Башқұрстандағы толқу башқұрттың ұлт көсемі Ахметзәки Уәлидиді еске түсірді. Ахметзәки Мұстафа Шоқаймен түйдей құрдас, студент кезінен дос болған азамат. 1918 жылы қыркүйек айында Уфада өткен Мемлекеттік мәжілісте башқұрт, қазақ, татар және Түркістан автономиялары - төртеуі бірігіп түркі-мұсылман мүддесін бірге қорғаған. Мәжіліске сол кезде большевиктерден азат етілген территориялардағы барлық Ресей демократиялық күштері қатысқан еді. 28 жастағы Ахметзәкидің Әлихан, Мұстафамен бірігіп, саяси пікірталас, ұлттық-территориялық автономия мүддесін қорғау, ұлт әскерін құру үшін күрескен бұл күндері тарих бетінде алтын әріппен жазылатындай уақиға. Ахметзәки большевиктерге қарсы башқұрт әскерінен екі дивизия құра білген. Уәлиди кейіннен эмиграцияға кетіп, 1970 жылы Стамбулда қайтыс болды. Оның “Естеліктер” кітабында Алашорда қайраткерлері туралы өте көп мағлұмат бар.