Америка Құрама Штаттары. Нью-Йорк қаласы. Нью-Йоркқа ұшып келіп, Джон Кеннедидің әуежайынан шыққаным сол еді, алдымнан бір ер адам тап болды. Кәстөм-шалбар киген, "солидный" кісі. Қаланың орталығына жетуім керектігін, метро көрсетіп жіберуін сұраған болатынмын. "Жүре ғой" деп соңынан ертіп кетті.
Автотұраққа келдік. Чемоданымды алып үлкен қара "Chevrolet Suburban"-ға салып жатыр (суретін гуглдан көрерсіздер). Мен деген аң-таң болып тұрмын. "Жоқ, маған метро керек" десем, "Қайтесің оны, мен деген тез жеткізіп саламын" дейді. "Жарайды" деп отырдым. Бір жағынан "келе салып ақшасыз қалып кетпейін" деп қалтамдағы ақшаны да ойлап тұрмын. [Омск қаласында таксист әуежайға жеткізіп салғаны үшін 2000₽ (10000₸-дей) алған болатын. Сөйтіп қолма-қол ақшасыз қалғанмын. Жалпы шетелде абай болғайсыздар.]
Сөйтіп "Qeens" деген районға қара джиппен кіріп келдім. Ол деген "VIP күтіп алу" екен. 50$ қағып алды. Әлі ол жақтағы тарифтерді, шығындарды білмей жатып, қалтамнан 50$ шығып кеткеніне кішкене күйініп те тұрдым.
Бару керек болған үйді таппай сандалып жүрдім чемоданымды сүйреп. Қолымда сим-карта да жоқ. Хабарласа да алмаймын. Енді осы орайда тіл білгеннің артықшалығын тілге тиек ете кетейік.
Бір кішігірім клиника бар екен бұрышта. Соған кірдім. Ресепшндегі телефоннан хабарласармын, болмаса "wifi" қосып берер деп. Ресепшнде бір қара нәсілді американдық тұрған етін. Жағдайымды түсіндіріп айттым. Ол ресепшндегі орнын тастап, менімен бірге көшеге шығып кетті. Екеуміз бірге әлгі мекен-жайды іздедік. Таба алмадық (мекен-жай қате берілген болып шықты). Айналып жаңағы клиниканың ресепшініне оралдық. Кіреберіс жерде отырып, "wifi"-ды пайдалануға рұқсат сұрап, елмен байланысып алайын дедім.
Күн жарықта келген едім, сағат түнгі 11-ден асуда. Менің барар жерім болмай тұр. Бір уақытта жаңағы қара нәсілді жігіт келіп "енді не істейсің? Нью-Йоркта түнде далада қалуға болмайды. Өте қауіпті. Паркке барып жататын болсаң, сөмкеңді кесіп, бүкіл ақшаңды тонап кетеді. Ол ең жақсы деген жағдайда" деп алаңдатып қойды.
Солайша әлгі жігіт енді кетіп бара жатыр еді, қайта келді жаныма. "Мен сені жалғыз қалдырғым келіп тұрған жоқ. Келгенің бүгін екен. Менің үйіме барасың ба?",-деген ұсыныс білдірді. 14 сағат ұшқан соң, шаршап та тұрмын. Ол жігіт қара нәсілділер шоғырланған "Bronx" деген жерде тұрады екен. Кішігірім "гетто". АҚШ-қа келмей тұрып оқып-біліп, ақпаратқа тойып алғанмын. Жанында басқа достары барын айтты. "Ешкімге тиіскізбеймін, алаңдамасаң болады. Барлығы жақсы жігіттер. Мазаңды алмаймыз. Тек бір ғана ескертетін жәйт бар. Біз шөп шегеміз. Өзіміз әңгіме айтып отырамыз, сен ұйықтай бересің. Егер ОК десең, жүре қой" деді.
Далада қалғаннан осы дұрыс қой деп енді келісейін деп тұрғанда, мен бару керек болған үйдің егесі өзі хабарласты уатсаптан. Жаңағы жігіт екеуміз қуанып кеттік. Чемоданымды алып, бағдаршамға дейін көтерісіп барды да, саулық тілеп тарқастық. Сонда алғыс білдіріп жатсам, "біз бәріміз адамбыз. Бір-бірімізге әрдайым көмектесу керекпіз" деп ешқашан есімнен кетпейтін сөздер айтты.
#Алла #жар #ғибрат #запискиВостоковеда