Балаларға арналған тақпақтар


Гео и язык канала: Казахстан, Казахский
Категория: Семья и дети



Гео и язык канала
Казахстан, Казахский
Категория
Семья и дети
Статистика
Фильтр публикаций


Алғашқы қар ❄️⛄️🌨
Күзде иіні жұтаған
Қыр көмілді ақ қарға.
Майыстырып бұтағын,
Ақ тон киді бақтар да.

Жылғалардан қақ көрдім,
Жатыр шеті шетілмей.
Дала жаңа дәптердің
Жазылмаған бетіндей.

Әнуарбек Дүйсенбиев


Үкі

УУ, жаңғырды тау іші,
Бұл қай құстың дауысы?
«Тышқандарды ұстаймын,
Онсыз» дейді ұшпаймын.

Тышқандар тұр. ШИ-ШИ-ШИ,
Ұйықта, үкі үніңді тый.

Үкі отыр: көңілі пәс,
-УУ, Ұйықтамаймын, қарным аш! Олжас Қасым


Сырғанайтын пингвин 🐧

Әкесі бар жанында.
Конький тебер күн бүгін.
Ақсүйріктің қолында,
Сырғанайтын пингвин.

Зымырайды топ бала.
Бір-бірімен жарысып.
Ақсүйрік жүр шаттана.
Пингвинге жабысып.

Әкесіне күлімдер.
Қызықтаумен көк мұзды.
Жібергендей суық жел.
Қып-қызыл ғып ақ қызды.

Шарлап біраз маңайды,
Тұр ол әбден жаураған.
Пингвинді аяйды,
Қасынан бір қалмаған.

Қимағандай бір бірін.
Әкесін жүр сүйрелеп.
Тоңып қалды пингвин,
Ап кетейік үйге деп.

Олжас Қасым




ОСЫ АПТА

Басталғанда ДҮЙСЕНБІнің күндері,
Бір аптаға жылжиды жыл ілгері.

СЕЙСЕНБІде жақсылыққа жарадым,
Сабақтан соң, үйірмеге барамын.

Ал СӘРСЕНБІ болды маған сәтті күн,
Балмұздақ жеп, дәмін таттым тәттінің.

БЕЙСЕНБІде сәл демалып, кідірдім,
Отбасыммен саябақта қыдырдым.

Қарт атайға көмектесіп жүгірдім,
ЖҰМА күні жақсылыққа жұмылдым.

Демалам деп ал СЕНБІнің кешінде,
Көрген кино қалды менің есімде.

ЖЕКСЕНБІде кеш ояндым таңертең,
Жаңа апта басталады тағы ертең!

Білім, еңбек, демалысты ту етіп,
Осы апта да өте шықты зу етіп...


Ер жауынгер ағалар

«Балғын бөбек, балалар
Болсыншы, – деп, – көңілді», –
Ер жауынгер ағалар
Күзетеді өмірді.

«Гүлдер тұнып сүйкімді
Тұрсын, – дейді, – бақтарда».
Күзетеді ұйқымды,
Мен тынығып жатқанда.

Авторы: Асқаржан Сәрсек


МҰҒАЛІМ АПАЙ

– Көп ойлап отырма,
Ауылға қадірлі
Кім, атын атай ғой?

– Әліппе оқуға
Үйреткен әр күні
Мұғалім апай ғой.

– Анадай аяулы,
Мәпелеп өсірген
Кім, атын атай ғой?

– Үйретіп санауды,
Есепке төселткен
Мұғалім апай ғой. ©️ Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА


Ана тілі
Ақыл-ойын дананың.
Ана тілден аламын.
Ана тілім ардақты,
Ақ сүтіндей ананың.

Өсірген ой, білімді,
Сүйем туған тілімді.
Мақсат етем әр сөздің,
Мәнін терең білуді.

©️Әдібай ТАБЫЛДЫ


МЕНІҢ ОТАНЫМ

Ғасырлардан жаңғырған,
Бабаларым қалдырған.
Ат тұяғын тоздырған,
Құс қанатын талдырған –
Ұлан-байтақ далам бар!
Сол далаға жан енді,
Салтанатты, мәнерлі.
Зәулім-зәулім сәнді үйлер,
Тамсандырған әлемді –
Сәулеті асқан қалам бар!
Шалқып жатыр шалқары,
Байлығы да бар тағы.
Төсі толған түлікке,
Дәнге толған алқабы –
Ырыс қонған жерім бар!
Қазыналы қарты бар,
Дәстүрі мен салты бар.
Аласармас нарқы бар,
Асқақтаған даңқы бар –
Өркендеген елім бар!

