Өз есебім


Kanal geosi va tili: Qozog‘iston, Qozoqcha


Экономика туралы қарапайым тілмен

Связанные каналы

Kanal geosi va tili
Qozog‘iston, Qozoqcha
Statistika
Postlar filtri


Маңызды жаңалық: Қазақстанда ҚҚС өсуі мүмкін – Бұл сізге қалай әсер етеді?

Үкімет Қазақстандағы Қосылған құн салығы (ҚҚС) деңгейін 12%-дан 20%-ға дейін көтеретіні туралы айтылып жатыр. Бұл маңызды өзгеріс, және ол бәрімізге әсер етеді – дүкендердегі бағалардан бастап бизнестің жұмыс істеуіне дейін. Оны
қарапайым тілмен түсіндіріп, дайындалуға болатын нәрселер туралы айтайық. Бұндай өзгерістің әсерін Колумбия университетінде зерттеген екен.

ҚҚС өскен кезде не болады?

ҚҚС жаңа деңгейі белгілі болып, әлі күшіне енбеген кезде адамдар баға өспей тұрғанда көбірек тауарлар сатып алуға тырысады. Электроникадан бастап киім-кешекке дейін сұраныстың артқанын байқауға болады. Бұл бизнестің сату деңгейінің қысқа мерзімді өсуіне әкелуі мүмкін.

ҚҚС өсімі күшіне енгеннен кейін адамдар тауарлардың қымбаттауына байланысты сатып алуды азайтады. Оның орнына алдын ала сатып алған тауарларын пайдаланады, бұл бизнес үшін сату мөлшерінің уақытша төмендеуіне әкелуі мүмкін. Бұл экономиканы уақытша баяулатады.

Уақыт өте, адамдар алдын ала сатып алған тауарларын пайдаланып біткен соң, сауда жанданып, жағдай қалыпқа келеді. Бірақ бұл процесс бірнеше айға созылуы мүмкін, және бизнестер бұл кезеңде қиындықтарға тап болатыны анық.

Үкімет неге ҚҚС-ты көтеруді жоспарлап
отыр?

ҚҚС-ті көтерудің негізгі себебі – бұл денсаулық сақтау, білім және инфрақұрылым сияқты мемлекеттік қызметтерге қосымша қаржы жинау. Бұл ұзақ мерзімдік тұрғыда ел үшін пайдалы болуы мүмкін, бірақ қысқа мерзімдік тұрғыда бәріміз үшін біршама қиыншылықтар туғызады.

Басқа елдерден нені үйренуге болады?

Колумбия университетінің зерттеуі 14 дамыған елдегі ҚҚС өзгерістерінің әсерін талдады, және мынаны анықтады:

Әсері уақытша. Сатып алудың төмендеуі және экономиканың баяулауы әдетте ұзаққа созылмайды. Бірнеше ай ішінде жағдай қалыпқа келеді.

Уақытын дұрыс таңдау маңызды. Үкімет ҚҚС қашан көтеруді мұқият ойластыруы керек. Қиын экономикалық кезеңде бұл жағдайды нашарлатуы мүмкін.

Коммуникация маңызды. Адамдар ҚҚС-ның неге көтерілетінін және ақшаның қалай пайдаланылатынын түсінген кезде, өзгерістерді қабылдауға бейім болады.

Сіз не істей аласыз?

Егер сіз үлкен сатып алуды жоспарлап жатсаңыз (мысалы, автомобиль немесе үй техникасы), салық көбеймей тұрғанда жүзеге асыруды ойластырыңыз. Бизнес иелері үшін нарық
белсенділігінің төмендеуіне дайындалу маңызды.

Қорытынды

ҚҚС-тің 12%-тан 20%-ға дейін өсуі – үлкен өзгеріс, және ол бәрімізге әсер етеді. Қысқа мерзімдік тұрғыда әсері қиын болуы мүмкін, бірақ, қосымша қаржы мемлекеттік қызметтер мен инфрақұрылымды жақсарту үшін пайдаланылады, бұл ұзақ
мерзімдік тұрғыда бәрімізге пайда әкеледі деген үміт бар.

