Іс-тәжірибе✅
Мектепті сағынғанмын ба, барғаннан қызық сезімде болдық. Партаны көрген сайын өткенің есіңе түсіп, оқушы болмысыңды сағына береді екенсің.
Тек 10-11 сыныптар түспесе екен деген қалауыма Құдай қарсы болғандай, керісінше жоғарғы сыныптарға сабақ беретін мүмкіндік сыйлады. Сондағы қалауымның артында тұрған үлкен қорқыныш қой. “Ес біліп, ақыл тоқтатқан, ертесі ересек өмірге аяқ басқалы тұрған өзімнен көп кіші емес боз бала, бойжеткендердің көңілінен шыға аламын ба?”- деген сауал болды. Өзім олардың жастарында келген практиканттарды сынап, сан түрлі сауал қойып, тығырыққа тірейтін едім, сол нәрсе қайта айналып өз алдыма келмесе екен деген қорқыныш. “Мұғалім боламын-ау деген армансыз” жүрген кезеңдер ғой. Қайдан білейін)
Мектебіміз қатты ұнады, оқушыға да, мұғалімге де жақсы жағдай жасалған, жап-жаңа мектеп.
Алғашқы аптада сабақ барысын бақылап, қатысып, қарап жүруіміз керек болған. Бастапқы екі күннен соң жетекші мұғаліміміздің жанына шығып, оқулықтарын сұрап, дайындалып баратын болдық. Солай бірден сабақ өтіп кеттік. Қарап отырған алпыс көзден ұялып, қысылатын едім, үйренеді екенсің оған да.
Өзімше талапшыл, қатал мұғалім боламын деп барғанмын. Мүмкін болған да шығармын. Бірақ оқушыларға қарай ыңғайланады екенсің.
11-сыныптарға кіргенде біртүрлі болатынбыз, 30-дан 15-17 оқушы ғана отырады. Сұрақ қойсаң, жауап бермейді, кері байланыс болмаған соң қатты қысыласың. Сыныптың үнсіздігі қорқытатын. Кейін сөйлейтін болды ғой)
11-сыныпқа кірген сайын “Ажар, өзіңнің де оқушы болғаныңды ұмытпашы” дейтін болдым. Өзім олардың жасында не істедім, қалай отырдым, қалай оқыдым, соларды еске түсірдім. Мен бірақ жап-жақсы оқушы болған сияқтымын😂
Әртүрлі сыныптарға мұғалімдердің орнына кіріп, өтіп жүрдік. Неше түрлі оқушы көрдім ғой. Сабақта мұғалімдердің үнемі айтатын фразаларын қалай сөз арасына қосып жіберетініңді байқамайсың.
Апайлар сабақ арасындағы бос уақытта не үшін асханаға барып, шай іше беретінін түсіндім. Нервты басады екен ғой)
Әртүрлі сыныптар бар, шаршамай шығатын, энергияға толып шығатын, сабақты да тым жақсы өтетін сыныптар бар және керісінше. Барынша шынайы, еркін болу оқушылармен жақсы қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік береді екен.
“Бұзық екен, бір үйдің еркесі секілді, қалай тіл табыссам екен” деп жүрген балалар сүйікті оқушыларыма айналды. Сағына беремін бұзықтарымды.
Күндегі тілегіме көп нәрсе қосылды. Мектепке “бүгін жоқ дегенде бір оқушыға пайдам тисе екен” деген ниетпен барасың. Қызық сезім.
Мұғалім бір методикамен бүкіл сыныпқа сабақ бере алмайды. Сенің әдіс-тәсілің бір сыныпқа өтіп, екіншісіне өтпей қалатын кездер жиі болады. Үнемі бірнәрсе іздеп, оқып тұру керек. Өзің күнде сабақ өткен сайын жаңа дүние үйренгің кеп тұрады ма бірдеңе, берген сайын алғың кеп па сондай. Өзіңді толтырып тұру керек қо қысқасы. Студент кезімді сағыну сол сәттерде шыққан сияқты.
Мектепте завучтың көзіне ілініп қалдық.
Бір тапсырма берді. Замена журналын Жаннұры апай екеуіміз қолмен көшірдік, 3000+ жол әркімге) Оған құртқан уақытымды қызғандым. Түнде ұйықтамай, таңертең ұйқыдан тұра сала жазып зорға біттік. Мектеп сол жасыл журналымен есімнен кетпейтін шығар.
Архивке кететін құжаттардың көшірмесін қолмен жаздық қо қысқасы, сондай мәнсіз, пайдасыз жұмыс. Жай ғана сол журналдың көшірмесін жасай салуға болатын еді былай қарасаң)
Завучтың кабинетінде жүріп қаншама нәрсе көрдім. Мұғалімдердің бәсекелестігі, сағатқа таласқаны, бір-бірін көре алмауы, сабақтан сұранғаны, т.б. Қызық негізі. Мектепті басқа қырынан көресің.
Мұғалімнің айқайынан сескенеді екенмін. Неше түрлі айқайлар, ұрыстар естідік. Тәртіп, қаталдық керек қой. Бірақ оқушыларымның менен қорыққанын қаламайды екенмін.
Оқушылармен соңғы апталарда жақсы араластық, олар да, мен де біраз ашылып, бір-бірімізге үйренейін дедік. Ең тәтті деген шақта практикам да біте қалды. Бір ай, қаншама естеліктер.