Қуат АДИС


👨‍👧👩‍👧👨‍👩‍👧‍👧
...Осындай қыз кімде бар?
Ешкімде жоқ, бізде бар.
Күлкісіннен Күн күліп –
Жердің жүзі нұрланар!..

Осындай қыз қайда бар,
Жерде жоқ, тек Айда бар.
Ажарынан Айдың да
Көрсе тілі байланар!

Шынар ма екен, тал ма екен,
Шекер ме екен, бал ма екен?
Ал білсеңдер, айтыңдаршы –
Осындай қыз бар ма екен?!

Тұрмағанбет КЕНЖЕБАЕВ


Оқушымын енді мен
👫👭👬🧍‍♂🧍🧍‍♀🏃👨‍👧🎒
Әріп білем, жөн білем,
Оқушымын, енді мен!

Әліппе алдым қолыма,
Түстім білім жолына.

Анамдайын мәпелер,
Ұстазым бар жетелер.

Мектебіммен таныстым,
Достарыммен табыстым.

Жетем биік мақсатқа,
Озат деген жақсы атқа.

Олжас ҚАСЫМ


ҰСТАЗЫМ
Келгенімде алдыңа
Қызыл арай гүл алып,
Жақын тарттың жаныңа,
Шәкіртім деп қуанып.
Сипадың да басымнан,
«Әліппені» ұсындың.
Бақытымның осыдан
Басталғанын түсіндім.

Шона СМАХАНҰЛЫ


Менің туым
🇰🇿🇰🇿🇰🇿
Менің туым-
Көк аспанның қиығы,
Ал көк аспан,
Арманымның биігі.
Шуақ шашқан ортасында алтын күн,
Соған қарап Заңғар көкке талпындым.

©️Алпысбай Әбділұлы


Балабақшада
🧑‍🦲
Күлімдейді күніміз,
Көңілді ән-күйіміз.
Асыр салып жүреміз,
Тәртіп бұзбай жиі біз.
🧑‍🦲
Білеміз біз, сұраңыз,
Жаттап алдық жыр аңыз.
Тәрбиеші апайдың,
Айтқанын тез ұғамыз.
👫
Дайын тақпақ, әніміз,
Би билейміз бәріміз.
Өнерліміз, кішкентай,
Болсақ-тағы әлі біз.

Ернұр Сейдахмет


ЖОЛЫҢ БОЛСЫН

Атам шықса сапарға:
- Жолың болсын! – дейді апам.
Апам шықса сапарға:
- Жолың болсын! – дейді атам.

-Жолың болсын! – дейді олар,
Үлкенге де, кішіге.
- Жолың болсын! – дейді олар,
Ұшырасқан кісіге.

Осы сөзде байқадым,
Қуат барын, күш барын.
 - Жолың болсын! – айтамын,
Алыс жолға шықса кім.

Несіпбек АЙТҰЛЫ


Мұз айдыны
❄️ Қане, бізге еріңдер,
Мұз айдынын көріңдер.
Жұрт мақтаған Медеудің,
Шын бағасын беріңдер.

Балдырған да, кәрі де,
Мәз боп ауа – дәріге.
Жексенбісін өткізер,
Коньки теуіп бәрі де.

Жалқау мұнда жаурайды,
Сергекті ән баурайды.
Мұз айдыны Медеудің,
Шарайнадан аумайды.

Базарбай Исаев


Жүр тиынды көтеріп...

(Үмбетбай Уайдиннің әдеп әліппесінен)

Алтын күннің дөңгелек,
Шуағына жылынып.
Атасы мен Кенжебек,
Келе жатты қыдырып.

Көшелерді шарлап әр,
Аралады бақшаны.
Кенет жерден көрді олар,
Бір теңгелік ақшаны.

Саз балшықпен баттасып,
Жерде жатқан тиынды.
Баласына атасы,
Ала ғой деп бұйырды.

Ал Кенжебек бұл сөзге,
Мүлдем назар салмады.
Бір теңгеге ештеңе,
Келмейді деп алмады...

Ақша мәнін парықтап,
Ұқпады ұлы ұғынып,
Бір тиынды Дәуіт қарт ,
Алды жерден бүгіліп.

Таңғалыспен керемет,
Қызық жан деп бұл қандай,
Атама осы не керек?!
Соны ұл ұқпай тұрғандай...

Танытқандай өрлігін,
Жүзінен нұр тарата.
Айтты сөзін енді ұлын,
Қарт өзіне қарата.

Мәнін терең сен ойла,
Жарамас бұл пайдаңа,
Бір тиынды алайда.
Құны жоқ деп ойлама. 

