Жандос dan repost
Қыс та келіп қылышын арқалаған
Ұлпа қарға оранды Арқа-далам
Бурабайды бағытқа ап сапарладық
Ойордалық оқырман алқалаған
Ауаң таза, шипадай, нәрлі білем
Сұлулыққа сусындар жан дүниең
Тарыққан көңіл шіркін шабыт алар
Тұмса табиғатыңның кеңдігінен
Келмейсің мұнда желік, құр аңсардан
Бұл аймақ сал-серілер жыр, ән салған
Жасыған жігерлерді биіктетер
Шыңдары тауларыңның тұман шалған
Қарағай, қайың, емен, шыршалары
Үйлесімін тауып-ақ тұрса бәрі
Тоңдыратын аязы - жылытады
Құйындаған боран да - нұр самалы
Әдетте суықтан тән дірілдейді
Сонда да аяз оған үңілмейді
Тұрғанда жылы пейілі сапарластың Даланың суықтығы білінбейді
Дүниеде әр нығметтің сұрауы бар
Сезінер сұлулықты қырағылар
Тірліктің күйбеңінен шаршай қалсаң
Келіп көр де, шеріңді шығарып ал
Тыныштамай кеудеңде жұмыр етің
Ойлар қашып, жан-жаққа жүгіретін
Ал бүгін тәубесіне келді жүрек
Көргенде Жаратқанның құдіретін
Құшақ жайдың, Бурабай, саялаттың
Шын демалып, ерекше сая таптым
Жалғасын тауып дәйім болашақта
Тізбегі үзілмесін саяхаттың