Жаңалықтар - Qaz365.kz


Channel's geo and language: Kazakhstan, Kazakh


Қазақстан жаңалықтары 🇰🇿
Жарнама бойынша: @bs2906
@aidananagiyeva

Related channels  |  Similar channels

Channel's geo and language
Kazakhstan, Kazakh
Statistics
Posts filter


"Қорғасқа" неге инвесторлар келмейді? Бейбіт Исабаев жауап берді

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев “Қорғас” шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығына инвесторлар тарапынан қызығушылықтың болмауының себебін түсіндірді.

Оның айтуынша, инвесторлар ол жерге барудан қорқады. Бұрынғыдай «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге жол беріледі деп қорқатын көрінеді екен.

Неге келмейтінін бизнесмендердің өзінен сұрау керек. Бір себебі – инфрақұрылым жетіспей жатыр. Екіншіден, шетелдік инвесторларды қорғау жөнінде арнайы заң болғанымен, сенімсіздік бар. Бұрынғыдай бола ма? Тамыр-таныстықпен, прокуратурасы бар, басқасы бар – зорлық қылып, тартып алмай ма? Бизнесімізді тартып алмай ма? Несі керек? Бұрын болды ғой? “Қорғастың” кімнің, қай отбасының (Назарбаев әулеті – ред.) ықпалында болғанын жақсы білесіздер. Сондықтан біз соның бәрін тазалап жатырмыз,

– дейді Бейбіт Исабаев.

Ол “Қорғасқа” инвесторлардың көптеп келуі үшін инфрақұрылымын реттеу қажет екенін айтты. Сонымен бірге Үкіметтің Астанада отырып, “Қорғасты” дұрыс басқармағанын да атап өтті.

Өкінішке қарай, “Қорғасты” бір жыл бұрын ғана облысқа берді. Бұған дейін Сауда және интеграция министрлігінің құзырында болды. Олардың 20 жыл басқарған кезіне, не істегеніне мен баға бере алмаймын. Бірақ біз қолымызға алған кезде “Қорғастың” жағдайы өте нашар болды,

– деді әкім.


Бірыңғай уақыт белдеуі терең ғылыми зерттеулер негізінде қабылданды - Олжас Бектенов

Қостанай облысына жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов бірыңғай уақыт белдеуіне көшу мәселесіне назар аударды.

Бұл туралы ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Премьер-министр Олжас Бектенов тұрғындармен әңгімелесу барысында табиғи уақыттың азаматтардың денсаулығы мен әл-ауқатына оң әсері ғылыми дәлелденгеніне назар аударды.

2017 жылы америкалық ғалымдар тобы адамның циркадтық ырғағын зерттегені үшін Нобель сыйлығымен марапатталды, бұл табиғи уақытқа сәйкес өмір сүрудің ең пайдалы екенін растады. Осы жұмыстың және басқа да ғылыми зерттеулердің негізінде 2022 жылы 80-нен астам елдің ғалымдары мен мемлекет қайраткерлері қол қойған Барселона декларациясы қабылданды. Қазақстан үшін табиғи уақыт белдеуі біз қазір өмір сүріп жатқан UТC+5 болып табылады. Бұрын өздеріңіз білетіндей, біз басқа UТC+6 белдеуінде болдық. Кезінде еліміз директивалық тәртіпте біз үшін табиғи емес белдеуге ауыстырылды. Қазір, керісінше, біз уақытты күн цикліне сәйкес келтірдік. Мен бірыңғай уақыт белдеуіне ауысу кейбір адамдарға ыңғайсыздық тудыруы мүмкін екенін түсінемін. Ағза біртіндеп үйренеді. Осындай шешім қабылданды. Егер өңірлерде қандай да бір қолайсыздықтар болса, біздің еңбек заңнамамыз мүмкіндік беретін инфрақұрылымды, жарықтандыруды, ыңғайлы кестені ұйымдастыру арқылы жұмыс істеу қажет. Осы мәселелердің барлығын әрі қарай шешетін боламыз,

— деп атап өтті Премьер-министр.

