Әулие Мұқағали
1⃣ бөлім. Құшынаштардың көбеюі жайлы
Ех, қайран Мұқағали, әулие екенсің ғой. Жан дүниесі тау суындай мөлдір, періштедей пәк, күзгі жапырақтан да нәзік адамның әулие болмауы да мүмкін емес шығар. Халықты елітетін де, еліктіретін де өлеңдеріңнен есіп тұратын сендегі тазалық пен арға шомылған аппақ ниет деп ойласам да, әулиедей тап басып мына мен өмір сүрген ғасырға сәйкес мірдің оғындай нысанасын дәлдеп тиген жырларың ойлантпай қоймады. Арзан мен қымбаттың құнын білмейтін, әдемілігіне ғана тамсанып бас шайқап, тереңіне бойлай алмай жатқан келер ұрпақ сені түсінер ме екен?
"Осымыз қалай? Жырымыз неге тым арзан?
Арнау жазбасақ шықпайтын болдық құмардан.
Қырсығы тимес, қысқарсын «фабрикалар»,
Арзан бағамен арнау өлеңдер шығарған"
Ақын - өлең шығаратын фабрика емес. Өлеңнің өзі де, терең мағынасы да, барлық бітім-болмысымен көктен төгіліп түсетінін түсінген ақын, ол - ақын. «Өлеңінің бірі құрау, бірі сұрау болса» құшынаштан айырмасы аз. Сөздің қадірі қашқан заманда түсінбеді деп реніш білдіруіміз де бекершілік пе деп күмәндана қаласың. Бізде өлеңі түкке тұрғысыз болса да, арқасынан қағып «Әп, бәрекелді» деп қолпаштау қатты дамыған. Содан болар олардың кеудесіне нан піскені сонша, мына ғасырдағы жалғыз ұлы ақын өзі сияқты сезінуі мүмкін. Ал жазатыны арзан өлең. Мұқағали соны сезбеді дейсіз бе? Сезді. Қарсы тұрды. Күресті. Сойып айтты. Ешкімге жақпады.
"Қалай да айтарымды айтып өлем,
Айта алмасам жасайды қайтіп өлең?
Тәңірім мені қоңсы қондырмағай,
Тіл білмес диуана, шайқыменен"
Тілегі тез қабыл болған ба дерсің? 1975 жылы жазыпты мына өлеңін. Қымбаттың құнын білмей, түсінуге өреміз жетпей, арзанды қымбат деп ұрынатынымызды білді. Кейде әлеуметтік желілерден арзан өлеңдердің танымал болып жатқанын көріп, көп ешкім түсінбейтін, архивтерде шаң басқан нағыз өлеңдерге жаным ашиды. Біз дарынсыздарды талант деп ұғып, дарындыларды өзекке тебетін ұлтқа айналдық. Дарындыларды бағалау үшін бізге кемі ширек ғасыр, дәл айтқанда жарты ғасыр керек. Ол өлуі керек. Содан кейін ғана біз шырылдай бастаймыз. Бағасын білмедік, өйту керек еді, бүйту керек еді деп. Иә, қазір бәрінің аузында Мұқағали. Тіпті мықты өлеңдерді авторын білместен Мұқағалидікі деп тарата беретін болдық. Жан баласынан қолдау таппай шырылдап ерте үзіліп кетті. Ендігі кезек кімде екен? Қызық... Бір ширек ғасырдан кейін тірі кезінде көрмеген құрметті көрсетіп, қазіргі ақындардың қайсысын аузымыздан тастамай аңыз қылар екенбіз?
Ақынның сөзі алтыннан құнды келетін,
Арзандап кеттік, ағайындар-ау, неге тым?
Құшынаш болып кетпесек біздер жарады,
Көрінген жанға ішірткі жазып беретін.
2 бөлімін күтеміз бе? 👇