🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ


Гео и язык канала: Казахстан, Казахский
Категория: Экономика


Қаржылық сауатымызды бірге жетілдірейік!
Сайт: www.qsauat.kz
®️Кері байланысқа: @QSauatBot
📌 Пайдалы ақпараттар
📌 Сарапшылар пікірі
📌 Қаржыгерлер кеңесі
📌 Ресми статистика
📌 Сенімді дерек
📌 Сауалнама

Связанные каналы  |  Похожие каналы

Гео и язык канала
Казахстан, Казахский
Категория
Экономика
Статистика
Фильтр публикаций


Бізге ақпарат беру мәдениетін де үйрену керек

Желі қолданушысы, Айсұлтан Жақыпов өзекті мәселе көтеріпті.

Кеше Жаманайбаттағы «Жомарт» шахтасында болған қайғылы жағдайды естідіңіздер. Апаттан қаза тапқан кеншілердің отбасы мен жақындарына қайғырып, көңіл айтамыз.

Айсұлтан замандасымыз оқиға орнында жер астында кімдер қалуы мүмкін деген мәселеге жергілікті әкімдіктің атүсті қарап жатқанына қынжылыс білдіреді. Жазбасына үңілсек, оны әкімдік өкілдері ауыл чатынан «біле салуға» әрекет қылғанға ұқсайды.

— Осы орайда айтарым бар, — дейді жазба авторы, — Ауыл жұрты, әсіресе, жер-жердегі әкімдіктегілер мұндай оқиғада қалай жұмыс істеу керегін білмейді. Ауыл чаттарынан сұрай салады сол жерде кім істеуші еді ауылдан деп… Ол жерде жұмысшының әке-шешесі, бала-шағасы отыруы мүмкін дегендей… Небір кризис-менеджер, менторлар неше жылдан бері әкімдіктегілерді оқытып жатыр. Қарапайым қағиданы білмейді көбі… Комптарын (компьютерді — ҚС) қосып, базаны үнсіз тексеруге еріне ме әлде…, — деп ашынған Айсұлтан Жақыповтың мына пікірі бәріміз үшін маңызды секілді:

«...Біреу қайтыс болса, бірден чатқа жазады. Естімеген туыстары бар ма, ешкімді қызықтырмайды. Бұл — дерт. Ақпаратпен бөлісу мәдениетін қалың қарашаға үйрету керек.» 

💬 P.S. Айтпай келетін апаттан сақтасын, бірақ осындай ауыр жағдайларда ауыл/аудан чаттарында абайлаған жөн-ау. Оқиға орнында қалған адамдардың туысы, бауыры, жақындары отыруы мүмкін, олардың да асыл сезімін сыйлай білейік деген ойымызды канал тақырыбына келмесе де, адамдықтан аттап кете алмай жариялап отырмыз. Әлеуметтік желіде де ел алдында жүрген адам өмірден өтіп жатса, оның қазасы туралы оңды-солды «сүйіншілеп» кететін әдет қалыптасып кетті. Бала да, шаға да марқұмның суретін салып, жарыса кетеді. Қаза жолы — қашанда ауыр жол ғой, ақпарат беру мәдениеті бәрімізге ортақ іс, адамдық қалпымызды жоғалтып алмайық, халайық. Кешегі оқиғаны құзырлы органдар тергей жатар, ал еліміз апаттан аман болсын!

www.qsauat.kz
https://t.me/qarzhylyq_sauat


Трейдингтен кез келген адам пайда таба алмайды

Интернет ақтарып, Chat-GPT-дің де позициясына үңіліп, түбінде осындай ой қорыттық. Трейдинг туралы көптен жазғымыз келіп жүрген. Өйткені бұған қызығатын адамдарды өз арамызда да жиі жолықтыратын болдық. Олардың деңгейін біліп тұрамыз, бірақ соған қарамастан ақша салуға құмартып тұратынын, тез байып кететініне сеніп тұратынын сырттай бақылап, қынжылып қаласың. Өйткені интернеттегі жарнамасы күшті боп тұр. Тіпті кейбіреулер трейдингте «ұтылуға жол бермейтін» робот-құрылғыны да сатуға тырысады екен. Естуімізше, бағасы жарты миллионға барады-мыс...

Шын мәнінде трейдинг — білімді, ізденіс пен тәжірибені қажет ететін сала. Кез келген адам бірден пайда таба алмайды, керісінше, ақшасынан айырылу қаупі жоғары.

Трейдинг деген не?

Трейдинг — қаржы нарығында активтерді (акция, валюта, криптовалюта, тауар) сатып алып, қымбаттағанда сатып пайда табатын алаң. Қысқаша айтқанда, бағалардың өзгерісін болжап, арзанға алып, қымбатқа сату немесе керісінше, қымбатқа сатып алып, арзандағанда қайта сату арқылы ақша табу.

Трейдингтің түрлері де бар. Олар:

✅ Күндізгі трейдинг (Day Trading) — бір күн ішінде сауда жасап, позицияларды жабу.
✅ Свинг-трейдинг (Swing Trading) — бірнеше күн немесе апта бойы позицияларды ұстап, бағаның қозғалысын күту.
✅ Ұзақмерзімді инвестиция — активтерді ұзақ уақытқа (айлар, жылдар) сатып алып, бағасы өскенде сату.

Трейдинг несімен қауіпті?

📉 Ақша жоғалту қаупі жоғары — жаңа келгендердің көбі нарықта ақша жоғалтады. Себебі олар тәжірибесіз және эмоцияға беріліп шешім қабылдайды.
📊 Нарық тұрақсыз — Бағалар түрлі жаңалықтарға, саясатқа, экономикалық факторларға байланысты өзгеріп отырады. Оны болжап білу қиынның қиыны.
😨 Психологиялық стресс — трейдинг адамға үлкен эмоционалдық ауыртпалық әкеледі. Бағаларды үнемі бақылап отыру, жоғалтқан ақшаны қайтаруға тырысу адамды күйзеліске түсіруі мүмкін.
📚 Терең білім керек — жай ғана графикалардың түріне қарап шешім қабылдау — жеткіліксіз. Қаржы нарығын, компаниялардың хал-жағдайын, экономикалық көрсеткіштерді, статистиканы білу керек.
🎭 Алаяқ көп — бұл алаңда да қаржылық сауаты төмен адамдарға «оңай табысты» уәде етіп, түрлі схемаларға тартып, ақшасын алдап алатындар көп.