Берер болсаң онда мән,
Келмес еді шегінгің.
Бұл тиында бар балам,
Елтаңбасы еліңнің.

Әр кезде де міндет деп .
Көтеруден жасқанба.
Көтереді құрметтеп.
Сені де елің аспанға!

О. Қасым


Туған өлкем

Көгінде күн нұрын төккен,
Жерінде гүл жұпар сепкен.
Неткен сұлу, неткен көркем!
Осы менің туған өлкем!
Алтын дәнді даласы бар,
Ақ күмістей қаласы бар.
Неткен сұлу, неткен көркем!
Осы менің туған өлкем!
Түлігі өскен алуан - алуан,
Төс, алқабы малға толған.
Неткен сұлу, неткен көркем!
Осы менің туған өлкем!
Ер еңбегі шалқып, тасқан,
Ел еркіндеп бақыт тапқан.
Неткен сұлу, неткен көркем!
Осы менің туған өлкем!

Өтебай Тұрманжанов


Сараңдық. (Жапон ертегісі)

Жанындағы көршіге
Үй иесі бір сараң.
Балға сұрап келші деп
Қызметшісін жұмсаған
– Шеге қағып алғалы,
Сұрай келдім балғаны.
«Қандай сылтау айтсам» деп
Сараң көрші ойланды.
Уайым ізі бетке енді
Басын қасып депті: «Енді
Қайтейін, ғапу, ет мені,
Інім алып кеткен-ді»
Қызметшісі келгенде:
– Тапқан екен сылтауды,
Майы кетер деген бе?
Деп қожасы бұрқанды.
– Не сұрасаң әрқашан,
Жоқты айтады қайдағы.
Болмас енді алмасам
Өзіміздің балғаны. Мүбәрак Жаманбалинов


Болғайсың, балам

немесе ұлға өсиет

Шарласаң шақырымды,
Қысамын тақымымды.
Өзіңе балам бүгін
Айтамын ақылымды.

Атадан бата алмаған
Тексізді кім қолдаған?
Құдайға құл бол, балам,
Ұлтыңа ұл бол, балам!

Білімнің ашқаны - бақ,
Тарихтың дастаны ұзақ.
Оятар ой-қиялды
Кітапты жастанып жат.

Жалғызға - мың бол, балам,
Жауапқа- тың бол, балам.
Жалғанға - шын бол, балам,
Үлкенге - жым бол, балам.

Кірпішін қашап Елдің,
Ерлігін жасап Ердің,
Ұлыңнан кейін қалып
Әкеден аса бергін.

Жеткізер биіктерге
Тұғырың - Тұран-Далаң.
Отаның - дұғаң, балам,
Кітабың - «Құран», балам!



Мінезді жөндеп көргін,
Керексе тентек болғын.
Ұйқыға көп берілмей,
Күн-түні сергек болғын.



Бабалар елді қорғап
Сан мың қол жасақтаған.
Ұраның - "Қазақ", балам,
Болғайсың азат, балам!

Жаманмен ұрыспағын,
Болмасқа - тырыспағын.
Тектілік - ырыс-бағың,
Бойыңды тік ұстағын.

Сенбе сен ешқашанда
Сөздерге былшылдаған.
Жасыңнан қылшылдаған
Болғайсың шыншыл, балам!

Қазақта - күш бір тума, Ие бол түс-сыртыңа.
Шүбәлі ермей сөзге,
Бірдей бол үш жұртыңа.

Жығатын тек жалғызды
Сенбе тек күшке, балам.
Тұзаққа түспе, балам,
Арақты ішпе, балам.

Қазақтың болды ма екен
Кездері қорланбаған?
Болғайсың Тарлан, балам,
Еліңе - қорған, балам!

Қайтейін көз бергесін,
Тұрпатың өзгермесін
Өзіңе сөз ерсе де,
Әкеңе сөз келмесін.

Анадай шартарап бар,
Ол барда шалқалап қал.
Шешеңді Мекке жаққа
Жеті рет арқалап бар!

Ініге иінағаш бол,
Ағаға - адалбақан,
Өзіңе - қатал,балам
Сөзіңе - адал,балам

Бірегей ойың болса,
Қарама жайтқа, балам.
Айтқаннан қайтпа, балам,
Өтірік айтпа, балам.

Адасып жүрсең егер
Салады жөнге бабаң. Жамандық көрме, балам
Оза бер төрге, балам

Арманды көксеп кел де,
Жете бер көп шептерге.
Өзіңе айтқан сөзді
Жеткізші шөпшектерге. Әміржан ҚОСАНОВ

Показано 20 последних публикаций.