Мықты болсаң...
Айлықты да,
Байлықты да жоқтама!
Басың сұқпа бұйда, жүген, ноқтаға!
Мықты болсаң - алаңдама!
Ауытқыма!
Мықты болсаң - аялдама,
Тоқтама!
Сәті келді,
Сәтіңді бос өткізбе!
Баратын жер,
Басатын тау көп бізде.
Мықты болсаң - алдағыны басып оз,
Мықты болсаң - арттағыға жеткізбе!
Ойлануға,
Толғануға жоқпыз ба?
Жалтақтама!
Жалбарынба көп қызға!
Мықты болсаң - шоқалаққа сүрінбе!
Мықты болсаң - тайғанама көк мұзға!
Айбат шексін!
Арпылдасын көк төбет!
Шық онымен жекпе-жекке,
Бетпе-бет!
Мықты болсаң - бөгеттерді бұзып өт!
Мықты болсаң - заманыңды көктеп өт!
Самға!
Самға!
Көз ұшында қалықта!
Қону қиын,
Оған бірақ қамықпа!
Мықты болсаң - құлдырама төменге!
Мықты болсаң - сол биікте қалып қал!
Қадыр Мырзалиев
https://t.me/tefekkurden/900