Премьер-министр Қостанай облысының тұрғындарына және барлық қазақстандықтарға осы маңызды шешімді түсініп, қолдағаны үшін алғысын білдірді.


Шерзат Болаттың әкесі қашан бостандыққа шығатыны хабарланды

Бұл туралы Сенат брифингінде ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов ақпарат берді.

Қазіргі таңда аталған іске қатысы бар 11 күдікті қамауда жатыр. Осы жылдың соңына дейін біз барлық тергеу жұмыстарын аяқтаймыз. Сосын қылмыстық істі жәбірленушілер мен күдіктілерге танысуға тапсырамыз,

- деді ол.

Еске салайық, осыған дейін марқұм Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай інісі Нұрқанаттың мәйіті табылған орынды көрсетіп видео жариялағанын жазған болатынбыз.

Бірақ туған-туыстары оның өз-өзіне қол салғанына сенбейді. Бүгін марқұмды жер қойнына тапсырғаннан кейін ағасы Қаржаубай Нұрымов оның өлім себебін ашық тергеуді талап етіп, наразылық білдірген. Оны полиция ұстап әкетті. Сот Қаржаубай Нұрымовты "бұзақылық" айыбымен 15 тәулікке қамаған.


Ақтауда әкімдік алдында өзін өртеген адамның қазіргі жағдайы белгілі болды

Маңғыстау облысы әкімдігінде өзін өртеп жіберген ер адам қайтыс болды. Бұл ақпаратты Маңғыстау облыстық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Руслан Бекібаев растады.

Науқас 17 желтоқсанда таңғы 9-да қайтыс болды. Оның денесінің 98% термиялық күйік шалған. Біз оны ауырсынуды сезінбеу үшін дәрі-дәрмекпен ұйықтатқан болатынбыз. Бірақ оның қысымы кенеттен төмендеп, ауырсынудан қатты шок алып, есін жимастан қайтыс болды. Марқұмның денесі медициналық тексеруге жіберілді,

– деді Руслан Бекібаев.

Оның айтуынша, өртеу, жол-көлік оқиғасы, ұрып-соғу сияқты жағдайлар қылмыстық болып саналады және қайтыс болған адамдардың денелері аутопсия үшін медициналық мамандарға берілген.


Сирияда Қазақстанның 33 азаматы бар - СІМ

Бұл туралы бүгін сенатта сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев мәлімдеді. Журналистер оған Сириядағы билік төңкерісі кезінде Қазақстан азаматтарының жағдайы не болады деген сұрақ қойған.

Сириядағы, жалпы, Таяу Шығыстағы жағдай тұрақталды деп айтуға болады. Ол жақта жылдар бойы тұрып келе жатқан, тұрмыстағы әйелдер мен балалар бар. Қазір олармен байланыстамыз. Олар кез келген ақпарат құралын пайдаланып, Консулға хабарласа алады. Консул біздің сыртқы істер министрлігіне байланысқа шығады. Қателеспесем, қазір Сирияда Қазақстанның 33 адамы бар. Одан аспайды. Осы 33 кісімен байланыстамыз,

- деді Әлібек Бақаев.

Ол азаматтардың көбісі әйел адамдар.


Маска кию керек: Ақтөбеде шошқа тұмауы өршіп тұр

Бұл туралы Ақтөбе облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы мәлімдеп отыр.

Аймақта соңғы екі айда шошқа тұмауының 63 жағдайы анықталды. Егер вакцинация болмаса, бұл инфекция ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.


Облыста сырқаттанушылық 2,8 есе өсті. 274 пациент пневмониямен ауруханаға жатқызылды, олардың арасында бір жүкті әйел, 14 жасқа дейінгі 208 бала және бір жасқа дейінгі 43 бала бар,

– делінген аурухана хабарламасында.

Күзде аймақ тұрғындарының тек 14% - ы иммундаудан өткен. Мысалы, ауруханаға түскен 109 жүкті әйелдің ішінде тек екі әйел вакцинацияланған.


