men❤️‍🩹


Kanal geosi va tili: Qozog‘iston, Qozoqcha


оқшау ой.
санаға салмақ салар сөз.
терең ойдың телміріп соңына ерген. ілім дәриясынан маржан терген.
көрген-баққан.
оқу-тоқу.
жазған-сызған.

Связанные каналы  |  Похожие каналы

Kanal geosi va tili
Qozog‘iston, Qozoqcha
Statistika
Postlar filtri


❗️❕‼️🔺
қазақтың жерін басып, елінің бүкіл игілік-нығметін, қызық-қуанышын жұлын-жүйкесі, жан-жүрегімен түйсініп, ауасын жұтып, суын ішіп отырып, тілін теңгермейді. үйренгісі жоқ. құлықсыз. орыстілділерді (қазағы бар, басқасы бар) айтам. аттай он бір жыл (!) тегін қазақ тілін оқиды екен. мектеп, жоо. одан қалды, қазақ деген дүйім қауымның арқа еті арша, борбай еті борша боп жүріп жиған-терген, тапқан-таянған қазынасынан, ортақ діттем, ұлттық мүдде үшін бөлінген қаржыға білім алады екен, оқу оқиды екен, грант алады екен. бірақ ағылшынша судай, орысшаға шебер, қазақ тіліне келгенде шорқақ, шолақ, кежегесі кейін тартады екен. шіркін-ай, ielts-ты жатпай-тұрмай, сүмең қағып оқығанда сондай, жарты ағылшын, шала орыс боп шығады. қазекеңе келгенде кекжигіш. универде орыс тобына сабақ берем кей семестрлерде. аттестаты бардың бәрі мылқау келеді. қазақ тілінен сабақ оқитын апай-ағайлардың да обалы жоқ, тіл үйретуден басқасының бәрін істейді сабақта. намыс, тиянақ, тақауыры бар адам грамматика түгілі, ой-санасының түкпір-түкпірін қазақыландырар еді. мелшиіп отырғандарың – аттестаты барлар. ол дегеніңіз, лепіртіп эссе жазған, көпіртіп шығарма тапсырғандар ғой?! универге кеп “келдім-кеттімнің” аудармасын қақпай отырады. он екіде бір нұсқа жоқ, тақыр, тасыр. оған аттестат ұстатқан мұғалім, мектеп қадірсіз. бірақ әгі студенттің кәріс-жапоныңды, ағылшын-прансузыңды шағып тұр…тақауыр керек!
ұлт тілін теңгермеу, меңгермеу қақтығыс, тектіресті маздата бермек. соның алдын алу үшін де (сана, түйсік, болмыс демей-ақ қояйық), ең азында, қызмет етіп, өмір сүріп отырған қоғамына қарай бейімделуі шарт қай-қайсысы.
(заң тұрғысынан) тіл меңгеру – парыз.
оны талап ету де. керек қылу да.


исра, миғраж сапарында Пайғамбарымыз (с.а.с) өзіне дейінгі келген барша пайғамбарларға екі рәкағат намаз оқытқан, имам болған.
көңілі құлазып, жақындарынан айырылған, тауы шағылған Пайғамбарымызды (с.а.с) дәл осы Миғраж түні жеті қат көкке серуендеткен, сейіл құрып, дәті бекіп, көңілі серпіліп, тың қуат, ерекше күшпен, сыймен оралған.
аспан әлеміндегі ең қасиетті мекен саналатын “періштелер үйінде” жеті аспанның сансыз періштесіне имам болады…үтір уәжіп намазы, құныт дұғасы, әттахият дұғасы, намаз рүкіндері (қиям, рүкуғ, сәжде, отырыс), жәннат пен тозақтық адамдардың жағдайы, Мүнкәр-Нәкир періштелердің сұрақ-жауапқа тартуы, мына әлемнің шегі болған “Сидратул Мунтаһаны” көріп, біліп, түсініп қайтқан ұлы сапар…
✨бес уақ намазға жығылып, елу уақыттың сауабын алу бақыты осы түні бұйырды.
✨үмбеті үшін періштелер ғибадатын осы түні сұрап алған. біз үшін.
✨парасат пайымы келіскен, абзал, кемеңгер пайғамбарлармен кездесіп, дидарласып, батасын осы түні алған.
✨бұл түні жәннатқа бірінші боп кіретін Мұхаммед (с.а.с) және оның үмбеті деген хабар айтқан Ыдырыс (а.с) пайғамбар. Мұса (а.с) пайғамбармен кеңескен, ақылдасқан.
✨бұл түні ешкімге, ешуақытта орнынан тұрып құрмет көрсетпеген, сәлем бермеген, алмаған, күлмеген Әзірейіл (а.с) періште Пайғамбарымызға (с.а.с) орнына тұрып, құшақтап амандасқан дейді…
✨бұл түні Пайғамбарымыз (с.а.с) сегіз жәннаттың иісін сезіп, дүниеге алданғандардың жазасын өз көзімен көріп, Құнт деген періштеден дұға алып қайтады. сыры көп үтір уәжіп намазын алғаш оқиды.
✨бұндай ғажайып, сауапқа толы сапарды үмбеті, біздер үшін сұрап алады. мүміннің намазы – миғраж.
✨бұл түні пайғамбарымыз (с.а.с) Алламен сөйлескен.

