Махаббат өлкесі...


Kanal geosi va tili: Qozog‘iston, Qozoqcha
Toifa: Kitoblar


Тек махаббат туралы...
Ұсыныс пен пікірлер бойынша @nurlandos

Связанные каналы

Kanal geosi va tili
Qozog‘iston, Qozoqcha
Statistika
Postlar filtri


ПЕРІШТЕ

Жалғанда жалғыз боп жүдедім,
Оралған адамдай тамұқтан
Мұңлықтай мұң кешіп жүр едім,
Кездесе кеттің сен ғайыптан.

Санамды сансыз ой билеген,
Сенделіп сергелдең күй кештім.
Дәл бұлай ешкімді сүймеп ем,
Дәл бұлай ешкімді сүймеспін.

Көруге асықсам ол дағы,
Арманға тез жетсем дегенім.
Жағымнан жаңылғам жоқ әлі,
Өзіңді жырлаумен келемін.

Мен едім жырлаудан жалықпас,
Жырымды жорыма теріске.
Ауруын жасырған айықпас,
Мен сені сүйемін Періште.

Авторы: Олжас Сәндібек


Сұлу еді...

Көргендердің жан-жүрегі күйетін,
Сұлу еді, жел де оны сүйетін.
Кей күндері көктем болып киінсе,
Кей күндері жаз бен күзді киетін.

Жаратқанның болғанымен пендесі,
Әдемі еді әлемде жоқ теңдесі.
Қарашығы құдіреттің нүктесі,
Кірпіктері күйсандықтың пернесі.

Шаттанғанда дидарында нұр ойнап,
Оянатын езуінде бір оймақ.
Сырғасының сыңғырымен үндесіп
Күлкісінде тұратұғын күй ойнап.

Соны сүйді – жүрегім де, жырым да,
Сүйетіндей сұлу еді ол шынында.
Қолаң шашы қылықтанып кей сәтте
Аққу мойын айналатын бұрымға.

Тапқан кезде табысатын оңды ізді,
Адамзаттық адастырды жол бізді.
Қайта айналып келер болсам өмірге
Мен бәрібір, сүйер едім, сол қызды.

Толғандырар жақын түгіл жатын да,
Аңыздар көп ғашық жандар хаhында.
Мен өмірге қайта келсем, тағы да,
Соны сүйіп айналар ем ақынға.

Санасатын айла менен ақылдар,
Тарпаң мінез тағдыр дейтін тақым бар.
Сұлулыққа сұқтанады – адамзат,
Сұлулықты сүйетін тек – Ақындар!

Авторы: Әлібек Шегебай


Саған шексіз сеніп өткім келеді,
Көздеріңе сеніп, өбкім келеді.
Таңғажайып бір арманға тәу етіп,
Тағдырыңды серік еткім келеді.

Саған ессіз еркелегім келеді,
Сенсіз бақты келте дегім келеді.
Тәңір жаққан алауымды өшірмей,
Жан-тәніңмен өрте дегім келеді.

Сендік мейір, сендік сұлу аңсарға,
Тәнті болған әр мезетте жан сауға.
Тағылымнан, тағдырымнан, таңымнан,
Болады екен бақыт дәмін тамсауға.

Авторы: Толқын Қабылша


СЕН ЕСІМЕ ТҮСЕСІҢ

Мұңға батсам, жарығым-ау кенеттен
Сен есіме түсесің де тұрасың
Сені қалқам, сағынғаным себептен
Сен де мені шын сағынған шығарсың

Жұлдыздарға сырымды айтсам түн жарық
Сен есіме түсесің де тұрасың
Бұл әлемде жүрген мен де бір ғаріп
Маған емес, өлеңіме сыңарсың

Бейтаныстар «жарайсың!» деп тамсанса
Сен есіме түсесің де тұрасың
Бәз біреулер думандарда ән салса
Босаңсуға неге көңіл құмарсың

Көздерімнен жас төгілсе еріксіз
Сен есіме түсесің де тұрасың
Сағыныштан сарғайғанда келіп күз
Менің ақын жүрегімді ұғарсың!

