ТАСАУУФ ТҰҢҒИЫҒЫНАН


Гео и язык канала: Казахстан, Казахский
Категория: Религия


Арнаның админі: Салтан Сайранұлы, Тасаууф саласы бойынша PhD докторант, @saltansayranuly
Бұл арнада тасаууф ілімінің тұңғиығынан сүзілген жауһарлар салынып отырады.

Связанные каналы  |  Похожие каналы

Гео и язык канала
Казахстан, Казахский
Категория
Религия
Статистика
Фильтр публикаций


Аз тамақтанудың пайдалары жайлы Имам Ғазалидің кеңестерін әрі қарай жаза отырайық.

Пайғамбарымыз (с.а.у.):

«Жәннаттың қақпасын жиі қағыңыздар!» – дейді. Сонда Айша анамыз (р.а.):

«Жәннаттың қақпасын немен қағамыз?» – деп сұрайды. Пайғамбарымыз да:

«Аштықпен және шөлмен», – деп жауап береді.

Имам Ғазали Пайғамбарымыздың осы хадисін келтіріп аз тамақтанудың келесідей пайдаларын атап өтеді:

«Алтыншы пайдасы: Аз тамақтанған жанның ұйқысы да жеңіл болады және аз ұйықтайды.

Аз ұйықтағандығы үшін де түнгі ғибадаттарына бөлетін уақыты да болады. Пікір (тәфәккүр) және зікірмен (тәзәккүр) айналысу арқылы жоғары дәрежелерге жетеді.

Көп тамақтанатын адамды ұйқы басады және көп ұйықтайды.

Өлі секілді серейіп жатады.

Қадірлі өмірінің көп бөлігін босқа өткізген болады».


“Қайнаған су картопты жұмсартып, жұмыртқаны қатайтады. Сені өзгертетін ортаң емес, өзіңнің болмысың”, – депті Имам Шаміл.

Пайғамбарымыздың айналасында қара қылды қақ жарған Хаттабтың ұлы Фаруқ Омар да болды, күпірлікте шектен шығып, надандықты лақап еткен Әбу Жәһил Омар да болды. Бірі ізгіліктің шыңына жетсе, бірі надаңдықтың соңынан кетті.

Ендеше адамның “өзгерем” деген ниеті мен санасы өзінен шықпаса, оған өзгені кінәлаудың да қажеті шамалы-ау.

Азғын Перғауынның сарайынан көкірегі иманға толы Әсиядай анамыз шықса, Лұт пайғамбардың шаңырағынан азғындармен ауыз жаласқан имансыз әйелі шыққан.

Азардай пұтқа табынушының отбасынан Ибраһимдей пайғамбар өссе, Нұхтай пайғамбардың “иман” кемесінен аулақ кеткен дінсіз ұлы өсті.

Демек, мәселе санада! Жаратқан санадан айырмасын! Саналы жар, саналы ұрпақ берсін!


Баяғыда интернатта оқып жүріп ауылға келгенімде, анам барлық жылы-жұмсағын алдыма әкеп тартып, «же-жеге» салатын. Интернаттың нормасына үйреніп қалған мен көп жей алмай, шұқылап қана қойғанымда, анам: «Бір ішек боп қапсың ғой, балам-ау», – деуші еді.

Сөйтсем, «бір ішек болу» деген сөз Пайғамбарымыздың
мына хадисінен келеді екен ғой: «Мү’мин бір ішекпен, ал мұнафиқ жеті ішекпен жейді», – дейді ардақты Елшіміз.

«Яғни, мұнафиқтың (екіжүзді) араны мен тамақ жеуі – мү’миннің тамақ жеуінен жеті есе көп деген сөз», – дейді Имам Ғазали. Сөйтеді де бізге аз тамақтанудың келесідей пайдаларынан сөз етеді:

«Бесінші пайдасы: Барлық бақыттың басы – адамның өз нәпсісін тізгіндеуі және оны өз билігіне алуы.

Ал барлық бақытсыздықтың басы – нәпсілік қалауларының құлы болу.

Жыртқыш және жабайы аңдар аштықпен үйретілгені секілді адамның нәпсісі де аштықпен, оразамен тәрбиеленеді.

Барлық жамандық пен күнәлар шәһуаттан келеді. Ал шәһуаттың қайнар көзі – тоқтық.