бұл түнді ерекше шабыт, шынайы шүкірмен өткізейік.


сатира≠кісінің ар-намысын қорлау

сатира – жеке басты емес, жиынтық образды, қылық-құлықты шенейді. қазақы сатираның құралы – астар. қазақы сөз саптамның, таным-өренің кең өрісі де – астарлап сөйлеу. сатира астарсыз, жылтырап жатпаса керек…терең болуы шарт.



алтын іспетті таза болмақ керек. қоспасыз, саф, сара. отқа да, суға да сал, басқа элементтермен араластыр, батпаққа батыр, балшыққа тық, алтынға тән сафтығынан айнымайды. жуып жіберсең, жалтырап шыға келеді. “жылтырағанның бәрі алтын емес”. кісілік сол – билік бер, байлыққа бөктір, майлы жілік ұстат, алдына дүйім жұрт жиылып, түкірігін жерге түсірмесін, кішілігін жоғалтпас, мұратынан таймас, арам асамас.
…әзіреті Омар үйіне келген олжа заттарының ішінде иіс май бар екен. бір күні әйелінің орамалына сіңген жұпар иісті сезеді. әйелі “олжаға түскен иіс майды орнына қойып жүргенде иісі қолыма сіңіп, орамалыма сүртіп едім” дейді. әзіреті Омар жұбайының орамалын байыппен сұрап алып, жақсылап жуып, иісін кетіріп, кептіріп қайтарып береді екен. иіс майдың өзі де, иісі де оның жеке мүлкі емес еді. ортақ олжа, көптің мүлкі еді. халық қазынасына қол сұғу былай тұрсын, көз сүзу, ой жүгіртуге де тозаңдай талпыныс, қылдай қалау болмаса керек басшыларда. сақтық. тазалық.

өткенде қонақта отырғанда бір үлкен кісі айтып еді: “қазақтың иманы күлге көмілген шоққа ұқсайды. үрлесең болды, жанып шыға келеді”. бұны Шәкәрім “затшылдық көзін байлайды, адастырып айдайды. жан билемей, тән билеп, ақылдың соры қайнайды” деп толықтырады.


өмірлік қағида:
қолыңнан келгенше бәріне жақсылық жаса, егер ол адам жақсылыққа лайық болмаса, сен лайықтысың.

есіңде сақта, біреудің айтқан өсегі, сені ғайбаттағаны, іштей көре алмауы, қиянаты, бықсытқан өтірігі, жаласы, тәкаппарлығы өзіне жамандық ретінде жетіп артылады. өз жамандығы өзіне тұзақ, оның үстіне сен қосылма…
🐍у жасаған удан өледі.

4k 0 107 318

pew институтының мына бір зерттеуінде америкалықтардың 31%-ы (ең нашар дегендерінің өзі) жылына 1-5 кітап тауысады екен… жыл бойында кемірген кітап саны 6-дан 20-ға таяп жығылатын халықтың үлесі 29% екен.
бізде ше?)
мына бір мақалада отандастарымыздың 26,5% ғана 1 кітапқа жетер-жетпес бірдеңелер оқыған болған. қалғандары мүлде бетін ашпапты – 52%. оқи жаздағандары – 21,4%.