Авторы: Назгүл Алаудин


Кеше мен сені тауып алдым да

Кеше мен сені тауып алдым да,
Шауып ед жүрек Құлагер.
Соншама сені сағынармын ба,
Сен болмай шықты бірақ ол.

Алаулап едім өшіре салды,
Көрінді бəлкім тек елес.
Көздері сені есіме салды,
Сөздері бірақ сен емес.

Білмеймін кімге ғайып ұнапты,
Өңім мен түсім аралас.
Шашын да сендей қайырып апты,
Жасы да саған шамалас.

Көзіме ылғи көрінші деймін,
Үміттің шоғын үрледім.
Бойы да саған келіңкірейді,
Ойын мен бірақ білмедім.

Сəлемдесуге жарағаныммен,
Емес-ау сендей кең құшақ.
Мен оған сендей қарағаныммен,
Қарамады ол сен құсап.

Кеше мен сені тауып алдым да,
Шауып ед жүрек Құлагер.
Соншама сені сағынармын ба,
Сен болмай шықты бірақ ол.

Біл-әәәә...

Авторы: Айдана Қайсарбекқызы


Сенің суретің

Сен білесің бе, масайып жүріп не қылғанымды?
Суретіңді қашап, мұзды мұхитқа ойыппын,
Джомолунгманың шыңына да іліп қойыппын.
Бұлттардан сені қызғанып жүріп, о, тоба!
Жаңбырын оның шарап деп ішіп тойыппын.

Сен білесің бе, масайып жүріп, не бүлдіргенімді?
Суретіңді ұстап, құдайға да алып барыппын.
Қылығымды көріп, шошыпты қорқақ жарық күн.
Өшпеген әлі темекімді оған лақтыра,
"Жанымды менің емде!" деп айқай салыппын.

Сен білесің бе, масайып жүріп не істегенімді?
Суретіңді алып, құмдарға ілесе ән салдым.
Көзге көрінген жын-перілерді де қарсы алдым.
Тәлтіректеп тұрып, жүзімді көкке қарата,
"Ол менің мәңгі жүрегімде ғой!" деп жар салдым!

Сен білесің бе, есімді жисам...
Есімді жисам, мас емес екем.
Бөтенмін.
Көзімді ашып, басымды әрең көтердім.
Сенің суретің сақталған телефонымды,
Кеудеме қысып, құшақтап жатыр екенмін.

Авторы: Бақытбек Егінбайұлы


Шәйі көрпе шытыр-шытыр етеді,
Шайыр төсек сықыр-сықыр етеді.
«Келші жаным, кел тағы да» дейсің сен,
«Болды» деймін, «жоқ, осы да жетеді».

Бірде майып,
Бірде жеңіп,
Ұтамыз,
Бар бұлақтың балын бірге жұтамыз.
Алқын-жұлқын,
Бөрі тартқан тулақтай,
Айдалада қалған шығар лыпамыз.

Сезім — сері,
Көңіл де — тоқ,
Серт – егіз,
Ерке бала сияқтымыз,
Ерке қыз.
Бұла күштің бұлқынысы шыдатпай,
Белден төмен сырғып кетті көрпеміз.

Көрікті сөз төгіледі кесте боп,
Ләззаттардың лағыл тасын тескен оқ.
Сен емініп,
Мен езіліп жатқанбыз,
О, құдірет...
Арғы жағы есте жоқ

Авторы: Асылзат Арыстанбек


Зертте мені

Жаным, сен жанартауды көрген бе едің?
Әне, содан аумайды кеудем менің.
Жанымды көр жап-жарық, жасыл әлем,
Ділімнің көр күй болып тербелгенін.

Ақ бұлақты көрдің бе тулап аққан? –
Көз жасым ол кірпігім сырғанатқан.
Көрдің бе сен көсілген кең даланы,
Бар байлығым сол мені тыңдап жатқан.

Жан-жағыңды сабалап қанатыңмен,
Мен болып көр өртенбей шала күйген.
Жымыңдаған мұң шағып жұлдыздарға,
Мен болып сырласып көр қара түнмен.

