Фильтр публикаций


Наурыз

Наурыз айы туғанда,
Той болушы еді бұл маңда.
Сақталушы еді сыбаға,
Сапарға кеткен ұлдарға,
Наурыз айы туғанда.

Наурыз, наурыз, күн игі!
Күні игі жердің - түрі игі.
Бауыры жылып науат-қар,
Бабымен ғана жібиді.
Шашылып ырыс шанақтан,
Шақырып бір үй бір үйді,
Шаттанушы еді бір игі.

Осынау игі кең жерге,
Наурыз айы келгенде,
Наурыз тойын бергенде,
Көрмегендер де - арманда,
Арманда - оны көрген де.
Келіп ем өмір - орманға,
Наурыз айы келгенде.




Видео недоступно для предпросмотра
Смотреть в Telegram


Анашым!

Асыл анам, есіл анам,
Елжіреп есіркеймін, есіме алам.
Мен үшін сен суалтқан ақ сүтіңді
Ақтамасам, боп жүрмін несіне адам.

Алыс жолда жүрсем де арып-ашып,
Ағат ойлап түсірмей жаныңа шық,
Оқытып кешеу барған хаттарымды
Отырмысың үрпиіп, жаның ашып?




Ойхой, қазақ даласы!
He көрмедің?!
Қанша қурап, қаншама көгермедің?!
Қорқыттың қобызымен боздаттың ғой,
Асанның шерге оранған өлеңдерін.
Ойхой, қазақ даласы!
He көрмедің?!

Қорқыт, Асан тіріліп, қайта келсе,
Сенің мына кейпіңе сенер ме еді?
Мына бақты көргендер төбеңдегі
Қуанғаннан көз жасын төгер ме еді?
Қуаныштан кеудесі қарс айрылып,
Кім біледі, қайтадан өлер ме еді?!
Ойхой, қазақ даласы,
Не көрмедің?!

Өткеніңе үңіліп отыра алман,
(Біздің қазақ өлмеген, оты жанған...)
Еміс-еміс естимін сараң хабар,
Тірідейін көмілген Отырардан.

Айта жатар басқалар өткенімді,
Қан мен жасты қайтіп мен төккенімді,
Жаңа дәуір алдында,жөн көремін,
Азаматтық борышты өткеруді.

М.Мақатаев
"Большевиктер" поэмасынан үзінді.


Уақытты тоқтатар шамаң бар ма?
Бәрі өтеді: дәуірлер, замандар да.
Менің жаным ашиды мына өмірді,
Өтпейтіндей көретін адамдарға!


Түн


Түн маған ұйықтау үшін жаралмаған,
(Ұйықтасын сапарларын тамамдаған).
Алдымда сапар жолы тарам-тарам,
Ұйықтасам, барлығынан қаран қалам.

Түн менің ұйқым үшін жаралмаған,
Түн келсе, түйсік түсіп, алаң болам.
Іздеймін жоқтарымды таба алмаған,
Аңсаймын жерлерімді бара алмаған.

Алдандырып, әлдилеп кеше-бүгін,
Неше жылым өтті екен, неше күнім?
Қаншама ойлар қалды екен қаза болып
Жастығымның астында, төсегімнің?

Түкілдірігі түсімнен сиқыр ашқан,
Қаншама ойлар қалды екен ұйқы басқан?
Қанша сәттер ғажайып Ғайып болды
Оянғанда сүренсіз сиқы қашқан?

Түн маған ұйықтау үшін берілмеген,
Ұйқы тен шала-жансар өлімменен.
Қанша менін өлді екен уақытым
Ақ төсек, ала жастық кебіндеген?!


Бұзылған үй


Тәкаппар таулар жатқан жан-жағында,
Барып қайт салқын жайлау, малды ауылға.
Бір жер бар «Қарасаз» деп аталатын,
Көресің жолың түсіп барғаныңда.
Көресің көк орманын, жылғаларын,
Мөп-мөлдір қайнап шыққан тұнбаларын.
Жылғаның жағасында бұзылған үй,
Сен соған ей, жолаушым, бір қарағын.
Кес-кестеп кісі жолын торымаған,
Осында тірлік еткен момын адам.
Қаншама тырбанса да шаруаның
Дәулеті бір-біріне қорымаған.
Өмірде өзін-өзі ол құл көріпті,
(Киіпті ауыстырмай бір бөрікті...)
Байғұстың барша жұрты тілек тілеп,
Үйіне тұңғышы боп ұл келіпті.
Той жасап, торқа төсеп шабылмаған,
(Демек, тойдың жабдығы табылмаған.)
Өмір дейтін өзгермес мекеменің
Алдында әжем мені қабылдаған.
Кейін әкем ел-жұртын басқарыпты,
(Қашанғы жарғақ бөркі тасталыпты.)
...Жағасында жылғаның бұзылған там,
Ғұмырым осы жерден басталыпты.


