1000 кітап


Гео и язык канала: Казахстан, Казахский
Категория: Книги


Кітап талқыға арналған арна. 1000 кітапқа ниеттіміз. Кітаптарды талдаймын, түйген ойларымды жазамын.

Связанные каналы

Гео и язык канала
Казахстан, Казахский
Категория
Книги
Статистика
Фильтр публикаций


22.1 Болашағы жарқын ілім ізденушінің сипаты:

• Ұлық мақсат
• Әлсіздікке салынбау
• Өзінің қайда бара жатқанын біліп, жолынан тайдыратындардың сөзін елемеу
• Нәпсісін басқара білу
• Қиындықтарға сабыр ету
• Қоршаған ортасымен дұрыс мәміле құра алу
• Ілімге аш
• Қайталауға ынтық
• Ақылын орынды пайдалану
• Ұстаздарының насихатына құлақ салу
• Білмегенін сұраудан ұялмау
• Өзіне де, басқаларға да шыншыл


22. «Сифат әт-талиб әл-мисәли”
(Мінсіз ілім ізденушінің сипаты)

Өзіңе “Не үшін оқып жүрмін? Мақсатым қандай? Миссиям не?” деген сұрақты қойып көрдің бе?!

Көптеген шәкірттерге не үшін оқып жүрсің десем: “Қатардан қалмау үшін, басқаларды басып озу үшін, танымал болу үшін, әйтеуір уақытымды құртпау үшін” – деген секілді сөздерді естимін.

Өте сирек жағдайларда: «Өзіме, отбасыма, қоғамға, үмметке пайдалы болу үшін. Аллаға біліммен құлшылық ету үшін оқып жүрмін» деген сөздерді естідім. Мақсаты айқын ілім ізденушінің ниеті осындай болады.

Али ибн Әби Талиб (Алла оған разы болсын) өзінің бір сөзінде былай деген:

«Ілім – мал-мүліктен хайырлы. Сен мал-мүлкіңді қорғасаң, ілім – сені қорғайды. Мал-мүлкің жұмсалған сайын азая берсе, ілім – жұмсалған сайын көбейе береді. Ілім – бұйырушы. Мал-мүлік – бұйырылғанды жасайтын қызметкер ғана» – дейді.

Ілім жолындағы ең үлкен құрал – тақуалық. Өйткені Алла тағала құранда: {Алладан қорқыңдар! Сонда Алла сендерге ілім үйретеді} деді.

Тақуалық қылсаң, жетістік есігі тез ашылады. Тақуалық қылсаң, қиындықтар оңай шешіліп, әрбір ауырлық жеңілдікке айналады.


Жақсы достың мысалы – қателессең, қатеңді айтып саған насихат қылады. Сені ізгі амалдарға құлшындырып, саған әрдайым жігер сыйлайды. Сен жоқта сен үшін дұға қылады. Өзіне қалағанды саған да қалайды.

Лұқман әл-Хакім айтпақшы: «Әй, ұлым! Аллаға иман еткеннен кейінгі тапқан ең үлкен нығметің – шыншыл досың болсын».


21.1 Нәпсіні тазарту үшін:

• Жаман ойды жақсы ойға ауыстыр
• Басқалар жайлы жаман ойлаудан тыйыл.
• Өзіңнің іс-әрекеттеріңді өзіңді түзеу үшін ғана сына, өзіңді жазалау үшін емес.
• Ғалымдар мен дана кісілердің мәжілісінен қалма
• Ізгі жақсылармен дос болуға тырыс.


21. «Тәзкиятун нәфс әл-бәшәрия фи дау әл-қуран уәссуннә»

Шейх Юсуф Хаттардың нәпсі тәрбиесіне қатысты жазған кітабы.

Имам Мулла Али әл-Қари айтпақшы: «Нәпсі – рух пен тәннің қосындысынан құралған, көзге көрінбейтін нәзік бір жаратылыс».