Мен болып көр бір сәтке (сынақты ұмыт),
Мені қанша жылатты, уатты үміт.
Сезініп көр бақытты екеніңді,
Мен секілді қайғыдан жылап тұрып.

Жетелеп сені де алға ерік, сенім,
Сені де алдап тербетсе елік сезім,
Тыңдашы сонда келіп жүрегімді,
Қабақ шытпай, қасыма келіп менің.

Тыңдап өскен өмірдің көп кеңесін,
Жаным – жалын, көзімнен от көресің.
Зерттеп көргін ағаңның ақ жүрегін,
Мүмкін мені содан соң жек көресің.
Ал, бәлкім, дерттенесің.

Авторы: Мұқият Қойшыбайұлы


Ұмыттың ғой... қайда әйтпесе хабарың?
Бір қарайған талды күткен жанарым...
Күн сайынғы әдетінше аңсарлы,
Құшағына құлады ақшам қаланың.

Көп кешікпей қияқтанып туады ай,
Бар мұңымды сол ғана ұғар сұрамай.
Жүрегімді қайтсем екен, қадірлім,
Сенен өзге жүрген ешкім ұнамай...

Паң дүние әзиз басын кімге иді?
Бала-қайың бақта үнсіз мүлгиді...
Сағыныш па, сені ойласам әйтеуір,
Отырамын кешіп ұдай бір күйді.

Авторы: Айжан Табарак


Бүгін сенің туған күнің…
Сыртта құйып тұр жауын.
Терезеге жақын келіп, жаңбыр үнін тыңдадым.
Тамшы асығып, тырс-тырс тамып, салып жатыр есіме,
Өткен күндер ырғағын.

Ғұмыр кешіп жатырмыз біз адам айтса сенгісіз,
Бір күніңнің алданышы бір күніңе бергісіз…
Тасқа сіңген тамшы сынды белгісі жоқ сол күндер,
Қалай өтті белгісіз.

Бірде сен де тауысып ең көңілімнің тағатын,
Ақ таң күліп сен деп атып, сағат сен деп соғатын.
Таяп тұрып, табыса алмай кеткен шақта екеуміз,
Ақ қар жатқан болатын.

Содан бері жүрек үнін мылқау етіп, тілсіз ғып,
Махаббат деп жазылатын кие сөзді бір сыздық.
Содан бері сөнді бәрі, екеуміз де бөтенбіз,
Содан бері… үнсіздік.

Сол шақтарды еске алуға ақылдың жоқ түк халі,
Біз өмірді түсінбедік, өмір бізді ұқпады.
Бүгін сенің туған күнің…
Мен құттықтап қояйын,
Өзің көтер тұтқаны…

Авторы: Есей Жеңісұлы


Ғашықпын,
Шын ғашықпын сол адамға,
Мен болмасам болмайын, сол аман ба?!
О, Тәңірім, неткен жан қайырылмайтын,
Жүрегі еттен бе, әлде қоладан ба?

Ғашықпын, қайтіп оны жасыра алам,
Бар алтын оның әр тал шашы маған.
Сағынайын таусыла, сағынайын,
Сағынышқа жаралған ғашық адам.

Шарықтап қолым жетпес көкте күнге,
Аққанат құсым менен кеткенің бе?
Шарқ ұрып бар ғаламды шыр айналып
Мәңгілік сені іздеумен өткенім бе?

Сарғайған сағынышты басып толық,
Бар үміт, бар сенімді шашып болып.
Сірә да, өтермін мен бұл өмірден,
Мәңгілік қаламын мен ғашық болып.

Авторы: Мұқағали Мақатаев


ЖОЛАЙРЫҚТА ЖОЛЫҚТЫҚ

Жолайрықта жолықтық, жол екіге бөлінді.
Өзіңізсіз өмірім тым көңілсіз көрінді.
Кезіктіңіз неліктен жүрегімнің сорына?
Шыға алмадым, шырмалып сезімімнің торына.
Сағынышым түндерде жөнеледі хат болып,
Жүдетеді жанымды кеткеніңіз жат болып.
Саусақтарым сүйеді телефонның пернесін,
Қайда жүрсіз, қай жерде, енді оралып келмесім?
Армандарым алыста, жұлдыздан да жоғары,
Белгісіздеу бақыттың қайта айналып соғары.
Балауызын үміттің көз жасыммен сөндірдім,
Хат жазбауға өзімді әрең-әрең көндірдім.