✏️дами жаздап жүргеніміз де содан-ау, осы…)))


“пенде баласының өз тән жарасын ауырсынуы – тірілігінің белгісі. ал өзгелердің жан жарасын сезгенің – кісілігің” деген екен “мың сопы тырнағына татымайтын” Толстой (Шәкәрім теңеуі).
бұл ойды хәкім Абай “мазлұмға жаның ашып, ішің күйсін” деп үгіттеп, көпті, адамзатты әуелден Хақ Тағала сүйген, “Алланың сүйгенін сүюдің өзі Оның махаббатына бөлену” деп топшылайды. Жасаған Иеңнің сүйгенін сүйсең (1), Оны сүйгендерді сүйсең (2) имани гүл бүр жармақ. сонда Абай танымында күнәні, азғындықты елемеудің өзі – күнә. әрі “замандасының бәрі виноват”. күнәнің үлкені деген – еленбей келген кіші күнәлар. залымдардың зұлымдығынан бетер нәрсе бар – ғалымдардың үндемеуі.
Абайша айтсақ, “жаның ашып, ішің күймеуі”. көп үшін, адамдық қарызы үшін.

⚡️адам мен хайуан жанының бір айырмасы – уайымында. дұрыс уайым, уайым-қайғысыздығыңа уайым қылу ойдан басталады. хайуан біткен бүгін мен ертеңін уайымдамас.


жазушы үшін қауіптісі – өз жазғанын өзі ұнатуы. тоқмейілсу нәпсіні пұт қылса, дамуға жұт әкеледі. ілгерінің қазағы “мақтамен бауыздап” отырып сөйлесе, қазіргінің қазекеңі “мақтаумен бауыздайды”. көпіртіп отырып мадақ жырын төккенде, өз буыңа өзің мастанасың. нәпсі-құлқынын танымаған адамды мақтау, ел деді екен деп, артын тексермей еліру, қуыс жатқан кеудеңе салпыншақ медаль толтырғанға малдану – кешегі Мағауин ақсақал айтқан homo soveticus адамының ғадеті.


кітап оқы. жиырма бестің алғашқы жұмасы боп қойды. ескі әдебиетті жаңаша оқы. сюжет қуып оқыма. ой қу, сөз таны. мен сызып шыққан сөз-сөйлем автордың талғамы мен сөз зергерлігін танытады. баяу оқу деген сол – мәтін мәнін арттырар тіркес, әрлі экспрессоидтар мен етістікті дұрыс құбылтудың жөнін тану. біз авторы мен сюжетін жаттап, кейіпкерлері мен композициясын тақылдатып айтып шыққанды “оқыдыға” санап жаман үйренгенбіз. негізі, әдебиетті оқыту мазмұндату емес.
…биыл нобель алған хан гаңның “ет жемейтін әйелін” оқып жатырмын. одан бөлек, тағы бір нобель иегері орхан памуктың “ыстамбұлын” да кофелетіп отырып шолып жүрмін. екеуі де ұнап жатыр.

p.s. бүгін – қасиетті жұма.
Ғазалиде “жұма күнгі Аллаға ең үлкен жақындық, ғибадат – ілім үйреніп, үйрету” делінеді. ғибадаттардың орындалу шартымен ғана шектелмей, қабыл болу шарты жөнінде ізденбек керек. сыртқы формасымен шектелмей, ішкі мәніне үңілмек керек. жүрекке қатысты.



ережеп – Алланың айы.

“ережеп” сөзі “таржиб” деген сөзден шыққан.
ережеп – пейіштегі суы сүттен ақ, балдан тәтті, сап-салқын дарияның да аты. оның суынан ережеп айында ораза ұстап, жаман істерден және теріс ниеттен арылғандар ғана іше алады.

әріптердің мағынасын түсіндіруші кейбір ғалымдар: “рәжәб үш әріптен тұратын арабша сөз:
1. р – (рахмат) Алланың рақымы
2. ж – (журм) пенденің күнәсі.
3. б – (бирр) Алланың берген жақсылығы.

демек Алла Тағала пендесінің күнәсін рақымы мен жақсылығының ортасында жояды деп түсіндірген.


