Дөңбекшуден әлде сен шаршадың-ау?
Онда ұйқыға ораншы, кетсін еріп
Жүрегіңде өңіңнен қалса қырау.
Ұйықта, жаным...
Кім екен тынышыңды алған –
Дөңбекшіген теңіз бе? Бұла жел ме?
Әлде көңілің қалды ма бір сұмдардан,
Әлде айыпты оңбаған — мына мен бе?
Ұйқта, жаным...
Жазбайсың ғой бұл түні, сені ұғамын,
Жыр да мұндай сәттерді түйсінеді.
Естисің бе - кешірші мені, жаным,
тым болмаса түсіңде сүйші мені.
Ұйықта, жаным...
Қол ұстасып өтейік сан құздардан,
Жер жарылып кетердей мына шақта
Қауіпті ғой, қиын ғой жалғыз қалған –
Құшақтасып құлайық құласақ та,
Жаныңды әсем тербесін күй ырғағы,
Ұмыт сосын өкпелі кешті мүлде.
Жер үстінде көз ілу қиындады,
Ұйықта, жаным, сонда да...

Фариза Оңғарсынова "Ұйықта, жаным"


Ей, асылым, білесің бе?
Сен алысқа кеткенде,
Әлсін-әлсін барып жүрдім сен жүретін көк белге.
Білесің бе?
Есіңде ме?
Елегізіп көктемде,
Ұзақ-ұзақ қараушы ең ғой алыстағы бөктерге.

Кешікпей-ақ көрем деп ең,
Келем деп ең жуырда.
Елеңдеп ем...
Бекер екен, тек жұбату - мұның да.
Міне - көктем, әне - сағым,
Салтанатын құруда,
Сағым ба, әлде,
Сағыныш па?
Көзден ұшқан нұрым ба?!

Әлдеқалай ақша бұлттан,
Құлап түсті бір тамшы!
Ей, асылым!
Аңсадым ғой, елге мойын бұрсаңшы?
Тәңірімдей табындырып,
Қарсы алдымда тұрсаңшы?
...Анда-санда аударылып, ағып түсіп бір тамшы,
Саған қарай барады ұшып орамалым бір шаршы.

Мұқағали Мақатаев


Өзіңді ойлап қайғыдан езіліп ем.
Аласұрған күйімді сез үнімнен.
Аң-таң болып әлі күн шошимын мен
Сенің көктем күніндей сезіміңнен.

Есім кеткен, өртенгем сағыныштан…
Бірақ ешкім озған ба жазымыштан.
Иә... мен де бұл күнде түңілгенмін
Көңіліңнен әркімге алып-ұшқан.

Мен өзімдей көргенмін. Бекер мұным.
Саған менен бұрындау жетер жырым.
Мен білмеппін сүйгенің, сағынғаның
Мүләйімсу, көлгірсу екендігін.

Қайтем. Қатал тағдырға жүгіндім мен,
Аңғалдарды жылатқан, түңілдірген.
Әлі сені қимаймын кінәлауға,
Өмір шығар сені де сүріндірген…

Фариза Оңғарсынова


Жанымның білем тыншымайтынын,
Тұнжырап мына қалса маң.
Алладан менің бір сұрайтыным,
Бақытты болсыншы барша адам!

Қастық қылғанды кем көрер деме,
Аяймын олар жыласа.
Аяқтан шалған пенделерге де,
Қолымды созам, құласа...

Өзгертпен осы кейпімді мүлде,
Өшпеген мендік еш үміт.
Сыртымнан өсектейіндерді де,
Ішімнен жүрем кешіріп.

Қарсы алған жақсы ақ таңды көппен,
Тағдырыңды өзің таңдайсың.
Біреуге күйе жаққан жүрекпен,
Біреуді сүйе алмайсың.

Санамда енді тұрақтайтындар...
Білмеймін тау кім, төбе кім.
Мені ұнататындар, ұнатпайтындар,
Бәріңді жақсы көремін!

Рахат Әбдірахманов


АСПАНДА КҮН БАРДА, ӘЛЕМДЕ СЫР БАРДА …
Аспанда күн барда, әлемде сыр барда
адамдар маңдайын жуған тер құрғар ма!
Беремін барымды, аламын жоғымды
екі қол, бір кеуде өзімде тұрғанда.

Дайын сөз, теңеумен, бояумен бір түне!
Ойға орта кеуделер жарайды күлкіге.
Арманда, жұрт, ойлан, орманда нұр тайған
Аю ма, қасқыр ма, білмеймін түлкі ме?

Торғай да, тоғай да көнбейді ырқына
Көк бұлақ, өлме сен көнбесең – бұрқыра!
Өлім деп нені айтқан – ұқпаймын, жоқ қайғым.
Әлде ол өмірдің тоздырған жұрты ма?

Аспанда күн барда, жерде ауа барында
ақ бұлақ, ақ құлап, арында, арында.
Аласа шынында шыңың да, жарың да –
Аламын бәрін де, жұртым тек тарылма!

Жұмекен Нәжімеденов

20 last posts shown.

355

subscribers
Channel statistics