Сіздің ойыңыз қандай? Пікірлерде талқылайық!




2024 жылғы Жаһандық инновация индексі: Қазақстанның жолы

Дүниежүзілік интеллектуалдық меншік ұйымы (WIPO) жариялаған 2024 жылғы Жаһандық инновация индексі (GII) былтыр қазан айында жарық көрді. Мені Қазақстанның инновация жарысындағы орны қызықтырды.

Қазақстан 133 елдің ішінде 78-орында, бұл орынды Ямайкамен бөлісіп отыр. Айта кетерлігі, біз Барбадос (77-нші орын) сияқты шағын мемлекеттерден кейін қалып қойдық.

Бұрынғы Кеңес Одағы республикаларының арасында Қазақстан орта деңгейде тұр. Эстония 16-орынмен көш бастады, одан кейін Литва (39-орын), Латвия (42-орын) және Ресей (47-орын) орналасқан. Қазақстан Грузиядан (59-орын) және Украинадан (62-орын) артта қалып отыр, бұл топта өз орнымызды жақсарту қажеттігі айқын.

Орталық және Оңтүстік Азия аймағында Қазақстан үшінші орында, алда тек Үндістан мен Иран тұр. Жаһандық контексте айтарлық дүниелер бар. Мысалы, Қазақстан үкіметтің онлайн қызметтері бойынша әлемде 8-орында, бұл цифрлық басқарудағы күштілікті көрсетеді. Қазақстан пайдалы модельдер бойынша әлемде 10-орында, бұл біздің шығармашылық шешімдер мен жаңашылдыққа қабілеттілігімізді көрсетеді. Электронды қатысу бойынша Қазақстан 15-орында, бұл азаматтардың мемлекеттік қызметтерге цифрлық қолжетімділігі мен белсенділігін айқындайды. Ал кәсіпкерлік саясат пен мәдениет бағытында 25-орынға ие болуымыз елдегі кәсіпкерлікке жасалып жатқан қолдаудың нәтижесін көрсетеді.

Дегенмен, кейбір параметрлерден артта қалдық. Қазақстан университеттер мен өнеркәсіп арасындағы зерттеу мен әзірлемелерді ынтымақтастық бойынша (109-орын) және бизнес кластерлерді дамыту бойынша (114-орын) төмен орынға ие. Бұл салаларды жақсарту біздің рейтингімізді жоғарылату үшін аса маңызды.

Жаһандық деңгейде Швейцария, Швеция және АҚШ бірнеше жыл бойы көшбасшылар қатарында келе жатыр.

Қазақстан үшін негізгі тұжырым: жетістіктерімізді атап өтсек те, көңіл бөлетін мәселелер баршылық. Барбадос сияқты елмен бәсекелесу және бұрынғы Кеңес Одағы бойынша серіктестерден алшақтықты азайту үшін өнеркәсіп пен жоғарғы оқу орындар арасындағы кооперацияны күшейтуге ерекше назар аудару керек. Осыны жүзеге асыра алсақ, Қазақстан алдағы жылдары әлдеқайда жоғары деңгейге көтерілуге қабілетті деп сенемін




Неге бай елдер аз жұмыс істейді?

The Economist-тің бұл диаграммасы қызықты үрдісті көрсетеді: жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) сомасы төмен елдер ақылы еңбекке көбірек уақыт жұмсайды. Салыстыруға Қытай мен Жапонияны және АҚШ мен Үндістанды алуға болады.

Ерекшеленіп тұрған ел -Италия. Жан басына шаққандағы ЖІӨ орташа болғанымен, итальяндықтардың жұмысқа жұмсалатын уақыты аз. Бұл мәдени немесе экономикалық факторларға байланысты болуы мүмкін.