Трейдер болғысы келетін адам:

✅ Қаржы нарығын түсінуі керек, ол дегеніміз — акциялар, форекс, криптовалюта, индекстер сияқты нарық құралдарын танып білу.
✅ Талдай білуі керек, ол дегеніміз — графикаларды оқи білу, компаниялардың қаржылық есебін талдау, макроэкономикалық жаңалықтарды бақылап жүру.
✅ Тәуекелді басқаруы (risk management) керек, ол дегеніміз — барлық ақшаны бір активке салмай, тәуекелді азайту әдістерін меңгеру.
✅ Эмоцияны басқара білуі керек, ол дегеніміз — ұтылған жағдайда сабырлы болу, паникаға берілмеуді үйрену.

Трейдингпен кімдер айналыса алады?

Әлбетте, кез келген адам. Ол бәрімізге қолжетімді құрал. Бірақ онда табыс табу үшін көп тәжірибе керек. Бұл салада мықты сарапшылардың өзі тұрақты табысқа қол жеткізу үшін жылдар бойы тәжірибе жинап, машықтанады екен. Жай ғана ақшаны салып қойып, автоматты түрде пайда табамын деу — қате түсінік.

🔴 Көпшілік жіберетін қателер:

❌ Тез байығысы келіп, үлкен ақшамен тәуекел етеді.
❌ Графикалар мен нарық заңдарын түсінбей, кездейсоқ сауда жасай береді.
❌ Алаяқтар мен «оңай ақша» схемаларына сенгіш келеді.

Түйін: Трейдингке кірмес бұрын не істеу керек?

✔️ Қаржылық білімді арттыру керек, ол дегеніміз — осы тақырыпқа арналған кітаптар оқу, сауатты әрі сенімді курстарға қатысып көру.
✔️ Демо-шот ашып, тәжірибе жинап көру керек, ол дегеніміз — қолдағы шынайы ақшаны салып жібермес бұрын виртуалды шотта сауда жасап көру.
✔️ Тәуекелді есептеп көру керек, ол дегеніміз — жоғалтуға дайын ақшамен ғана жұмыс істеу.
✔️ Эмоцияны бақылау керек, ол дегеніміз — трейдинг-алаңға келдің бе, барынша сабырлық сақтап, ойланбай әрекет етпеу.

Қысқасы, трейдингке:

– білімсіз, тәжірибесіз, қаржы нарығын түсінбей, тек «тез ақша табу» үшін бармау керек. Эмоцияға ерік беруден аулақ болайық.

www.qsauat.kz
https://t.me/qarzhylyq_sauat


Пәтер сатып аларда сатушының мүлік салығы бойынша қарызы бар-жоғын қалай тексересіз?
Опрос
  •   Пәтердің техникалық паспортына қараймын
  •   Коммуналдық төлем түбіртектерін зерттеймін
  •   Салық комитетінің сайтында сатушының ЖСН арқылы тексеремін
  •   Сатушыдан қолхат жаздырып аламын
84 голосов


Үй сатып аларда иесінің қарызы мойныңызда қалып қоймасын

Krisha.kz порталы осыған қатысты пайдалы мақала жариялаған екен, өте керек дүние болғандықтан, орыс тілінде жарық көрген материалды өз оқырманымызға тәпсірлеп берейік деп шештік.

Мысалы, сіз пәтер сатып алдыңыз делік. Үйіңізді жөндеп қойдыңыз. Кенет жарық өшіп қалады. Ал, үйдің пошта жәшігінде қарыз туралы хат пайда болады. Бұл не сонда? Сөйтсе, бұрынғы меншік иесінің қарызы қалып қойған. Енді оны сіз төлеуіңіз керек. Міне, «осындай жағдайға тап болмау үшін не істеу керек?» деген сұрақтың жауабын білу маңызды. Сол үшін үй сатып аларда мәміле (сделка) жасамас бұрын не нәрсеге назар аудару керектігін айтып көрейік.

1. Коммуналдық қызмет бойынша қарыздарды тексереміз

Тексеретініміз: электр қуаты, су, жылу, газ, қоқыс шығару бойынша төлемдер. Бұның бәрі коммуналдық түбіртекте көрсетіледі.

Қалай және қайдан тексереміз: ең қарапайым жолы — түбіртектерді түгендеп алу. Бірақ ол аздық етуі мүмкін. Қарыз қалмағанына әбден сенімді болу үшін қызмет көрсетуші/жеткізуші компанияларға қоңырау шалуға/баруға болады. Сұрауға болады. Ол үшін пәтердің жеке шот нөмірін білу қажет.

Мұндай тексеріс не береді: егер пәтер атында қарыз қалған болса, оны сатушымен келісіп шешуге болады. Не ол оны өтеп береді, не үй бағасын өтерде шегеріп қаласыз.

Сосын салқын/ыстық су, электр қуаты есептегіштерінде тұрған сандық көрсеткіштерді түбіртектегі деректермен салыстыру маңызды. Есептік құрылғыдағы мәлімет пен қағаздағы мәлімет сәйкесуі керек.

2. КСК/басқарушы компания қызметіне қарыз бар ма — тексереміз

Әрине, ҚР заңнамасына сәйкес, үйді күтіп-ұстауға қатысты қарыздар жаңа меншік иесіне өтпейді. Бірақ сонда да пікір қайшылығынан/дау-жанжалдан аулақ болған дұрыс. Сол кезде КСК немесе басқарушы компаниямен арада келіспеушілік болмайды.

Ең оңай жолы: Тікелей КСК/ОСИ немесе басқарушы компанияға барасыз да, сатушының өтелмеген міндеттемелері бар-жоғын білесіз.

3. Салық қарыздарын тексереміз

Яғни, мүлік салығы төленген бе? Бұл да маңызды. Сосын салық мына объектілерге салынатынын біліп жүріңіз: көп қабатты үй пәтеріне, жер үйге, саяжайға, ғимаратқа, гаражға, автотұрақ орнына, жер учаскесіне.

Әдетте, салық жылына бір рет, шілде айында есептеледі. Төлем 1 қазанға дейін жасалып болуы керек.

Тексеру жолы: ҚР Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында (kgd.gov.kz) «Электрондық сервистер» бөліміне өтесіз де, сатушының ЖСН/ИИН енгізесіз.

Салықты ұдайы тексеріп тұру сатушы үшін де маңызды. Өйткені өтелу керек салық бұрынғы меншік иесіне тиесілі болса да, егер ол уақытында төленбесе, арты өсімпұлға алып келеді. Тіпті, Қазақстаннан шығуға тыйым салынуы да мүмкін.

Сатып алушыға арналған чек-лист

✅ Ерінбей, бәрін өзіңіз тексеріп шығыңыз. Сатушы кей дүниелерді жасырып қалуы мүмкін, қателесуі де мүмкін.
✅ Коммуналдық төлем түбіртектерін талап етіңіз.
✅ Қызмет көрсетуші компаниямен, КСК және салық қызметімен байланысыңыз.
✅ Сатып алу-сату шартында сатушы мәмілеге (сделкаға) дейін барлық қарызды өтеуі міндетті деп көрсетіңіз.
✅ Егер сатушы бас тартатын болса — үйді саудаласқанда жеңілдік жасау жағын келісіп көріңіз.