Пайғамбарымыздың ‎ﷺ үлкен бір миссиясы – нәпсілерді тазарту мен көркем ахлаққа баулу еді. Ол өзінің бір хадисінде: «Расында мен – көркем ахлақты кемелдендіру үшін жіберілдім» деп айтты. Оған қоса жұма сүресінің 2-аятын оқып көрсеңіз болады.

Яхия ибн Муғаз әр-Рази былай деді: «Кімде-кім өзін таныса, Раббысын да танығаны».

Мәлики мәзһабының фақиһы Абдурахман ибн әл-Қасим былай деген екен:

«Имам Мәлікке 20 жыл қызмет еттім. Соның 18 жылында маған әдеп үйретті. Қалған екі жылда ілім алдым. Ол әрдайым: «Ілім дегеніміз – риуаяттың көптігі емес, расында ілім – иесін пайда беріп, амалға айналған нәрсе» деп айтты» дейді.

Имам ибн Атаиллә әс-Сәкәндари былай дейді: «Әулиелердің көркем мінезі – жүректің саулығы, нәпсінің жомарттығы сосын Алланың құлдары жайлы жақсы ойда болу».


20. «Итхаф ән-нубәлә биахбәр әс-суқаләә».

Имам әс-Суютыйдың “сәқил” адамдар жайлы жазған кітабы.

Сәқил адам деген – мінезі жұқсыз, жаныңда отырса зығырданыңды қайнатып, мәжілістің шырқын бұзатын, мінезі ауыр болған жағымсыз адам.

Бұндай сәқил болудың бір себебі – күнә. Күнәні көп жасағаны себепті Аллаға ұнамсыз болды. Аллаға ұнамсыз болғандықтан періштелерге де, жанындағы адамдарға да ұнамсыз бола бастады. Жасаған күнәсі мінез-құлқының бұзылуына әсер етті.

Сахаба Әбу Һурәйра мәжілісте осындай “сәқил” адамды кезіктірсе былай дейтін:

«Уа, Аллаһым! Бізді де, оны да кешір! Және бізді одан демалдыра гөр».

Мусәуир әл-Уәррақ былай деген:

«Расында, қандай да бір мәжіліс – мінезі жеңіл (көркем) адамдармен көркейе түседі».

Язид ибн Һарун бір “сәқил” адамды көрсе: «Уа, Аллаһым! Бізде сәқилдерден ете гөрме» деп, дұға қылған екен.

Ал ибн Шиһаб әз-Зуһри (Алла оны мейіріміне бөлесін):

«Егер қандай да бір жұқсыз адам мәжілістің көркін бұзса, сабыр ет. Сол бір сабыр етуің – құлшылық іспетті. Алайда ол одан сайын жалықтырып, мәжілістің шырқын бұза берсе, я сен оны жаныңнан тұрғызып жібер немесе өзің оның жанынан тұрып кет» деген екен.

Өкінішке орай жүрген жеріне шөп шықпайтын, қайбір мәжіліске қосылса, сол мәжілістің шырқын бұзатын адам әр ортада болады. Қашан тұрып кетер екен деп іштей қалап отырасың. Сондай кездерде әлгі дұғаны тіле😁.


19.1 «Сендерге берілген нығметтерді еске алып жүріңдер. Расында нығметтерді еске алу – оларға шүкір етумен тең».

©️Омар ибн АбдулӘзиз

«Шүкір дегеніміз – нығмет беруші тек Алла екенін әрі оның Раббымыз екенін мойындау».

©️Әбу Сағид әл-Харраз

Әлбетте, шүкір жайлы айтылған сөздердің ең бір дарасы: «Шүкір дегеніміз – нығметті нығмет Берушіге құлшылық ету үшін пайдалану».


19. «Сафуату мақамат әс-сәәиринә илаллаһ»

Шейх Юсуф Хаттардың жүрек іліміне бағытталған кітабы.

