Алматыда 80 шыршаның шамы жағылды: мерекелік іс-шара басталды
Бүгін Алматыда 80 жаңа жылдық шыршаның шамы жағылып, мерекелік іс-шара басталды.
Абай алаңында биіктігі 25 метр болатын қаланың бас шыршасының шамын жағу рәсімі өтті. Жапалақтап қар жауып, жарқыраған шырша шамы 8 мыңнан астам алматылық мен қонақтың басын қосты.
Қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен шоу салтанатты іс-шараны қыздыра түсті. «BS band» үрмелі оркестрі жаңа жылдық әндерден попурри орындаса, Роза Рымбаева «Снег идет» және «Жұлдызды жаңа жыл» әндерін шырқады. Сондай-ақ, сахнада Назым Әбілдина, Мәди Рымбаев, «ALPHA» тобы және т.б. өнерпаздар өнер көрсетті. Концертті Turar-дың «Жаңа жыл» әні түйіндеді.
Ертегідей атмосфераны күймедегі Күлбике, Зімбір адам, бұғылар және басқа да кейіпкерлер бейнеленген әсем декорация, жарқыраған фотоаймақтар мен жарық инсталляциялар сәнін кіргізіп тұрды.
Сонымен қатар, бүгін Абай алаңында жаңа жылдық жәрмеңке ашылды. Ол 2025 жылдың 5 қаңтарына дейін жалғасып, келушілерге кәдесыйлар, қолөнер бұйымдары мен мерекелік әшекейлер ұсынады.
Facebook | Instagram | Telegram | TikTok