Осылай ғана біз өзімізді түрлі тәуекелдерден қорғай аламыз. Сақтықта қорлық жоқ деген сол ғой. Өзгенің қарызымен алысып қалғанша, оның алдын алған әлдеқайда жақсы. Жүйке тыныш, қалтаң түгел.

www.qsauat.kz
https://t.me/qarzhylyq_sauat


«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» каналы сауалнама түрінде арагідік тест жүргізіп тұратыны бар. Бұл, әрине, еріккендік емес.

Біз құр жазбай, осында отырған қауымның не біліп жатқанын, біздің жазбаларымызды қаншалықты түсіне алғанын, нәтиже шығара алғанын бағалап көргіміз келеді.

Ол тесттердің бәрі де анонимді түрде өтеді. Яғни, жауапты таңдаған кезде нақты сіздің қалай жауап беріп жатқаныңызды ешкім білмейді. Админ де.

Соңғы тестті қорытындылайық. Сұрақ қойдық: «Шотыңыз бұғатталғаны жөнінде банк атынан SMS келді. Сілтемеге өтіп, деректерді енгізуді сұрайды. Сіз не істейсіз?» деп.

Қатысқандардың 50%-і дұрыс жауапты таңдай білген. Яғни, осындай SMS алған жағдайда өзіңіз қолданатын банктің ресми байланыс (колл-)орталығына хабарласып, білген жөн.

Одан кейін, 42%-і «SMS-ті елемей, өшіре салам» деген жауапты таңдаған. Жалпы, алаяқ көп заманда «елемеу» иммунитеті қалыптасқаны жақсы. Бірақ, дәл осы жағдайда елемей қалдыруға тағы болмайды. Себебі, расында да белгілі бір себептерге байланысты шотыңыз бұғатталып қалды. Әрі қарай себебін біліп, әрекет ету керек қой? Оны анықтап алу керек. Әйтпесе, айлық алатын кезде... өкініп қалуымыз мүмкін.

Қалған екі жауапты 4%-тен таңдаған. Иә, ол екі жауап та ыңғайға келмейтін нұсқа еді. Тест сұрағына жауап бергендер арасында бұрыс нұсқаны таңдаушылардың өте аз болғаны — сіз бен біздің қаржылық сауатымыздың артып келе жатқанын көрсетеді деп марқайып қойсақ та болады.

Әрине, 4% қауымды кінәлаудан аулақпыз. Себебі біздің каналға қосылып жатқан оқырман қарасы өте көп. Ол кісілер де уақыт өте келе бізбен бірге сауат ашып, келешекте дұрыс шешім қабылдап кететініне еш күмәніміз жоқ.

Қатарға енді қосылып жатқан оқырман, біздің алаңға қош келдіңіз! Сіз бұл жерден тек сапалы контент аласыз. Сеніңіз. Сену қиын болса, сұраңыз, пікір жазыңыз, өзге оқырман да біздің сөзімізді қуаттай түсетініне кәміл сенеміз.

Қысқасы, көбейе берейік! Сауатты болайық!

www.qsauat.kz
https://t.me/qarzhylyq_sauat


Мемлекет басшысының өкімімен Ерұлан Кенжебекұлы Жамаубаев Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды.

(с) Ақорда

@qarzhylyq_sauat


Шотыңыз бұғатталғаны жөнінде банк атынан SMS келді. Сілтемеге өтіп, деректерді енгізуді сұрайды. Сіз:
Опрос
  •   Сілтеме арқылы мәліметтерді енгізесіз
  •   Банктің ресми байланыс нөміріне қоңырау шаласыз
  •   SMS-ті елемей өшіре саласыз
  •   Танысыңызға хабарласып, не істеу керегін сұрайсыз
46 голосов


Мемлекеттік борыш: әрқайсымыз шетелге 8 мың доллар қарыз екеніміз рас па?

Ел арасында көптен осындай пікір бар. Ол қаншалықты шындыққа жанасады? Мемлекеттік борыш деген не? Сыртқы қарыз деген не? Мемлекеттер не үшін қарыз алады? Қазақстан сыртқа қанша қарыз? Қарапайым адамға, яғни сіз бен бізге уайымдауға негіз бар ма? Ресми сандарды «сөйлете» отырып, бүгін осы сұрақтарға жауап іздеп көрейік те «$8 000»-ға қатысты әңгімеге нүкте қояйық.

Іргелі БАҚ-тардың өзі, онда істейтін журналистер сыртқы қарыз бен мемлекеттік борыштың аржігін ажырата алмай жатады. Өйткені сыртқы қарыздың ішінде мемлекеттің өз еншісіне келетін қарыздар да бар, сонымен бірге жеке компаниялар алған қарыздар да бар. Оның бәріне МЕМЛЕКЕТ жауап береді деген сөз емес.

Сыртқы қарыз деген не?

Кімнің қанша қарызы бар екенін төменде есептеп көрсетерміз. Қазір осы сұраққа жауап тауып алайық.

Иә, мемлекеттер бір-бірінен қарыз алады. Бұл — әлемдік тәжірибе. Білмеген болсаңыз айтайық, экономикасы дамып кеткен АҚШ пен ЕО да осы тәжірибені қолданады. Яғни, олар да қарыз алады.

Біздің жағдай тұрғысынан баяндасақ, сыртқы қарыз деген — Қазақстанның басқа елдер мен халықаралық ұйымдардан алған қарызы. Ол ақша, займ, несие, облигация, бағалы қарыз қағаздары және басқа да міндеттемелер түрінде болуы мүмкін.

Мемлекеттер не үшін қарыз алады?

Әдетте, мемлекеттер қарызды, мысалы, жол салу секілді басқа да көптеген инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыру үшін алады. Кейде бюджет тапшылығын жабу үшін алады. Осылайша, сыртқы борышқа байланысты операциялар, көбіне, ел экономикасына инвестиция тарту үшін, инфрақұрылымды жақсарту үшін, жаңа жұмыс орындарын ашу үшін және түсетін салық көлемін көбейту үшін жасалады. Бір жағынан қарыз боп келген қаражат елдің әлемдік экономикаға араласуына және өзі өндірген тауарларды жаңа нарықтарға шығаруға көмектесе алады.

Қазақстанның сыртқы борышы неден тұрады?