Хазіреті Айша (р.а.): «Пайғамбарымыздан
кейін шыққан ең алғашқы бидғат – тыңқия тамақ жеу», – деген.

Көп тамақтанған жан көп сөйлеп, көп өсек айта бастайды.

Қалаулары көбейеді.

Өзгелердің кемшіліктерін іздеумен айналысады.

Ұятты жерін арсыздықтан қорғаса да, көзін харамнан қорғай алмас болады.

Аз тамақтану және аш қалу арқылы адам өзін бұл бәлелердің бәрінен қорғай алатын болады».

Жалпы, бүркіт баптайтындар жақсы біледі, бүркітті қолға үйрету үшін оған томаға кигізіп, теңселмелі бақанға отырғызып, әлгі бақанды тыныштық бермей жіппен әрі-бері тербетіп, бүркітті бірнеше күн аш және ұйқысыз қалдырады. Бүркіт әлсіздіктен талықсып құлаған кезде ғана қолға үйрене бастайды.

Дәл осы секілді нәпсі де – қолға үйретілмеген, асау, жабайы бір аң тәрізді. Оны қолға үйрету үшін де айналадан бір сәтке оңашалап, жүректің тұнығын лайлайтын көз, асқазан, құлақ секілді каналдарды жауып, аш және ұйқысыз қалдыру керек. Сол кезде ғана нәпсі айтқанға көніп, айдағанға жүретіндей жағдайға келеді.


Имам Ғазали Пайғамбарымыздың: «Көп жеп-ішумен жүректеріңді өлтірмеңдер. Өйткені, жүрек егін секілді. Көп суғарсаң, шіріп кетеді», – деген хадисін келтіріп, аз тамақтанудың келесі бір пайдасын айтады:

«Төртінші пайдасы: Тым тоя тамақ жеген адам аштардың жағдайын түсінбей, оларды ұмытады.

Мейірімділік сезімдері жойылады.

Ақыреттің азабын естен шығарады.

Аз тамақтанып, аш болған уақытта жәһәннам иелерінің тартқан аштығы мен шөлін ақыл-есінен шығармайды. Ғапылдыққа түспейді және ақырет сапарына көркем түрде дайындалады.

Хазіреті Жүсіп пайғамбарға (а.с.): «Сен қазынаның құлағын ұстап тұрсаң да не үшін аш жүресің?» – деген екен.

Сонда Жүсіп:
«Егер тоқ болсам, аштардың жағдайын ойламас болып, олардың қиындықтарын ұмытамын ба деп қорқамын», – деген екен.

Міне, ораза ұстаудың бір химеті де – аштың халін түсініп, оларға қарайласу екен.


🌙 «Рамазан айы кіргенде, жәннат есіктері ашылып, жәһәннам есіктері жабылып, шайтандар кісенделеді», – дейді Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің хадисінде.

👹 Рамазан мен шайтандардың кісенделуінде қандай байланыс бар деуіңіз мүмкін?

Оның да жауабы мына бір хадистен түсінікті болатын секілді.

Имам Ғазали өзінің еңбегінде Пайғамбарымыздың мына хадисін келтіреді: «Қанның тамырларда айналғанындай, шайтан да адамның денесінде осылайша айналады. Олай болатын болса, сіз де аз тамақтану арқылы шайтанның жолдарын тарылтыңыз».

Демек, Рамазанда адам күні бойы аш жүргендіктен, шәһуат қуаты да бәсеңдеп, нәпсісі де әлсірейді. Осылайша «іштегі жау» нәпсі – шайтанға іштен есік ашып бере алмай, шайтанның да аяғына тұсау, қолына кісен түсіп, адамды оңайшылықпен азғыра алмай, діңкесі құриды екен.

«Қарыны тоқтықтың» адамды қалайша аздыратынын да осыдан көреміз. Ендеше аз тамақтанудың Имам Ғазалиден тағы да бір пайдасына құлақ түре отырайық:

«Үшінші пайдасы: Тоқтықтан пайда болған жаман ниет, аш көздік, қанағатсыздық және ғапылдық – жәһәннамның оты тәрізді.

Аз тамақтанудан адамда дәрменсіздік, әлсіздік сезімдері пайда болады, бұдан құл өзін Алланың алдында дәрменсіз және әлсіз бір жандай көреді.

