СЫБЫЗҒЫНЫҢ СЫРЫ
(Румиден)
Сыбызғының естимісіз мұңлы үнін, –
Сағыныштан зар илейді бұлбұл үн.
Нені аңсайды, не дейді әуен сыңсыған?
– О бастағы негізіме құлшынам.
(Тегім менің қамыс еді, діңімнен
Кесілген соң өксік шықты үнімнен).
Содан ба екен, көмейімнен ән күміс
Төгілгенде, сіз де жылап қалдыңыз.
Ажыраған тамырынан құнардың
Жан бармысың?
Мен – сол жанға сыңармын.
Тағдырласпын тағдырымен ақты күн,
Бағы тайған бір кездергі бақтының.
Содан болар, әуес менің әніме
Қайғылы мен мұңлы жанның бәрі де.
Ешкім толық ұғына алмас мұңымды,
Жат ұғар ма өзім де ұқпас сырымды?
Жаным тәннен тым алыста, бөлек тұр,
Екі араны перде-тұман бөлеп тұр.
Менің үнім – желдей емес желпіген,
Оттай ыстық, тыңдасаң жан елтіген.
Кімнің досы болса өзінен алыс тым,
Доспын соған: мен – сыңсыған қамыспын.
Тәңрісінен кетсе үзіліп із бұрыс,
Сырлы әуенмен жақындату – біздің іс.
Рухы әлсіздер ұстап мені, үрлесе –
У-зәһармын, біліп жүрсін білмесе.
Хақ жолынан таймай соққан жүректің
Дүрсіліне сүйенішпін, тірекпін.
Мен жылаймын сен шекпе деп зайғыны:
Мәжнүн болып сүйсе екен деп Ләйліні.
Қанша тырыс, сыймайды сыр ақылға,
Жүрек қана әуенді ұғар, мақұлда?
Сағынышпен ысталмаса бал-ышқың,
Ұғар ма едің шырынды үнін қамыстың?
Ал бүгінде саз үрлеген демінің
Сыбызғымын емі – қайғы, дені – мұң.
Кеткен бақтың көз айырмай жолынан,
Разылықпен қол бұлғаймын соңынан.
Балық судан басы шықса, дем – сауға,
Біз де – бір аң ас толтырған жемсауға.
Іздеген жан тек нәпсінің зарығын,
Қылар ұмыт дүниенің жарығын.
Ойлауменен ас-ауқатын тәнінің
Ұмытады қажетті асын жанының.
Өз негізін танымаған – тірі емес,
Таныған мен танымаған – бір емес.
Еркіндікке ұмтыл, үз де арқанды
Алтын жіптен есілсе де, талқан қыл.
Сен де енді қыл қанағат ұял да,
Құмыраға өзен суы сияр ма?
Тойымсыздың аш көздерін жұтынған
Толтыруға тырысқан жан ұтылған.
Дүниеге қызықпайтын басы артық
Дидар талап жанның ғана бәсі артық.
Арсыздықтың лықсып толса науасы
Тек Махаббат – ол кеселдің дауасы.
Ондай қылып емдей алмас ұққанға
Тіпті алып Аплатон да, Лұқпан да.
Оның демі жербетіндік денені
Көкке ұшырып, Жарға жалғап береді.
Сол Махаббат қағидасы жаттаған –
Мұсаны да Пірғауыннан сақтаған.
Ол келгенде тіл бұлбұлдай сайрайды,
Тағы да Өзі тілді келіп байлайды.
Өз тіліңе жалға достың құлағын –
Таза әуеннің ағызарсың бұлағын.
Әзіз досың кетсе ажырап мәңгіге
Ән де үзілер, үзіледі әңгіме.
Бақ ішінде жоқтығынан бір гүлдің,
Үні шықпас сесі сұлу бұлбұлдың.
Өзі күл боп кетсе де үзбей тәубесін,
Төгер ғашық сүйгенінің сәулесін.
Сол сәуледен нұр ілмесең тағатсыз,
Ұша алмассың, сен де – бір құс қанатсыз.
Айнала, маң түнек болса, қараңғы,
Көріп, болжап, біле алмассың шамаңды.
Махаббатқа толып тұрған бақ шіреп,
Ақиқаттың айнасы сол – ақ жүрек.
Сол айнадан көре алмасаң жүзіңді
Онда асық тазартуға ішіңді.
Сыбызғының әніне елтіп жүрегің
Рухың түлеп, бұзсын тәннің түнегін.
Қалыптаған: Ләйлі Құндақбай.
