AYATZHAN / Мінез!


Kanal geosi va tili: Qozog‘iston, Qozoqcha
Toifa: Ta’lim


Аятжан Ахметжанұлының мотивациялары

Связанные каналы  |  Похожие каналы

Kanal geosi va tili
Qozog‘iston, Qozoqcha
Statistika
Postlar filtri




​​Мықты жүйе, жоғары сапа оңай жолмен жасалмайды.

РФММ құрылғалы 50 жылдан, БИЛ құрылғалы 30 жылдан, НЗМ құрылғалы 15 жылдан асты.
Үшеуі де мықты мектептер желісі, мықты жүйе. Бірақ, оларды жасаған уақыт, тарих, күш һәм ең маңыздысы үлкен қаржы.

Ал, біздің QAZBILIM жобаларының басталғанына 10 жылдан асқанмен QAZBILIM ұлттық лицейлері ең алғашқысының ашылғанына биыл үшінші жыл. Үш жылда шүкір тап тамаша ұлттық мектеп желісі қалыптасты.

Ең қиыны қаржы әрине. Қаржы болса бұдан да мықты деңгейге көтерілуге мүмкіндік болар еді. Қазірге бар мүмкіндікпен ілгерлеп келеміз.

Биылғы нәтижелер көз қуантып, мықты шабыт беріп жатыр.
Бізді көп жұрт ҰБТ нәтижесімен ғана бағалайды. Жылда 96-97% оқушы грант иегері атанады деп сол бағытқа ғана мән береді деп ойлайды екен.

Жоқ, біз жан-жақты бәріне басымдылық береміз. Сіздерге тамаша екі нәтижемен бөлісе кетейін!

Бірінші. 5-11 сынып Республикалық пән олимпиадасының аудандық / қалалық кезеңінде:
26 оқушы I орын;
51 оқушы II орын;
94 оқушы III орын алса, 21 оқушы алғыс хатпен марапатталды. Бір қаладағы мектебіміз тіке облысқа барады. Жеті мектеп үшін тамаша нәтиже деп ойлаймын. Міне болашақ осылай басталады.

Екінші. Біздің мектептердің бәрінде IELTS міндетті пән, ағылшын мұғалімдерінің бәрінде IELTS сертификаты бар. Біздің бұл нақты талап.

Соның нәтижесінде оқу жылы басталғалы 19 оқушымыз ағылшын тілінен IELTS тапсырып 7,5; 7;
6,5; 6 деген нәтижеге қол жеткізді. Оқушы үшін тамаша ғой, иә?

Бұл оқушыларымыз алдағы күнде Назарбаев университетіне тапсыруға дайындалып жатыр.
Сондай-ақ, бұларға ҰБТ-да 50 балл автоматты түрде қосылады. Бұл біз үшін үлкен жетістік!
Үлкен мерей!

Алдағы уақытта 100-ге жуық оқушымыз IELTS-қа дайындығын күшейтіп, оқу жылы соңына дейін 7+ ке жетеміз деп желпініп отыр.

Шүкір, бұның бәрі менің алтын әріптестерімнің, біздің мықты мұғалімдердің арқасы.

P.S. Үшінші тоқсаннан бастап QAZBILIM ұлттық лицейіне оқуға қабылдау басталды. Келе аласыздар!
Байланыс тел суретте.


Телефон бас.

Бүгінгі оқушылардың ең ауыр жағдайы телефонға кіріп кету. Үзілісте, сәл қолы бос бола қалса телефондағы ойынға кіріп кеткен балаларды көріп шошимын.

Тамақты асығыс іше салып телефонға жүгіреді, сабақ бітер бітпес телефонға кіріп кетеді. Ал, телефондағы ойыннан кейін біраз уақыт баланың зейінін сабаққа аудару өте қиын болады.

Ресми психологтар мен зерттеуші мамандардың тұжырымына сүйенсек, телефонға тәуелділік оқушының зейінін шашыратады, есте сақтау қабілетін нашарлатады, мінезін өзгертеді, адами қарым-қатынасын азайтады, көздің және мидың қалыпты жұмыс істеу қабілетін бұзады.

Зияны өте көп. Бұрын қатты елемейтін едім, қазір тіпті ауырлап кеткен екен.

Өткен айда ата-аналарға телефонсыз мектепке айналайық деген ұсыныс тастап, сауалнама жасадым. 90% + ата-ана екі қолын көтеріп қолдады. 2-3% ата-ана бәрі бір десе, 7-8% ата-ана баласының телефон тәуелдігіне қарсы емес, телефон жинап алуға қарсы.

Сонымен басым көпшілік ата-аналарымыздың қолдауымен, әріптестеріміздің қолдауымен барлық QAZBILIM ұлттық лицейлері ертең 20 желтоқсаннан бастап, телефонды таңда жинап алып, кешке таратып береміз деген шешімге келдік.

Мектепте телефонсыз өмір өткізетін боламыз. Бұл мектептің білім мен тәрбие беру үдерісіне оң әсер етіп, оқушыларға пайдалы болады деп сенемін!

Мектепте телефонға рұқсат бермеу әлемде 25-тен аса мемлекетте бар екен. Оның бәрі дерлік дамыған елдер, білім сапасы жоғары елдер.

Бұл дұрыс қадам деп ойлаймын. Біз де сол қатарға қосылдық!

Енді QAZBILIM ұлттық лицей оқушылары мектептегі өмірін телефонсыз өткізеді.