Бұл әлемдегі барлық қазыналар Пайғамбарымызға (с.а.у.) ұсынылғанда, ол бұлардың ешбірін қабыл етпей:

«Бір күн аш, бір күн тоқ жүруді әлемдегі барлық қазыналардан да қатты сүйемін. Себебі, аш болған уақытымда сабыр етемін, тоқ болған уақытымда шүкір етемін», – деген.

Демек, мұсылман үшін тоқтық емес, аштық байлық екен. Себебі, мұсылман байлықты материалдық дүниемен емес, рухани дүниемен есептеген.


🌹 Имам Ғазалидің аз тамақтанудың пайдалары жайлы кеңестерін әрі қарай жалғастырайық.

☝️ Қазақта «ұйқы – арсыз, тамақ – арсыз, күлкі – арсыз» деген сөз бар. Бұл сөз Имам Ғазалидің келтірген мына хадисінен қалса керек: «Аллаһ Тағаланың құзырында ең мәртебелі болғандарыңыз – көп ойланып, аз тамақтанатындарыңыз. Ал Алланың құзырында ең сүйкімсіздеріңіз – көп тамақтанып, көп күліп және көп ұйықтайтындарыңыз», – дейді Пайғамбарымыз (с.а.у.).

Демек, хадистің бірінші бөлігінен мәлім болғандай, ойлану мен көп тамақтанудың арасында бір байланыс бар екен.

📌 Бұл байланысты да Имам Ғазали былай деп тілге тиек етеді:
«Екінші пайдасы: Аз тамақтанудан ой-пікір мен жүректе сезімталдық пайда болады. Бұдан адам зікір мен дұғаның ләззатына қауышады.

Ал көп тамақтанудан жүрек қатайып, қатыгездік пен қайғы пайда болады.

Жүнәйд Бағдадидің айтуынша, дастарханды өзі мен Алланың арасында перде еткен адам мінәжаттың ләззаты мен дұғаның ақиқатына жете алмайды».


🌙 Аштық пен жүректің сезімталдығы арасындағы байланысты, соның нәтижесінде дұға мен мінәжаттың ләззатын сезіну секілді мәселелерді көпшілігіңіз Рамазанның ауызашар дұғасында байқаған боларсыздар.

❣️ Жалпы, аштықта жүректің үзілуге шақ қалардай өте сезімтал әрі нәзік болатынын қазақтың қатты ашыққанда «жүрек жалғап алайыншы» дегенінен-ақ байқай берсеңіздер болады.

🤲 Ендеше, келе жатқан Рамазан дұға мен мінәжаттың ләззатын татудың керемет мүмкіндігі екенін естеріңізге саламыз.


🌙 Жылда «Биыл өз-өзімді қолға алып, Рамазанды жақсылап тұрып өткізейінші» деп, Рамазан біткен соң өз-өзіңе көңілің толмай, алдын-ала құрып алған жоспарың жүзеге аспай, салың суға кетіп, өкініште қалатын сезім сіздерде де бола ма?

😔 Біле-білсеңіз, бұл сезімдердің барлығы асқазанға ие бола алмай қалғаннан туындайды. Күні бойы аш жүргенімізді қайтейік, арасы бір-біріне жақын ауызашар мен сәресінде күні бойы жемеген тамақтың нормасынан екі есе асыра асап аламыз да, ұйқы басқаннан, құлшылыққа құлқың соқпай, мінәжатыңнан да ләззат қашады.

🌺 Негізінен, оразаның хикметі – күллі нәпсілік қалаулардың ошағы болған асқазанымызды астан босатып, құлшылық-ғибадаттың ләззатын сезініп, аштықта жасырынған хикмет қазынасын тауып, тәубеменен жүрегіміздегі күнәнің кірін жуып, иман нұрымызды бір жарқыратып алу емес пе еді?

Имам Ғазали: «Асқазан – нәпсілік қалаулардың қайнар көзі. Асқазанның қалауы – адамдағы қалаулардың ең қуаттысы. Өйткені, Хазіреті Адам да осы қалаудың себебінен тыйым салынған ағаштың жемісінен дәм татып, жәннаттан шығарылған», – дейді.


Демек, адам бойындағы барлық нәпсілік қалауларды түртпектейтін – осы асқазан екен.

Ол қалай десеңіз, Имам Ғазали былай дейді:
«Асқазан асқа толғанда адамдағы шәһуат сезімдері әрекетке көшіп, үйленуге деген қалау пайда болады.

