Күй аңызы


Kanal geosi va tili: Qozog‘iston, Qozoqcha


Күй мен күй аңызына арналған канал

Связанные каналы  |  Похожие каналы

Kanal geosi va tili
Qozog‘iston, Qozoqcha
Statistika
Postlar filtri




XVIII ғасырдың соңын ала Кіші жүздің көптеген руы Жайықтан арғы алап пен Еділ бойы сияқты атақонысына тұяқ тигізуге зар болады. Табын, Тама, Жағалбайлы сияқты рулардың біраз бөлігі Орта жүздің ханы Абылайға салмақ салып, Сарыарқаға көшіп кетеді. Осы кезде Үстірт үстіне қарай ығысқан қалың Адай тайпасы ХІХ ғасырдың бас кезінде Маңғыстау түбегіне деңдей орнығады. Мұндай қыспақты бір жағы Иран шахынан, екінші жағы Ресей патшалығынан түрікмендер де көреді. Сөйтіп, тағдыр тауқыметі қазақтар мен түрікмендерді Үстірт үстінде тоқайластырады. Шыңырау құдықтың бір жұтым суы ағайын екі елді алакөз етеді.

Осындай бір қырбай шақ болса керек. Бірде жоқ қарап жүрген Абыл күйші түрікмендердің қолына түсіп қалады. Саны көп, күші басым түрікмендер Абылды сөзге келтірмей, сарт-сұрт қағып, қолын артына байлап, атқа көлденең салады.

Бұл кезде ауыл иесінің үйінде қонақтар бар екен. Қазақтың қолға түскенін естігенде даурыға гу-гулесіп, «алып кел, көрейік» дейді. Кешікпей-ақ қолы артына байланған Абыл үйге кіріп, босағаға тізе бүгеді. Түрікмендер алғашқыда Абылды келекелеп, қазақтарды бірауыз қыжырта сөз етіп алады. Содан бірте-бірте басқа әңгімеге ойысып, тіптен орталарында тұтқын қазақтың отырғанын да ұмытып кетеді.

Абыл көз қиығын салып қараса, төрде екі жағына ұстара жанығандай бір қара сұр жігіт ағасы есіп әңгіме соғып отыр дейді. Қазақ арасында болғанын, небір дүлдүл күйшілермен күй сайысқа түскенін, тіпті қазақ-түрікменге аты жайылып кеткен Абыл күйшінің өзін көргенін айтады. Отырған жұрт: «Апыр-ай, Абылдың өзін көрдім дейсіз бе?» – деп таңырқаса, әлгі қара сұр одан сайын лепіріп: «Көргенің не, өз қолынан күй үйрендім», – деп соғады. Абыл болса орайлы сәтті күтіп, үн-түнсіз босаға жақта отырып, әңгімені одан әрі тыңдайды.

Бір кезде әлгі қара сұр «Абылдың сондағы тартқан күйі еді», – деп бір күйді бастайды. Осы кезде босағада отырған Абыл күйші әбден төзімі таусылып, мінез көрсетеді. Дутарды төпеп отырған қара сұрға: «Әй, бақшы», – дейді, – «Абыл олай тартпайды, тоқтат басты ауыртпай!» – дейді.

«Ұрының арты қуыс» дегендей, қара сұр сап тиылады. Үйдегілер ошарыла бұрыла Абылға қарайды. Содан соң, о жер, бұ жерден «Е, сен қайдан білесің?», «Абылды танушы ма едің?», «Осының өзі күйші болып жүрмесін?» деген дабыр сөз естіле бастайды.

Сонда үй иесі өмір көрген, бір орнықты адам болса керек, «Жә, шуламаңдар, бұл қазақтың қолын шешіңдер, Абылдың қалай тартатынын өзі көрсетсін!» дейді.

Абыл аз-кем қолын жазып, дутарды алады да, құлақ күйін келтіре бастайды. Дутардың ішегі шаңылтырланып шертіп тұр екен, босата бұрап, үйірінен адасқан сыңар қаздың үніндей қоңыраулатып алады да, қаға жөнеледі.

