АҚ САРБАЗДЫҢ ЖҰМЫСЫ
Ұ.: Қазақтар маңдайдан ұрғандай қылып тіке әңгімелегенді онша қаламайды. Астарлап, мысалмен сөйлегенді сүйеді. Айтылып жатқан әңгіменің байыбына барып, көңілмен қорытындылап, соған сай өз шешімін шығарады.
Бұл сұхбаттарды оқыған оқырман да өзі ойлап, анализ жасап, бір шешімге келсін.
Ш.: Аға, Сіздің осыдан 22 жыл бұрынғы бейнесұхбатыңызда: «Қазір Ментал дүниесі төменнен Бесінші Сатысына дейін қазақ дүниетанымымен, қазақ мәдениеті, қазақ тұрмысымен толып модель боп тұр. Қазақтың ән-күйі, қазақтың ойындары, қазақтың қолөнері, қазақтың тағамдары...
Астрал дүниесі де сондай. Жоғарыдан төмен қарай түсе береді ғой.
Ментал дүниесі осындай болғандықтан халықтардың көбісі амалсыздан ба, әлде құмарланып, рахаттанып па түбінде қазақтың тіліне, қазақтың мәдениетіне сөзсіз көшеді» (03.11.2002ж.) деп айтқаныңыз бар ғой.
Қазір әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз (тик-ток болсын, инстаграмм болсын) комментариийлердің бәрі түрлі ұлт өкілдерінің қазақтың әнін, домбырасын, мәдениетін мақтап, тамсанған жазбаларға толы. Тек мақтап қана қоймай қазақ болғысы келіп домбыра үйреніп, қазақ тілін үйреніп, киіз үйде тұруды сүйетін европалықтар көбейуде.
Осылардың бәрі Сіздің жұмысыңыздың көрінгені, мойындалғаны ғой?
Ұ.: Иә.
Ш.: Одан кейін: «Неге біз бұрын бұндай мықты ән салатын халықты байқамағанбыз?» деп жазыпты бір өзге ұлт өкілі. Ол кезде Сіздің жұмысыңыз әлі басталмады ғой. Планета тұрғындарының көздері жаңа-жаңа ашылып жатыр. Сіз кезінде:
«Қазір Қазыбек би, Төле би, Абылай хан, Дәулеткерей, Құрманғазы, соқыр Есжан, Біржан сал, Ақан сері бәрі де Жер дүниеде. Олар өскеннен кейін қабылет-дарындары модульден шығады.
...Осы ғасырда енді Қазақ мәдениетінің көтерілуі болады. Көтерілгенде төбеге шейін көтеріледі. Бар жер дүние соған бағынады. Соған құмар болады – қазақтың әндері мен күйлеріне» (02.10.2005ж.) деп айтып едіңіз.
Сіздің жиырма жыл бұрынғы айтқан сөзіңіздің дәлелі қазір барлық жерден байқалып, көрініп тұр.
Ұ.: Иә, иә.
Ш.: Сөйтіп еңбегіңіздің жемісі көрініп жатыр екен.
Ұ.: Бұл – өте жақсы, өте қуанышты хабар. Мен оны білетінмін, Бірақ уақыты келмеді. Қазақтың оянғанын күту керек болды. Енді қазір Алтыншы Цивилизацияның таңы атып келеді. Батыс цивилизациясының күні батып бара жатса, жаңа өркениеттің күні жаңа шыққалы жатыр. Қазақ туған баласына тегіннен-тегін «Таңатар» деп ат қоймайды ғой. Таңатар, Таңатқандар қазір көптеп туып жатыр.