Экономика өскен сайын «көп жұмыс істеуден» «ақылды жұмыс істеуге» көшу үрдісі байқалады. Осы өзгерісті не басқарады деп ойлайсыз?


SWIFT төлемдеріндегі валюталар үлесінің өзгерісі халықаралық қаржы жүйесінде қызықты тенденцияларды көрсетеді. Графикте көріп отырғанымыздай, АҚШ доллары халықаралық төлемдерде әлі де көш бастап тұр, шамамен 50%-ды құрайды. Бұл оның әлемдік экономикадағы тұрақты әрі сенімді валюта ретіндегі мәртебесін тағы бір дәлелдейді.

Еуроның үлесі соңғы онжылдықта айтарлықтай төмендегенін байқаймыз. Бұл, мүмкін, Еуропалық Одақтағы экономикалық және саяси қиындықтармен байланысты болуы мүмкін. Дегенмен, еуро әлі де маңызды резервтік валюта болып қала береді.

Қытай юанінің халықаралық төлемдердегі үлесі баяу болса да, тұрақты түрде өсіп келеді. Бұл Қытай экономикасының жаһандық аренадағы рөлі күшейгенін көрсетеді. Әсіресе, Қытайдың “Бір белдеу, бір жол” бастамасы арқылы көптеген елдермен экономикалық байланысты нығайтуы юаньның танымалдылығын арттырды.

Жапон йені мен британ фунтының үлестері салыстырмалы түрде өзгеріссіз қалды. Олар халықаралық төлемдерде маңызды рөл ойнағанымен, доллар мен еуро сияқты айтарлықтай үлеске ие емес.

Бұл тенденциялар қаржы әлемінде жаңа өзгерістердің бастамасы болуы мүмкін. Қытай юанінің халықаралық төлемдердегі рөлінің артуы долларизацияның үстемдігіне сын-қатер туғыза ала ма деген сұрақ туындайды. Ал цифрлық валюталар, мысалы, цифрлық юань немесе еуро, бұл үлестерді болашақта қайта қарастыруға себеп болуы мүмкін




HeadHunter мәліметі бойынша, қазақстандықтардың 48%-ы жаңа жұмыс іздеуге дайын.

Жұмыс орнын ауыстыруды көбінесе өндіріс пен ауыл шаруашылығы, тасымалдау мен логистика, сауда салаларының қызметкерлері ойластырып отыр екен.
Жауап берушілердің 67% жұмыс ауыстыруға негізгі себеп ретінде жалақының төмендігін таңдапты.

Өз пікірім: Иә, бұл көрсеткіш соңғы жылдардағы инфляцияның халықтың қаржылық жағдайына айтарлықтай әсер еткенін көрсетеді. Тауарлар мен қызметтер бағасының үнемі өсуі халықтың нақты табысын төмендетіп, жалақының құнын азайтуда.


Өткен аптада Astana Open Dialogue форумының екінші отырысына қатыстым. Спикер ретінде шақырылған тау-кен кешеніндегі шағын және орта бизнестің «Тау-Кен Қазақстан» ассоциациясының басшысы Айбар Дәутов маңызды мәселелерді көтерді.
Дәутовтың айтуынша, мұнай саласы әлі күнге дейін толық реформаланбаған. Соның салдарынан біз жыл сайын дизель тапшылығын кешудеміз. Сарапшының дерегіне сай Ресейде мұнайшыларға салынатын салық жүктемесі 60%-ға дейін жетеді (ескерту – Қаржы министрлігінің әдісі бойынша Қазақстандағы мұнай өндірушілердің салыұ жүктемесі 24-25%, ал PetroMining ассоциациясының әдісі 64% жүктемені көрсетеді), бірақ олар бұдан құлдырамай, керісінше дамып келеді. Дәутовтің пікірінше, мұнайшылар фермелер мен басқа саладағы кәсіпкерлерден көрі әлдеқайды ұтымды жағдайда отыр.
Дәутов тағы бір маңызды мәселеге тоқталды — қатты пайдалы қазбаларды өндіру салығы мөлшерінің 38 түрі бар. Ең төменгі мөлшерлеме – 0,38%, ал ең жоғарғысы – 21%. Арадағы айырмашылық 55 есе. Бұларды сарапшы
90-жылдардан қалған жасырын салықтық жеңілдіктер