Сопылар – жүректің фақиһтері. Имам Зәкәрия әл-Ансари айтпақшы: «Сопылық дегеніміз – нәпсі тазарту, ахлақты көркейту ілімі». Ал имам Джунәйд: «Сопылықты көп сөзбен емес, аштықпен үйрендік. Дүниені тәрк етумен үйрендік» дейді. Зуннән әл-Мысри былай деген: «Сопылар Алланы барлық нәрседен артық көрген адамдар. Сол себепті Алла оларды бәрінен артық көрді».

Адам баласы сыртқы құлшылықтарды жасағаны секілді, ішкі құлшылықтарды да жасауы қажет.

Имам әл-Ғазали айтпақшы: «Жүрек ілімдерін білу әрі жүректегі көреалмаушылық, іштарлық, рия, өз-өзіңе тамсану секілді дерттермен күресу – парыз айн».

Алла елшісі ‎ﷺ былай дейді: «Шынайы күшті адам – күресіп жеңген емес. Шынайы күшті адам – ашу кезінде өзін қолға алған адам».

Әрине жүректен шығар ең маңызды амал – көркем мінез.

Сахаба ибн Аббас (радиаллаһу анһу): «Әрбір үйдің құрылған негізі болғаны секілді, исламның да асыл негізі бар. Әлбетте ол – көркем мінез» дейді.

Омар ибн АбдулАзиз былай дейді:

«Аллаға ең ұнамды амал – ақыңды алуға шамаң бола тұра кешіре салу. Ақыңды алуға мүмкіндік болса да, ашуыңды ұстап қалу және Алланың құлдарына жұмсақтық таныту».

Имам Ато былай деген: «Дәрежесі көтерілген адам – тек көркем мінезімен көтерілді».

Біз шынайы қадірін білмей жүрген үлкен бір дұға бар. Оны Алла елшісі ‎ﷺ Мұғаз ибн Жәбәлге үйреткен. Бірде ол:

«Әй, Мұғаз! Мен сенң жақсы көремін. Әр намазыңнан соң мына дұғаны айтуды ұмытпа: “Аллаһумма ағинни ғәлә зикрика, уә шукрикә, уә хусни ғибадатик”.

Аудармасы: “Уа, Аллаһым! Маған Сені зікір етуде, шүкір етуде және ғибадатыңды көркем орындауда көмек бере гөр!”


18. «Қабәсәәт мин латаиф әл-қуран»

(Құрандағы кей аяттардың нәзік сырлары)

•Кей тәпсіршілер былай деген: Мәғун сүресінің 4-5 аяттарында: «Намаз оқушыларға өкініш болсын! Сондай намаздарына немқұрайлы қарағандар» деген аят عن “ғән салатиһим сәһун” (яғни, «намаздың сыртына қатысты мағына білдіретін») шылау қолданылған. Бұл шылау, намазын кешіктіретін, тіпті оқымайтын мұнафықтарға қатысты түскен.

Егер осы عن шылауының орнына في (фи) шылауы қолданылғанда, онда мағына намаздарын кешіктіруге емес, намаз оқып жатқан кездегі ықыласы мен хушуғтарына селқос қарағандарға қатысты болар еді.

Ал бұл жағдайда, аяттың мағынасы «намаз оқитын, бірақ ықылассыз болған мүміндерге өкініш болсын» дегенге саяр еді. Фи емес ғәнді қолдаған Аллаға мақтаулар болсын🤲🏻

•Бақара сүресінің 186 аятында Алла былай деді: «Егер құлдарым Мен жайлы сұраса, Мен оларға өте жақынмын. Маған жалбарынып, дұға еткеннің дұғасын жауапсыз қалдырмаймын».

Осы аят оразаға қатысты аяттардың арасында келген. Ғалымдарымыз осыған орай, ораза ұстау, ораза кезінде дұға қылу, дұғаның қабыл болу ықтималын арттыратын ең үлкен нәрсе деп айтқан.

•Юсуф Пайғамбардың бауырлары Юсуфты сымбаттылығын, мал-мүлкін қызғанып құдыққа тастап кеткен жоқ. Юсуф әкесінің махаббатына көбірек бөленгені себепті тастап кетті. Өйткені жүректің берер махаббаты, барлық нәрседен құнды.