Авторы: Құралай Омар


АППАҚ ҚЫЗҒА

Ақ боз үйдің ішіне,
Ай боп енген ақмаңдай.
...тағы кірдің түсіме,
Аппақ гүлмен жатқандай.

Ақ өлеңнен ақтарып,
Ақ заһардан алсам ба?
Ақ жолыңа бақ дарып,
Бақытың боп қалсам ба?

Ақ боз атым жоқ менің,
Ақ қой бірақ көңілім.
Аққа оранды өткенім,
Өкінішсіз өмірім...

Ақ қайыңға сезімді,
Ақ пейілмен сақтаппыз.
Ақын сүйді өзіңді,
Айдан туған аппақ қыз.

Ақ таң болып атсаң ғой,
Бұйырсын деп жалқы бақ.
Ақ төсекте жатсаң ғой,
Аппақ саның жалтырап...

Өртенер ем, өбер ем,
Ақ кереует - сахынам.
Ақ тілекті төгер ем,
Махаббаттың атынан!

Ақын сүйсе... бұл əлем,
Көрсетпейді жауызын.
Сен де балқып жүрер ең,
Айға қарап ауызың...

Күнің болып батсам ғой,
Неге біздер алшақпыз?
Ақ төсекте жатсаң ғой,
Айдан туған аппақ қыз...

Авторы: Нұрбол Ибраев


Сезім жолы ұғынғанға сыналу,
Сыңарының сырын іштей ұға алу.
Махаббатты жалған деді біреуі,
Сол жайлы жыр жазшы деді бір ару.

Табылмаса жүректердің гүл емі,
Өмір қиын, оны жұрттар біледі.
Жалғыздығым қиын десті ал бірі,
Бақыттымын деп қуанды біреуі.

Жомарт болсаң, жорғаңды да бер түсіп,
Нағыз адам - адам екен ең кішік.
Өкініші мен қуанышы өмірдің
Қашанда да жатады екен тең түсіп.

Авторы: Ғабиден Қожахмет


Шағала-хаттар самғады саған шарқ ұрып,
Хатымда менің жартылай күдік, жарты үміт.
Неге екен сені сенімсіздіктерге қимайды,
Алқызыл жүрек алқынып...

Өкпелі сәттер жанымда бір күн тоқтамай,
Мені өртесе де өкініштер мен от талай.
Толқын көңілім толқып та барып сағынып,
Жағаңды сенің соққаны ай...

Жаныңда ғана жабырқау жаным тыншиды
(Осылай ессіз өзгеше сені кім сүйді?)
Салқындық сезсе секемшіл үнсіз жүректен
Ып-ыстық тамшы ыршиды.

Көзімде ғана көңілдің үнсіз өкпесі
Өшкен өкпемді көзімнен енді төкпеші...
Жалған өмірде жалған сезімге ермеймін
Тек Жанымнан кетпеші...

Авторы: Айдана Сегізбаева


ВАЛЬС

Басталды вальс, баяу ән,
Биледік сонда шыр айналып.
Бақытым шығар таяған.
Жанарға жанар байланып...

Сол сәтте жер де, әуе де –
Дүние кетті дөңгелеп.
Дәру бола алмас дәнеме,
Би ғана мені емдемек.

Тербеліп жүрмін шаттанып,
Керемет вальс ырғақты.
Алғаусыз көңілін ақтарып,
Тағдырым маған тіл қатты.

Бал татып тұрды кермегім,
Жұп болса, болсын тек мендей.
Өзгені мүлде көрмедім,
Өзге әлемге еніп кеткендей.

Өмірдің білдім әр қырын,
Жайдарлы екен ол, жаны ізгі.
Мен емес, маған тағдырым,
Талпынып тұрған тәрізді.

Дертіңнің тапсаң дауасын,
Қайтесің оған шағынып.
...Тағдырдың аппақ жағасы,
Далабым қалды жағылып.