Күй бітеді. Жай бітпейді, үйдегілердің еңсесін басып, тәубесіне келтіріп, мына дүние тіршіліктің алдын-артын ала қанға салғандай көз алдына келтіріп тынады. Онымен де қоймайды, түйінін өзі шешіп, байлауын өзі айтып тастағандай.

Түрікмендер өзгеге тоқтамаса да, күйге тоқтайды. Күй тілін түсініп, күйге күңіреніп, күйге жұбана алатын ел. Отырғандар тұғжыңдап төмен қарайды. Бетке шіркеу, беделге көлеңке түсетін бір іс жасап алып, тығырыққа тірелгендей. Үнсіздікті үй иесі бұзады: «Жарқыным, осы сен Абылдың өзі болмасаң игі еді?» дейді. Абыл: «Болсақ болармыз», – деп сабырмен тіл қатады.

Осыдан кейін-ақ Абыл күйшінің иығына шапан жауып, жарылып төрден орын береді. Содан соң үй иесі: «Ал шырағым Абыл, көңіл кірі айтса кетеді деген, сөйлет домбыраңды», – дейді. Сол күні шер тарқайтындай күй тартылады. Одан ары адайлар мен түрікмендер арасындағы кикілжің ұмыт болып, ағайын елдің дәм-тұзы жарасады.

«Абыл» күйі туралы осындай әңгіме адай мен түрікмен арасында күні бүгінге дейін айтылады.

Бізбен бірге бол → @history_of_kui

"Темір нарком" атанған Темірбек Жүргенов жайлы жазғанымызды оқи отырыңыз

Абылдың күйін тартушы Елдос Еміл ⤵️


Video oldindan ko‘rish uchun mavjud emas
Telegram'da ko‘rish


Маңғыстау күйшілік дәстүрінің өкілі Құлшар күйші Абылдан күй үйреніп, Есірдің замандасы атанған дейді. Нақты өмір сүрген жылдары белгісіз. Құлшардың шәкірттері ретінде Атажан, Қожахмет, Теңел секілді бірқатар есімдер аталып жүр. «Нарату» еңбегінде Құлшар күйшінің ұрпақтары Алматы облысының Жамбыл ауданында тұрады деп жазылған.

Бүгінде Құлшардың авторлығымен аталып, бір оқиғаны баян ететін, циклдік күйлер бар. Мына видеода сол күйлердің әңгімесі айтылады.

Бізбен бірге бол → @history_of_kui

Маңғыстау күйлері жайлы тағы білгіңіз келсе, мақаламызды оқи отырыңыз




Күйші Мәмен мерген аңшы болған дейді. Күндердің күнінде мылтығын майлап, аң аулаймын деп, ауыл сыртына жаяулатып шығып кетеді. Қырсыққандай қыбырлаған түк жоқ. Әншейінде аяқ астынан пырылдап көтеріліп, ат үркітетін бөдене де жоқ. Күзгі ор қоянның өзі түгілі ізі де жоқ. Сөйтіп, күн де өтеді. Салы суға кетіп, қарауылға ештеңе іліктірмеген мосқал күйші үй маңына жақындап қалғанда, іргедегі төбеде жалбаң ете түседі. Жалт қараса өлексе күткен құра құстан аумаған бірдеңе көреді.

«Құр қайтқанша, осыны алайын» деп мылтығын түзейді. Асықпай көздеп, демін тартып шүріппені басып қалады. Осы мезгілде әлгі құс дегені адамға ұқсап, шар ете құлап түседі.

Аңшы жүгіріп, әлгі жерге барады. Бұл өзінің жалғыз ұлы Кәрім екен. «Әке» дейді де үнсіз қалады. Мәмен мылтығын тізесіне бір салып, екі бүктеген күйі басынан асыра лақтырып жіберіпті. Тәлтіректеген қалпы «Әке» деп үзіліп кеткен ұлының үстіне құлайды.

Сөйтсе осыдан аз ғана бұрын Мәменнің жары Жәниба «ұлым, кеш батты, төбеге көтеріліп әкеңді қарап келші» деген екен. Күні бойы үйде іші пысқан бала лезде жүгіріп барады. Төбенің басына шығып, әкесін ары-бері қарап іздейді. Ешкім жоқ. Не болса да күтейін деп, шоқиып отыра қалған екен. Ақыры ажал құшты.