17. «Әл-әрбәғун әс-сиражия мин жәуәмиғ кәлимиһи уә хитабиһ»

Шейх Абдулла Сиражуддин Пайғамбарымыздың ‎ﷺ қысқа-нұсқа бірақ көп мәнді қамтыған хұтбалары мен насихаттарын 40 хадиске жинақтап, түсіндірме жасаған кітабы.

Кітапты қолжазбадан жинақтап, жарыққа шығарған үлкен мухаддис –шейх Бәссәм Хижази.

Шейхты Стамбулда зиярат қылғанымызда өзінің қолын қойып, бастасын беріп осы кітапты өзі сыйлаған еді.

Пайғамбарымыздың ‎ﷺ ерекше қасиетінің бірі кез келген ұлттың тілінде ешқандай қиындықсыз әрі тілдің күрмеуінсіз еркін сөйлеп, өз хұтбасын өте оңай жеткізе алатын еді. Ол өзінің бір сөзінде: «Қысқа әрі терең мағыналы сөздерді айтумен жіберілдім» деген.

Ибн Масғудтың риуаятында: «Пайғамбарымызға бүкіл жақсылықтың кілттері әрі сөздердің шешендігі үйретілді» делінді.

Айша анамыз (Алла оған разы болсын) былай деді: «Пайғамбарымыз ‎ﷺ дұғасын қысқа әрі нұсқа айтқанды ұнататын. Сөйлеген кезде де сөздерін бөліп-бөліп әр адамға түсінікті етіп сөйлейтін».

Жәбир ибн Сәмурадан жеткен хадисте: «Пайғамбарымыздың артында тұрып намаз оқыдым. Намазы да (қатты ұзақ емес, қатты қысқа емес) орташа болды. Хұтбасы да солай орташа еді» делінеді.

Енді Алла елшісінің хадистердегі қысқа-нұсқа бірақ көп мағынаны қамтыған өсиеттері:

• Әй, балам. Алланы (Алланың дінін) сақта. Алла сені сақтайды.

• Жәрдем сұрар болсаң, Алладан сұра.

• Алланы кеңшілік кезде көп еске ал. Сонда Алла сені таршылық кезіңде еске алады.

• Жеңіс – сабырмен бірге.

• Жеңілдік – қиындықпен бірге.

• Жолаушы секілді бол.

• Адам жақсы көргенімен бірге болады.

• Жақсылық қылу – жамандықтан сақтайды.

• Жасырын садақа – Раббыңның ашуын басады.

• Туысқандармен жақсы қарым-қатынаста болу – өміріңді ұзартады.

• Әрбір жақсылық садақа.

• Алланың тауары – өте қымбат. Әрине, Алланың тауары ол – жәннат.


16.9 Дұғаға неге жауап жоқ?

Күндердің күнінде Ибраһим ибн Адхамға бір топ адамдар келіп:

— Уа, Имам! Біз Аллаға дұға етудеміз, бірақ дұғамызға жауап жоқ. Неліктен? — деп сұрады.

Сонда Ибраһим ибн Адхам оларға былай деп жауап берді:

— Жүректерің өлі болғандықтан.

Олар таңданып:
— Жүрек қалай өледі? — деп сұрағанда, ол:
— Жүректі мына 8 қасиет өлтіреді, — деді.

1. Сендер Алланы таныдыңдар, бірақ Оған лайықты құлшылық жасамадыңдар.

2. Құранды оқыдыңдар, бірақ оның тыйымдарынан тыйылмадыңдар.

3. Алла Елшісін (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) жақсы көреміз дедіңдер, бірақ оның сүннетіне амал етпедіңдер.

4. Өлімнен қорқамыз дедіңдер, бірақ оған еш дайындалмадыңдар.

5. Шайтан сендерге дұшпан деді, бірақ сендер онымен достасып, күнә жасадыңдар.

6. Тозақ отынан қорқамыз дедіңдер, бірақ оған асығып баруға өздерің себепші болдыңдар.

