Медведев Ресей қауіпсіздік кеңесі төрағасы салауатымен ақпараттық бомбасын Америка мен Еуропаға қаратып отыр. Өткен аптада орыстың қаптаған басылымдарына атышулы сұхбаттар беріп, ауызбен орақ орып, Батысқа дөң айбат көрсетті. Гаага сотының «Путинді соғыс қылмыскері» деп танып, құрамындағы елдерге тұтқындауға ордер бергені белгілі. Оған ірі елдер қолдау білдіре бастады. Бірінші болып Германияның заң саласының басшысы Путин Германияға аттап басса, бірден тұтқындайтынын мәлімдеді. Англия халқаралық сотқа мүше 42 елдің өкілдерін Лондонға жинап, Путинді құрықтау үшін бірлесе қимылдау керектігін ақылдасты. Украинаға сапарлай келіп, «Соғыстың әкелген қасіретін өз көзіммен көрдім, әлемде тәртіп орнатпаса болмайтынына көзім жетті», - деген Жапон басшысы да соттың үкімін мүлтіксіз орындайтынын айтты. Жазда Оңтүстік Африкада алтын өндіруші бес елдің (Ресей, Қытай, Үндістан, Бразилия, Оңтүстік Африка) саммиті өтетіні белгілі. Қара құрлық елінің билігі де Гаага сотының үкімін ескерусіз қалдырмайтынын қадап айтты. Осының бәріне шамданған Медведов ақпараттық құқайын Германия мен Нидерландқа бағыттады. «Төбелеріңнен Құдай мен Орыстың ядролық оқ тұмсығы төніп тұр», - деп қорқытпақ болды.