Өткенде айтқан едім ғой, Nike компаниясының тарихы жазылған кітапты оқып жатырмын деп. Кеше сол кітапты оқып бітірдім. Сол туралы бірер ауыз сөз. Найктың негізін қалаушы Фил Найт деген кісі. Өз жолын бастағанда, ол көптеген кітаптардағыдай, керемет оратор, пысық, еті тірі, жұлынып тұрған жігіт болмаған. Оның мінезі салмақты, тұйық, көңілді ортада топтан бөлініп қалған адамдай болған екен. Өзім осыған таң қалдым. Қаншама әлемдік алпауыттардың тарихын оқысам да, мынандай ерекше мінезді лидерді бірінші рет естіп біліп тұрмын. Кітап ашық жазылған. Бос мотивация немесе жалаң ұран жоқ. Фил Найт өзінің қорқыныштары, кемшіліктері жайлы шынайы айтады. Компания ашылған соң он шақты жылдай бизнесі шайқалақтап тұрғанын, сол он шақты жылдың ішінде кез-келген уақытта жабылып қалуы мүмкін болғанын айтады. Маған ұнағаны да осы шынайылық. Дәті бармаса да, бизнесін тартып алмақ болған жапон қызметкерінің папкасынан қағаздар ұрлағанын, жапон компаниясында тыңшысы болғанын соттың алдына шығып айтып береді. Бірақ ешқашан өздігінен біреуге ұрынып көрген адам емес. Бұл адамның жасағаны тамшылап мұзды жарып шыққан су секілді. Тоқтамай, мақсатына қарай жүре берген. Өзінің нақты мақсатының қандай екенін білмесе де, тек алға баса берген. Кейбір кітаптарды жапқан соң, кітаптың ішіндегі кейіпкер сенімен қалып кеткен секілді болады ғой. Мына кітапта тура сондай болды. Әдеби жазу стилінде жазылған ерекше бизнес кітап. Міндетті түрде оқуға кеңес беремін.