есекке зіркілдеген ақымақты көрген ақылдырақ біреу: “ей, көкебас-ау, есекте сенің тіліңді ұғар ес бар ма? не десең де ұқпайды ол. есесіне, сенің есектің тілін ұғар есің бар еді ғой?! – депті”.
кей кездері тілсіз тілге жүгіну керек болады. үндемеу деген. сөйлеу, тілдеу арқылы жетпейтін асу-белді үндемей тыңдасаң, оңай бағындырарсың.
❗️“саңырауға сын айтқанның өзі саңырау”.


жаңа жыл келді дегенше, ережеп туды десейші.
кофе ішілді дегенше, кітап оқылды десейші.
wish list жаздым дегенше, book list жаздым десейші.
жоспар құрдым дегенше, есеп бердім десейші.
тикток көрдім дегенше, нәпсің жеңіп есейші.
ұйқы қысты дегенше, “қайсың ояу?!” десейші.
уақыт өтті дегенше, өмір өтті десейші.
әдет болды дегенше, жендет болды десейші.
ағат іздеп сандалмай, тағат қылдым десейші.
мақұлдастым дегенше, ақылдастым десейші.
тәттіні тәтті дегенше, ғалымды дәтті десейші.
“дүние де өзі, мал да өзі,
ғылымға көңіл берсейші”.
ойын ойнайық дегенше, ой ойлайық десейші.
шеберді шебер дегенше, Алланы шебер десейші…желісінде жазылды.
🌸наурыз-көктемді дін аман, дән риза күйде көруді нәсіп етсін.


✏️
сыдық. садық. тілімізде бар қолданыс, семантикалық өрісі кең атаулар, тіпті кісі есімі. осы сөздің сан қырлы сипатын ашқан ғұлама Ғазалидің пікірін жаза кетейін. сыдық адам өзінің түп Иесі – Аллаға жақындатпайтын, разылығы білінбеген барлық нәрседен тыйылған, алыстаған адам. арам, күпір-күнә бер жағы, адал деген нығмет-жақсылықтың өзін өлшеп, шегімен қолданады…ішіп-жем, шаһуат, ләззаттар, уақыт, мал-мүлік, атақ-ғиззатты.
сыдық мінез қалай білінеді?
сыдық мінез (турашылдық) талпыну арқылы байқалатынын айтады – қағанағы қарқ, сағанағы сарқ байлар зекет-садақа беруге талпынуы шарт, ілім қонған ғалым шәкірт тәрбиелеуге ұмтылуы лазым, әкім тұрған кісі тұсында өзінен озық, білім-білігі биік біреу шықса, билікті, әкімдікті соған беруге асығуы тиіс дейді. бір орынға жамбасы жабысып, шал болғанда ортаға кісі салып, шапанын, қамшысын салып жүріп билеп-төстегісі келетін құлқынбайларда туралық жоқ деген сөз.
талпыныс неғұрлым күшті болған сайын сыдық мінездің парқы білінер. (тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ)

садық адам – тілі, тәні жасап жүрген құлшылық, амалдан жүректің хабары бар, іші-сырты бір кісі. тілі, ісі мұсылман, нәпсісі кәпір болса бекер. қайыр қыларда ортаның, нәпсінің, заманның талабы емес, жан-дүниенің ішкі қалауы күшті болуы шарт.
…жалпы, Ғазалиде адамға Алла тарапынан берілер сын-сипат үкімдерінің нақты өлшемі айталады. мысалы, ғалым үзбей ғибадат қылып, қажымай құлшылық қылған кісіні тақуа демейді. тақуалық қайыр-жақсылық пен тағат-құлшылықтың көлемі мен ұзақтығына қатысы жоқ мақам екен. ғибадаты көп көптің бірі Ібіліс еді, барар жеріне барды деп түйеді. тақуаның тәубе етуі оңай, құлшылық қалауы күшті, күнәмен бетпе-бет келе қалғанда Құдайын паналауы жылдам болатын кісі деп түсіндіріледі. өлшем “көпте” емес, “оңайда”.
жо-жоқ, “оңай” деген ұғым біз білетін оңайдан өзгесі. бұ жерде қалаудың күші тұрғысынан айтылып отыр. яғни, кісінің туралық танытуы, Құран оқуы, тәубе етуі, адал болуы, ақ сөйлеуі, парыздарды қалтқысыз қылуы жүректегі қалауының күштілігінен оңай орындалады деп түсінген жөн. амалдың өзі емес, сол амалдың орындалуы барысына қатысты есім сөз. адам жақсы көретін амалдарын қиналмай-ақ (еш мәжбүрлеусіз, тақауырсыз-ақ, ұмтыла) атқарады ғой. сол мағына…әйтпесе Құранды қиналып, ежіктеп оқу мен оңай оқуға қатысы жоқ. тақуа адамның Құран оқуға уақыт табуы оңай, бәлки.

