Оқты мылтық атылар кезін біліп,
бір бүліктің боларын сезіндіріп,
Жұбан ақын мінбеге көтерілді,
шаңырақтай көзінде көзілдірік.
Қалың жұрттың үні өшті, есі кетті,
Тағдыр сыйын ақынға нәсіп етті.
От ойнаған Жұбанның қара көзі
Геннадидің көк көзін тесіп өтті.
Шаттанатын кез емес, қуанатын,
мезгіл жетті қолына ту алатын.
Кәрін төккен Колбиннің мысын басып,
бүй деп еді қаһарлы Жұбан ақын:
«Ұлым, қызым жазықсыз азапталған,
құтылатын күн бар ма мазақтардан.
Ел егесі – Геннади, сен емессің,
Жер егесі – ежелден қазақ болған!
Жағаласып жетім мен жесірменен,
кімің қалды желігіп есірмеген?!
Менің қызым қолаңшаш қос бұрымын,
сенің ұлың жұлсын деп өсірмеген!
Тегім – Түрік, Хас, Сақпыз – асылданбыз,
тарихыма үнілсең, тасым да аңыз...
Алтай менен Атырау арасында
еркін өскен елімді басыңбаңыз!
Қанатым жоқ биікке ұшқанменен,
жылуым жоқ құшаққа қысқанменен.
Қорғау үшін Отанды соғысып ем,
толарсақтан қан кешіп дұшпанменен.
Амандығы қазақтың – бар тілегі,
атқа қонар елім деп нар түлегі.
«Желтоқсанның көргенше он алтысын»,
қан майданда өлгенім артық еді ...
Мен – қазақпын ешкімге бас ұрмаған,
басынғанда бастан сөз асырмаған.
Ақын жүрек қашанға шыдар дерсің,
аман болсын, туған ел, асыл далам !... »
Шұғыласын алтын күн шашқанында,
осып өтті найзағай қас қағымда.
Шоқ жұлдызы Жұбанның жанып тұрды,
желтоқсанда.
Алматы аспанында ...
// Ғалым Қадибекұлы – Ақтық сөз (1986. Жұбан ақынның Жазушылар одағында Колбинмен кездесуде айтқан соңғы сөзі)