Таңда
Айтолғаннан тұп-тұнық хат алдым. Соның сезімімен күйімді жазғым келді. Естелік болсын.
Бүгін 23-ке келіппін. Жазбаларымнан да білінер, осыған дейін тыныштық таппағаным, мұңға бейімдігім. Кейінгі жарты жылда көп дүние өзгерді. Ішкі дүнием. Мазасыздық кетті. Жайма-шуақ кезеңге өттім. Сол үшін де осы жасымды жақсы көремін.
«Кейде өзімді қатты қысып құшақтап, жасаған барлық қателіктерімді кешіргім келеді» дегенді көп айтатынмын. Жақындарым жақсы біледі. «Бір провинцияға барып, бәрінен жыраққа кетсем ғой» дегенді де көп айтатынмын. Бірақ бәрі әшейін сөз деңгейінде ғана қалатын. Осы демалысымда орындадым.
11 күн жалғыздықта өзімді шын құшақтадым. Шын кешірдім. Шын түсіндім. Бетпе-бет сөйлестім. Ұрысып та алдым. Соңында маңдайымнан сипадым. Бәрін сөре-сөресіне қойдым.
Тау етегіндегі ауыл. Тыныштық. Тұп-тұнық ауа. Қыстың соңыы. Алда көктем. Жүрек аңсарын тапқан. Көңіл саябырсыған. Қысқасы, соншааа аңсаған бақытымды таптым. Енді жоғалтпаймын.
Айтпақшы, бүгін қар жауды.