Сіздер бұл шешімге қалай қарайсыздар?


​​Кеше жаңа білім стандарт жаңалығын сараптауды бастаған едік, жалғастырайық!

Жаңа білім стандартының жаңалығының тағы бірі пәндерді біріктіріп және кіріктіріп оқыту.
Иә, кейбір пәндер біріктіріп оқытуды қарастырып жатыр.

Ыбырай Алтынсарин атындағы білім академиясы вице-президенті Руслан Қаратабановтың сөзіне және құжатқа қарасақ:
Алгебра мен геометрия бірігіп математика болмақ, химия, физика, биология үшеуі қосақталып жаратылыстану пәні аталмақ. Ал, дүниежүзі тарихы және құқық негіздері біріге салып әлеуметтік ғылымдар пәні болады, - дейді. Құжат һәм жауапты тұлға.

Уәж бұл пәндердің бір-бірімен мазмұн жақтан ұқсас. Тіпті бір әдіскер, химия тұнған биология, биология тұнған химия, физиканың іші толған химия деп көсіліпті.
Өзім химик ретінде, 15 жыл мұғалім болып келе жатқан адам ретінде әдіскердің сөзіне тура мағынада шок болдым. Физикадағы қозғалыс не химия ма? Электр тоғы немесе астрономияның химияға қатысын түсінбедім. Биологиядағы қос мекенді, сүт қоректі жануардың дамуы, өсімдік құрылымы қашаннан химия болып кеткен?
Күлкілі һәм сауатсыздық.

Бұлай пәндерді біріктіруге де, кіріктіруге де болмайды! Пән аралық байланыс деген ұғым бұрыннан бар, сол сақталу керек. Ал, бұлар жеке-жеке ғылым, жеке-жеке пән.
Менің түсінбейтінім, онсыз да сапасы сын көтермейтін пәндерді біріктіріп, қоймалжың жасау кімге керек болды?
Ертең ол біріккен пәнді кім береді?
Химия ғылымдарының докторы, педагог-шебер болсам да, биология мен физикадан сабақ бере алмаймын. Білімім жетпейді. Себебі, ол өзінше ғылым. Ал, сонда әмбебап ұстаздарды бұлар қайдан таппақ түсінбедім.

Құқық пен тарихтың да есі дұрыс адам екі түрлі ғылым екенін жақсы біледі. Оны бір-біріне қосу да дәл сол күлкі шақырады.
Бірінші тамақ, екінші тамақ екеуі де тамақ. Бірақ, оларды араластырып ботқа етіп іше алмайсыз ғой?
Қымыз бен шұбат екеуі де сүтті ашытып жасайтын сусын. Бірақ, ешқашан екеуін бірге қосып іше алмайсыз ғой. Ой ұқсайды ғой деп.
Тура солай бір-біріне ұқсайтын жерлері бар екен деп былықтыра беруге болмайды! Бұл құлдырауға алып келеді.

Кешегі постымда мектеп нақты ғылымдарды оқытып, білім базасын қалыптастырудан тіл үйрету орталығына айналып кетейін деп тұр деп едім. Мына кіріктіру сол ойымды тіптен дәлелдей түсті.
Онсыз да біздің білім саласының әлсіз тұсы болған жерді тағы да құлдырату. PISA көрсеткішінде математикалық сауаттылық пен жаратылыстану ғылымдары сауаттылығынан қай деңгейде болғанымызды ешкім ұмыта қоймаған шығар.

Айтпақшы, білім академиясының вице-президенті пәнді қосу қоспау құқы мектептің өзіне беріледі. Қаласа қоссын, қаламаса бөлек оқыта берсін, - дейді өз сөзінде.
Еу айналайындар сонда қосып оқытатын мектептерге бір бағдарлама, бір түрлі оқулық жазып, бөлек оқитындарға бөлек жеке-жеке бағдарлама, жеке-жеке оқулық жазып бересіңдер ме?

Бір бағдарлама, бір оқулықты қатырып реттеп алыңдаршы.
Ертең оқушы бір мектептен бір мектепке ауысса, немесе ҰБТ тапсырғанда оқулықтар арасында, біріктірген, кіріктіргендер арасында шатасып жүрсін бе, әлде?
Айтпақшы, осыдан тура сегіз жыл бұрын Сәрінжіпов – Сағадиев жаңартылған бағдарлама тұсында бейнелеу өнері мен еңбекке баулу бірігіп көркем еңбек аталған. Оның қате екеніне көзі жетіп енді қайтадан бейнелеу өнері мен көркем еңбек пәніне бөлді.
Бір қосып, келесіде қате екен деп қайта бөлеміз бе? Бюджет қой, игеру керек. Басқа сөзім жоқ.

Айтпақшы, айранды ұйымасын десең шайқай бер, шайқай бер, - дейтін тәмсіл бар. Бағдарлама мен оқулықты да сол айранша шайқай бер, сол кезде білім саласының көсегесі ешқашан көгермейді.
Бұлардыкі де сол тірлік. Ал, мен үнсіз қалмау үшін айттым. Тыңдау тыңдамау солардың құзырында. Тыңдайтынына күмәнім бар, әрине!

Жалғасы бар...