Үйлену үшін де мал-мүлік пен ақша қажет. Үйленгісі келетін жан дүние мен ақша жинауға кіріседі. Осылайша адамда дүниеге деген құмарлық арта түседі.

Мал-мүлік иесі болу үшін де бір қызмет пен мансапқа ие болуы керек. Адамның атаққұмарлығы мен мансапқұрмалығы осыдан басталады.

Адам мансапқа қол жеткізген соң, енді сол мансабын қорғау үшін өзгелермен бәсекелесіп, тайталасқа түседі. Бұның нәтижесінде адамда қызғаншақтық, қыңырлық, қасарысушылық, дұшпандық, қастық және көзбояшылық пен рияқорлық секілді мінездер пайда болады.

Ендеше, асқазанды қажеттен тыс асқа толтыру мен харам ас жеу – барлық күнәның басы.
Ал оны бақылауда ұстап, аз әрі адал ас жеу болса, барлық жақсылықтың көзі».


🤲 Рамазан алдындағы Имам Ғазалиден «тұздық» осы болсын.


“Оқуменен үйренесің, сүюменен түсінесің”, – дейді Мәулананың ұстазы Шәмс Тәбризи.

“Сүюдің” сопылықта орны айрықша. Яғни, ғашықтық, махаббат, сүю – танудың, түсінудің, жетудің жолы. Оқумен ашылмаған сыр сүюмен ашылады.

Ақылмен Алланы тануда белгілі бір жерге дейін барсаң, онымен толықтай қауышу үшін, хақиқатына жету үшін ғашықтықты ерттеп мінесің.

Дәл “ақылдың” тәмсілі тәрізінде болған Жәбірейілмен “рухтың” тәмсілі тәрізінде болған Пайғамбарымыздың Сидрат-ул Мунтаһаға дейін ғана жетіп, әрі қарай “ғашықтық” тәмсілі тәрізінде болған Рафрафқа мініп, Алламен жолыққан Миғраж оқиғасы тәрізді дейді сопылар.

Сондықтан да, намаз Аллаға деген ғашықтықпен, махаббатпен оқылғанда құлдың “миғражы” болмақ.

Ендеше, Алланы сүю, сүйе отырып құлшылық қылу – дүниеде баға жетпес амал, құны жоқ құндылық!

Сүйейік, сүйікті болайық, сүюді үйретейік!


“Әр іздеген таба алмауы мүмкін. Бірақ, тапқандар – іздегендер!” дейді Имам Раббани.

Хаққа жеткендер – хақ жолына түскендер. Түсіп қана қоймай, хақ жолда табандылық танытқандар.

“(Хақ) есігі ашылады. Сен тек ұруды біл, ұрып қана қоймай, сол есікте тұруды біл” демей ме Мәулана.

Жол – төзімділікті, Хақ табандылықты талап етеді. Зікірде, пікірде, әурад-ы шәрифте тұрақтылықтан басталады жолдың басы.

Жаратқан жар болсын!


“Атақта апат бар” деді бүгін дәрісте ұстазымыз.

Расымен де, биіктен тайған, оңбай құлайды. “Сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ болмайтынын” ескерсек, шалынбайтын аяқ тіпті жоқ.

Сондықтан да, сопылар ұлық істерді үнсіз жасағанды ұнатқан. Себебі, іштен нәпсі, сырттан шайтан аңдыған заманда сүрінуден аман қалу оңай емес.


«Тәуекел – келешек қамы үшін ақыл-ойды шаршатпау».

Имам Ғазали

Сопыларды “ибн ул-уақыт” деп атаған. Яғни, өткен шақтың өкінішіне қайғырмайды, себебі өткен шақ өтті кетті, енді оның иелігінде емес.

Келешектің де уайымын жемейді. Себебі, келешекке кімнің жетер-жетпесі белгісіз, ол да оның қолында емес.

Сопылар нақ осы шақта Жаратқанның разылығына бөленер іс не болса, сонымен ғана шұғылданған. Себебі, нақ осы шақ қана оның тізгінінде.


🕊️ Жалғыз сапарға шығу – оңашаланудың бір түрі. Бір сәт ішкі жаныңа үңілудің мүмкіндігі. Көңіл әлеміңе сапар шегу. Жүрегіңнің тұңғиығына саяхаттау…

#ойтолғау


Біреулер Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) “Айды екіге жарған” мұғжизасын мысалға келтіріп, мұсылмандарды “шегіп алған, ақыл-есін сау емес” біреу деп көрсеткісі келеді екен. Мұсылмандарды “физикалық заңдылықтардың” құрсауына қамап, метафизикалық әлемнен ажыратуды көксемекші ғой.