Біздің елде сыртқы борыш екі бөліктен тұрады: мемлекеттік сектордың борышы (Үкімет пен Ұлттық Банк) және жеке компаниялардың қарызы. Оның құрылымы мынадай:

1. Мемлекеттің сыртқы борышы — Қазақстанның халықаралық ұйымдар мен басқа елдерге берешегі. Ол — елдің жалпы сыртқы борышының шамамен 9,2%-ы.

Мысалы, қазір ресми дерек бойынша, Қазақстанның жалпы сыртқы қарызы — 165 млрд 630 млн доллар. Соның ішінде мемлекеттің борышы — 9,2%. Демек, мемлекеттің бережағы — 15,24 млрд доллар ғана.

2. Жеке сектордың сыртқы борышы — коммерциялық банктер мен басқа да жеке ұйымдардың шетел кредиторларынан алған қарызы. Оның үлесі — 35,5%.

Есебін шығарайық: 165 630 000 000 × 0,355 = 58 млрд 698 млн доллар.

3. Корпоративтік сектордың борышы (фирмааралық берешек) — Қазақстанда жұмыс істейтін шетел корпорацияларының филиалдары мен еншілес компанияларының шетелдегі бас компанияларына берешегі. Бұл қарыз жалпы сыртқы қарыздың 55,3%-ындай болады.

Есебін шығарайық: 165 630 000 000 × 0,553 = 91 млрд 570 млн доллар.

Түйін: «Әр адам бережақ 8000 доллар» қайдан шығып еді? Әрине, 165 млрд жалпы қарызды 20 млн халыққа бөлген. Сол кезде шыққан сома. Әлбетте, мемлекеттің өзінің қарызы 165 млрд емес. Демек, сіз бен біз «шетелге 8 мың доллардан қарызбыз» деген сөз шындыққа жанаспайды.

Айтпақшы, Қазақстанның өзінің сенімді қоры, «қауіпсіздік жастығы» бар. Ол — Ұлттық қордағы қаражат пен алтын-валюта резервтері. Олардың жалпы көлемі сыртқы қарыздан әлдеқайда көп. Солай.

www.qsauat.kz
https://t.me/qarzhylyq_sauat


Қай банк «кредит төлеуді ұмытпа» деп жиі мазалайды?

Әр оқырман өз оқиғасын жаза кетсе. Жауаптарды саралап отырып, алғашқы үштікке енген банктерден оның себеп-салдарын анықтап көрейік. Бәлкім оның да бір сыры бар шығар клиент білуге тиіс.

Жалпы, әр банктің өз ережесі бар. Әрқайсы клиентпен өз бетінше жұмыс жүргізеді. Бұл жерде бәріне ортақ ереже болмауы мүмкін.

Ал, кейбір банктер демалыс күнге қарамай, клиентке қоңырау шалады екен. Кредит төлейтін күн келмесе де бірнеше күн бұрын жиі мазалайтын банктер көп адамның шамына тиетіні даусыз.

Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? Анықтап көрейік. Бірақ, артық эмоциясыз, ойдан ештеңе қоспай, нақты жағдайды баяндап көріңіз. Пікір алаңымыз ашық.

@qarzhylyq_sauat


Смартфондар жаппай бұғатталмайды

Соңғы бір-екі күндікте «телефонның IMEI-коды тексеріледі», «тексеруден өтпеген телефондар бұғатталады» деген сарында ақпарат тарады. Былай қарасаң, елдің бәрін жаппай телефондарын тексеруге үгіттегендей.

Цифрлық даму министрлігі бүгін ресми ақпарат жариялады. Онда 24 наурызда күшіне енетін жаңа ереже тек 24.03.2025 жылдан кейін елге әкелінетін жаңа құрылғыларға ғана қатысты екені айтылған.

Иә, мобильді құрылғылар верификациядан кейін «ақ тізім», «сұр тізім» және «қара тізім» болып үш категорияға бөлінетіні рас. Бірақ, елге жаппай дүрлігудің қажеті жоқ. Осы күнге дейін ресми тіркелген құрылғылардың иесі ештеңе істеуге міндетті емес. Яғни, бұраннан (тіркеліп) қолданып келе жатқан телефоныңыз еш шектеусіз жұмыс істей береді.

Ең бастысы, 24 наурыздан кейін телефон сатып алмас бұрын, оның IMEI-кодын imei.rfs.gov.kz сайтынан тексеріп алған дұрыс. Өйткені елге заңсыз әкелінген құрылғылар көп. Ресми ақпарат бойынша, қазір Қазақстанда IMEI-коды қайталанған 3,7 миллион құрылғы тіркелген екен. Оның бәрі экономикалық және әлеуметтік мәселе туындатады дейді министрлік.

Жаңа ереженің жаңашылдығы — мобильді құрылғылар верификациялау процедурасынан өтеді. Сол кезде:

🔸 құрылғыдағы IMEI-кодтың түпнұсқалығы;
🔸 IMEI-кодтың халықаралық GSMA базасында ұрланған, бұғатталған немесе жоғалған құрылғылар тізімінде бар-жоғы;
🔸 құрылғының Қазақстан аумағына заңды түрде әкелінгені
тексеріледі.

Бұрыннан ресми тізімде бар телефондар автоматты түрде «ақ тізімге» енеді және еш шектеусіз жұмысын жалғастырады.

Ақ тізімде — сәтті верификациядан өткен құрылғылар болады.
Сұр тізімде — уақытша рұқсат етілген құрылғылар болады. Олардың иесі 30 күн ішінде құрылғының заңды түрде әкелінгенін растауға тиіс.
Қара тізімде — заңсыз әкелінген, жалған немесе ұрланған құрылғылар болады. Олар, әрине, бұғатталады.

Шетелден әкелінген құрылғы иелері шекарадан өткен күнді көрсетуі керек. Егер пайдаланушы 30 күн ішінде верификациядан өтпесе, кез келген уақытта телефонға келген сілтеме арқылы анкета толтырып, растау процесін аяқтай алады.

P.S. Айтпақшы, бұл науқанды да алаяқтар өз пайдасына шешіп кетуі мүмкін. «Сіз құрылғының тіркелгенін біз арқылы біле аласыз, ол үшін телефоныңызға келген SMS-кодты айтсаңыз жеткілікті» деп ауызымызды ұрып кетпесін. Сақ боларсыздар, үйдегі және ойда-қырда жүрген жақындарыңызға айта жүрерсіз.

https://t.me/qarzhylyq_sauat


Баламыз не ойнап жүр?