​​Байтал түгіл, бас қайғы дейтін бе еді. Сол айтпақшы, қат-қабат тірліктермен, QAZBILIM ұлттық лицейінің дамуы деп жүріп көптен бері білім саласындағы қабылданып жатқан шешімдер туралы жазуға шамам келмей кетті. Бірақ, сарапшы ретінде, білімнің, мектептің жанашыры ретінде кейбір шешімдерге ойымызды айтпасақ болмас. Ең алдымен азаматтығымызға сын. Екіншіден, ондай жобалар қабылданып кетсе, еліміздің білім саласының тұралауына алып келуі мүмкін.

1. Өзгертулердің бір бөлігі білім беру ұйымдарында тіл оқыту мәселесіне қатысты. Атап айтқанда, "Үш тілде білім беру" термині "көп тілді" білім берумен ауыстырылған.
"Көп тілді білім беру тілдерді кезең-кезеңімен немесе қатарынан бірнеше тілді оқыту негізінде: 1) мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін, орыс және шетел тілдерін деңгейлік меңгеру; 2) қазақ, орыс және шетел тілдерінде сабақтан тыс іс-шаралар ұйымдастыру арқылы жүзеге асырылады", – делінген жаңа мазмұнда.

Мектеп - ол базалық білім беретін жер. Қазірдің өзінде біздің мектептерде үш тіл, екі әдебиет оқытылады. Бұның сағат сандары мектептегі жүктеменің 40% -нан асады.

Сонда, басқа жаратылыстық және гуманитарлық білім негіздері, өнер және дене шынықтыру секілді пәндер жалпы 60%-ға жетпейді.
Кезінде бір мақаламда: біздің елдегі мектептер мектеп емес, тіл үйрету орталығына ұқсайды деп көрсеткен едім. Енді үш тілдің орнына көп тіл кірсе, онда мектептерді тіл үйрету орталығы деп өзгерте салу керек шығар.

Біріншіден, адамдардың тіл үйренуі өзінің қабілетіне және қызығушылығына қарай өз жеке шаруасы. Неше тіл үйренсе де әр адам өзі шешіп, өз мүмкіндіктерімен үйрену керек. Мемлекекет жұрттың тіл үйренуіне емес, базалық білім алуына жағдай жасау қажет.

Екіншіден, ең алдымен басымдылық математика, химия, физика, биология, география, информатика, Қазақстан және дүниежүзі тарихының базалық білімін бейіміне қарай тереңдете үйрету керек.
Өнер және спорт (денсаулығы үшін) бағытына да мән беру қажет.
Мектеп тек тіл үйрететін орталыққа айналмаған дұрыс.
Тіл қоғамдық құблыс, үйренгісі, дамытқысы келген адам кез келген жаста, кез келген уақытта тырысып үйренеді ниет болса…

Үшіншіден. Мектепке екі тіл (мемлекеттік тіл - қазақ тілі және шет тіл ретінде ағылшын тілі) сапалы үйретілу керек. Жалғыз әдебиет жеткілікті оның мазмұнына қазақ қаламгерлері және әлем классиктерінің қазақшаға аудармасы толық қамтылса, қазақ тілінде оқытылса жеткілкті.
Балаларға көп үйретем деп, асығып шала-шарпы үйретуден, аз да болса, анықтап нық үйрету абзал,- дейді ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы. Иә, біз қазір мектепте бәрін әкеп тықпалаймыз деп бәрін шала үйретіп, мектепте бала өзінің кім екенін білмей кетті.

Мектеп білім базасын қалыптастыратын орын екенін, сол бағытты ұстау керек екенін ескеру қажет.

Көп тіл деп ертең қазақ, орыс, ағылшын, неміс, француз, қытай, жапон деп бұрқыратып, факультативтерді кіргізіп, тек ақша игерлетін сапасыз, сағаттарды көбейте ме деген алаң.
Ешкім өтіп қарық қылмайтын, бірақ, төленетін сағаттар біраз жерде көп онсыз да, оның саны артқанынан пайда жоқ.
Оның үстіне мектептегі қаптаған тілдің көлеңкесі ең алдымен қазақ тіліне келіп тиетіні ақиқат.
Жалғасы бар...

Келесі шешімдер келесі постта.


Бұл не деген бақыт!
Бұл не деген қуаныш!

Тәуелсіздік мерекесінде "Тәуелсіз елім тірегім" атты II Республикалық жас өнерпаздар арасындағы өнер байқауы "АСПАПТА ОЙНАУ" жанры бойынша бас жүлдені QAZBILIM Алматы ұлттық лицейінің "Сарын әнсәмбілі" жеңіп алды!

Бас жүлдені алып Дубай қаласында өтетін халықаралық жарысқа жолдама алды!😍😍😍

Жетекшісі ұлттық мектептің ұлттық музыуа мұғалімі Еркінбек Мамырханұлы ағайымыз!

Керемеет, иә!

Ұлттық мектептеріміз осылай жарқырайды!
Осылай нағыз ұлттық мектептер желісіне айналады!

Қуаныштан толқып тұрмын!
Құттықтап қойыңыздар!
Балалардың өнерін тамашалаңыздар!


​​Ұлтымыздың төл мерекесі, қазақ үшін қасиетті күн тәуелсіздік күні құтты болсын!

33 жылды артқа тастаған қасиетті құндылық қазақ ұлтына өте үлкен мүмкіндіктер берді. Тарих ағысында жаңа бір серпінмен түлеуге, дамуға ерікіндіктен асқан құндылық болмақ емес.