Ұлы Кәрімнің өлімінен кейін Мәменнің өмірінің мәні кетеді. Анда бір сандалып, мында бір сандалып жүрді екен. Ермегі шер тарқатып домбыра тарту ғана. Өзінің «Қайғылы қара» атты күйі осы уақытта дүниеге келсе керек

Күйді тартушы Қали Жантілеуов

Бізбен бірге бол → @history_of_kui

Құрманғазының үш шәкірті жайлы мақаламызды оқи отырыңыз




«Той десе қу бас домалайды емес пе, ойын-сауық десе мен де домбырамды арқалай жөнелетінмін. Мына, өзіміздің Қали, Манарбектер сияқты сылқылдаған əнші жігіттер мені қояр да қоймай, ойын-сауықтың ортасына əкелетін.

Қыз күнімнен домбыраға əуестеніп, күйші атанып жүрдім. 1932 жылдың ауыр қысы келді. Жаңа түскен келін едім. Артымнан туған анамның қайтыс болғаны туралы хабар да келді.

Ендігі жерде менің сүйенішім тек қана домбыра болды. Ойланып көп отырып, домбыра үні арқылы зар-мұңымды білдіретінмін. Осы тартқан «Жетім қыз» атты күйім сол бір жылдардың қалдырған ізі» дейді Аққыз күйші.

Деректі жазып алған Жарқын Шәкәрім

Аққыз күйші жайлы мақаламызды оқи отырыңыз

Күйді шертуші Қалкен Қасымов

Бізбен бірге бол → @history_of_kui




Баяғы заманда бір бай «қой баққанда мініп жүріңдер, мынаның шамасы сол» деп қойшыларына бір ат берген екен. Шабандығына бола әлгі ат «Тепеңкөк» атанған.

Күндердің күнінде ауылға бір сыншы келіп, әлгі Тепеңкөкті малшылар мініп жүргенде, таңғалған екен. Шын жүйрік екенін көріп тұр. Қойшыларға жақындап: «Мынау байда жүйрік ат көп пе еді? Өрен жүйрікті қойға мінгізіп қойғаны қалай?»,- деп сұрайды. Қойшылар күліп қарап тұрып: «Қойға да жете алмай жүрген Тепеңкөкте қайдағы жүйріктік?!»,- деп бір-біріне қарап қарқылдапты.

Сыншы аттың басын ауылға, байдың үйіне бұрады. Амандаса келе:

- Байеке, бәйге атты қой қайыруға мінгізіп қойғаныңыз қалай?- дейді.

- Анау ма бәйге аты? Жылқының ішіндегі мың салса, бір баспайтынның өзі. Қойшылар кейде далаға тастап, қойды жаяу айдап кетеді.

- Байеке, менің жылқы танитынымды білесіз. Әр жүйріктің өз баптау әдісі бар. Тепеңкөктің үстіне екі қоржын құмды теңдеп, тер шыққанша етін қыздыру керек. Тер шығып, бауыры жазылған кезде, үстіндегі отырған адам қоржынды пышақпен тіліп жіберіп, құмын төгіп жіберсін. Сол кез мына саяғыңыз құстай ұшады,- деп кеңес айтады.

Байдың сенбеске амалы жоқ. Келіседі де: «Бүрсігүні пәленшенің асында бәйге бар, мына Тепеңкөкті қосып көрейік»,- дейді.

Бәйге күні байдың өзі шабандозға келіп, сыншының айтқанын істетеді.

Бұл бәйгені көрген адамдар таңғалған деседі. Қойға ілесе алмай жүрген Тепеңкөк бәйгеде барлығынан оза шауып, бірінші келген дейді. Сол мезетте ауылдағы сыбызғышы «Тепеңкөкті» былайша күйге қосады.

➡️ https://t.me/history_of_kui
➡️ https://t.me/history_of_kui
➡️ https://t.me/history_of_kui

Оқуға ұсынылған мақала: Біржан сал мен Махамбет, Дина Нұрпейісованың домбырасы сақталған ба?