🔗дереккөз: “кимия-ус сағадат” еңбегі.


🎓не ғой…”болашақ” шәкіртақысын ұтқандар, шәкірттіктің ақысын ұмытпаңдар. әуелі Құдай, одан соң халықтың алдында жауаптысыздар. ышқынып қатысып, көпіріп сұқбаттан өтіп, өтірікті шындай, ақсақты тыңдай етіп жүріп ұтып алып, он екіден бір нұсқа жоқ кететіндер бар екен. “туған жерге туың тік” деуші едік, ақыры кететінің бар, өз жолыңмен кеткін. ел қазынасын сарқымай, төгіп-шашпай өз ақшаңмен көш. ең әділі, имандысы сол. ол шәкіртақыны шын ғалымдар алсын. елге оралған соң омалып отырған, артта қалған жұрттың үміт отын жағам деушілерге бұйырсын. америкаға дүние қуып, ақша табам деп иттің ұлы байғотан барып жатыр емес пе?! “болашақ” көшудің құралы емес еді, өсудің құралы еді. қазір көшкісі келгеннің көбі “болашақты” жеміреді.

“болашақ” құлқынның емес, ұлтының қамын күйттегендерге бұйырсын!
арамтамақ деген сол – өйтіп-бүйтіп жүріп шәкіртақы ұтады, қырық сылтаумен сонда қалудың мың жолын ойластырады, ақыры өтем жоқ, сұрау жоқ, үлес жоқ кетеді…қарын тойған жерде қалғып кету үшін дүниенің ақшасын қолыңа салмайды ғой. қайтып кеп терің төк, үлесіңді қос, халықтың қақын бер, қамын же. содан соң көше жатарсың…

🇰🇿оны қазақ қысқа қайырады: ер туған жеріне, ит тойған жеріне.


жиған-терген білім “білем” деп айту үшін емес, “білмеймінге” көбірек қызмет қылса керек…
”білмеймінді” айту үшін де біраз білім керек. білімнің бірінші сатысы – “білмеймін”.
әуелі, “білмейтіндеріңді” танып аласың, мойындайсың, сосын барып қана білім жолы басталмақ.

– түк білмейтінің бар, не бітіріп жүрсің?
– түк білмейтінімді мойындау үшін. “білмеймінді” білімділер ғана айта алады.

😱бәрін білетіндер – түк білмейтіндер.


‼️ойталқыға тіркеу ашық.
адам жол таппай адаспайды, ой таппай адасады” деген сөз бар. тақыл-тұқыл ақпардан, жеңілтек контенттен жалықсаңыз ойшылдарға, ілгерідегі ізгілерге жүгініңіз…
талқы тақырыбы: “егізаяқ: Абай-Ғазалидің таным тұтастығы”.

🚀мына жерге жазыңыз:
https://t.me/aryn_qunanbai


🔠ықыластылық
✅ықылас

🔠ең даналы сөз
✅дана сөздің төресі

🔠жәннаттағы көршілігіне ұмтылады
✅жәннатта көрші болуға ұмтылады
✅жәннатта да көрші отыруды ойлайды
✅ұжмақта да көрші болуға ұмтылады

🔠дүп түсіп
✅дөп түсіп

дүп-түзу деп жатамыз ғой, соған ыңғайлаған болу керек.