33 жыл!
Аз да көп те уақыт емес. Біздің ендігі бағытымыз елдің ғылым, білім, ақпараттық, экономикалық бағыттарда шынайы тәуелсіздігімізді орнықтыруға жұмсалуы керек. Ол бір ғана адамның емес баршамызға аса үлкен жауапкершілік!

Тәуелсіздік елге көп нәрсе берді! Көк туымыз желбіреп, шекараны белгілеп, әлемге отар емес, тәуелсіз ел ретінде танылдық. Қазағымыз көбейіп, қазақтығымыз артты.

Енді әрбіріміз өз жауапкершілігімізді толық ада ете алсақ, онда елдің ертеңі туралы тәуелсіздіктің 50 жылдығындағы, ғасыр тойындағы елдің деңгейін елестеуге болар еді.

Иә. Ұлттың ұлы мерекесі, еліміздің басты құндылығы тәуелсіздік баршамызға құтты болсын!
Жер бетін аттың тұяғымен дүбірлетіп, әлемге өз әлінше айбат шеккен бабаларымыздың рухын берсін!

Тәуелсіз елдің еркін ойлы ұрпақтарын өсіріп жетілдіріп, ел ертеңі үшін еңбек ете берейік!

Мереке құтты болсын!
Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы болсын!
Аятжан Ахметжанұлы




​​Отан! Отан!
Бәрінен биік екен.
Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем.
Отанды сүймеуің де күйік екен,
Отанды сүйгенің де күйік екен...

Иә, тәуелсіздік мерекесі менің үшін бәрінен бәсі биік, бағасы батпан.
Тәуелсіздік мерекесі елдің ең басты мерекесі болмағы керек.
Не бәрі бес күн қалса да, көп жерде тәуелсіздіктің иісі де сезілмейді. Жан жағымыз әдеттегідей жасыл шырша, шырша, шырша!

Сол баяғыша ұмыт қалдыра береміз. Бұл тіпті көңілге кірбең түсіріп, жүрекке жүк артады.
Қазақтың арғы бергі тарихында желтоқсан айы тағдырлы шешімдер мен тарихи бетбұрыстар кезеңі. Желтоқсанда Алаш үкіметінің құрылуы, 16 желтоқсан көтерілісі, тәуелсіздік күні. Бәрі де бір-бір ұлы мереке қазақ үшін, ұлы күн!

Сол үшін QAZBILIM ұлттық лицейлерінде желтоқсанның алғашқы екі аптасы тарихи іс шараларға толы болады. Мереке алдында арнайы қорытынды жасаймыз!
2 желтоқсаннан бері күнделікті іс шараларымыз тұрақты жүріп жатыр. 13 күні кешкі дастарқанымызды жазып, тәуелсіздікке тәу етіп тойлаймыз.

Басқа мереке тойланбаса тойланбасын, тәуелсіздік ұрпақтың санасына жетуі керек.
Ел мен жердің бағасы, қазақтың бақыты ол тәуелсіздік!
Бүгінгі ұрпаққа қадірін түсіндірмесек, ертеңгі тарихымыз бұлдыр болады. Әр балаға тәуелсіздіктің құны мен құдіретін сездіру баршамызға міндет деп ойлаймын.

Ал, бізде шырша дәстүрі мүлде жоқ. Жаңа жыл отбасылық мереке боп әр кім өз бетінше тойлай берсін. Біздің балалар қиылған шыршаның емес, желбіреген көк тудың қадірін түсінбегі қажет.
Бұл ұлттық мектебіміздің басты ұстанымдарының бірі!


​​Дәл қазіргі таңда елімізде 730-дан аса жекеменшік мектеп бар.
Ол мектептерде 300 мыңға жуық оқушы білім алады.
50 мыңға жуық педагог кадр жұмыс істейді.

Еліміздегі мектеп тапшылығы мен білім сапасындағы сұрақтар туралы ойлансақ бұл мектептердің маңызы аса зор. Себебі, елімізде 150-ге жуық үш ауысымды, 250-ге жуық апатты мектеп бар. Ал, білім сапасы артуы үшін барлық мектептің бір ауысымды болуы, сыныптағы оқушы санының шектеулі болуы аса маңызға ие.
Жекеменшік мектептердің дамуы білім саласындағы бәсекені қамтамасыз етіп, еліміздің болашағына, дамуына зор үлесі болатыны анық.
Жекеменшік мектептердің білім саласына оң әсерін беріп жатқанын соңғы жылдары көзіміз көрді десек болады.

Бірақ, жақсы жүйеге түсіп келе жатқан жекеменшік білім беру саласы өткен жылы 2023 жылы қарашадан бері қатты қиналып кетті.
Неге? Себебі, оқу ағарту министрлігі жекеменшік мектептер алдындағы өз міндеттемелерін мүлде уақтылы орындап жатқан жоқ.

Жекеменшік мектептерді мемлекеттік мектептерден бөліп қарау ең үлкен қателік болады. Жекеменшік мектептегі бала сол меншік иелерінің балалары емес, ол халықтың баласы.
Жекеменшік мектептерде істейтін 50 мың педагог ол осы еліміздің азаматы, педагогтары.
Бірақ, мемлекеттік құрылымның қателігінен неге ондағы ұстаздар мен оқушылар қиналып, кәсіпкерлер тығырыққа тірелуі қажет?

Нақтырақ айтқанда, өткен қарашадан бері оқу ағарту министрлігіне қарасты «қаржы орталығы» АҚ өздерінің жекеменшік мектептермен болған келісім шарттарының орындалуын мүлде жүйесіз етті. Соның кесірінен бүкіл жекеменшік мектептердегі ұстаздар әлі қараша айының жалақысын ала алмай отыр.