А және В типті тұмаулар ең ауыр. А типі (шошқа тұмауы) инфекциялық-уытты шокқа, жүрек-тамыр жүйесі мен тыныс алу органдарының зақымдалуына әкелуі мүмкін. Вакцинация болмаған кезде асқыну қаупі артады, соның ішінде пневмония жағдайы жиілейді,

– деді Ақтөбе облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Майра Нұрғалиева .

Дәрігерлер аймақ тұрғындарына адамдар көп жиналатын жерлерге бармауға және бетперде киюге кеңес беріп жатыр.


Үш айда 14 рет ұрлық жасаған атыраулық жігіт ұсталды

Атырау облысында үш ай бойы ұстатпай жүріп, бірнеше рет мал ұрлаған жігіт 7 жылға сотталды.

Облыстық полиция басқармасы жедел іздестіру нәтижесінде Құлсары қаласының 25 жастағы тұрғыны қолға түсірген.

Ол 3 айда 14 мәрте ұрлық жасап, 34 ірі қараны қолды қылған. Мал иелеріне 5 млн теңге шығын келтірген. Ұрыдан мал сатып алған тұрғындар да анықталды. Күдіктінің бар кінәсі анықталып, сот оны 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті

– делінген полиция хабарламасында. 

Ол ұрлаған ірі қараны сату үшін әлеуметтік желіге хабарландыру жариялап отырған.


Аягөзде трансформатор өртеніп, қала жарықсыз қалды

Бұл туралы Аягөз ауданы әкімдігі мілімдеме жасады.

Қалада электрмен қамтамасыз ететін қосалқы трансформатор өртеніп, жарық беру тоқтатылды. Өрт сөндірушілер Қабанбай көшесінің бойында орналасқан трансформатордағы алапат өртті арнайы көбік қолданылып сөндірген.

23:00 шамасында Аягөз қаласының электрмен қамтамасыз ететін орталық қосалқы станциясындағы өртке байланысты қалада жарық өшіп қалды. Қалада, ең алдымен, 6 орталықтандырылған жылыту қазандығын іске қосу жұмыстары басталды, оның ішінде қазіргі уақытта 5-і іске қосылды. Соңғысын іске қосу жұмыстары аяқталуда. "Біріккен энергосервистік Компания" АҚ (ЭЫДҰ) қызметкерлері ақауларды жою және тұрғындар үшін электр энергиясын беруді қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде. Жөндеу жұмыстарын Үржар, Жарма, Өскемен және Семей қалаларынан келген "ЭЫДҰ" АҚ 7 бригадасы, сондай-ақ Аягөзден келген үш бригада жүргізуде. Қалпына келтіру жұмыстарына барлығы 30-ға жуық маман жұмылдырылды,

– деп мәлім етті Аягөз ауданының әкімдігі.

Кент мағындағы 15 ауылда электр беру қалпына келтірілген. Дегенмен, Аягөз қаласы мен 7 ауылға әлі жарық берілмеген. Зардап шеккендер жоқ.


Қазақстанда Euronews телеарнасының өңірлік кеңсесі ашылды

Астанада Euronews телеарнасының өңірлік кеңсесі салтанатты түрде ашылды. Ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Euronews кеңсесінің ашылуы Қазақстанның ақпарат саласы үшін маңызды оқиға екенін атап өттіz.

Министр өз сөзінде бұл тек географиялық ауқымды кеңейту емес, сондай-ақ Қазақстанның бай мәдени мұрасын, заманауи жетістіктерін әлемге көрсетуге берілген жаңа мүмкіндік екенін айтты.

Бірлескен ынтымақтастық аясында Euronews 39 миллионнан астам көрерменді қамтыған Көшпенділер ойындарының материалдарын трансляциялады. Сондай-ақ, қазақ халқының мәдени мұрасы мен инвестициялық жобалары туралы 10 бағдарлама, хабарлар мен сұхбаттар жарияланды.