Бала. Смартфон/компьютер. Ойын. Осы үшжақты байланыс, сақтанбасақ, қауіпке айналатын түрі бар. Бірінші қаупі — ойынның түр-түрі барын ескерсек, олардың дені баланың психикасына әсер етіп, азарттық делебені жастай қоздырады. Екінші қаупі — ойындар троян вирустарын таратады және ойыншыдан «ақша сорады». Ақшаға ойнамадым дегеннің өзінде жасырын орнатылып кететін вирусты утилиттер смартфондағы банктік қосымшалардың, электронды пошталардың, аккаунттардың пароль-кодтарын емін-еркін ұрлай алады. Осының бәрі бізге қауіпті. Бүгін кезекті рет ChatGPT-дің көмегіне жүгіндік. «Қандай мобильді ойындар қауіпті?» «Баламызды қандай ойындардан сақтандыруымыз керек?» деп сауал қойдық. Жауабы төменде.

Оның нұсқасы бойынша, ата-ана мына қауіп-қатерге назар аударуы керек:

1. Құмар ойын элементтері және микротранзакциялар
Loot box — жәшік ішінен қандай сыйлық шығатыны белгісіз, сонысымен құмар ойындарға адамның азартын оятады. Келесі кезеңіне өту үшін ақы төлеу — баланы ақша жұмсауға итермелейді. Онлайн-казиноға ұқсас механика — виртуалды ставкалар арқылы тәуелділік (зависимость) қалыптастырады.
📌 Мысалы: Free Fire, Genshin Impact, FIFA Ultimate Team

2. Шектен тыс агрессия мен зорлық-зомбылық
Қан, қатігездік, кісі өлтіру әрекеті көп ойындар — адамның агрессиясын күшейтуі мүмкін. Олар тыйым салынған немесе қылмыстық әрекеттерді насихаттайды.
📌 Мысалы: Mortal Kombat, Call of Duty, GTA, PUBG

3. Психологиялық әсері және тәуелділік
Баланың миына ұзақ әсер ететін әсерлі графика, марапаттау жүйелері — адамады тәуелді ете бастайды. Оның соңы ұйқысыздыққа, зейіннің нашарлауына, агрессияға алып келуі мүмкін.
📌 Мысалы: Candy Crush, Roblox (жекелеген серверлер), Clash of Clans

4. Қауіпті онлайн-қауымдастықтар және кибербуллинг
Бейтаныс адамдармен еркін сөйлесуге мүмкіндік беретін ойындар — алаяқтар мен зиянды контентке жол ашады. Ол жерде ойыншының кибербуллингке ұшырау қаупі жоғары.
📌 Мысалы: Roblox, Among Us, Discord арқылы байланысатын кез келген ойын

5. Шынайы өмірге қауіп төндіретін ойындар
Қауіпті тапсырмаларды орындауға итермелейтін ойындар. Олар, әдетте, шынайы өмірде біреуге зиян келтіруді немесе қауіпті әрекеттерге баруға үгіттеуі (талап етуі) мүмкін.
📌 Мысалы: Blue Whale (Көк кит), Momo Challenge, Jonathan Galindo

Ата-анаға кеңес

✔ Ойындарды зерттеңіз — жас шектеулеріне мән беріңіз.
✔ Баламен ашық сөйлесіңіз — қандай ойындар ойнайтынын талқылаңыз.
✔ Ойнау уақытын бақылаңыз — экран алдында ұзақ отырып қалмауын қадағалаңыз.
✔ Қауіпсіздік баптауларын қолданыңыз — онлайн байланысқа шектеу қойыңыз.
✔ Төлем жүргізуге тыйым салыңыз — балаға ойын үшін ақша жұмсауға рұқсат бермеу үшін пароль орнатыңыз.

Егер баланың мінез-құлқында өзгеріс байқалатын болса (агрессия, ұйқының бұзылуы, ойынға тәуелділік) — көп ұзатпай мамандармен (психолог, педагог) кеңескен жөн.

P.S. Кеше Астанада (лифтте) болған жағдайды көрген/естіген боларсыз. Сұмдық кадрды көрген ел шошып қалды. Әрине, дәл сол оқиғаның компьютерлік ойындарға байланысы жоқ та шығар, бірақ ұсталған жасөспірімнің өзі есепте тұрған бала екен. Қалғанын құзырлы орындар анықтай жатар. Кадрда бала компьютерлік ойындағыдай пышақты еркін және аяусыз сілтейді. Қорқынышты. Осыдан бір айдай уақыт бұрын Астанада тағы бір оқиға болған еді. Тепсе темір үзетін 20 жастағы жігіт «неге түнімен компьютер ойнайсың» деп ескерту жасаған үйіндегі аға-әпкесінің сөзін көтере алмай, аяусыз пышақтап тастады. Агрессия ма? Агрессия. Сондықтан, бұл қауіпті тенденция. Өсіп келе жатқан үйдегі өскіндерге де назар аударып қояйық, халайық. Өзіне де, телефонына да. Ойыннан от шығып жүрмесін...

www.qsauat.kz
https://t.me/qarzhylyq_sauat


Қазақстан заңы криптовалютамен айналысуға рұқсат бере ме? Қандай жағдайда ол қылмыс саналады?

@qarzhylyq_sauat осы тақырыпты кеңінен ашу үшін «Астана» халықаралық қаржы орталығына (АХҚО) бірнеше сауал жолдады. Енді қолға түскен ақпаратты бірге саралап көрелік.

Жауаптан мынаны түсіндік: Қазақстан Республикасында цифрлық активтермен айналысуға тыйым салынбайды. Бірақ заңнамада сіз бен біз ескеруіміз керек бірқатар талап белгіленген.

Біздің елде жеке және заңды тұлғалар цифрлық активтермен жұмыс істегісі келсе, АХҚО алаңына келуі керек. Басқа жерде оған қатысты қызметтің бәрі — заңсыз.

Неге АХҚО? Өйткені ол жерде осы орталықтың арнайы лицензиясын алғандар қызмет көрсетеді. Оларды Цифрлық активтер биржасы дейді. Бұл биржаларға арнайы міндеттер жүктелген.

Өйткені цифрлық активтермен жұмыс кезінде, яғни, сатып алуға, иелік етуге және сол актвитермен операциялар жасауға байланысты процестерде тәуекел (риск) бар. Қазақстан заңнамасы бойынша Цифрлық активтер биржасы өз клиенттерін сол жайында хабардар етуге міндетті.

Қысқасы, АХҚО жанында Қаржылық қызмет көрсетуді реттейтін арнайы комитет бар. Оны «AFSA» деп атайды. Биржалар осының лицензиясымен жұмыс істейді. Олардың тізімі мында:

AFSA реттеуші құм жәшігіндегі (FinTech Lab) цифрлық актив биржалары

AFSA-ның толық лицензиясы бар цифрлық актив биржалары

«Басқаша айтқанда, криптовалюталарды заңды түрде сату үшін азаматтарда барлық мүмкіндік бар, бірақ оны тек АХҚО реттеушісінің лицензиясы бар криптобиржаларда ғана жасауға болады. Өзге алаңдарда сауда-саттық іс жүзінде жасалуы мүмкін, бірақ оған заңды түрде тыйым салынған және теріс салдары болуы мүмкін», - деп ескертеді АХҚО.