7. Жәннатты жақсы көреміз дедіңдер, бірақ оған апаратын амал жасамадыңдар.

8. Таңертең ұйқыдан тұра сала өз кемшіліктеріңді ұмытып, басқалардың айыбын іздеумен болдыңдар.

Сөзін аяқтай келе, Ибраһим ибн Адхам:

— Дәл осы істерің арқылы Алланың ашуына себеп болдыңдар. Енді дұғаларың қалай қабыл болмақ?! — деді.


16.8 Ілім жаюдың абзалдығы.

Абдулла ибн Уәһб әл-Мысридың ғибратты оқиғасы


Абдулла ибн Уәһб Александрия қаласына көшіп келеді. Сол жерде адамдар одан ілім беруін сұрай бастайды. Алайда, ол: «Бұл қала құлшылықтың қаласы ғой», – деп, ілім беруді кейінге қалдырып, тек құлшылықпен айналысуға бел байлайды.

Екі күннен кейін бір адам Абдуллаға келіп, көрген түсін баяндады:

— Мен түсімде Харам мешітінде болдым. Мешітте Пайғамбарымыз ‎ﷺ оның оң жағында Әбу Бәкір, сол жағында Омар және олардың арасында сіз де тұрдыңыз. Мешіттің іші үлкен шамшырақтармен жарықтандырылған еді. Кенеттен бір шырақтың жарығы өшіп қалды. Сол кезде Пайғамбарымыз сізге: «Уа, Абдулла! Орныңнан тұрып, әлгі шырақты жақ», – деп әмір етті. Сіз шырақты жағып, жарықты қалпына келтірдіңіз.

Содан соң басқа шырақтар да сөнуге жақындады. Сонда Әбу Бәкір Пайғамбарымызға: «Уа, Алланың елшісі! Бұл сөнгелі жатқан шырақтарды көрдіңіз бе?» – деп сұрады. Алла елшісі: «Бұл – Абдулланың ісі. Ол шырақтарды өшіргісі келіп жатыр», – деді.

Абдулла ибн Уәһб бұл түсті естігенде көзіне жас алды.

Әлгі адам:

— Уа, имам! Мен сізге қуанышты түс жеткіздім деп ойлаған едім. Егер сіздің қайғыратыныңызды білсем, бұл түсті айтпас едім, – деді.

Абдулла:

— Жо-жоқ! Бұл – өте қайырлы түс. Мен ілім таратудан гөрі құлшылыққа ден қойғанды абзал деп ойлаған едім. Алайда бұл түс маған үлкен насихат болды, – деп жауап берді.

Содан кейін Абдулла ибн Уәһб сол қалада көптеген жылдар бойы дәріс беріп, ілім таратуды жалғастырды.

(Әл-мухтар мин фараид ән-нуқул📚)


16-шы кітапты әлі талқылып жатырмыз😁 Аударатын керемет оқиғалар әлі көп.


16.7 Әкесі де, өзі де сахаба болған Қайс ибн Сағд бір күні ауырып қалды.

Содан достарының ішінен оны зиярат етуге өте аз адам ғана келді.

Сонда ол:
– Достарым қайда? Неге зиярат етпей жатыр? – деп сұрады.

Жанындағылар:
– Сен оларға қарыз бергенің себепті, олар оны қайтара алмай, содан ұялып, саған келе алмай жүр, – деп жауап берді.

Осыны естіген Қайс ибн Сағд:
– Достарымды зиярат етуден тыйған мал-мүлік құрып кетсін! – деп, барлық қарызын кешіріп жіберді.

Бұл хабарды естіген адамдар оны зиярат етуге топ-тобымен келе бастады. Олардың көптігі соншалық, үйінің есігінің табалдырығы сынып кеткен екен.

(Әл-мухтар мин фараид ән-нуқул📚)


Жауапкершілік ақпаратты есте сақтауға көмегін тигізер ең үлкен құрал деп білемін.

Кей подкасттарда немесе дәріс-лекция жүргізгенде оқығандарым емес, жазғандарым еске түседі.

