Алашорда


Гео и язык канала: Казахстан, Казахский
Категория: Познавательное


“Алаш” партиясы, Алашорда үкіметі һәм Алаш автономиясы туралы канал

Связанные каналы

Гео и язык канала
Казахстан, Казахский
Статистика
Фильтр публикаций


Бүгінгі күнді елдер кейде «ескі Жаңа жыл» деп атайды. Неге? Себебі, Ленин билікке келген соң, күнтізбені ауыстыру туралы декрет жариялаған. Оған сәйкес, 1918 жылдың 31 қаңтарынан соң, 1 ақпан емес, күнтізбе 14 ақпанға бірақ секіреді. Өйткені, Ресей бұрын Юлий күнтізбесімен жүрген. Ленин оны дүние жүзі қолданатын қазіргі күнтізбеге ауыстырған. Алашқа қатысты көп құжаттарда «3 (16) наурыз, 1919 жыл» деген сияқты қосарлы дата кездесетін сондықтан.


Бүгін Ахметтің бес томдық, Мағжанның үш томдық академиялық жинағы көпшілікке таныстырылды. М. Әуезов атындағы Әдебиет институты дайындап, Түркі академиясы басып беріпті. Ғажап қазына!


Әлихан Бөкейхан бюсті. Столға қоятындай шағын. Қоғамдық даму институтының директоры, әріптесіміз Нұрбек Матжани сыйлады.


"Айқын" сайтына шыққан сұхбатым.




Жалғасы: Себебі ұлтты жұту, ойран қылу - бұл бізде жоқ, болуы да мүмкін емес. Өлгеніңді жасырасың, көмгеніңді қайтесің дегендей - бізге бұғуға болмайды. Бұл ірі орын [Бутырка, ОГПУ] болғасын біз айтпағанда кім айтады? Жығылсаң нардан, ажалың әлдеқайдан. Бұл жерге келген соң тәуекелмен санасуға тиіс. Енді қорғанудың жөні жоқ. Көп болса қазақ үшін құрбан болармыз. Онда тарихи борышымызды өтеген боламыз. Сен жаныңдағылармен сөйлесіп жазып бер, алдымен шығып, терезеден бер, байқап сақ болып”.
P. S.: Бұл төте жазумен жазылған Мырзағазы хатының қысқартылған нұсқасы. Абақтының 70-камерасындағы Мырзағазы серуен кезінде арадағы қабырғаның екінші бетіндегі 62-камерадағы Міржақыпқа лақтырған хатты бақылаушы қолына түсірген. Хат Т.Жұртбай жариялаған мәтін бойынша берілді.


Алашорда қайраткерлерінің ішінде қарағайға қарсы біткен бұтақтай, жүрек жұтқан азаматтың бірі - Торғай облыстық Әскери кеңесінің төрағасы Мырзағазы Есболов. Мырзағазы 1929 жылы Мәскеудегі Бутырка түрмесінде жатқанда көргі камерадағы Міржақыпқа былай деп хат жазыпты: “Жауап басталды. Бірте-бірте бәрімізге де келеді ғой. Сондықтан мүмкін болғанша сөзді бір ізге салған жөн ғой. Көпірде түйенің үлкені таяқ жейді. Әлбетте, салмақ төртеуімізге [Байтұрсынов, Дулатов, Ғаббасов] түседі, бұл анық.
Мен бұлай ойлаймын: біз кеңес жағындамыз. Қазақ үшін олардың болуы мүмкін пайдалы. Бірақ бұл сөздерден қазақтың бар мақсаты орындалды дей алмаймыз. Қужақ [Голощекин] барғаннан бастап, отаршылдық саясат басталып, жүріп жатқанын айту, қазақтың қолынан іс келетін азаматтарын бірін ұлтшыл, бірін бәлен деп партиядан айдап, ылғи оңбағандарды жинап алып, тап күресі деп отаршылдық саясат барлап жатқанын түгел айту. Міне, біз бұған қарсымыз, разы емеспіз. Бізді ұлтшыл деген - жапқан жала.


