Пико екеуміздің Бангкокте түскен рилсімізге “достық емес басқа нәрсеге ұқсайды” деген пікірлер де жазылды. Мұндай пікірлерге етім үйренген. Шындыққа жанаспаған соң ақталып, түсіндіргім де келмейді. Шындығы сол біз достасқан 10 жылдың ішінде Перизат бірнеше адамға ғашық болды. Оның бірі кітабындағы Мәди. Пико ғашық болса, біреуді ұнатса баспен кетеді. Жүректі тыңдайды. Досы менен де алыстайды. Ренжімеймін. Мен тек ешкім оның аңғалдығын пайдаланбаса екен деп, әрқайсысына күмәнмен қарап, жанынан бақылап жүремін. Ал өз басым осы он жылдың ішінде ешкімге ғашық бола алмадым. Адаммен қатынастан эйфория сезінбедім. Жақсы емес. Ғұмырым тек өмірге шексіз ғашық болумен өтпесе екен деген тілегім бар.