деп санайды.
Дәутов бұл салада тәртіп орнатуды ұсынды. Ол бұл айырмашылықтарды ресми түрде салық жеңілдіктері деп мойындап, оларды әлеуметтік міндеттермен байланыстыру керек деп санайды. Мысал ретінде, жұмыс орындарын сақтау және моноқалаларды қолдау сияқты шаралар келтірілді.
Бұл шынымен маңызды мәселелер. Қалай ойлайсыздар, ереже өзгертетін уақыт келді ме?


Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!


Телеграмға екі апта шамасындай уақыт ештеңе жазбап едім. Осы уақытта доллар-теңге бағамына қатысты қызу талқы басылғандай. Бұл пікірталастарға қосарым – доллардың өсу-өспеуін болжап білгіңіз келсе, рубльдің жағдайын жіті қараңыз


Микронесие тенденциялары
Қазақстанда микронесие нарығы қарқынды дамып келеді. Соңғы жылда микронесие портфелінің көлемі 2023 жылдың соңындағы 1244,3 млрд теңгеден 2024 жылдың қазанына қарай 1440,9 млрд теңгеге дейін өсті. Бұл халық пен шағын бизнестің мұндай несиелерге деген жоғары сұранысын көрсетеді. Алу оңайлығы мен жеделдігіне бола, олар қысқа мерзімді қаржы мәселелерін шешуге ыңғайлы құралға айналдырды.
Дегенмен, қолданыстың артуымен бірге тәуекелдер де өсе бастады. Мерзімі өткен қарыздар көлемі соңғы он ай ішінде 78,6 млрд теңгеге артып, 297,8 млрд теңгеге жетті. Бұл несие алушылардың қаржылық қиындықтары мен олардың төлем қабілетін бағалаудағы кемшіліктерді көрсетеді.
Мерзімі өткен микронесие үлесі де өсті: жыл басында 17,6% болса, қазан айында 20,7%-ға жетті. Бұл микроқаржы саласы үшін дабыл белгісі, өйткені мұндай қарыздардың өсуі нарық тұрақтылығына қауіп төндіреді. Әсіресе, «90+ күн» санатындағы қарыздар ерекше назар аудартады, олардың көлемі тұрақты түрде өсуде, бұл көптеген қарыз алушылардың берешекті қайтаруға мүмкіндігінің жоқтығын білдіреді.
Бұл жағдай микроқаржы ұйымдарының да, реттеуші органдардың да назарын қажет етеді. Тәуекелдерді бағалау тетіктерін жетілдіру, мерзімі өткен қарыздармен ертерек жұмыс істеу және пайыз мөлшерін төмендету қарыз алушылардың қаржы жүктемесін азайтуға және қайтарылмай жатқан несие көлемін қысқартуға көмектеседі.




Көпшілікке қосылу әсері

Кейде бір зат күтпеген жерден өте танымал болып кетеді де айналамыздағы дос-жарандарымыз оны жаппай сатып ала бастайтынын байқаған боларсыз. Мұны "бандвагон әсері" немесе көпшілікке қосылу деп атайды. Расында да, көпшілік бірдеңе сатып алса, қолданса немесе істесе, біздің де соны қайталағымыз келіп тұрады. Себебі, кез-келген адам үшін бір үлкен, сәнді және өзекті нәрсенің/құбылыстың бөлігі болу маңызды болып көрінеді. Жаңа өнімді нарыққа өткізу үшін компаниялар мен өндірушілер осы сезімді қолдануды жақсы меңгерген. Себебін графиктен таба аласыз. Қалыпты жағдайда ұсыныс артқан сайын, тауардың бағасы төмендеу керек болса, бандвагон әсері бар жағдайда, ұсыныс арта берсе де, баға түспей, хайпқа бола керісінше көтерілуі мүмкін.

