ОТБАСЫНДАҒЫ ЫСЫРАП
Ысырапшылдық - адам бойында кездесетін ұнамсыз қасиет бола тұрса да, оған мәдениетімізде аса үлкен көңіл бөлінеді. Дінімізде тіпті өзеннен дәрет алсаң да, суды ысырап етпеуді талап етеді.
Ысырапшылдық - ресурсқа деген ұқыпсыздық, моральдік ауру және иманы бар адамға жат, жаман қасиет. Ысырапшыл адам - қолындағы нығметтердің қадірін білмейтін адам. Ал ондай адам сол нығметтерді теріс жолда, қажетсіз немесе орынсыз қолданады. Ең үлкен ысырапқорлар - неке институтын мойындамай, оның маңызы мен нығметін түсіне алмағаны үшін бұл құрылымды айыптайтын адамдар. Ал енді осы тұста «Көтерілген шаңырақ ішінде де ысырап болуы мүмкін бе?» деген сұрақ туындайды.
Отбасы ішіндегі береке мына екі терезе арқылы шығып кетеді: біріншісі-
жауапкершілікті атқармау арқылы отбасындағы позицияны ысырап ету болса, екіншісі -
ресурстарды ысырап ету арқылы отбасындағы материалдық жағдайды құрту. Осы екі терезені берік жауып, қадағалау - шаңырағымыздағы татулықтың кепілі.
Отау құрған ерлі-зайыптылар өздерінің жаңа мәртебесін толық түсінбеуі және сол рөлге тиесілі жауапкершіліктерді толыққанды орындамауы салдарынан отбасылық берекенің ысырап болуына жол ашады.
Отбасы - адам өміріндегі баға жетпес қазынаға толы сандық іспеттес. Ал сол қазынаның қадірін білмей, оңға-солға шашатын адамды жай ғана ысырапқор емес, ақымақ деп те атауға болады.
Сондай-ақ, отбасындағы ысырап бірнеше топқа бөлінеді. Біріншісі және ең маңыздысы -
жұптардың бірге өткізетін уақыттарын ысырап етуі, уақытын тиімді өткізуден мақұрым қалатындары. Бұл өкінішке орай ажырасудың негізгі себептерінің бірі. Зерттеулер нәтижесінде, бір-бірімен уақыт өткізбейтін жұптардың ұзақ уақыт бойы шаңырағын ұстап тұра алмайтындығы анықталды.
Бірге отырып әңгіме айта алмайтын немесе әңгімеге уақыт таба алмайтын, бірге шай ішпейтін, бірге фильм көрмейтін, қол ұстасып серуендемейтін жұптар өмір жолында да бірге көретін мәселелер туғанда болмашы кедергіден сүрінеді. Яғни, бір ысырап - екінші бір ысырапқа жол ашады.
Отбасындағы тағы бір ысыраптың түрі -
материалдық ысырап. Қазіргі таңда адамдардың тіл табысуының қиынға соғуының бірден-бір себебі: кіріс пен шығыс арасындағы тепе-теңдікті сақтамау. Жаңа ғана отау тіккен жұптардың басым бөлігі лезде барлық дүниеге ие болуға талпынады. Көлігім болса, үйім болса, үйім үлкен және кең болса, танымал бренд киімдерін кисем деп өзінен тұрмысы, жағдайы жоғары адамдарға көз тігеді. Шамасына қарамастан олар осы жолда қаражатын жұмсайды.
Ал кредит немесе қарыз салдарынан проблемалар туындаған кезде, отбасылық кикілжіңнің алғашқы дәмін татады.
Кейбір жастар үйдегі бақытсыздықтан құтылу жолын «шоппинг» жасау арқылы іздейді. Ал тағы бірі ұрысып қалған жұбайынан кек алу үшін қаражатты оңды-солды жұмсауды жөн санайды.
Адамдардың мүлігінде кішігірім ақаулар пайда болса, оны жөндеуге тырыспай, қоқысқа тастап, жаңасына ауыстыруды ажырасу санының көбеюіне де әсер етті дей аламыз. Болмашы қиындық туғанда, бірден ажырасуды таңдайтын адамдар осыған айқын дәлел. Өзін өзгенің алдында жақсы қылып көрсетуі үшін әлі де пайдалануға жарайтын заттарды жаңаға ауыстыру -
ысыраптың нағыз өзі. Осы мақсатта ең көп ысырап жасалатын заттар: ұялы телефон, теледидар мен ноутбук. Материалдық жағдайының көрсеткіші осы заттар деп санайтын адамдар үйінің ішін техникалық дүкенге ұқсатып, мүлде пайдаланылмайтын заттарға толтырумен қатар, жаңа модельдері шыққанда бірден ауыстыруға асығатыны тағы бар. Бұл жауапсыз әрекеттер отбасыға да, мемлекетке де экономикалық зардап туғызуда.
«Бақытты отбасының сыры» кітабынан.