Алматының аспаны

Тал түсте,
Бозғыл деңгейде,
Шуағын жерге төккен Күн.
Жылымық қыста кей-кейде,
Иісі келер көктемнің.
Ұмыттырар ақпанды,
Боз аспан, онан боз дала.
Осынау ғажап шақтарды,
Қозғама, тәңір, қозғама!
Оралады өткен күз,
Қыс келеді.
Төсі қар.
Ұзатылған көктем-қыз
Қайта оралса, несі бар?!
Ішке сыйған баламыз,
Сыртымызға сыяды.
Кең ғой біздің даламыз!
Зиялы да ұялы.
Қайдан келсін бірақ та,
Мезгіл жетпей қыз-көктем.
Қарашы анау қыратқа,
Арқасына мұз шөккен.
Алматының аспаны,
Бізді әзірге тұр алдап.
Қайың, терек бастары,
Барады әне, қыраулап...


Жанарсыз адам


Топсасы жұмыр тобылғы томсарып алып келеді,
Толайым мына тірлікті тобылғы таяқ көреді.
Толғанып жүрген бейбаққа, тобылғы таяқ тіл бітсе:-
Алдыңда ор бар, аяулым, бері жүр бері! - дер еді.

Көрінбей оған көктем тұр, көрінбей нұр тұр себелеп,
Топ қыздар өтіп барады - топтанып ұшқан көбелек.
Жанарсыз адам келеді аттай да алмай жақсылап,
Тозығы жеткен асфальтті тобылғыменен шегелеп.

Іздейді көзін басынан, іздейді көзін аяқтан,
Іздейді көзін қолынан, іздейді көзін таяқтан.
Жанарсыз адам келеді... жанарлы бейқам тірліктен,
Жанарын даулап, дүниені таяқпен түртіп оятқан


Шаршадым білем,
Жантая кеткім келеді.
Миыңды жеген, құрысын бүйткен өлеңі!
Күйзеліп тапқан көңілімдегі көрікті ой,
Аузымнан түссе адыра қала береді.
Өлеңі құрсын,
Таппадым одан ұятты,
Жазбай-ақ қойдым,
Жазғаным енді ұят-ты.
Менсіз де мына ғаламат жырау-дүние,
Өзінен-өзі жырланып жатқан сияқты.
Өткізіп жылдар,
Өткізіп айлар,
Бекер күн,
Болғансып ақын,
Мұрнымды несін көтердім?!
Өлмей-ақ жүр ғой,
Өлең жазбаған адамдар,
Өлеңсіз мен де,
Өмірді бірдеңе етермін.
Жанды да жансыз,
Көрінген заттан сыр бағып,
Өлетін болдым,
Өзімнен-өзім ұрланып.
Шаршадым білем,
Жатпасам енді болмас-ты.
Жұрт кетіп жатқан
Қара теңізге бір барып...


Ойхой, қазақ даласы!
He көрмедің?!
Қанша қурап, қаншама көгермедің?!
Қорқыттың қобызымен боздаттың ғой,
Асанның шерге оранған өлеңдерін.
Ойхой, қазақ даласы!
He көрмедің?!

Қорқыт, Асан тіріліп, қайта келсе,
Сенің мына кейпіңе сенер ме еді?
Мына бақты көргендер төбеңдегі
Қуанғаннан көз жасын төгер ме еді?
Қуаныштан кеудесі қарс айрылып,
Кім біледі, қайтадан өлер ме еді?!
Ойхой, қазақ даласы,
Не көрмедің?!

Өткеніңе үңіліп отыра алман,
(Біздің қазақ өлмеген, оты жанған...)
Еміс-еміс естимін сараң хабар,
Тірідейін көмілген Отырардан.