Қаскелеңде 18 жастағы қызды танысы зорлап, ауласына әкеліп тастаған

16 желтоқсан күні танысынан зәбір көрген 18 жастағы қыздың жақындары "НеМолчи.kz" қорының басшысы Динара Смайыловадан (Дина Таңсәрі) көмек сұрап жазған. Жәбірленуші жұмыстан келетін уақыттан кешіккенде жақындары іздеу салып, дабыл қаққан. Қаскөйлер қызды түнгі сағат 02:00-де үйінің алдына әкеліп тастап кеткен.

Қыздың жақындары іздеу салып, полицияға жүгінген. Сол кезде қыздың сіңлісі үйде жалғыз қалған. Бірде ол қоршаудан әлдекімнің есік қаққанын естиді. Сыртқа шықса, әпкесі жатыр екен.

Қыздың үсті-басы кір, шашының бәрі нәжіс, сабап тастаған. Сіңлісі оны суға шомылдырған. Қыз сол кезде мең-зең күйде еді. Жәбірленушіні зорлаған танысы оған кола ұсынған. Ол бірнеше жұтым ішкен соң есінен танып қалған. Арақтың иісі болмаған, өйткені ол сау еді. Бірақ мең-зең, шок күйде болған. Полициядағылар қызға “Оның көлігіне өзің отырдың емес пе?!” деген екен. Зорлаған адам жалғыз болмады деген болжам бар. Олар бірнеше адам болып зорлауы мүмкін,

– делінген жазбада.

Динара Смайылованың айтуынша, жәбірленушінің жақындары іс жабылып, кінәлілер жазадан құтылып кете ме деп қорқады.

Полиция бұл факт бойынша тергеу әрекеттерін бастады.

Құқық қорғау органдары 33 жастағы ер адамды анықтап, полицияға жеткізді. Қазір қылмыстың ауырлығына сәйкес оған қандай шара қолданылатыны шешіліп жатыр

– деді Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.


Досаев бір жамандықты сезіп отыр ма?

Алматыда жер сілкінісін ерте анықтайтын станциялар көбейеді

Қазір Алматыда 28 жер сілкінісін ерте анықтайтын станция бар. Әкімдік оған қосымша 70 станция сатып алмақшы.

Біз Жапония, Қытай, АҚШ сынды сейсмикалық белсенді аймақтарда орналасқан елдердің тәжірибесі негізінде арнайы бағдарлама әзірлейміз. Біз онда қала тұрғындарына көмек көрсету мәселесіне басымдық бергелі отырмыз

– деді қала әкімі Ерболат Досаев.

Қалада 2017-2018 жылдары 10 525 нысан сейсмикалық тексерістен өткен. 2023–2024 жылдары тағы 10 916 нысанға сейсмоаудит жүргізілген.

Досаев екінші кезең аудитінің нәтижесі 2025 жылдың бірінші тоқсанында дайын болатынын мәлімдеді.


Қасыма жат, бірге фильм көреміз: 12 жасар өгей қызын зорлаған әкеге сот үкімі шықты

Бұл жайында Абай облыстық соты баспасөз қызметі мәлімдеп отыр.

Әйелінің жоқтығын пайдаланып, ол 12 жасар өгей қызына бір стақан шарап ішуге мәжбүрлеген. Біраз уақыттан кейін ол диванда жатып, жас жәбірленушіні қасына жатқызып, фильм көруге шақырған. Осы уақытта ол кәмелетке толмаған адамға қатысты сексуалдық сипаттағы басқа да әрекеттерді жасауға бағытталған қылмыстық ниетті дамытқан.Зорлық-зомбылық қолданып, белсенді қарсылық көрсетіп, айғайлағанына қарамастан, оның киімін шешіп алып, жәбірленушіге сексуалдық әрекеттер жасаған,

— делінген сот мәлімдемесінде.

Сотта ер адам өз кінәсін толық мойындап, өкініш білдірген. Сот оны кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын төтенше тәртіптегі қылмыстық-атқару жүйесінде өтеу туралы үкім шығарды.


«Журналистерден қашып жүрген жоқпын». Досаев «жабық әкім» деп сынағандарға жауап берді

Бүгін Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өзін «жабық әкім» деп сынағандарға жауап берді.