Иә, оған кәсіпкердің өзін кінәлай салуға болады. Бірақ, мемлекеттік жекеменшік серіктестік ретінде мемлекет қолдауы заң бойынша бар. Оны президентіміз өзі бекіткен, заңдық норма бар.
Бірақ, орындамай отырған жоспарлау мен атқаруды іске асыра алмай отырған оқу ағарту министрлігі және оған қарасты қаржы орталығы.
Бұл еліміздің білім саласына жасалған ауыр соққы деп ойлаймын. Бұндай қарым-қатынастан кейін жекеменшік мектептерді күйретеміз. Ал, ондай жағдай болса, онда еліміз үш ауысымды мектептерден ешқашан құтылмайды!

Бұны ойлайтын жан бар ма?
Білмедім!


​​Осыдан тура 10 жыл бұрынғы фото екен.
Кезекті олимпиадаға аттанғалы тұрғсн шәкірттеріме батамды беріп, естелік сурет жасап тұрған кезім екен.

2010-2017 жылдар арасында пәндік олимпиаданың азартына қатты кірдім. Таңнан кешке дейін, сенбі-жексенбіге қарамай, күн суық күндері сабақ болмай қалғанына қарамай олимпиадаға дайындалатын ек.

Аудандықтан қалалыққа, қалалықтан республикалыққа, одан халықаралыққа деп дайындалып біраз биікті бағындырдық. Өзімнің ұстаздық кезімнің ең ыстық кезеңі еді. Ол кезде мұғалім статусы да қазіргіден төмен, жалақы апталық 36 сағат (2 ставка) жүктемемен 95-98 мың теңге алатын, бірақ, айына 120 мың теңгеге пәтер жалдап жүретін қызық кезең еді.

Бірақ, ниет сұмдық еді, фанат едім. Сол кезеңнің пайдасында өзім университетте алмаған біраз білімді шәкірттерімді дайындап жүріп алдым. Қазір басшылық пен экономикалық шаруаьардың арасында жүріп сол кезеңімді қатты сағынам.

Шәкірттерімнің алды PhD ді менен бір жыл бұрын алып үлгерді. Шетелде мықты топ университетте білім алып жүргендері, жақсы ғалым болған біразы бар. Көбі дәрігер.

Қазір дәл сол кезеңдегідей (шөп жұлу, бос концерт залды толтыру, кәбинет римонттау секілді) заңсыз тірліктер жоғалды. Білім саласында бәсекелестік артты. Мұғалім беделі де, жалақысы да көтерілді. Шығармашылық мүмкіндіктер артты.

Бірақ, дәл сондай кезеңдегі фанаттық, ұстаздық жанкештілік, ұстаздық құндылықтар әлсірей бастады ма, - деп ойлаймын. Қазіргі кезде мектепте дәл сондай болса елестетудің өзі қиын.

Сіз қалай ойлайсыз?
Соңғы 10 жылда білім саласы қалай өзгеріп барады?

P.S. Мына фотоға қарап отырып сағындым сол 28 дегі жас кезді)).


​​Ұлттық мектепті дамытуға инвестиция іздеймін!

QAZBILIM жобалары 10 жылда біраз белесті бағындырды. Бүгінде республика деңгейінде нәтижелі 9 ұлттық лицей, білім беру орталықтары жүйелі жұмысын жалғастыруда. Бүгінге дейін тек қазақ тілінде 230-дан астам оқу-әдістемелік құралдарын жарыққа шығардық. Онлайн платформалары да жұмыс істеп тұр.

Осы деңгейге ешқандай инвестициясыз, демеушісіз командамыздың қажырлы еңбегінің, бірлігі мен біліктілігінің нәтижесінде жеттік. Бірақ, ұлттық мектептерді дамытып, бәсекеге қабілетті етіп, нақты біз ойлаған межемізге жету үшін көлемді инвестиция керек деген шешімге келдім. Сондықтан, бірлесе жұмыс істейтін, білім саласындағы ұлттың болашағына әсер ететін осындай өміршең жобамызға инвестор іздеп жатырмын. Демеуші боламын дегендерге де қарсылық жоқ.

QAZBILIM ұлттық лицейлер желісінің дамуы, ұлттық мектептердің дамуы, әдістемелік базасының жетілуі бәрі де қаржысыз мүмкін емес. Өз күшімізбен қаржымен арпалысып жүрсек өзге проблемалар туындауы мүмкін. Менің жұмысым да, мақсатым да білім сапасы, тәрбие үдерісін дамытып, жүйелік жұмыстармен айналысу еді. Бірақ, шыны керек кейде экономикалық мәселелермен айналысып кетіп, жүйке шаршайды екен.

Сондықтан, бір секіріп, ұлттық мектепті дамытуға инвестор іздеймін. Демеуші іздеймін. Кез келген ниетті жандармен кездесіп талқылауға ниеттімін.

P.S. Доллар 526-ға кетіп жатқанда, қаржыларыңызды осындай сауапты да, пайдалы тірлікке салыңыздар. Екі дүниеде қайырлы.

QAZBILIM GROUP компаниясы басқарма төрағасы Аятжан Ахметжанұлы.
Тел. 87029318008.


​​QAZBILIM жобаларының ең үлкен бағытының бірі - QAZBILIM кітаптары.