Цифрлық активтерді декларацияда көрсету керек пе?

Бұл сұраққа жауап іздеген кезде ҚР Азаматтық кодексіне (115-бап) сәйкес, цифрлық актив мүлік болып саналатынын ескеру керек. Ал, Салық кодексінде құн өсімінен (соның ішінде цифрлық активтерді сату кезінде) түскен пайда табыс саналады деп белгіленген. Демек, цифрлық актив бар болған жағдайда, оларды декларациялау қажет. Ал цифрлық активтерді сатып, пайда көрген кезде азамат жеке табыс салығын төлеуге міндетті.

Криптосауданы үйрену үшін АХҚО азаматтарға қандай көмек ұсына алады?

Біздің бұл сұрағымызға мынадай жауап келді: «АХҚО цифрлық активтерді сатып алу-сату жөнінде оқу өткізбейді. Алайда, лицензиясы бар платформалардың көбінің веб-сайтында цифрлық активтер мен оларға инвестиция салу тәсілдері туралы негізгі ақпарат қамтылған бөлімдер бар.»

Жалпы, бұған дейін де биржаға, соның ішінде қай формамен салық тапсыруға қатысты сұрақ көп түсетін. @qarzhylyq_sauat оны да білмек болып, Мемлекеттік кірістер комитетіне сауал жолдап қойды. Мәліметтер қолға түскен күні осы жерде жариялаймыз.

www.qsauat.kz
https://t.me/qarzhylyq_sauat


Қазақстандағы байлық психологиясы: неге біз бай болудан қорқамыз?

ChatGPT-ге біздің психологиялық мінез-құлқымызды сипаттап көрші деп команда бергем. Былай толғап шықты: Қазақстанда байлыққа деген көзқарас әлі де күрделі әрі қарама-қайшы. Бір жағынан, көп адам бай болуды армандайды, екінші жағынан, бай адамдарға деген сенімсіздік пен стереотиптер бар. Неліктен бұлай?

1. Кеңес дәуірінің мұрасы: «байлық — жаман»

Кеңес заманында бай болу жеке басқа емес, қоғам мүддесіне қайшы келетін нәрсе деп саналды. Бай адамдар «эксплуататор», «алыпсатар» немесе «халықтың еңбегін жегендер» деп сипатталды. Бұл идеология ұрпақтан-ұрпаққа сіңіп, әлі күнге дейін санамызда сақталып отыр.

Қазіргі көрінісі: Жұрт бай адамды көргенде: «бұл ақшаны адал жолмен тапты ма?» деген сұрақ қояды.

2. Байлық пен жемқорлық арасындағы байланыс

Қазақстанда бай адамның билікке жақын болу жиілігі жоғары. Сондықтан кейбір адамдар адал еңбекпен үлкен байлыққа жетуге болатынына сенбейді.

Қазіргі көрінісі: Егер біреу қымбат көлік мінсе, «жемқор шығар» немесе «біреу көмектесті» деген ойлар өздігінен пайда болады.

3. «Өз байлығыңды көрсету — қауіпті» деген ой

Көптеген адамдар өз табысын жасырын ұстауға тырысады, себебі:

🔹 «көз тиеді» деген сенім.
🔹 «көре алмаушылар көп» деген қорқыныш.
🔹 «мемлекет салық салуы мүмкін» деген күдік.

Қазіргі көрінісі: Кейбір кәсіпкерлер үлкен табысқа жеткеннен кейін өздерін қарапайым көрсетіп, байлығын жария етпеуге тырысады.

4. Қоғамдық пікір: байлар — сараң, кедейлер — жомарт

Біздің мәдениетте қолы ашық, көпке көмектесетін адам жақсы көрінеді. Ал бай адам үнемшіл болса, оны «сараң» деп қабылдауы мүмкін.

Қазіргі көрінісі: Бай адамдар қайырымдылық жасаса да, көпшілік оны «өз беделін көтеру үшін жасап жатыр» деп ойлайды.

5. Байлық пен руханият арасындағы қарама-қайшылық

Біреулер «ақша — адамды бұзады» немесе «бай болу — рухани өмірге қайшы» деген ойды ұстанады.

Қазіргі көрінісі: Табысты адамдардың кейбірі өзін ақтап алу үшін:

🔹 «мен бай емеспін, қарапайым адаммын» дейді.
🔹 немесе «бұл өзім үшін емес, балаларым үшін» деп түсіндіреді.

6. Қаржылық сауат деңгейінің төмендігі

Көп адам ақшаны тиімді басқару жолдарын білмейді, сондықтан бай болу деген — тек көп ақша табу деп ойлайды. Бірақ байлықты сақтау мен көбейту үшін:

🔹 қаржыны жоспарлай білу керек,
🔹 инвестициялап үйрену керек,
🔹 кәсіпкер тұрғысынан ойлау керек.

Қазіргі көрінісі: Біреу лотереядан қомақты ақша ұтып алса немесе мұраға байлық қалса, ақшаны тез жұмсап жіберу ықтималдығы жоғары.

Қалай өзгертуге болады?

1. Байлыққа деген көзқарасты өзгерту керек: бай болу жаман немесе қылмыс емес, бұл — еңбек пен дұрыс ойдың да жемісі бола алады.
2. Қаржылық біліміңді көтеру — ақшаны сақтай біліп, көбейту жолдарын үйрену.
3. Стереотиптен арылу — адал жолмен де үлкен табысқа жетуге болатынын түсіну.

Түйін: Қазақстанда байлық туралы сан ғасырлық стереотиптер мен сенім қалыптасқан. Сондықтан көп адам бай болғысы келсе де, одан қорқады немесе ұялады. Бұл көзқарасты өзгерту үшін қаржылық біліміңді көтеріп, табысты адамдарды қолдап, адал кәсіпкерлерге сенім қалыптастыру керек.

ChatGPT осылай деді. Ал, енді Сіздің ойыңызды білейік. Қалай ойлайсыз, Қазақстанда бай болу оңай ма?

www.qsauat.kz
https://t.me/qarzhylyq_sauat


«НДС» мәселесі қайта қаралатын болыпты

Президент отандық бизнес өкілдерімен кездескен еді. Сол жиында Қ. Тоқаев Үкіметке қосымша құн салығы мәселесін тағы да пысықтауды тапсырған.

