Адам бол, мал тап!
Абай хакімнің «Адам бол, мал тап!» деген сөзінің мәні тереңде. Адамдық қасиетке ие болмай тұрып, байлыққа иелік ету соншалық опа бермейді. Өйткені адам баласы өзінің жаратылыстағы миссиясын терең түсінбесе, ол іштегі эгосын уақытша қанағаттандыру үшін өмір сүреді. Яғни нәпсі қалауын тояттандыруға тырысады.
Дәулет жинап, бай болу - аса терең мәнге ие құбылыс. Мысалы адам баласына пайдалы кәсіп ашып, халықты жұмыспен қамтып, олардың отбасын асырауларына жағдай жасаймын, жастарды оқу тоқуға ынталандырамын һәм жан-жақты жетілуіне жағдай туғызып, жақсы азамат болып қалыптасуына көмектесемін деген секілді. Яғни Алла тағала адамға байлықты жеке басы баю үшін емес, жер бетін көркейтсін, жақсылық пен қайырымдылық жасасын деп береді. Егер осы үкімді орындасаңыз, Абай атамыз айтқандай, «Алланың сүйікті құлы боласыз». Осы ұлы мақсат жолында жұмсаған дүниен күш-қайратың, сарп еткен уақытың бәрі сауапты іске айналып шыға келеді. Осындағы ұлы мақсат, биік мұратты толық түсінген жағдай да байлықтың мәні ашылады. Олай болмағанда, тек нәпсі тояттан дыру үшін ғана ат оздырған, дүние жиған пасық байдың бірі боласыз. Әйтеке бидің:
«Батыр боп жауға найзаң тимесе, Батырлықтан не пайда?
Бай болып халқыңа пайдаң тимесе, Байлығыңнан не пайда?» - дегені де осы.
Шәкәрім Құдайбердіұлы малды жан мен ар үшін жию керектігін алға тартады:
«Мақтан үшін мал жима, жан үшін жи,
Қазаққа көз сүзбестің қамы үшін жи.
Арың сатпа, терің сат, адалды ізде,
Ғибадат пен адалдық, ар үшін жи».
Демек, байлыққа қол жеткізу адамның мына дүниедегі негізгі миссиясы бола алмайды. Байлық бар болғаны ұлы мақсат, биік мұратқа жетудің құралы ғана.
"Кемел Адам" кітабы
#адамбол #малтап
https://t.me/islamiceconomicskz