QAZBILIM баспасы жұмыс жасағаннан бері тек қазақ тіліндегі 220-дан аса оқу-әдістемелік құралдарын шығардық.
Оның басты бағыттары:
1. Назарбаев зияткерлік мектептеріне түсу емтихандарына арналған кітаптар;
2. ҰБТ-ға арналған кешенді оқу-әдістемелік құралдар;
3. Пәндік олимпиадаға арналған оқу-әдістемелік құралдар;
4. Бастауыш және күнделікті сабақтарды тереңдете оқытуға байланысты оқу-әдістемелік құралдар.
Осы бағыттарда біздің кітаптарды еліміздің түкпір-түкпіріндегі оқушылар мен әріптестер қолданып келеді.

Қазір кейбір жекеменшік мектептер де біздің кітаптармен оқытып, біздің оқу-әдістемелік құралдарды пайдалануға көшті. Неге? Себебі, сапасы үшін. Нәтижеге жеткен бағдарламамен жүйелі кітаптар болғаны үшін.

Біз мүмкіндік болса алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстарымызды дамыта түсуді қолға алуды жоспарлап отырмыз. Басты мақсат қазақ тіліндегі оқу-әдістемелік құралдардың саны мен сапасын арттыру.

Құрметті достар, біздің кітаптарды Kaspi.kz дүкенінен ала аласыздар. Немесе + 7 776 431 80 08 нөмірінен тапсырыс бере аласыздар.


​Бесінші күн Алматыда жүрмін. Ауа райы, тауы әдемі ғой. Жаз секілді жайнап, тауға барып сергіп алуға болады.

Бірақ, жүрісім қыдыру емес, QAZBILIM ұлттық лицейіндегі оқушылардың білімі, тәрбиесі, мектептердің дамуы туралы бітпес тірліктің қамы.

Біраз кездесулер жасап, бірімен ақылдасып, бірімен келісім, бірімен керісіп дегендей әйтеу ұлттық мектптерді дамытсақ деген мақсат.

QAZBILIM ұлттық лицейлерін бұрын оқушы келіп кетіп, ауыс түйіс азырақ болсын деп жылдық төлеммен қабылдайтынбыз. Бірақ, ол көптеген ата-аналарға ауыр тиеді екен. Сондықтан, осы айдан бастап айына төлем жүйесін қостық. Енді айына төлеп оқи аласыздар. Бұл ата-аналар үшін тамаша мүмкіндік деп ойлаймын!

Шүкір мектептердің жүйесі қалыптасты. Өткен оқу жылындағы нәтижені бұған дейін жариялағам. Биылғы нәтиже одан да күшті басталып жатыр. Ұжым жанып тұр, менің алтын әріптестерім барын салып жатыр. Бәрі жауапкершілікті сезінеді, ұлттық мектеп салмағын түсінеді.

Ал, менің тірлгім сол ұжымның қамы. Иә. 500 ге жуық адамның айлығын тауып, керегін реттеп беру оңай емес, біраз жүйкеге салмақ. Бірақ, оларды алаңсыз ететін күйге жеткізуім керек. Себебі, білім сапасы мұғалім сапасынан биік болмайды. Ал, мықты мұғалім алаңсыз бала тәрбиелеумен айналысу қажет.

Алдағы апта барлық QAZBILIM ұлттық лицейлерінде ашық есік күндері өтеді. 26-28 қараша күндері кез келген ата-ана балаларының сабағына кеп қатыса алады. Мұғалімдермен және мектеп әкімшілігімен балалардың жағдайын, білім беру үдерісін талқылай алады.

Баласын әкелуді ойлап жүрген адамдар да келіп барлық сұрағына жауап ала алады.

Сіз балаңыздың сабағына қатысар ма едіңіз?

Сіз мектепке үнемі қандай мақсатта барасыз?

Проблема туындағанда ғана барасыз ба, әлде бірлікте дамыту үшін барасыз ба?

Барша қазіргі және болашақ ата-аналар біз сіздерді күтеміз!
Есігіміз баршаңызға ашық!


​​Кəрі ағашпен диалог

Көңіліме өзгеше шер байланып,
Келем тауда өзімше өр ойланып.
Күлемін кейде, мырс етем себепсіз,
Жабығам кейде өзімнен кері айналып…

Аңызақ жел, сұрқысыз, түсініксіз,
Ішкі əлемім белгісіз, бір тынышсыз.
Аласапыран санамды арқалап ап,
Сенделем аласұра бір тұғырсыз…

Тауға қарай беттемекке əл керек,
Аяғыңнан тартып жатар əр бөгет.
Бір тыныстап алмаққа кеп отырдым,
Құлап жатқан үстіне кеп нəн терек…

Отырдымда, «уа, кесілген нəн ағаш,
Деп сұрадым мұңымды айтып аралас.
Мына алып денеңменен дәрменсіз,
Сенің күйсіз құлағаның жарамас…

Сөйлеп кетті кенет ағаш күрсініп,
Менде кеше болған едім бір шыбық.
Жапырағымды шартарапқа жайқалтып,
Менде өмір сүрген едім құлшынып…

Жаңбырменен күн шуаққа мас болып,
Рахаттана ғұмыр кештім жас болып.
Тамырымды жая түскім келетін,
Табан астым жатсадағы тас болып.

Дей алмадым ешкімге мен о, сатқын,
Тас атқанға нәрімді мен асаттым.
Тамырымды кесіп кеткен талайға,
Жапырағымнан самалдық мен жасаппын.