– Кез келген реформаны жан-жақты сараптап, байыппен жүргізген жөн. Экономика салаларының ерекшеліктерін ескере отырып, түрлі нұсқаларды әзірлеу керек. Қосымша құн салығына қатысты бұған дейін көзқарасымды білдірмеген едім. Өйткені қызметтік дәрежеме сәйкес, менің әрбір сөзім, пікірім қатаң тапсырма сияқты қабылданады. Соған қарамастан бұл мәселе бойынша ойымды жеткізгім келеді. Қалай десек те, қосымша құн салығының мөлшерлемесі сараланып белгіленуге тиіс.

Үкімет түпкілікті шешімді білікті сарапшылардың, қайталап айтамын, білікті сарапшылар мен кәсіпкерлердің, әлбетте депутаттардың пікіріне құлақ аса отырып, нақты есептеулер негізінде қабылдағаны дұрыс.

Бір анығы, Үкіметтің қазіргі ұсынып отырған мөлшерлемесі тым жоғары. Сіздер нақты цифрды айттыңыздар. Оны қоғам қызу талқылады. Тіпті, кей жағдайда артық сөздер де айтылды. Дегенмен, бұл қоғам талқысына алдын ала салынған ұсыныс болатын.

Тағы қайталап айтамын, Үкіметтің бұл бағыттағы жұмысы бизнес, қоғам, кәсіпкерлер, сарапшылардың, яғни барлық тараптың пікірі ескеріле отырып жалғасуы керек. Биыл нақты шешім қабылдануға тиіс. Мен бұған дейін де айттым: Үкімет бұл мәселені депутаттармен және сарапшылармен егжей-тегжейлі талқылауы керек.

Бүгін айтылған ой-пікірлер де ескеріледі. Мемлекетке барынша оңтайлы шешім қажет. Яғни бір жағынан бизнес жүргізуге кедергі келтірмей, қолайлы жағдай жасайтын, ал екінші жағынан, салыққа қатысты тәртіпті күшейтіп, бюджет кірісін арттыратын тиімді жолды табуымыз қажет,
– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

@qarzhylyq_sauat


Орташа жалақы және бақыт деңгейі

📌 Қазақстанда орташа жалақы: 450 000 — 500 000 теңге (2024 жылғы мәлімет бойынша).

📌 Орташа медиандық жалақы (көбіне кездесетін жалақы деңгейі): 250 000 — 300 000 теңге.

«Бақытты өмір сүру» үшін қажет табыс:

• Жалғызбасты адам үшін — 600 000 – 800 000 теңге.
• Отбасы (2 ересек + 1-2 бала) — 1 200 000 — 1 500 000 теңге.

🚨 Егер адамның табысы 300 000 теңгеден төмен болса, ол тек қажеттіліктерді ғана өтейді, қосымша ақша жинауға мүмкіндік азаяды деген сөз.

«Бақытты өмір» үшін не маңызды?

Жалақының көлемі маңызды. Бірақ бақыт тек ақшамен өлшенбейді. Бақытты өмір үшін:

✅ Қаржылық тұрақтылық — қарызсыз, несиеге тәуелді болмау
✅ Жинағыңның болуы — күтпеген жағдайға дайын болу
✅ Жақсы жұмыс/Life balance — табыс үшін отбасы мен денсаулықты құрбан етпеу
✅ Өзіңді дамыту — білім алу, саяхаттау, хоббиге уақыт бөлу.


Қорыта айтқанда: Қазақстанда өмір сүретін бізге қанша табыс жеткілікті?

🔹 Бір адамның жайлы өмір сүруіне — 600 000 — 800 000 теңге.
🔹 Отбасылы адамға — 1,2 — 1,5 млн теңге (4 адамға).
🔹 Егер ақша міндетті шығындардан артылмайтын болса, оның келер жолдарын іздеу керек — қосымша табыс, инвестиция, бизнес.

Енді сізге сұрақ: «Бақытты өмір» сүру үшін Сізге қанша табыс жеткілікті?😊

www.qsauat.kz
https://t.me/qarzhylyq_sauat




Қазақстанда бақытты өмір сүру үшін адамға қанша табыс жеткілікті?

Кенет осы сұраққа жауап іздеп көргіміз келді. Әрине, бұл сұрақтың жауабы адамның өмір салтына, отбасылық жағдайына, яғни тұрмысына, сосын тұратын жеріне (қала/аудан/ауыл) және адамның өзінің жеке қажеттіліктеріне байланысты.

Дегенмен, бізге есеп керек. Сосын статистика керек. Ол, әлбетте, үлкен дерек. Сөйттік те, интернет-кеңістікті тез шарлап, сүзіп шығатын ChatGPT-дің көмегіне жүгініп көрейік деп шештік. Ол, алдымен, ең басты шығындарды есептеп көрейікші деді. Мақұл!

www.qsauat.kz
https://t.me/qarzhylyq_sauat


Бізде де бюджетте шығын көп қой. Бүгін Сенатта төраға Мәулен Әшімбаев осы Илон Масктің ісін мысалға алды.

Сенаторлар Бюджет кодексінің жаңа жобасын талқылаған еді. Сонда Сенат спикері былай деді:

АҚШ-қа көпшіліктің назары ауғаны рас. Соның ішіне жаңа ұйымның не тындыратынын бақылаушылар көп. Олар жаңа министрлік құрды. Үкіметтің тиімділігі жөніндегі министрлік құрамына Илон Маск та кіріп отыр. Бұл ведомство мемлекеттік органдардың бюджетін оңтайландырып, тиімділігін талдайды. Тиімсіз және қажетсіз шығындарды қысқартады. Енді олардың қалай үнемдейтінін бағамдап көрейік. Әрине, бізге өзге елдердің тәжірибесін тура қайталаудың қажеті жоқ, бірақ шығындарымызды қайтсек реттейміз деп ойлану маңызды.

https://t.me/qarzhylyq_sauat


2 миллион шенеунікке жалқаусың деп хат жазып...

The New York Times газетінің Вашингтондағы 6 журналисі бірігіп, Илон Масктің үкіметтегі екі аптадағы жұмысы туралы анализ жазыпты. Үлгілі журналистік жұмыс деуге болады.

Мақала аккаунтында Ақ үйде істейтін анонимді ресурстар да бар, бұрын істеген шенеуніктер де бар. Журналистердің жазуынша, Маск Ақ үйден екі блок жердегі үкімет ғимаратында кеңсе құрып, сонда күні-түні үкімет бюджетінің миллиондаған құжатын ақтарып жатыр екен. Тіпті сонда ұйықтап жүр дейді.

Маск командасы қазына департаментінің төлемдер операциясын бақылайтын құралын иемденіп, қаражат қайда қалай бөлініп жатқанын қарап отыр екен. Федералды билікте істейтін 2 миллион шенеунікке жалқаусың деп хат жазып, жұмыстан өз еркімен кету ұсынысын жіберіпті.