🔠тақуалы кісі
✅тақуа кісі

🔠ең жас үйленген
❓ең ерте үйленген
❓үйленгендердің ең жасы

🔠ризық-несібені некемен іздеңдер
✅ризық-несібені некеден іздеңдер
✅ризық-несібе іздегендер үйленсін
✅іздеген ризық-несібең некеде

🔠Құран оқудың абзал уақыттары
✅Құран оқығанға абзал уақыт

🔠махаббаттан аққан көз жасы
✅махаббаттың көз жасы

🔠тым созбалақтатып жібердім
✅тым созып жібердім
✅тым созбақтап жібердім

🔠махаббат әрқашан құрмет пен адалдықпен болуы тиіс
❓махаббат дәйім құрмет пен адалдықтан құралуы тиіс
✅махаббатты махаббат ететін екі қасиет – құрмет пен адалдық
✅махаббат құрмет пен адалдыққа негізделгенде ғана махаббат болмақ

🔠бізді дұғаңда ұмытпа
✅бізге дұға етуді ұмытпағайсың
✅біз үшін дұға қылуды ұмытпашы
✅біз пақырыңызды дұғаңызға қосып қойыңыз

🔠сіз ахлю ас-сунна уаль-джамағатқа жатасыз ба?
✅сіз Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салған сара жолды құптап, сүннетін ұстанасыз ба?

🔠ғапылда қалып қойма
✅ғапыл күйіңде қалып қойма

🔠дені сау және уақыты бос болғандар
✅он екі мүшесі сау бола тұра, уақытын зая кетіргендер
✅қол-аяғы бүтін, дені сау болса да, уақытын текке жұмсағандар.


p.s.: бұл мысалдардың дені осы күнгі ислам төңірегінде жүрген зерттеуші, канал тізгіндеген блогер, уағызшылар аузынан сөзбе-сөз алынып отыр. ішінде топырлатып кітап жазып тастаған, кітап жаза жаздап жүргендері де баршылық…


🇰🇿тәуелсіздік. қадір-қасиеті мен өсиеті терең түсінік-ті. бізге керегі ой-сананың тәуелсіздігі еді. жалтақ жұрттың өз ұстыны болмайды, жетекке ергіш, лап бергіш келеді. оны қазақ “жаман үйді қонағы билейді” дейді. біздің қоғамда “қонақ сана, қонақ тіл, қонақ жүйе, қонақ тренд” көп. қаржылай, экономикалық, идеологиялық, әлеуметтік-саяси тәуелсіздікке жетейік. әркім, әр тұлға. әрине, әр сананың ұлттық сипаттағы тәуелсіздігі болса дейміз. қазақы жөн-жоралғы, ғұрып-ғадеттен жерінсең, ұлттық сипаттағы тіл, діл, дініңді жатырқасаң мың құбылғыш, құмбыл неме болғаның. тән түрмесіне қамалған, нәпсәуи, хайуани қалауларының құлақкесті құлы болған адам қайтіп тәуелсіз болсын…”мықты болсаң, әуелі, нәпсіңді жең”.
азат ел қарны тойса қалғымайтын, құлқынына құзыры жүретін азаматтардан құралады.
көлдей қып көсіліп эссе жазғаннан, тудың суретін алаулатып-жалаулатып стикер таратқаннан, флешмоб түсіріп, тақылдатып тақпақ айтқаннан шеке қызбас, іс өнбес.
тәуелсіздігіміздің тұғырын араны ашылған, ындыны бұзылған көрбастылар емес, нәпсісін билеген, киеден аттамаған, рухани уызына жарыған арда азаматтар мығым етеді.
бұны Абай да айтқан:
қайнайды қаның,
ашиды жаның
мінездерін көргенде:
«жігерлен, сілкін,
қайраттан, беркін!»- деп
насихат бергенде:
ұятсыз, арсыз салтынан,
қалғып кетер артынан”
.

қалғымайық. тәуелсіз күнге тәу ету – сананың сергектігінен. адамдық қарызы үшін еңбек етейік…


