"Ұлттық киім - бүгінгі театрдың киімі емес"
Десе де этнограф Досымбек Қатранұлының сөзінше, біз қазір ұлттық киім дегенде жаңылысып қалғанбыз. Себебі бұрынғы киімдерде қазіргідей көп ою жоқ болған, оған қоса қызылды-жасыл киімдерді кейбір адамдар ғана киген. Айтуынша, қазақтар мереке-мейрамдарға барын киген, таққан, кемер белдігі болса буынған.
"Қазақ ұғымында күнделікті киетін және біркиер киім бар. Біркиер дегеніміз - сәнді, жақсы киім, оны анда-санда той-томалаққа шығарып киеді. Алдымен үлкен үйге кіріп амандасып-жүздеседі, одан кейін басқа үйге кіреді. Бірақ бұл бүгінгі театрдың киімі емес.
Біз қазір ұлттық киім дегенде жаңылысып кеттік. Қазір ұлттық киім десек - театрдың киімі көз алдымызға елестейді. Театрдың киімі ол - әдемі-әдемі оюы көп болады емес пе. Ал қазақта ою жоқтың қасы. Сәнді киімнің өзінде ою көп болмайды, жаға, жеңінде, етегінде болмаса", - дейді ол.
Айтуынша, ол кезде қып-қызыл ала көйлек киетін жағдай жоқ, мүмкін емес. Сәнді киінгеннің өзінде ондай жоқ.
"Қызыл-жасылды кім киеді? Қызыл жасылды сал сері, бел кезіп жүретін, сәуегей айтып жүретін адамдар киеді. Хандардың киімінің өзінде әкетіп бара жатқан әшекей-ою жоқ", - деді ол.