17.04.2024.
(Румиден)
Сыбызғының естимісіз мұңлы үнін, –
Сағыныштан зар илейді бұлбұл үн.
Нені аңсайды, не дейді әуен сыңсыған?
– О бастағы негізіме құлшынам.
(Тегім менің қамыс еді, діңімнен
Кесілген соң өксік шықты үнімнен).
Содан ба екен, көмейімнен ән күміс
Төгілгенде, сіз де жылап қалдыңыз.
Ажыраған тамырынан құнардың
Жан бармысың?
Мен – сол жанға сыңармын.
Тағдырласпын тағдырымен ақты күн,
Бағы тайған бір кездергі бақтының.
Содан болар, әуес менің әніме
Қайғылы мен мұңлы жанның бәрі де.
Ешкім толық ұғына алмас мұңымды,
Жат ұғар ма өзім де ұқпас сырымды?
Жаным тәннен тым алыста, бөлек тұр,
Екі араны перде-тұман бөлеп тұр.
Менің үнім – желдей емес желпіген,
Оттай ыстық, тыңдасаң жан елтіген.
Кімнің досы болса өзінен алыс тым,
Доспын соған: мен – сыңсыған қамыспын.
Тәңрісінен кетсе үзіліп із бұрыс,
Сырлы әуенмен жақындату – біздің іс.
Рухы әлсіздер ұстап мені, үрлесе –
У-зәһармын, біліп жүрсін білмесе.
Хақ жолынан таймай соққан жүректің
Дүрсіліне сүйенішпін, тірекпін.
Мен жылаймын сен шекпе деп зайғыны:
Мәжнүн болып сүйсе екен деп Ләйліні.
Қанша тырыс, сыймайды сыр ақылға,
Жүрек қана әуенді ұғар, мақұлда?
Сағынышпен ысталмаса бал-ышқың,
Ұғар ма едің шырынды үнін қамыстың?
Ал бүгінде саз үрлеген демінің
Сыбызғымын емі – қайғы, дені – мұң.
Кеткен бақтың көз айырмай жолынан,
Разылықпен қол бұлғаймын соңынан.
Балық судан басы шықса, дем – сауға,
Біз де – бір аң ас толтырған жемсауға.
Іздеген жан тек нәпсінің зарығын,
Қылар ұмыт дүниенің жарығын.
Ойлауменен ас-ауқатын тәнінің
Ұмытады қажетті асын жанының.
Өз негізін танымаған – тірі емес,
Таныған мен танымаған – бір емес.
Еркіндікке ұмтыл, үз де арқанды
Алтын жіптен есілсе де, талқан қыл.
Сен де енді қыл қанағат ұял да,
Құмыраға өзен суы сияр ма?
Тойымсыздың аш көздерін жұтынған
Толтыруға тырысқан жан ұтылған.
Дүниеге қызықпайтын басы артық
Дидар талап жанның ғана бәсі артық.
Арсыздықтың лықсып толса науасы
Тек Махаббат – ол кеселдің дауасы.
Ондай қылып емдей алмас ұққанға
Тіпті алып Аплатон да, Лұқпан да.
Оның демі жербетіндік денені
Көкке ұшырып, Жарға жалғап береді.
Сол Махаббат қағидасы жаттаған –
Мұсаны да Пірғауыннан сақтаған.
Ол келгенде тіл бұлбұлдай сайрайды,
Тағы да Өзі тілді келіп байлайды.
Өз тіліңе жалға достың құлағын –
Таза әуеннің ағызарсың бұлағын.
Әзіз досың кетсе ажырап мәңгіге
Ән де үзілер, үзіледі әңгіме.
Бақ ішінде жоқтығынан бір гүлдің,
Үні шықпас сесі сұлу бұлбұлдың.
Өзі күл боп кетсе де үзбей тәубесін,
Төгер ғашық сүйгенінің сәулесін.
Сол сәуледен нұр ілмесең тағатсыз,
Ұша алмассың, сен де – бір құс қанатсыз.
Айнала, маң түнек болса, қараңғы,
Көріп, болжап, біле алмассың шамаңды.
Махаббатқа толып тұрған бақ шіреп,
Ақиқаттың айнасы сол – ақ жүрек.
Сол айнадан көре алмасаң жүзіңді
Онда асық тазартуға ішіңді.
Сыбызғының әніне елтіп жүрегің
Рухың түлеп, бұзсын тәннің түнегін.
Қалыптаған: Ләйлі Құндақбай.
17.04.2024.