Бұл таза материалистік санадан туған жаңсақ пікір. Әйтпесе, адам өзінің бойына ой жүгіртсе, барлық дүниенің физикалық заңдылықтарға симайтынына көз жеткізер еді-ау.

Адамзатты бір тамшы судан жаратылыстың ардақтысы етіп жаратқан Раббымызға айды екіге жару сөз боп па?

Адамға ақиқатты тапсын деп теңдессіз ақыл мен сыры әлі күнге дейін беймәлім рух берді. Бұлардың құбылысы мен әрекетін физика заңдылықтарына қалайша сыйғызбақшысыз?

Сондықтан да, Жаратқанның әмірін, ісін, ғылымын өзі жаратқан физикалық заңдылықтармен шектеу мүмкін емес. Физика біздің шектеулі ақылымыз үшін жаратылған. Ал Жаратқанның шексіз ілімі физикамен шектелмеген. Абайша айтқанда, «Аллаһ Тағала шексіз, біздің ақылымыз шектеулі. Шексізді шектеулімен түсінуге болмайды».

Адамның өзі рухани әрі материалдық тұрғыда жаратылған. Сондықтан да адам метафизика мен физиканы да мойындауға мәжбүр. Ал мұны көре алмаған жанды “басындағыдан басқа көзі жоқ” дейміз де жүре береміз.

Шәкәрімше айтсақ:
“Ақиқатты дәл көруге,
Жан көретін көз керек.
Бас көзімен сенделуге
Бізге рұқсат жоқ шырақ!”

Ал алғашқы әмірі “Оқы!” деп түскен Ислам діні еш уақытта ғылымға қарсы болмаған. Ислам діні керісінше, физикалық та, метафизикалық та ғылыммен айналысып, Алланың құдіретін тануға шақырады.

“Біз оларға жер-көктегі һәм өз болмыстарындағы (құдіретіміздің шексіздігін көрсететін) ап-айқын дәлелдерімізді ашып көрсетеміз. Сөйтіп, ақырында оларға Құранның бастан-аяқ ақиқат екендігі айқын көрінетін болады” (“Фуссилат” сүресі, 53-аят).

Бұл жердегі жер-көктегі белгілері – физикалық болса, болмыстағы белгілері – метафизикалық. Екеуін де тану – әр мұсылманның парызы!

#ай #луна #ғылым #ислам #білім #пайғамбар #дін #moon #ay #иман #физика #метафизика #рух #дене


🖋️ Саған жәбір көрсеткендермен арпалыспа! Сен Аллаһ Тағаламен айналыс. Ол өзі сені қорғайды.

Атауллаһ Искәндәри

Өзге адамдардың сен жайлы айтқан сөздері, ойлаған пікірлері сенің маңызды істегі ой-шоғырыңды шашыратады. Ал бұл өз кезегінде сенің жетістікке жетуіңе кедергі болады. Кез-келген істе жетістікке жету үшін ойдың шоғыры маңызды. Рухани кемелдікке жету де ойыңды Аллаға шоғырландыра алуыңмен ғана мүмкін. Зікірдің де мақсаты ойды Жаратушыға шоғырландыруға үйрету.

Сондықтан да, сопылар өзгелердің әуре-сарсаңына мән бермеуге тырысқан. Адамдар ғана емес, бүгінде ой-шоғырын бұзатын барлық дүниелер де осы санаттан.


🖋️ Қабірдегілердің өкініштен бармағын тістеп жатқан нәрселері үшін тірілер бір-бірін жеуде.

Имам Ғазали


🌹 “Сәжде – муминнің Раббысына ең жақын болған жері”.

(Хадис: Муслим)


🖋️ “Барлығын сен үшін жараттым” деген Раббыңа “Барлығын сен үшін тәрк еттім” дей алуың… міне сол “ғашықтық” дегенің…

Шәмс Тәбризи


🖋️ Нәпсіге күнәдан қашу – құлшылық қылудан ауыр келеді. Сондықтан да, күнәдан қашу – сауаптырақ.

