Forward from: QR Oqu-ağartu ministrlıgı / Министерство просвещения РК
🇰🇿 Оқу-ағарту министрі Республика күніне орай мемлекеттік наградалармен марапатталған педагогтерді құттықтады
🔗 https://www.facebook.com/story.php?story_fbid=2779435968907665&id=100005238673374&rdid=5YlA9jVbmHoVbDH3
Құрметті әріптестер!
Республика күні қарсаңында өздеріңізбен оқу-ағарту жүйесіндегі бұрын-соңды болмаған тарихи жаңалық, аса қуанышты, сүйінші хабармен бөлісуді жөн санадым. Бүгін біздің екі бірдей әріптесімізге «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені тапсырылды. Бұл біздің Президентіміздің еліміздегі ұстаздар еңбегіне берген жоғары бағасы, көрсеткен аса үлкен құрметі мен сенімі. Мағжан Жұмабаевша айтқанда мемлекетіміздің мұғалімді алты алаштың төріне шығарған күн!
Бұл құрмет – өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу ісінде еліміздің игілігіне және адами капиталдың қалыптасуына өлшеусіз үлес қосып жүрген ұстаздарымыздың адал еңбегінің мемлекет тарапанынан лайықты бағаланғанын, әрі ел педагогтері мәртебесін көтерудегі жаңа биік белесті көрсетеді.
Олай дейтінім, 2023 жылдың күзінде ғана Абай облысының қарапайым ұстазы Алма Шүкіжанова осы атақты иеленген болатын. Мұндай атақты 50 жылда (Р.Нұртазина – 1968 ж., М.Тасова – 1978 ж., А.Миразова – 2008 ж., А.Соловьева – 2018 ж.) төрт қана мұғалім иеленсе, бас-аяғы бір жылдың ішінде 3 мұғалім тағы марапатталып отыр.
Олардың бірі Алматы қаласында математика пәнінен 40 жылдан аса дәріс беріп жүрген №4 арнайы мектеп-интернат мұғалімі Нұрпейісова Гүлжанар Молдакерімқызы. Оның сабақ берудегі әдіс-тәсілін, көру қабілеті бұзылған балаларға бейімдеп жазған оқулықтарын, шәкірттерінің 100 пайыз білім көрсеткішіне қол жеткізіп жүргендігін айтпағанда, бар педагогикалық ғұмырын арнайы білім беруді қажет ететін балаларға арнауға бел шешкендігі де шәкірт жүрегіне жол тапқан нағыз шынайы ұстаз екенін байқатады.
Ал филологиялық білім берудегі жетістіктері мен жас мұғалімдерді ұстаздыққа баулыған тәлімгерлігі көпке үлгі-өнеге боларлық Орал қаласындағы №34 мектеп-гимназиясының мұғалімі Траисова Эльмара Асқарқызы еліміздің батыс өңіріндегі алғашқы жұлдызды ұстаз.
Жуырда ғана Ақорда төрінде Ұстаздар күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз қолымен 23 педагогке «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» марапатын тапсырғаны естеріңізде болар.
Олар – жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру ісінде бар ынта-жігерін, жан-тәнін аямай, уақытпен санаспай, Ыбырайша айтқанда өз мектебінің «жүрегіне» айналғандар. Бұл мұғалімдер атақты педагог К.Ушинскийдің «Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім. Оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімдігі де жойылады» деген ұстанымын өз қызметінде берік ұстанған жандар. Қызметіне адал, еңбекқор ұстаздар елімізде мыңдап саналатынына сенімдімін.
Біз сіздермен мақтанамыз, құрметті ұстаздар! Оқушыларды білім нәрімен сусындатып, жаңа жетістіктерге жетелеген, оқу процесінде бастамашылдық пен жаңашылдық, кәсібилік танытқан әрбір мұғалімнің еңбегін мемлекет бағалайды және оған үнемі қолдау танытуға әзір. Еңбектеріңіз үшін шексіз алғысымды білдіремін!
Сіздерге мықты денсаулық, сарқылмас күш-қуат, қызметте шығармашылық табыс пен жетістіктер тілеймін! Еңбектеріңіз жана берсін!
🔗 https://www.facebook.com/story.php?story_fbid=2779435968907665&id=100005238673374&rdid=5YlA9jVbmHoVbDH3