Өткенде жұмыстың алдында темекі шегіп тұр едім, бір апа мен ата пакет көтеріп "Мечта"-дан шығып келеді екен.
Жұмыстағы бірдеңеге сәл тыржиып тұр едім, ол кісілерге мән беріп те қарамадым.
Бір кезде жақындап келіп ақсақал" амансың ба, балам? Бізге қол ұшын созып жіберсең қайтеді. Апаң екеуміз әлімізге қарамай біраз зат алып қойыппыз"деді.
"Балам" десе қалай елжіремейсің?!
Ау, ата қайда апарып тастайын?- дедім.
Әне, анау тұрған үйге, деп, алдымыздағы үйді көрсетті.
Зайсан жақтан немерелеріне қыдыра келіпті. Мына қолындағылары соларға сыйлық екен.
Сомен екі пакетін алып, тағы бір каропкасын қапсыра құшақтап еріп алдым.
Атам әңгімешіл кісі екен. Руымды сұрады. Айтып едім, "ой Құдайдың құдіреті ай ә! Әне, мынау онда сенің апайың болады" деп, апамды нұсқады.
Әй, Астананың ортасынан бауырыңды тауып алдым, сенің інің екен деді.
Апам да қатарласа келіп "ой, жандарым ай, өз бауырым екенсің ғой. Әй, бізді суретке түсірші, бауырымды құшақтап тұрып бір түсіп алайын. Ертең ауылға барғанда айтамын ғой деп, телефонын атаға берді.
Атам да маңғазданып икемі келгенше түсіргендей болды. Қолымда екі пакетім, құшақтаған қорабым бар апама сүйеніп бір естелік сурет қылдық.
Әңгімеміз жарасып, жезде балдыз болып есік алдына да келіп қаппыз.
Апам, ой, бұл тегін жүрген шал емес атаң Шығыстың атақтысы, төрт кітап жазған кісі деп мақтауын да асырып қойды.
Есік алдына келгенде, осында қоя сала ғой, ары қарай өзіміз бірдеңе қылармыз, деді.
Апайымды жақсы көріп кеттім бе, әлде қазақы жайдары көңілге мастандым ба, "жақсылық қылғасын молынан қылған жақсы ғой "жүріңіз болмаса лифтіге салып жіберейін, дедім.
Лифтінің алдын жеткенде атам риза көңілмен "қолыңды жай балам, батамды берейін" деді.
Бұдан артық қандай сый керек. Қолымды жайдым. Ұзақ бата берді.
Жолың ашық болсын балам, Шығыстың әйгілі баташы атаң айтқан тілегі қабыл болсын, деді.
Әумин дестік. Есік алдына шыққанда төбем көкке бір елі жетпей тұрды. Балаша секіріп өз жолыммен кеттім...
Бата түгілі, ас қайырар ақсақалы азайған уақытта бұл менің үлкен олжамның бірі болды.