Бүгін Үкімет отставкаға кетіпті. Кейбір телеграм-каналдар «келесі премьер кім?» деген сауал қойып жатыр екен. Біз де Алаш премьерлері деген тақырыпқа еркін толғаныс жазып қояйық.
Алаш қайраткерлерінің ішінде премьер-министр шенін иеленген алғашқы қазақ – Мұхаметжан Тынышбаев. Мұхаң теміржол инженері, Қазақстанның оңтүстігінде қазіргі автомобиль жолдары мен Түрксібті салуға орасан зор, қайталанбас үлес қосқан азамат. Мемлекеттік Думаға депутат болып сайланған. Санкт-Петербургтен оқ бітірген. Аса білімді, кеңпейіл жан. Бірақ, менің ойымша, Мұхаң саясаткер емес. Халқының болашағы үшін, білімі мен беделіне қарай амалсыз саясатпен айналысқан. Тіпті, Қоқан қаласында Түркістан үкіметінің төрағасы болып сайланған жиынның өзіне бұл қалаға үй-ішін алып кетуге келіп, съезге Мұстафа Шоқайдың шақыруымен қатысқан. Мұхаметжанды үкімет төрағасы етуге ұсыныс тастаған да Мұстафа болса керек. Өйткені, осы съездің негізгі ұйымдастырушысы – Шоқай. Бұл сөзіміз М.Тынышбаевтың тұлғасын әсте де кемсіту немесе төмендету емес. Тынышбаевтың қазаққа жасаған еңбегі бұл пікірден кеміп қалмайды.
Түркістан автономиясының екінші премьері – Мұстафа Шоқай. Сол кезде жасы небәрі 28-де. Тіпті, 28-ге үкімет төрағасы болып сайланғаннан соң, бес күннен кейін толған. Нағыз саясаткер адам – Мұстафа. Бәлкім, сол кезде тәжірибесінде кемдік болған да шығар, бірақ табиғаты саясаттың адамы. Әттең, Түркістан мұхтариатының ғұмыры тым келте болды.
Ал, Алашорда төрағасы – Әлихан Бөкейхан. Әлиханның саясатқа ерте араласқанын, тәмам қазаққа саяси күресті, ұлт-азаттық жолындағы жанқиярлық жолды үйреткенін айтып жату да артық. Одан гөрі, Әлиханнан кейінгі толқынның ішінде, ел басқарудағы таңдау кімге түсер еді деген сауал маған үнемі қызық. Әлихан өз миссиясын орындап, саяси сахнадан кеткен соң, қазақтың саяси көсемі сол кезде кім болар еді деп ойлайсыз? Қияли сұрақ десеңіз, жауап бермеуге болады.


Жаһанша Орынбордағы съезден қайтқан соң, қыс ішінде Орал облысының съезін ұйымдастырады. Сол съезде Мәскеуге бару туралы шешім қабылданыпты. 1918 жылдың наурыз айында Жаһанша мен Халел, Кәрім Жәленов үшеуі Совет үкіметінің басшылары Ленин және Сталинге жолығады. Орынбор съезінің қаулысын көрсетіп, Алаш автономиясын мойындауды сұрайды. Сталин осы кездесуден соң, Семейдегі Әлихан, Халел Ғаббасов, Райымжан Мәрсековтерді төте телеграфпен (телефон емес) сөйлесуге шақырады. Мәскеу сапарынан Жаһанша мен Халел 12 миллион сом ақша алып қайтыпты. Сталин берген. Бірақ, жолда оны Саратов қаласының большевиктері тәркілеп алған екен.
Тарихшылар бұл сапарға Досмұхамедовтерді Алашорда басшылары жіберді деп жазады. Бірақ, нақты дерек көрсетпейді. Ал Жаһанша тергеуге жауабында “Орал съезінің шешімімен бардық” дейді. Семейдегі “Абай” журналы да “Кремльмен сөйлесіп жатқан сабаздарың екі Досмұхамедов екен” деп жазған. Яғни, бұл сөзде сүйсіну де, олардың барғанына таңдану да бар.


208 жауап. Сұлтанмахмұт 38 пайыз; Дұрысы Міржақып 37 пайыз. Мағжан 18; Жүсіпбек 5; Ахмет 2 пайыз. Яғни, сұрақ шатасатындай болыпты.