Тәуелсіздік күнінде Алматыда Тәуелсіздік монументіне гүл шоқтарын қойдыңыз. Бірақ тілшілер сұрақ қойғысы келгенде тыңдамай кетіп қалдыңыз. Неге үнемі тілшілердің сауалына жауа бермейсіз?,

– деп сұрады тілші.

Әкім тілшілерден қашпайтынын, ашық екенін айтты.

16 желтоқсан әрбір қазақстандық үшін маңызды мереке. Бұл біздің Тәуелсіздік күніміз. Шынын айтқанда, гүл шоқтарын қойған соң, өз жұмысыма кетіп қалдым. Мен бірақ журналистерден қашып жүрген жоқпын. Осы жылы Алматыда халықпен 32 кездесу өткіздім. Одан бөлек іс-сапарлар бар. Журналистер қасымда жүр. Сұрақтарға ашықпыз. Баспасөз қызметім жұмыс істейді. Алматы әкімдігі жабық деп айта алмаймын,

– дейді Ерболат Досаев.


«Қазақмыс» ереуілге шыққан жұмысшылардың талабына жауап берді

«Қазақмыс» корпорациясы «Жезқазғанцветмет» жұмысшыларының жалақыны көтеру туралы талабына жауап берді.

Берілген жауаптың мәтініне қарағанда «Қазақмыс» ереуілге шыққан жұмысшылардың жалақысын көтеруден бас тартқан.

Кездесу барысында олар «Жезқазғанцветмет» мекемесіндегі ең төменгі жалақы 363 мың теңге екенін, ал медиандық жалақы 650 мың теңге екенін айтты. Ұлытау облысындағы медиандық жалақы — 404 105 теңге, ал Қазақстан бойынша медиандық жалақы бұдан екі есе төмен – 285 677 теңге,

— делінген «Қазақмыс» корпорациясы хабарламасында.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Ұлытау облысы Сәтбаев қаласында «Қазақмыс» кеншілері ереуілге шығып, жұмысшылардың жалақысын көтеруді талап еткен болатын.


Түркістанда арақ ішуге және сатуға тыйым салынуы мүмкін

Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров Түркістан қаласында арақ-шарап сатуға тыйым салуды ұсынды.

Бүгін парламенттің төменгі палатасында Түркістанның ерекше мәртебесі туралы заң жобасы қаралды. Депутат Ардақ Назаров осы заң аясында қалада арақ сатуға да, ішуге де тыйым салуды ұсынды.

Түркістанды рухани астана деп отырмыз. Бүкіл қазақ осы жерден рух алуы керек, ол жерде бабаларымыз, әулие, батыр билеріміз жатыр. Ертең шетелден көп қонақ келеді. Сол кезде біздің азаматтарымыз арақ ішіп, алдынан шығатын болса, ұят қой. Сондықтан осы заң аясында арақсыз қала, рухани қала деп, араққа тыйым салуға бола ма?,

- деді Назаров.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың айтуынша, облыста "Ішімдіксіз ауыл" жобасы қолдау тапты. Оған бір жылдың ішінде 30 ауыл қосылды.

Аталған мәселе орынды. Алдағы уақытта заң жобасын қабылдап жатқаннан кейін бұл мәселені де тиісті заң нормалары аясында қарастыру қажет деп санаймыз,

- деді Бейсенбай Тәжібаев.


Ұлттық банкерекше стильдегі «Шымбұлақ» және «Тұлпар» коллекциялық монеталарын айналымға шығарды. Бұл жайында Ұлттық банк баспасөз қызметі мәлімдеді.

Монеталар 20 желтоқсаннан бастап сатылымға шығады.

SHYMBULAQ монетасы – еліміздің табиғат сұлулығы мен байлығын дәріптеуге арналған «Қазақстанның інжу-маржандары» сериясын бастайды. Оның аясында таулар мен шатқалдарды, су айдындары мен басқа да табиғи нысаналарды қоса алғанда, әртүрлі табиғи көрікті жерге арналған монеталар шығарылады.