Авторы: Сағыныш Намазшамова


Video oldindan ko‘rish uchun mavjud emas
Telegram'da ko‘rish


СЕН...

Ешкім мені сағынбасын.
Сен сағын!..
Сағын... көзден үзіп мұңның моншағын.
Дәл осылай сағынуға бола ма?
– деп, таңғалсын
Аспан.
Ай.
Күн.
Жер шары!..

Ешкім мені іздемесін.
Сен ізде!..
Ізгі өлеңі іздемеді дегізбе!
Дәл осылай бола ма екен сүюге?
– деп таңғалсын
Өзен,
Мұхит,
Теңіз де!..

Ешкім мені ойламасын.
Сен ойла!..
Сен ойласаң, мен сеземін қалайда...
Сезе тұрып айта алмаған тіл ғәріп,
Көз өтірік айта алмайды алайда!..

Ешкім мені аңсамасын.
Сен аңса!..
Аңсауларда армандар бар о, қанша?!.
...Жер бетінен пәк махаббат жоғалса,
Өліп кеткен артық шығар оданша!..

Авторы: Қалқаман Сарин


Қаршадай қыз

Қаршадай қыз,
Жиі баққа барамыз, шаршамаймыз.
Бірімізге айта алмай сырымызды,
Түк таппаған адамдай тал санаймыз.

Есте қалар күніміз бүгіндейміз,
Бәденді едің бәйшешек, бүріндей қыз.
Бір қоштассақ айрылып қалатындай,
Таң рауандап атқанша гүл іздейміз.

Иран бағым,
Қалай сонда кеудеме сиған жаным?
Иман жүзің ып-ыстық сүйген кезде,
Ибалылық белгісі қиналғаның.

Мамықтай маужыратып жасыл желек,
Кеудеме кеп төсенді басың кенет.
Жұбатуға сөзім жоқ кемсеңдейсің,
Қаршадай қыз, не деген жасың көп ед?

Сосын түк те айтпаймыз ақтарылып,
Өше берсе қайтеміз жаққан үміт.
Маңайыңа қарайсың мұңға батып,
Бақыт тауып алардай бақта жүріп.

Айдыныңда алаңсыз тәуір сырғып,
Қанатыңды алмашы қауырсын ғып.
Өріктей өңің сынып отырғаның,
Құдай-ау, жүрегіме ауыр сұмдық.

Шықпай жүрсің шерменде боп түсімнен,
Сонда бізді табиғат тек түсінген.
Күрт құлазып қаңғыбас бұлт жылады,
Найзағай да суретке көп түсірген.

Ғашықтар мен тағдырдың арбасқанын,
Аңғардың да түсіндің алғаш жаным.
Жаңбыр емес, көз жасы ол періштенің,
Сол ғой саған күйзелген, ал басқа кім?

Жаратқаным жар болшы жандарға әсем,
Қаршадай қыз, аман бол жалғанда сен.
Жұбатуға өзіңді бір-ақ жол бар:
Мені ұмыт, көрсең де аңғарма сен,
...таңқалмас ем.

Авторы: Бағдат Мүбәрак


Ханшадай өзін ұстаған,
Қара алмас көзді, бал ерін,
Басынан құс та ұшпаған,
Бұла өскен асқақ жан едің.

Қара оқа құсап бұрымың,
Жалтылдап әрбір талы да,
Жарасып барлық қылығың,
Жараспай пенде жаныңа.

Көңілің балқып тәтті әнмен,
Кірпігің, қасың дірілдеп,
Өтуші ең жасыл бақтармен,
Өтуші ең шалқи күлімдеп.

Жадымда қалды жатталып,
Бек әсем қызыл көйлегің,
Күлуге сол сәт шақ қалып,
Қасыңды керіп сөйлеуің.

Жыр болсын басқан ізің де,
Аңыз боп атың әдемі.
Тәкаппар аппақ жүзіңде,
Тарыдай бір мең бар еді.

Жаныма бір мұң жетті де,
Жабығып өтті уақытым.
Тарыдай меңде кетті ме,
Таба алмай қойған бақытым?!

Жұматай Жақыпбаев

20 ta oxirgi post ko‘rsatilgan.