Қаражаттың жұмсалу тиімділігін реттеу үшін жасанды интеллектіні пайдаланып жатыр дейді инсайдерлер. Ал Ақ үйдің артқы есігінен кіріп, Трамптың жиындарына жоспарсыз кіріп кете береді екен.

Бірер күн бұрын USAID жобасын сынап, оның төлемдеріп тоқтатып тастады. Жобаны жабуға Трамп келісіп отыр депті Маск. Миллиардер Твиттерді қалай меншіктесе, үкіметті солай меншіктей бастады дейді инсайдерлер.

Демократтар Масктің Қазына департаментін реттеуді шектейтін заң ұсынып жатыр екен. Бірақ Конгрессте республикалықтар саны басым екенін ескерсек, заң өтпей қалатыны белгілі.

Үкіметтегі шенеуніктер Масктің DOGE департаментінің қызметкерлеріне алыстан тани бастапты. Олар бірдей жейде киеді дейді. Сосын есіктерге DOGE стикерін жабыстырып кетеді екен. Бұл департаментті тексеруге DOGE келді дегенді білдіреді екен.

Авторы: Жолдас Өрісбаев

https://t.me/qarzhylyq_sauat


«Станок қосылсын, ақша басылсын»

Кеше Парламент төрінде қызық ұсыныс айтылды. Депутат Серік Егізбаев «станокты» қосыңдар, ақшаны басыңдар» деп Ұлттық банкке үн қатты. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығымен айналысатын аграрларда ақша жоқ. Егер Ұлттық банк ақша басып шығаратын болса, шаруалар оның орнын өз тауарларымен толықтырар еді дейді мәжілісмен.

Ұлттық банк не дейді?

Бүгін Сенатта тілшілер қауымы қаумалап жүріп Ұлттық банк басышының орынбасарын сөзге тартты. Ақылжан Баймағамбетовтің айтуынша, яғни реттеушінің позициясы бойынша, бұл — тығырықтан шығатын жол емес. Себебі ақша басып шығару тек инфляцияны күшейтеді.

«Бұл — «кедейлерге салынған салық». Ол ең алдымен әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға ауыр тиеді. Олардың табысы құнсызданады. Ал, орта таптағы азаматтардың жинап отырған жинағы құнын жоғалтады. Сондықтан мұндай ұсынысқа жақсылап ойлану керек. Бұл тығырықтан шығатын жол емес», — дейді Ақылжан Баймағамбетов.

Жалпы, біз, қарапайым адамдар ойлуымыз мүмкін, елге (экономикаға) ақша керек, онда неге ол мәселені осылай ақша басып шығарумен шешпеске деп. Иә, бізге ол оңай көрінеді. Станокты қостың, ақшаны бастың, біз енді баймыз. Қолымызда ақша көп...

Білесіз бе, саланың жілігін шағып, майын ішкен кәнігі экономистер мұнымен келіспейді. Өйткені нарықта ақша массасы көбейген сайын оны жұмсайтын да жер табылады. Ақшаны біз көп жұмсаған сайын, тұтына берген сайын нарықта сұраныс күшейеді. Сол кезде бағаға баға қосылады да, инфляция ауыздықсыз қалады. Экономистер сол жағынан қауіптенеді.

Ақша массасы деген не?

Осы тақырыпты ашайықшы деп қаңтар айында Ұлттық банкке сауал жолдағанбыз. Елде айналымда қанша ақша бар? Ақша массасының көп болуы экономикаға несімен қауіпті? Ұлттық банк қандай жағдайда станок қосып ақша басып шығарады, ол үшін өз бетінше шешім қабылдай ма, әлде президенттің рұқсатын ала ма? — деп сұрақтар жібергенбіз. Соған берілген ресми жауапқа сүйене отырып, тақырып қызып тұған шағында қысқаша шолып кетейік.

Тұтас бір елде қанша ақша бар, соның бәрі — ақша массасы. «Масса» сөзі бұл жерде белгілі бір мөлшерді білдіреді. Бірақ ол мөлшер тек қолма-қол ақшаның ғана санын білдірмейді. Айналымдағы қағаздай (монеталай) ақша да, қағазсыз (электрондық) ақша да — ақша массасын құрайды. Мемлекеттің есебіндегі, халықтың қолындағы, заңды тұлғалардың шотындағы ақшалардың бәрі айналымда жүрген ақшалардың өлшемін көрсетеді.

Қазақстанда қанша ақша айналымда жүр?

Ұлттық банк берген ақпаратта былай айтылған: 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша айналымдағы қолма-қол теңгелердің мөлшері — 4,7 трлн теңге. 2024 жылғы осы кезеңдегі жағдаймен салыстырғанда, 15,2%-ға көп.

Ақшаның шаман тыс көп болуы несімен қауіпті?

Экономикада ақша массасы қалай өседі дегенге Ұлттық банк 3 факторды алға тартыпты. Олар — банктер экономиканы кредиттегенде, бюджет тапшы болғанда және сыртқы активтер ұлғайғанда.

Мысалы, елде тауарлар мен қызмет өндірісі бар делік. Олардың өндіріс қарқыны не өседі, не түседі. Ал егер тұтынушы тараптан сұраныс көбейетін болса, онда инфляция күшейеді деген қауіп бар. Бұның кері жағы да жоқ емес. Оны дефляциялық қысым дейді.

«Егер тауарлар мен қызметтердің бағасы жылдан жылға төмендеп, экономика дефляциялық спиральге түссе, экономикалық белсенділік бәсеңдеп, бұрын Жапонияда байқалғандай, пайыздық ставкалар нөлге дейін төмендейді. Мұндай жағдайда ақша массасының өсуі экономика үшін аса қауіпті болмауы мүмкін. Бірақ, бұл сценарий Қазақстан үшін қазір өзекті емес», — деп жазылған жауапта.

Ұлттық банктің ақша басып шығару саясаты қандай?

Инфляциялық таргеттеу режимінде біздің назарымыз ақша көлемін реттеуге емес, оның құнын базалық ставка арқылы реттеуге аударылады, дейді реттеуші.

Әрі қарай былай түсіндіреді: «Базалық ставка — Ұлттық банктің негізгі құралы. Соның күшімен депозит пен кредиттің пайыздық ставкалары қалыптасады. Түптеп келгенде ол инфляциялық процестерге ықпал етеді».

Енді сіздер ақша массасының не екенін, оның шамадан тыс көп болуы несімен қауіпті екенін және елде қанша ақша бар екенін білесіздер.✅

www.qsauat.kz
https://t.me/qarzhylyq_sauat

Показано 20 последних публикаций.