Айта жатар басқалар өткенімді,
Қан мен жасты қайтіп мен төккенімді,
Жаңа дәуір алдында,жөн көремін,
Азаматтық борышты өткеруді.


Қарлығашым, келдің бе, қаршығадан саумысың?
Аман-есен жеттің бе, айыр құйрық нау-құсым?
Оралдың ба, тағы да өзің өскен ұяға,
Оралдың ба, сүйіктім, екеуің де бармысың?
Қарлығашым, бұ қалай, қайда кеткен серігің?
Зияны жоқ зиялым, өкпелетті сені кім?
...Түсінікті, сүйіктім, түсінікті айтпа енді,
Тұмар құсым кеткен-ау тырнағында перінің.
(О жылы біз ауылда оңаша үйде түрғанбыз)
Жаз да өтіп барады, қарлығашым жүр жалғыз,
Көзді ашып-жұмғанша көсеуін ап қолына
Жетіп келді бір күні жел үрлеген сырдан күз.
Ғанибет қой, шіркін-ай, шуылдасаң ұлардай,
Қиын екен жалғыздық қияда өскен шынардай,
Жалғыз қайтты сол жылы, жалғыз қайтты жыл құсы,
Жұмыртқа да таба алмай, балапан да шығармай.
Қарауытып көз алдым, қарап тұрмын досыма,
- Қарлығашым, қайта орал мекеніңе, шошыма.
Әжем менің күйбеңдеп, күбірдеп жүр аулада,
- О, бәтшағар өмір-ай, өмір дейтін осы да!..


Өкпелеттім...
He дейін, өкпелеттім,
Өкпелетіп қалайша көктемекпін.
Сенің қойған межеңнен аттадым да
Шекараңнан шықтым да, шетке кеттім.
Өкпелеттім, амал не, өкпелеттім.
Қарашы әне, келеді таң сарғайып,
Сыртқа жүрші, қойшы енді, томсармайық!..
Аңдуым-ау, тамаша таң алдында,
Қырсықтың қытығына қол салмайық.
Ақылдым-ау, неге сен қарамайсың?!
Кейде өзің де қызыңсың... баладайсың...
Күш-сезімді күрес деп санамайсың,
Сонда қалай?
Қалай деп бағалайсың?
Жүрші сыртқа, қарашы таң нұрына,
Табынайық табиғат паңдығына.
Таң атады, кетеді базаршы-күн,
Қазынасын жинап ап сандығына.
Сергиікші малынып таң нұрына,
Өкпелейсің несіне тағдырыңа...


Бүгін менің туған күнім, ой, пәлі-ай!
Мына адамдар неғып жатыр тойламай?!
Банкет жасап берер едім өзім-ақ
Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай.
Мына дүние неге жатыр үндемей,
Алаулатып тойдың шоғын үрлемей.
Құшақ-құшақ гүл шоқтарын лақтырып,
Міне, шапан, міне атың, мін,-демей.
Мына жұртқа жақпады ма әлде нем,
Текке өмір сүргенмін бе әлде мен.
Халқым, сенің қасиетіңді білем деп,
Текке өмірім өтті ме екен әуремен.
Айтамын деп қасіретіңді, мұңыңды,
Басқа арнаға бұрдым ба, әлде жырымды.
Мен бәрібір өзіңменен бір бодлам,
Өзегінен тепсең дағы ұлыңды.
Тойланбаса, тойланбасын не етейін,
Той көрмей-ақ, сый көрмей-ақ өтейін.
Қаламымды берші маған, бәйбіше,
Болашаққа арыз жазып кетейін.


Бүгін қазақтың ақиық ақыны, қазақ поэзиясының алатаудай алыбы Мұқағали Мақатаевтың туған күні дейді. Мұқағалиға дейінгі қазақ жазба поэзиясын Абай, Қасым, Мағжан, Мұқағали дәуірі деп бөлсе де, Абайдан кейінгі жазба поэзияның құлашты кеңістігін, тамырлы тәбиғатын, ғажап шыңын даусыз Мұқағали қалыптастырды дегенге ешкім күмән келтірмес.

Мұқағали ақынның өмірге келген күні - осызаман қазақ поэзиясының өмір есігін ашқан күні іспетті. Себебі, одан кейінгі бүкіл алаш баласы жатқа оқитын, бүкіл алаш баласының өмірі мен тағдырына сіңіп кеткен ғұмырлы поэзия әлі туыла қойған жоқ секілді.