Бізбен бірге бол → @history_of_kui




Алтай аймағы. Бір топ адам әділ төрелігін сұрап, бидің алдына келіп жатыр. Әркімнің дауы әртүрлі. Бірі «жаным» десе, бірі «малым» дейді. Тағы бірі жердің жайын айтып сұраса, екіншісі ердің жайын ортаға салады. Барлығының үміті бір. Ол – Бейсенбі бидің әділ төрелігі.

Бір кезде есік алдында күтіп отырғандар домбыра дыбысын естіді. Кәдімгі шертіліп жатқан күй. Алғаш келгендер аң-таң. «Біз мұнда ет жеп, домбыра тыңдау үшін келген жоқпыз, мынауың қалай?» деп таңырқап тұр. Жан-жағына жалтақтап қояды. Бұл жерге бірінші рет келгендер мән-жайды түсінбесе де, бұрыннан үйдің оты мен суын дайындап жүргендер жақсы біледі. Солардың бірі келіп, таңырқаған көптің біріне ақырындап «бері кел» деп ишарат жасайды. Әлгісі келгенде, былай деп айтып береді:

- Би-екеңнің бұл жайын жақсы білеміз. Осы жерде жүргенімізге көп болды. Көргеніміз де аз емес. Үйдің ішінде күй тартылуының өз себебі бар. Ал ендеше тыңда...

– Бежең келгендердің бірде-бірінің көңілін жықпауға, әділ төрелік айтып, дау бетін ары қаратуға талпынады. Оны сіз де жақсы білесіз. Сондықтан келіп отырсыз. Бірақ кейде ашуланып, аптығып, даурығып, зілденіп, сұқтанып келетіндер де бар. Ұлығымыз осылай келгендердің бетін қайтармай сабырмен қарсы алады. Бірақ бірден ашылып сөйлесіп кетпей домбырасын шертіп, өзімен өзі отыра беретін әдеті бар. Осылайша сүт пісірім уақыт өткенде, келгендер жайғасып отырып, сабасына түскеннен кейін ғана сөйлесіп, төрелік айтады. Қазір ғана алдарыңызда үйге кіргендер де сабырсыздық танытқан-ау, – деп би көмекшісі әңгімесін айтып, әрі қарай жұмысын істей береді. Ал жиналғандар «жөн екен» деп қалды.


Сондағы шертетін күйлер ел арасында «Бежеңнің кеңес күйі» деп аталып, бірнеше тараулы (түр) болып біздің заманымызға жетіпті

https://t.me/history_of_kui

Күй шертуші Ғабдылхақ Барлықов

🔸 Дина Нұрпейісова қартайған шағында ауылдан Алматыға неге көшті?






Баяғыда он екі ата Абақ Керейдің ішінде Молақ деген бір бай болыпты. Малы көп, малшысы да көп. Бірақ құдай ұл баладан қысқан екен. Айтбике деген жалғыз қызы ғана бар екен.

Күндердің күнінде Арғын Қаракесектің Айдос деген атақты барымташысы жылқы айдап келе жатып, Молақтың үйіне түсіп, сусын ішеді. Ай мен күндей толықсып тұрған байдың қызына қатты көңілі кеткен Айдос кете алмай, айналсоқтап, ақыры Молаққа жылқышы болып жалданыпты.

Арада біраз уақыт өткеннен кейін Айдос пен Айтбике тіл табысады. Қыз тобықтыдағы бір байдың баласына айттырылған екен. Бірақ айттырылған адамы өліп қалған. «Әмеңгерім әлі жас және оған көңілім де толмайды» депті Айтбике. Сонымен Айдос пен Айтбике сөз байласады.

Бір күні елдің бәрі тойға кеткенде, бір жас баламен жылқы күзетіп қалған Айдос, әлгі баланы байлап тастап, екі жүйрікті мініп, қосарына тағы ат алып, екеуі елден қашады. Молақ тойдан келсе, қызы да жоқ, Айдос та жоқ, жылқыда төрт ат жоқ. Баланың қолын шешіп, болған жайды естігеннен кейін дереу елдің бәріне хабар жібереді. Жұрт жабыла іздеп, қашқындарды еш жерден таба алмапты.

Арада жыл өткенде Қарқаралының қалың жыныс орманынан Айтбике мен Айдос ұсталады. Сол екі арада екеуінен бала болып қойыпты. Сонымен Айдос – Қаракесек, Айтбике – сүйегі Керей, ұзатылған жері – Тобықты, үш елдің арасында жойқын дау болады. Тобықты мен Керей атқа қонып, Қаракесекті шабатын болады.