Имам Раббани


Оқырмандарымнан бірі “Тасаууфтағы “рияда” (риязат) жайлы сұрапты. Рухани кемелдікте аса маңызды мәселе. Ауқымды тақырып. Ауқымдыны ықшамды қылу да оңай емес. Десек те, қабыл алыңыздар.

📌 Тасаууфта “рияда” дегеніміз не?

Рияда (риязат) – тасаууф терминологиясында нәпсілік әуестіктерді тізгіндеп, дүниелік қалаулардан ұзақтап, рухты асқақтату үшін жүзеге асырылатын рухани дисциплина. Сөздікте “жабайы хайуанды қолға үйрету, асау атты ауыздықтау, жаттығу” секілді мағыналарға саятын “рияда” тасаууфта асау аттай болған нәпсіні тізгіндеп, оның қалауларына сабыр, зуһд, қанағат және басқа да ізгі жолдармен қарсы тұруды білдіреді.

🟢 Рияданың мақсаты не?

1️⃣ Нәпсі тәрбиесі:
Рияданың негізгі мақсаты нәпсінің жамандыққа әмір еткен қалауларын бақылауға алып, ауыздықтау, сол арқылы рухты асқақтату. Бұл адамның Аллаға жақындауына жол ашады.

2️⃣ Дүниемен байланысты азайту:
Адам рияда арқылы дүние малына және қалауларына деген әуестігін азайтады. Жүрегінен дүниеге деген махаббаты шығарады. Нәтижесінде құл материалдық құлдықтан құтылып, рухани азаттыққа қауышады, Аллаға деген бойұсынушылығы артады.

3️⃣ Рухани тереңдеп, өзін тану:
Тасаууфтағы “Өзін таныған Раббысын таниды” принципіне сай рияда арқылы адам өзін және Раббысын жақсы танитын болады. Бұл оның құлшылығындағы ықыласының артуына жәрдемдеседі. Себебі, адам танығанына құлшылық қылудан ләззат алады.

⚙️ Рияда қалай жүзеге асады?


🔹 Аз жеу - Аз ұйықтау - Аз сөйлеу
Тасаууфта жетістікке жеткен мүршидтер нәпсінің қалауларын ауыздықтау үшін тамақ, ұйқы және сөзді азайтуды өсиет етеді. Бұл адамның ішкі жан дүниесіне үңілуге мүмкіндік береді.

🔹 Зуһд және тақуалық
Дүние нығметтерінен көңілмен ұзақтау және тақуалықпен өмір сүру – рияданың ең маңызды элементтерінен. Тасаууфта пақырлық – дүние-мүлікте кедейлік емес, Аллаға мұқтаж екеніңді саналы әрі кәміл түрде сезініп, дүниеге байланудан құтылу.

🔹 Ғибадат және зікір
Намаз, ораза, зікір, Құран оқу секілді ғибадаттармен рухтың жаны кіреді, тіріледі. Сондықтан да, бұл ғибадаттарды арттырып, руханилану қажет.

🔹 Уағыз-насихат және мүршид тәрбиесі
Рияда жолында бір мүршидтің тәрбиесіне кіру және шыншылдар мен салиқалылардың сұхбаттарында болу – рухани кемелдік жолын жеңілдетеді.

🕊 Рияданың артықшылықтары

🌟 Рух тыныштық табады
🌟 Дүние мен ақырет арасында баланс орнайды.
🌟 Аллаға деген жақындық артады.
🌟 Сабыр, шүкір, тәслимият (бойұсынушылық) секілді жақсы қасиеттер дамиды.


🔑 Ескерту
Рияда дүниелік қажеттіліктерді тәрк етумен ғана жүзеге асады деп түсінбеу керек, асыл мақсат – нәпсінің жаман, асау мінездерін түзеп, көркем ахлаққа ұмтылу, Аллаға деген бойұсынушылықты арттыру. Рияда – жүректі Алланың разылығына лайықты халге келтірудің жолы. Бұл қажырлы еңбекті қажет етеді.

©️ «Тасаууф тұңғиығынан» телеграм каналы


📩 Жекеме оқырманым бір туысына қатты ренжулі екенін 💔, оған деген ашу-ызасының ішкі жан дүниесін алай-дүлей 🌪️ететінін айтып, кеңес сұрапты.