“Алыстан Алаш десе аттанамын!” деген өлеңнің авторы кім?
Опрос
  •   Сұлтанмахмұт
  •   Мағжан
  •   Міржақып
  •   Жүсіпбек
  •   Ахмет
353 голосов


☑️ Орыс әдеби ортасында “Настольная книга” деген ұғым бар. Қазақ зиялылары мен саясаткерлері әртүрлі сауалнамаларда үстелімде Абайдың кітабы мен “Абай жолы” тұрады деп жауап беріп жатады. Ал, мына кітаптың менің столымда тұрғанына жиырма жылға жуықтапты.
♦️ Бұл - нағыз Алашорда тарихы жазылған кітап. Естелік емес, асыра сілтеуі жоқ, жеке бір ғалымның концепциясы емес - сол кездегі тарихи құжаттардың жинағы. Әрине, осы кітапты оқи сала ешкім де Алашорда тарихына толық қанығып кетпейді. Сөйтсе де, Орынборда 1917 жылдың желтоқсанында дүниеге келген Алашорда үкіметінің Қазақстанның прото бастауы - Алаш автономиясын құру жолындағы күресінің барлық контуры осы жинақта бар.
🖋 Жинақта: Әлиханның Ленинге сенбеңдер деген листовкасы; Орынбор съезінің хаттамасы; Алаш автономиясы мен Алашорда туралы мақалалар; Алаш әскері, Сібір үкіметімен, Комучпен байланыс туралы құжаттар, Алашорданың қаулылары т.б маңызды тарихи құжаттар бар. Кітап 1920 жылдың көктеміндегі Алашорданың таралған уағындағы документтермен аяқталады.


Бұл - Сәлімгерей Жантөрин деген қазақ. Уақытында Әлиханмен қатар I Дума депутаты болған. Біз айтқан Уфа Мемлекеттік мәжілісінде төрт автономия тізе қоса күрессе, Башқұрт үкіметі мүддесін З.Уәлиди, Алашорда мүддесін Әлихан Бөкейхан, Түркістан автономиясы (өзбек, қырғыз, түрікмен, қазақ) мүддесін Мұстафа Шоқай қорғаса, Түркі-Татар мәдени автономиясының мүддесін қорғаған екі азаматтың бірі - осы Сәлімгерей Жантөрин. Уфаның дәулетті тұрғыны Сәлімгерей “Ғалия” медресесіне үнемі жәрдемдесіп, татар тілінде Петербургтан газет шығарған. Тіпті Бүкілресейлік үкіметтен татар автономиясын мойындауды талап етіп хат жазған.


Башқұрстандағы толқу башқұрттың ұлт көсемі Ахметзәки Уәлидиді еске түсірді. Ахметзәки Мұстафа Шоқаймен түйдей құрдас, студент кезінен дос болған азамат. 1918 жылы қыркүйек айында Уфада өткен Мемлекеттік мәжілісте башқұрт, қазақ, татар және Түркістан автономиялары - төртеуі бірігіп түркі-мұсылман мүддесін бірге қорғаған. Мәжіліске сол кезде большевиктерден азат етілген территориялардағы барлық Ресей демократиялық күштері қатысқан еді. 28 жастағы Ахметзәкидің Әлихан, Мұстафамен бірігіп, саяси пікірталас, ұлттық-территориялық автономия мүддесін қорғау, ұлт әскерін құру үшін күрескен бұл күндері тарих бетінде алтын әріппен жазылатындай уақиға. Ахметзәки большевиктерге қарсы башқұрт әскерінен екі дивизия құра білген. Уәлиди кейіннен эмиграцияға кетіп, 1970 жылы Стамбулда қайтыс болды. Оның “Естеліктер” кітабында Алашорда қайраткерлері туралы өте көп мағлұмат бар.


☑️ Астанадағы Ұлттық музейдегі Ресей Мемлекеттік І және ІІ Думасына депутат болған қазақтарға арналған стенд. Думаға Ә.Бөкейханов, М.Тынышбаев, А.Бірімжанов, А.Қалменов, Б.Қаратаев, Т.Нұрекенов сияқты азаматтар депутат болып сайланған. Бірақ, Патша екі Думаны да тез таратып жіберіп, Қаратаевтан өзге ешкім депутат ретінде сөйлеп те үлгермеген.

📷 Р.S.: Стендтегі суреттер мен құрастырған “Алашорда” фотоальбомынан алынған. Ал, портфель, қателеспесек, Мағжандікі.


Қазақтың тұңғыш кәсіби инженері Мұхаметжан Тынышбаев өмірінде төрт рет үйленген. Мынау - ұнатып алған екінші жары Гүлбаһрам Шалымбекова. Гүлбаһрамның әкесі Бақи Шалымбеков Қарқаралының қазағы, Омбының фельдшерлік мектебін 1880-жылдары бітірген, Алматыда (Верный) фельдшер, губерния хатшысы болған. Гүлбаһрамның әкесінің інісі Сәдуақас Санкт-Петербургте оқып жүргенде Мұхаметжанмен студенттік дос болған. 1917 жылы Сәдуақас қайтыс болды, 1923-те Гүлбаһрам өмірден өтті. Содан соң, Мұхаметжан Сәдуақастың жары Ғазиза Жәкулақызына үйленген.