🤓зейіннің зеңденуі…

айтпақшы, oxford жаһанға жар салған жаңалық – биыл қолданған сөздің алды “brain rot” екен. “word of the year”. ел аузында жүрген, елең етер қолданыс. бұны біз баяғының бай заманынан айтып жүрміз – қоқ-соқ контент, өсек пен төсек арасы, біреудің қылығы мен былығы, жылтырақ, тыртың-тыртың би, қайқаң-жайқаң сөз, қызылды-жасылды өмір, оңғақ…осындай оңғақ контентке телмірген кісінің зейінін зең басады. кәдімгі көгеріп, шіру. санаға салмақ салмайтын контент пен кәкір-шүкір блогерлерді жаппай блокқа тықпақ лазым.
тереңдеген сайын кереңденетін, мыңжылдық құндылықтарың мылжыңдыққа балаған ұрпақ сол – “brain rot-тар”.
“ойлануым керек” деген ойдан қалған, ойға мұқтаж екенін ойламайтын толқын – зейінін зең басқан жас-кәрі.
🏌️қайталап айтам, жеңілтек, тұрақсыз, дүниені культ еткен контент иесі – араны ашылған блогерлерден қашу керек. ақақу-сәкәку жетеді…ойлы, айтары, ар-ұяты бар, зейін-зердеңе сәуле түсірер микроблогерлерді қолдайықшы.


❗️диплом тақырыбы туралы…
қазұу. филфак. сабақтың соңғы апталары. істуденттік бұла шақтың дәурені көшіп, жұмыс-шаруасы көп қым-қуыт өмір басталмақ. биыл 4-курсқа тарихи грамматикадан семинар жүргіздім. ойда түк жоқ, бейқам уағым есіме түсті. кітап оқи жаздап жүрген кездер ше…
бұлардан “дипломға қай тақырыпты алдыңдар?” деп сұрадым – өңкей жауыр болған, зерттеліп біткен, тым жылтырақ, пафосқа толы, түсінік-пайымды дамытпайтын, не ғылыми ізденіске итермелемейтін қырық жылғы “советский темалар”.
“пәленше шығармаларындағы түген таным, пәлен құндылықтар”, “түгеншеевтің көркемдік әлемі, портреттерінің идеялық жүйесі”, “пәленбайыптың поэмаларындағы тәрбие”, “пәлен деген шығарманың тілдік сипаты”, мифтер, лингвотаным…әшкиіңді қалыңдатып, санаулы адам ғана түсініп, бір-екі адам ғана қызығатын, өмірге аса бір қатысы жоқ тақырыптар. осыдан отыз-қырық жыл бұрын әбден қорғалып, талданып, мың-миллион мақала жазылып қойған бірдеңелер.
тым жалпы, мезі болған ұғымдар. баланың өресін кеңейтіп, ғылымға тартар, ынтаңды ашар өзекті мәселелер емес.
судыратып қотарып, өзіне дейінгі жүйені дайын күйінде көшіре салатындай тақырып – нашар тақырып. әрбірден соң, ондай “дежурный” тақырыптар әлдеееқандай естілгенмен қазақ ғылымын 1 грамм, 1 градус, жарты мысқал, қарыс қадам алға сүйремейді, дамытпайды, өзгертпейді. өзара бас шұлғып, 10-15 минут мыжып, өтірік-шынды қырнап-жонып, комиссия мүшелері пайдаланған әдебиетінен өзін іздеп қана тарс жаба салатын ысырап дүние болады дағы. бітті.

іліп алар, ой салар екі тақырып шықты — “қазақ сөзсаптауындағы “бар-жоқтың” қолданысы”. тағы біреуін ұмыттым.
тақыл-тұқыл тақырыпқа қызықпау керек. әлемдік бағыт пен қоғамдық бағдарды елемей тіркей салған қырық жылғы тақырыптан қашу керек.

бір-ақ мысал келтірейінші. былтыр экономистерге “саяси дискурстан” дәріс оқыдым. сонда іліп алар тұшымды еңбек кезікпеді. бір-ақ докторлық қорғалған екен. оның өзі бұрынғы президенттің жолдауынан түйдек-түйдек сірескен абзацтарды алып, жарым-жартылай талдаған дүние. функционалды көзқарас жоқ. әлемдік зерттеулерде тілдегі манипуляция түрлерінен тартып, саяси тұлғалардың сөзсаптамына дейін, қала берді, саяси дискурс барысында сөйлеушінің тіліне ауаның (қысымы, градусы, ластығы) қалай әсер ететінін зерттеп тастаған (!).
біз ше?! әлі сол тыыыым жасанды, өңін айналдырып жаза берген аудармалардан шыға алмай жүрміз.
жауырдан тәуірге, тәуірден ауырға ауысу керек.

20 ta oxirgi post ko‘rsatilgan.