«Достардың» ортасына түсіп қалдым...
(Шәміл-ау!
Осы мені ұшықтар кім?)
Желдеріне желігіп пысықтардың,
Кеше мен махаббатқа ішіп бардым.
Бардым-дағы отырдым қарсы қарап,
Ол да отыр.
Түрі жоқ хал сұрамақ.
Сұқтанған жат көздерден жасқандым да,
Тайып тұрдым.
Қашанғы әл шыдамақ.
Тіл қатып, тіс жармадым, үндемедім
Білмеймін білгенін де, білмегенін.
...Мен деген – саудам біткен саудагермін,
Керегім бола қойсын кімге менің?!
О, шіркін!
Қайран күндер.
Сайран күндер!
Қанатын бақыт құсы жайған күндер.
Жалт бұрылып, оқыс бір қарағанда,
Жүзіңнен жүрексініп, тайған кімдер.
Сол күндер ғой - жүректің аңсағаны,
Соған шөлдеп, айызым тамсанады.
Өкініш пе, білмеймін, қуаныш па?
Өз-өзінен жүрегім ән салады.
Әнсіз өмір өмір ме, қаңсымай ма,
Өзегіңді өртеп дерт, жаншымай ма.
Махаббатқа арнап бір ән шығарсын,
Шәміл-ау!
Шәмші қайда?
Шәмші қайда?
Шәмшіге айт,
Тағы да бір таңдандырсын,
Жындандырсын жүректі, жандандырсын!
Мәңгі өлмес Махаббатым айта жүрер,
Мәңгілік өлмей тұғын ән қалдырсын!
//
Мұқағали Мақатаев - Шәмілге жазған хаттардан (2)t.me/adebiett