Сол кезде Қосайдар би тоқсан екіге келіп отыр екен дейді.

Елдің жақсылары: «шапқан оңай, одан кейін табысу қиын, әуелі көненің көзі еді ғой, Қосай атамыздың алдынан бір өтейік не дер екен?» дейді. Сөйтіп, дүйім жұрт Қосайдарға жүгінеді. Кәрі би: «жарайды, фәниден баяғыда баз кешкен едім, бірақ қан төгілгелі тұр екен, тағы бір атқа мінейін», – дейді.

Болған жайға қанық болғаннан кейін үш күн ойланып, ақырында:

«Ал, ағайын, көнсең, ескі жолда мынадай жосық бар. Құдалық амалсыз бұзылғанда, қалыңмалды өсіммен қайтарады. Және қайтарғанда, байталына дейін жылда құлындаған болып есептеледі. Бұл азамат мерт болып, құн төлегеннен жүз есе арзан. Содан соң қасқа жолдан да, жасақтан да ескі бір жосық бар. Егер де біреу бір елдің айттырылып қойған қызын сол елдің ықтиярынсыз алып кететін болса, онда кіндігінен туған бір ұлды сол елге қайтарады, яғни, қызын алып, ұлын береді», – депті.

Сонымен ел бидің айтқанына тоқтасады. Сонда дауға қатысқан Байжігіт «Сендей кемеңгер болмас» деп шерткен күйі екен (аңыз Таласбек Әсемқұловтың «Тәттімбет сері» романынан алынды).

https://t.me/history_of_kui

Басқа да күй аңыздарын оқи отырыңыз


Aikyn.kz dan repost
"Қазақтың дәстүрлі күйшілік өнерінде күй себепсіз шықпаған. Күйдің дүниеге келу себебі күй аңызға айналған. Яғни, күйдің де, күй аңызының да себепті (этимогиялық) сипаты басым. Осы тұста күйге де, күй аңызына да қатысты бірдей тұлғаға назар аударады. Ол – күйші-композитор.

Сөз жоқ, алдымен күйші-композиторды не бұрынғы заманда өтіп кеткен оқиға толғантуы керек, немесе көз көрген бір оқиғаға тебіренуі керек, не болмаса өз басынан айрықша бір оқиға өтуі керек. Сонда ғана үлкен тебіреніс-толғаныстан кейін дүниеге күй келеді. Ал күйшіні тебіреніп-толғантқан сол оқиға ел ішінде күй аңызы болып тарайды".

Aikyn.kz авторының «Қазақтың күй өнері» еңбегі негізінде дайындалған Ақселеу Сейдімбекпен ретроспективалық сұхбатты оқи отырыңыз.

@aikyngazeti


Aikyn.kz dan repost
Бүгінде шетелге шығып, домбырамен ән салып, қобызды күңіренте күй тарту әдеткі жағдай болып қалған. Ол жаңалықты оқысақ та, көбіне мән бермейміз. Бірақ осыдан бір ғасыр бұрын алысқа барып, ән мен күйді өзге ұлтқа таныстыру сенсация іспетті еді. Бүгінгі күні ән мен күйдің алыстағы алғашқы концертінің бірі (мүмкін ең алғашқысы да болар) деп Мәскеудегі іс-шараны айтуға болады.

Концерт 1923 жылы 24 қазанда өткен екен. Өткен жері – Мәскеудің политехникалық мұражайы. Бұл – сол кездегі ғылым мен білім орталығы. Үш ай бұрын дәл осы сахнада Сергей Есенин жеке шығармашылық кешін берген екен.

Толығырақ aikyn.kz авторы дайындаған 1923 жылғы Мәскеудегі қазақтың алғашқы ән мен күйінің концерті мақаласынан оқи аласыз

@aikyngazeti




Мына бір мақаламды оқыңыздаршы. Барлық проблеманы жазғандаймын.

Күйіміздің күйі қалай?
➡️ https://aikyn.kz/270848/kuyimizdin--kuyi-k-alay



20 ta oxirgi post ko‘rsatilgan.