Уақыт өтті, бойымда менің нəр бітті,
Тамырымды буып тастар алжытты.
Бүгін менің үстіме өнген талай шөп,
Кеше талай тамырмнан бал жұтты.

Е, дүниенің екі аяқты қожасы,
Ақылымды тыңда менің зер салып.
Менің ғана өмірімнің олжасы,
Арманым жоқ кетсем егер бере алып…

Тас бар жерде бой көтерме ардақтым,
Бір күн келіп тамырыңды тас байлар.
Тасжүрекке ізгілікке бармассың,
Аяғыңнан шалуды ол баса ойлар…

Өз ісіңнен өкініш зарын ішесің,
Сенде менің күйіме кеп түсесің.
Жемісі көп алма ағашта шіриді,
Болса да тек Иранбақта пісетін…

Ары қарай тыңдауға жүрек жетпеді,
Санамнан көп сатқындықтар кетпеді,
Қара орманның арасында нəн ағаш,
Жетпеген соң құлап жатыр оттегі…

Ағашқа қарап құри берді мағдұрым,
Секілденіп бейне менің тағдырым,
Сөйлейді екен ағаштар да, əттең-ай,
Жеткізе алмай жатады екен бағзы үнін…
Қор болып өтпесе екен аз күнім…

Аятжан Ахметжанұлы
2016 жылы сәуір.


​​ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТУ ФОРМУЛАСЫ ( 6 бөлім)

Жетістікке жету – адам баласына шабыт береді, жетістікке жеткен адамда мотивация да, ерік-жігер де жетерлік болады. Бірақ, жетістік қайдан келеді?
Бірде бір ғұламаға шәкірті дәл осы сұрақты қойса керек.
- Ұстаз, табыс қайда жасырынған? – дейді.
Сонда ұстазы:
- Табыс сенің сүрінген жеріңе жасырынған, – деген екен.
Ал, мұны атам қазақ «Ат сүрінбей жер танымас, ер сүрінбей ел танымас» дейді. Жалпы қателесу - ағаштағы қураған бұтақты кесу сияқты, егер сабақ ала білсек, табысқа жетудің басты кепілі. “Жеңіліс – жеңістің анасы” дейді мұндайды біздің жұрт.

Кім талпынбайды, кім сүрінбейді? Мәселе сүрінуде де, басқада да емес, мәселе әр нәрседен сабақ алу, әр істі өз жетістігіңе пайдалана білу. Мұны қазақ «көре көре көсем болар, сөйлей сөйлер шешен болар» дейді.
“Ащының дәмін татқан білер,
Алыстың мәнін жортқан білер”, - дегендей, ашпаса көрмей, айтпаса білмей жүре берсеңіз, табыстың сізде несі бар?! Шынымен табысқа жету басты мақсатыңыз болса, сүрінуден де, қателесуден де қорықпаңыз, әр қателіктен сабақ ала біліңіз. Әлемде ғалымдардың сан мәрте қателессе де қайтпаған ерліктерін білерсіз, мысалы, Мария Кюридің сынақты әлденеше жүз рет қайталағаны, тіпті жарылыстан құлағы естімей қалса да, шегінбегенін білерсіз. Кәдімгі біз қолданатын шамды (лампочка) ойлап тапқан Эдисон 10 000 рет қателесіп, тек соңында ғана шамды сәтті жасаған, оның табысқа жетуінің басты шарты – әр қателігін келесісінде дұрыстап отыруы.

Мүмкіндікке толы ғұмырда кез келген мүмкіндікті өз пайдаңызға жарата біліңіз. Алма бақта жүргенде кімнің басына алма құламады дейсіз, бақташының басына күнде әлденеше рет алма құлайды, бірақ, алма құлағанның бәрі бүкіл әлемдік тартылыс заңын ашқан Ньютон болған жоқ. Архимедтен бұрын ешкім ваннаға суға түспеді дейсіз бе? Сол сынаманы берген хан да күнде түседі, бірақ, судың көтерілуін пайдасына асырған Архимед қана өз мақсатына жетті. Дәл осындай, әркім байқай бермейтін мүмкіндікті байқаған адам ғана табыстың шыңына шығады.

Сіз өмірде қаншалық сергексіз? Қателесуден қорқасыз ба, әлде қателік жасағанды жақсы көресіз бе?

Жапонияда сынақ мерзімге жұмысқа алған қызметкер қателік өткізбесе, жұмысқа алынбайды екен, себебі, қателікті тек жұмыс істемеген адам ғана жасамайды. Тек тапсырмамен жұмыс істейтін адам табысқа жетпейді. «Қошқар мен текедегі» текеше айтсақ, «кім тәуекел етпейді, сол табысқа жетпейді».

Сіз тәуекелшілсіз бе? Тәуекел жасап, сәттілікке жеткен кезіңіз көп пе, әлде сәтсіздікке ұшыраған сәтіңіз көп пе? Сәтсіздігіңізді, яғни, жеңілісіңізді жеңіске айналдырып көрдіңіз бе?

QAZBILIM GROUP компаниясы басқарма төрағасы Аятжан Ахметжанұлы


​​Құрметті баспагерлер, достар, ата-аналар, ұлттық мектептің жанашырлары!