Ақынның туған күні - қазақ поэзиясының үлкен мерекесінің біріне айналып үлгерді. Бұл күн жайлы қазақ елі ғана емес, алаш баласының аяғы жеткен жердің бәрінде той. 9-ақпан келерден бұрын бүкіл қазақ даласы әбігерге түседі. Бұл да болса ақиық ақынға деген үлкен құрметтің белгісі екені даусыз. 


ТАБЫТ YHI

Meн сені сүйгем
Жаныммен сүйгем, Жарық Күн!
Жатсам да сүйем тұңғиығында тамұқтың.
Ақ сәулең сенің аймалап мені,
Жарық Күн,
Тұрған да болар үстінде мынау табыттың.

Ғарыштан құйған ғаламға ортақ шуағың,
Сезгемін, білгем,
Мен үшін бір күн тынарын.
Тастама мені,
Тастама мені, Шырағым!
Шуағың түссін,
Шөп болып, мейлі, шығамын.

Қомағай көңіл құмартып өткен әр неге.
Тірлікте сонау түскемін талай әуреге.
Кешкен өмір де,
Көрген бақыт та, барлығы,
Жетпейді екен ғой,
Бір күндік сенің сәулеңе.

Бір күндік сәуле…
Бір күндік жарық мекенім!
Мәңгілік түнек — қапасқа қалай кетемін.
Келмейді-ау тілім…
Өлгеннен сұра дер едім,
Тірі жандарға,
Өмір дегеннің не екенін.

Өмір дегенге,
Тірлікте, сірә, жетер ме ой.
Жарық сәуледен басқаның бәрі бекер ғой.
Бекер ғой бәрі,
Бекер ғой бәрі — бөтен ғой,
Өмір дегенің — бір күндік Сәуле екен ғой!..

Тамшыдай ғана, нұрына міне, зарықтым.
Өмір осы екен, сырына міне, қанықтым.
Жаса сен Мәңгі!
Жаса сен Мәңгі!
Жарық Күн!

… Табытпын, табытпын, табытпын…


Мына қасқа...


Қор болған жылдарым-ай, күндерім-ай!
Асауға ауыздықсыз мінгенім-ай!
Мына қасқа бәрін де біле тұрып,
Мына қасқа бірін де білмеуін-ай!
Шынымен түсінбей ме мына қасқа,
Мына - көз, мына - жүрек, мына - басқа
Мына қасқа шынымен түсінбей ме,
Бұлбұлдың қонбайтынын қу ағашқа?!
Мына - жүрек, мына - көз, мына баста,
Ненің барын біледі мына қасқаң...
Сезгіштігін білдіріп алам ба деп,
Тас жүрегін жасырар қына басқан.
Аламын деп қасқаның тас қамалын,
Тас жүрекпен қашанғы тас боламын.
Тас жүрекке табынтып, тастамағын,
Жүрегін бер, тәңірім, жас баланың!
Сағындым сені, сәби кездерім-ай,
Сандалтып, мені тастап безгенің-ай.
..Мына қасқа бәрін де сезіп тұрып,
Мына қасқа бірін де сезбеуін-ай!


Жыл өтті

Білмеймін, күн өтті ме, жыл өтті ме?
Баяғы байыз таппас жүрек, міне,
Күн, айлар, жылдар өтті дүр етті де,
Бір тамыры болымсыз дір етті де,
Баяғы жүрек қалды.
Жүрек, міне.

Байғұсым ұзатып сап барлығын да
Өзі қалды өзінің хандығында.
Кеуде деген керемет сарайының,
Жаңа жылдық алауын жандыруда.
Жайлап қана ұзатып барлығын да.

Жүрек, міне,
Жан жүрек жүр менімен,
Дүрсілімен, ептеген кірбіңімен,
Түндерімен, беймаза күндерімен.
О, жалғызым!
Жабықпай жүр менімен.

Гүріліндей аспанның дүр етті де,
Жыл өтті.
Жүрек қалды дір етті де.
Күн айға, ай жылдарға ілекті де
Жыл өтті.
Жүрек қалды.
Жүрек, міне!..

Показано 20 последних публикаций.