🔑 ТАСАУУФТЫҚ БІР ШЕШІМ:

🌿 Тасаууф ілімі не дейді?
Тасаууф ілімі – нәпсіге тән сезімдерді, соның ішінде ашу-ызаны басқаруды және оны жеңуді үйрететін рухани тәрбие жүйесі. Өзгелерге ашуланған адамның ашуын басу үшін төмендегі тасаууфтық практикаларды қолдануға болады:

1️⃣ Кішіпейілділік 🤲 және нәпсіні есепке тарту

🔎 Тасаууф адамның алдымен өз қате-кемшіліктеріне назар аударып, ашудың астарында “тәкәппарлық” секілді нәпсінің осалдықтары жатқанын түсінуге шақырады. Ашуланған адам өз-өзіне мынадай сұрақтар қоюы керек:

🔹 Менікі дұрыс болса да, өзімде кемшілік жоқ па?

🔹 Ашулы, өкпелі күйде жүруім Алланың разылығына сай ма?


❗️ Мұндай сұрақтар адамның нәпсісін басуға және ашу-өкпесін қайтаруға жәрдемдеседі.

2️⃣ Тәфәккур (терең ойлану) 🧠 және сабыр

Тасаууф өкілдері ашудың уақытша сезім екенін жиі ескертеді. Сабыр – осы өтпелі сезімді бақылауда ұстаудағы басты қасиет. Ашуланған адам Алланың сынағын еске алып, мынадай ойда болуы тиіс:

▪️ Бұл кісіге деген қарым-қатынасым Алланың құзырында менің сабырым 🕊️ мен махаббатымды 💝 сынаған бір сынақ болуы мүмкін.

▪️Ашу мен өкпе-ренішімді жеңу – жүрегімді тазалап 💖, нәпсімді тәрбиелейді, бұл Аллаға жақындауыма себеп болуы мүмкін.


3️⃣ Кешірімнің артықшылығы ✨

Тасаууф ілімінде адам кешірімді болу арқылы рухани асқақтайды 🏔️. Исламда Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ашуын жеңіп, тіпті дұшпандарын кешіргені жайлы көптеген мысалдар бар. Ашуланған адам мына аятты еске алса болады:

🕋 “Нағыз тақуалар – кеңшілікте де, таршылықта да Алла жолында садақа бергендер, (ашу қысқанда өзін ашуландырған адамның сазайын беруге шамасы жете тұрып) ашуын жеңе білгендер һәм адамдарға кешірімді болғандар. Шүбәсіз, Алла (міне, осындай) ізгі жандарды жақсы көреді”. (“Әли-Имран” сүресі, 134-аят).


4️⃣ Тілге ие болып 🗣️, ойды басқару

Тасаууф ашу үстінде үндемеуді 🤫 және тілге ие болуды насихаттайды. Себебі ашу кезінде айтылған сөздер жүректі жаралап 💔, қарым-қатынасты бұзуы мүмкін. Үндемеу мұндай сәттерде зікір ретінде қабылданады. Сондықтан да, ашу қысқанда барынша үнсіз қалып, ойды Алланы зікір етуге шоғырландыру керек.

5️⃣ Зікір 📿 және дұға 🤲 арқылы сабыр қылу

Ашуды басудың ең тиімді жолдарының бірі – зікір. Тасаууфта Алланың көркем есімдерін зікір ету, әсіресе «Иә Халим!» (Уа, Жұмсақтық Иесі, Ұстамды, Мейірімді, Кешірімді!) деп қайталау жүрекке тыныштық береді.

6️⃣ Үлгі боларлық тұлғалар: Пайғамбар мен әулиелер

Тасаууф жолында жүрген адам ашу үстінде Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) және әулиелердің сабырмен ашуды қалай жеңгенін еске түсіріп, осы әдепті өміріне енгізуге тырысады.

📌 Қорытынды:

Шал ақынның мына өлеңін 📜 жаттап, естен шығармауға тырысыңыз:

Ашу дұшпан болғанда, нәпсі – жауың,
Ақыл – тұрған алдыңда асқар тауың.
Жүрекке ашу келіп толған шақта,
Денеңнің біле алмассың ауру-сауын.

Ойласаң, мың бір пәле тілден туған,
Шешендер топ ішінде тілді буған.
Бір адам қателікпен сөз сөйлесе,
Жабылып мың бір пәле соны қуған.


@ “Тасаууф тұңғиығынан” телеграм каналы

Показано 20 последних публикаций.