Жәй жазғандарым емес, оқырмандарға жазғандарым көбірек еске түседі.

Мына сөзден пайда алсын, мына сөзді қате түсініп қалмасын, мына сөз қазіргі кезде өзекті деп әрбір ойланып, жауапкершілікпен жазылған жазба, есімде ұзақ сақталады.

Бұл арнаның да басты бір себебі осы.

#пайдалы_болсын


16.6 Лұқман Хәкімнің баласына айтқан өсиеті:

«Әй балам! Ғалымдармен бәсекелесу үшін, ақымақтармен жарысу үшін, мәжілістерде талас-тартыспен іліміңді паш ету үшін ілім алушы болма! Ілімнен бір жолата баз кешіп, надандыққа әуес болудан да сақтан.

Қандай да бір қауым Алланы еске алып жатса, олармен бірге отыр. Ғалым болсаң, пайдаң тиер. Надан болсаң, ілімің артар. Бәлкім Аллаһ оларға мейірімін жауып, саған да Оның мейірімі нәсіп болар.

Алланы еске алмайтын мәжілістерден мейлінше аулақ бол. Ғалым болсаң, бәлкім пайдаң тиер. Бірақ надан болсаң, надандығың одан сайын артады. Бәлкім Аллаһ оларға ашуланып, Оның ашуына сен де душар болып қалуың мүмкін».


16.5 Садақа дертке шипа.

Бірде бір кісі Абдулла ибн Мубаракке келіп:

«Әй, Әбу Әбдурахман! Тіземде бір жара бар еді. Жеті жылдан бері түрлі ем қолданып, қандай дәрігерге көрінсем де, қансырауын қояр емес. Енді не істесем болады?» дейді.

Сол кезде Абдулла ибн Мубарак:

«Адамдар суға мұқтаж болып жүрген су тапшы мекенді ізде де, сол жерден құдық қаз. Адамдар сол құдықтан су ішіп, сенің ауруың да жазылады» деді.

Әлгі кісі бір мекеннен дереу құдық қаздырып, адамдарға су беріп, ауруынан біржолата жазылды.

(Әл-Мухтар мин фараид ән-нуқул📚)


16.4 Пайғамбарымыздың ‎ﷺ Әбу Зәрр әл-Ғифариге айтқан бірнеше өсиеті:

• Алладан қорық! Жақсылық бар жиынтығы – тақуалықта.

• Құран оқы, Алланы зікір ет! Расында ол амал – аспан мен жердің нұры.

• Көп күле берме! Расында көп күлкі – жүректі өлтіріп, жүздегі нұрды кетіреді.

• Өзіңнен (лауазымы, денсаулығы, байлығы) жоғары адамға емес, өзіңнен төмен адамдарға көбірек қара. Өйткені ол – Алланың саған берген үлкен нығметтеріне күпірлік қылудан сақтайды.

• Жақындарың сенен қарым-қатынасын үзсе де, сен олармен жақсы қарым-қатынас жаса.

• Өзіңе жақсы көргенді басқаларға да жақсы көр.


16.3 Омар ибн әл-Хаттаб (радиаллаһу анһу) өзінің бір сөзінде былай деген:

«Сендерге жауапкершілік жүктелмей тұрып, ілімді терең меңгеріп үлгеріңдер».

Бұл сөздер үйлену, бала-шаға тәрбиелеу, басшылық қызмет атқару сияқты өмірдегі үлкен жауапкершіліктерден бұрын, адам өзіне қажетті ілімді терең игеруді меңзейді.


16.2

Кім өзін күдікке душар етсе, кінәні тек өзінен көрсін.

Ізгі достарды көбейт. Расында олар – молшылық кездің сәнін келтіріп, қиыншылық кезде арқа сүйер көмек болады.

Жетістігіңді қаламайтын адамнан еш уақытта қажетіңді сұраушы болма.

(Әл-мухтар мин фараид ән-нуқул📚)

Показано 20 последних публикаций.