Адамды адам еткен- кітап, адамзат еткен-кітапхана, - дейді Әбіш Кекілбаев.
Мен үшін мектептегі ең жайлы, оқушы мен мұғалім үшін ең қолайлы орта кітапхана болу керек деп ойлаймын. Кемелді мектептің іші жартылай кітапхана, жартылай мұражай секілді жасалса деп армандаймын. Бұл баланың рухани өресін дамытуға, ізгілікке ұмтылдыруға керемет мүмкіндік болар еді деп ойлаймын.

Сондықтан да, мектебімізде жыл сайын осы бір дәстүрлі шарамызды өткіземіз. Биыл да өткізгелі отырмыз.
Ұлттық мектептің қалыптасуы мен дамуына аз да болса үлес болар еді. Ұлттық мектептің балаларының көз аясын кеңейтуге мүмкіндік болар еді.

Сіздерден QAZBILIM ұлттық лицейлері желісінде 15-25 қараша күндері арасында өткізіліп жатқан ұлттық мектепке кітап сыйла акциясына қолдау білдіруге шақырамын!

Қазақ және ағылшын тіліндегі ғылыми әдебиеттер, көркем әдебиеттер, тарихи танымдық әдебиеттер тағы басқа баланың көкжиегін кеңейтуге бағытталған кітаптарды қабылдаймыз!
Қазақ әдебиетінің бай туындыларын сыйласаңыз қуанып қаламыз!
Оқушы мен ұстаз оқуға тиісті туындылар болса қуана қарсы аламыз!

Құрметпен:
QAZBILIM ұлттық лицейлер желісі жетекшісі Аятжан Ахметжанұлы.


​​Өткенде Shyńǵys Muqan аға: “Coffee Book-ті" жауып жатырмын. Өзін-өзі ақтамай, сақтап қалуға мүмкіндік болмады" деген кезде қатты өкінген едім. "Әдемі жоба, ұлтты интеллектуалды дамытуға жетелейтін жоба өмір сүргені дұрыс еді" деп өкіндім.
Ал бүгін университет қабырғасынан ашылғанын көріп, қуанып қалдым.

Иә, бизнестің шарты да, ойыны да – әділетсіз. Оған эмоция да, патриоттық та, ұлтшылдық та, адамгершілік те қас. Өз ережесімен ойнамасаң, өз ережесіне бағынбасаң, құрдымға жібере салады. Оның арты – тығырық.

Бизнес жетекшілері: "бизнес жасауда бірінші мақсатың – экономикаңды реттеу болмаса, экономикаңды дұрыс басқармасаң, тиімділігін арттырмасаң ұзаққа бармайсың", – дейді.

Иә, ұлттық мектептер желісін қалыптастырам, QAZBILIM-ді бизнестік жоба емес, әлеуметтік жоба етемін деп, барымды салып, 10 жылға жуық үздіксіз 365 күн, 24/7 барымды салдым.

Әсірелеу секілді көрінер. Бірақ соңғы үш жыл тіпті өз-өзімді қатты ұрып жібердім. Соңғы 1,5 жылда өте ауыр күйде жүрмін. Өмірімдегі өте үлкен құрбандықтар да болды. Денсаулық та ойланта бастады. Кейде қолыңды бір сілтегің келеді. "Жоқ, мақсатқа жетпей тынбау керек!" деп, қайтадан арпалысасың. Жігерің мұқалады.

Неге?
Себебі аренда үшін, коммуналдық төлемдер мен мемлекетке төлейтін салық үшін жұмыс істейсің. Қаланың мектепке сай ғимаратының арендасы 12 айда бүкіл кірісіңді қағады. Тентіретіп жібереді.

Оқу ақысын сәл көтерсең, ата-ананың қолы жетпейді. Оқығысы келген білімді бала төлей алмайды.

Ал көтермесең, аренда есігіңді, мемлекеттік салықтар шотыңды жабады. Сосын шақшадай басың шарадай болып отырасың. Тым ауыр.

Бірде бизнесмен Марғұлан Сейсембай: "Патриоттық бизнестің жауы, бизнес патриотизімнің досы", – деп еді. Рап-рас. Осы күні дәл соны өзім қатты сезініп жүрмін.

Өткенде сол Шыңғыс аға COFFEE BOOK-ті жапқанын естігенде де осы ой келді. Өзімдегі қиындықтар туралы ойлап, Шәкеңді түсіндім.

Өзім де бір күн осы күйге түспесем екен деп одан сайын қорықтым.

QAZBILIM Ұлттық мектептер желісі – ұлттың болашағы, елдің болашағы үшін жасалып жатқан жанкешті жобам. Бұндай дүниеге демеуші де, инвестор да табу тым қиын. Себебі бизнес көзімен қараған жұрттың шартына көне алмайсың.

Ниетіміз дұрыс қой деп, арпалысып келеміз. Құдай бір ретін табар деп, алысамыз. Сол сәтте біреулер түсінбей жағаңа, біреулер көре алмай балағыңа жармасқанда, "оо, атаңа нәлет!" деп айғай салғың келеді. Айғай салғың келеді.

P.S. Сурет ЖИ жасаған 60-тағы Аятжан. Бұл түрдегі күйге жетсек бұйырса. Бүгінгі арман орындалған күйді көрерміз...


Ұлттық валюта күні

1993 жылы 15 қараша.
1 $ = 4,74 теңге

2024 жылы 15 қараша
1 $ = 497 теңге

Теңгеміздің бәсі биік, берекелі болсын!



20 ta oxirgi post ko‘rsatilgan.