Монеталар түрлі-түсті баспа және интерференциялық құбылмалы қабат технологиясын қолдана отырып, 925 сынамды күмістен дайындалған. Монетаның массасы – 31,1 грамм, көлемі – 45х30 мм, дайындау сапасы – «рrооf», номиналы – 1 000 теңге, дайындау таралымы – 1 000 (бір мың) дана.


Алматы облысында ер адам клиникадан ем алғаннан кейін жағдайы нашарлап кеткен

65 жастағы науқас клиникада жасалған процедурадан соң жағдайының күрт нашарлап кеткенін айтады.

Дәрігерлер науқаста инфаркттың алғашқы белгілерін байқап, ем-шараны бастаудың орнына, жедел жәрдеммен өзге ауруханаға жібере салыпты. 

«Соның кесірінен ажал құша жаздадым» – дейді ер адам. Осы жағдайдан кейін медициналық орталықта тексеріс жүргізіліп, өрескел заңбұзушылықтар анықталған көрінеді. Десе де, бұл клиникадағылар «жұмысымызда мін жоқ» деп отыр. 65 жастағы Бауыржан Құндақбаев қазір дәрісіз қалыпты өмір сүре алмайды. Науқас осыған дейін үш рет инфаркт алған. Соңғы жағдайда, тіпті, өлім аузынан аман қалыпты. Ол мамырда мына медициналық орталыққа электрокардиография жасату үшін барған. Бірақ дәрігерлер коронарография деген процедура жасап, жағдайым күрт нашарлап кетті дейді ер адам.  


СҚО-дағы колледждердің бірінде бопсалау белең алған – Бас прокуратура

Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары кәмелетке толмағандар арасында қорқытып алу деректерін анықтады.

Қадағалаушы орган Ленинград ауылшаруашылық колледжінің студенттерімен жеке әңгімелесу барысында бірінші курс студенттерінен ақша қаражатын жүйелі түрде қорқытып алу деректерін анықтады.

Прокуратураның материалдарына сүйене отырып, бұл факт Қылмыстық кодекстің 194-бабы 1-бөліміне сәйкес Ақжар аудандық полиция бөлімімен соталды тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне дереу тіркелді.

Ақжар аудандық сотының биылғы 28 қарашадағы үкімі бойынша, аталған колледждің үшінші курс студенті осы қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 2 жылға бас бостандығынан айырылды,

- делінген хабарламада.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетерлігі, аталған деректі оқу орнының басшылығы білгенімен, құқық қорғау органдарына хабарланбаған.

Прокурорлық қадағалау актісі бойынша жасалған заңбұзушылықтар үшін колледждің директоры мен жауапты тұлғалары заңмен белгіленген жауапкершілікке тартылып, болашақта мұндай деректердің орын алуына жол бермеу жұмыстарын ұйымдастыру қайта қаралды


Вайнерлер Төребаев пен Шерниязов бостандыққа шығуы мүмкін

Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов жазасын жеңілдетуді сұрады.

Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі мәліметті растап, материалдардың аудандық сотқа қарауға түскенін хабарлады.

Олар сотқа өтініш тапсырған.

Түрксіб аудандық сотына жаза түрін ауыстыру (ЖТА) бойынша материал келіп түсті. Өтінішті қарау жақын арада өтеді,

- деп жауап берді соттың баспасөз қызметі.

Еске салайық, 2023 жылдың маусымында Төребаев пен Шерниязов қаржылық (инвестициялық) пирамида құру және оған басшылық жасау бойынша кінәлі деп танылған болатын. Олардың әрқайсына бес жылдан жаза тағайындалды. Бұл іс бойынша басқа фигуранттар 8 жылдан 14 жылға дейін бас бостандығынан айырылған болатын.


Алматыда 1986 жылғы
желтоқсан оқиғасының құрбандарын еске алды

Іс-шараға қала әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков, желтоқсан оқиғасына қатысушылар және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Гүл шоқтарын қойғаннан кейін жиналғандар қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Сонымен қатар дін өкілдері құрбандардың рухына арнап құран бағыштады.

20 last posts shown.