Мұстафа үндеуі

«Сырдария халқына өз тарапымнан айтарым, тегінде Алаш баласының басы қосылатын кезі осы бүгін. Бүгін айырылсақ мұнан соң жұрттың басын қосуымыз қиын. Алаш ұранына шаппайтын қазақ баласы болмас. Сырдария қазағы кешіктірмей Алаш туының астында жиналар деген үміттеміз».

Мұстафа Шоқай


Сырдария қазақтарына

«... Екінші жалпы қазақ-қырғыз съезі бүкіл Алаш баласын біріктіріп өз алдына автономия етуге қаулы қылды. Бұл туралы Түркістан қазағымен келісу үшін Алаш ордасы 5-інші ғинуарда Түркістан шаһарында Сырдария облысының съезін шақырады. Съезге болыс басы бір өкіл келсін... Уақыт – шұғыл, мәселе зор болғандықтан, шақырылған өкілдер съезге айтылған күннен қалмай келулері керек...»
Алашорда бастығы Әлихан Бөкейханов,
Мұстафа Шоқаев


Шаруаларға, жұмысшылар мен солдаттарға!

(1 желтоқсан, 1917 жыл)

Ульянов-Ленин, Халық Комиссарлары Төрағасы, Николай патша сияқты жеке-дара билеуге көшті, ешкімнің алдында есеп бергісі келмейді, халықтың басқарушыларды бақылауын буржуазиялық сандырақ деп есептейді.
Демократия шетел сөзі, ол халықтық басқаруды – халық билігін білдіреді. Большевиктер халық билігін буржуазиялық сандырақ деп есептейді.
Шаруалар, жұмысшылар мен солдаттар, есте сақтаңдар, большевиктер үкіметтің халық алдындағы жауапкершілігін, сөз бостандығын, баспасөз бостандығын, жиын бостандығын, жалпыға ортақ тікелей, жасырын дауыс беруді, азаматтар мен депутаттарға қол сұқпауды, халық билігін буржуазиялық сандырақ деп санайды.
Есте сақтаңдар, большевиктің бетінен революционердің қызыл маскасы сыпырылып түсіп, оның қара жүзді табиғаты ашылды.
Әлихан Бөкейхан,
Торғай облыстық комиссары


1917 жыл естеліктерінен үзінділер

Орынбор – башқұрт жерінде орналасқан орыс казак қарулы күштерінің орталығы. Қала тұрғындары негізінен татарлар, орыстар, орыс казагы. Біздің қазақ тек бірнеше түтін. Әйтсе де, Орынбор ежелден Түркістан өлкесіндегі қазақ ұлт-азаттық қозғалысының орталығы болып келеді. Неге бұлай? Біздің қазақ тұратын өңірлерде мұндай істерді ойдағыдай жүргізуге ыңғайлы тап осындай қала жоқ еді. Қалаларда қазақ аз. Қазақ көп жиналған мәдени, саяси орталық рөлін атқара алатын жөнді қала болмайтын. Қазақ зиялылары бас қосып, ұлт тағдырын кеңесетін кезең туғанда ең ыңғайлы жер қазақ руларының өкілдері көп тұратын Ташкент, Верный, Семей сияқты қалалардың бірі болуы мүмкін еді.
Бірақ бұлардың бәрінде де қазақ арасында көрінген әрбір ұлттық қозғалыс орыс әкімшілігінің қарсылығына ұшырайтын. Сондықтан қазағы қалың өңірден аулағырақ бір қаланы таңдау қажет. Бұған Семей мен Ташкенттен едәуір жырақта, темір жол бойында жатқан Орынбор ең қолайлы жер болып шықты. Орынборда орыс мұғалімдер институты бар еді. Онда жыл сайын бірнеше қазақ мұғалімі тәрбиеленіп шығатын. Бұған қоса ғұлама ғалым, көрнекті қоғам қайраткері, дарынды жазушы Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы Орынборда тұратын. Бұл екі қоғам қайраткерінің қуатты қаламының арқасында қалың елді аузына қаратқан «Қазақ» газеті осында шығарылып, таратылатын. Міне, қазақ сирек қоныстанған Орынбордың көпке дейін қыр қазақтарының ұлттық қозғалысының орталығына айналып, мұнда Бірінші Бүкілқазақ құрылтайы шақырылуының басты себебі осы.
Мұстафа Шоқай

Показано 20 последних публикаций.