Бұл өте қызық құбылыс. Басында өнім енді шыққан кезде оны аз ғана адам біледі, ал оны тек жаңаға құмар тұтынушылар ғана сатып алады. Бірақ, өнім "жарқ" етіп танымал бола қалса, ол туралы әлеуметтік желілерде айтыла бастайды, бейнероликтер, пікірлер, ұсыныстар шығады – содан кейін адамдар жаппай оны сатып алуға ұмтылады. Кейде ол зат бізге шын мәнінде қажет болмаса да, біз "бәрі сатып алса, демек, бұл керемет" деп ойлап қаламыз.

Мысалы, күні кеше хит болған дубай шоколадын еске түсірейік. Бір кішкентай десерт күтпеген жерден TikTok-тағы вирусты бейнежазба арқылы әлемдік сенсацияға айналды. Адамдар бұл шоколадты алу үшін кезекке тұрды, оны тез арада сатып алды, ал қол жеткізе алмағандар оны үйде дайындауға рецепт іздеді. Неге? Себебі "бандвагон әсері" қосылып кетті.

Бандвагон әсері тек трендтерге ғана емес, күнделікті шешімдерімізге де әсер етеді. Біз көбінесе өзңмңзге тиімді не қажетті емес, көпшілік құптайтын шешімді қабылдаймыз. Аракідік болса да, кейде тоқтап, өзімізге "Маған бұл шын мәнінде керек пе, әлде мен тек басқалардың артынан қайталап жатырмын ба?" деген сұрақ қою қажет.

Бұл әсердің тағы қандай мысалдарын білесіз?




Case study: I-35W көпірінің құлауы – жалған үнемдеудің мысалы

2007 жылғы 1 тамызда, кешкі қарбалас уақытта, Миннесота штатының Миннеаполис қаласындағы Миссисипи өзенінің үстінен салынған I-35W көпірі құлады. Бұл қайғылы оқиға 13 адамның өліміне және 145 адамның жарақат алуына әкелді.

Анықтама
1967 жылы салынған I-35W көпірі күн сайын 140 000-нан астам көлік өткізіп, аймақтың экономикалық артериясы болды. Маңыздылығына қарамастан, көпірде техникалық қызмет көрсету кейінге қалдырылып, құрылымдық кемшіліктер жөнделмеді. Тергеу жұмыстары барысында көпірдің болттық қосылыстары (gusset plates) жүктемесін көтере алмайтыны анықталды.

Қаржылық салдар
Алдын алу шараларының құны: 2006 жылы Миннесота штатының Көлік департаменті (Mn/DOT) көпірдің құрылымдық маңызды элементтерін күшейту үшін шамамен 1,5 миллион доллар бөлді. Алайда, бұл жұмыс орындалмай қалды.
Құлағаннан кейінгі шығындар: Құтқару, тазалау, сот шығындары және көпірді қайта салу үшін 234 миллион доллардан астам қаражат қажет болды. Жүк тасушы көліктердің маршрутының ауысуына бола кеткен қосымша шығындарды қосқанда жалпы зиян 0,5 млрд доллар шамасында деп есептелді.

Қорытынды
Маңызды техникалық қызмет көрсетуді кейінге қалдыру немесе жеткіліксіз қаржыландыру қысқа мерзімде үнемді болып көрінді. Алайда, бұл жалған үнемдеу орасан зор шығынға апаруы мүмкін. I-35W көпірінің ремонтына үнемдеу дәл осыған жеткізді. Иә, осылайша Миннесотаның өкілетті органдарының «ештеңе етпейді», «40 жыл тұрды ғой, әлі де тұра береді» деген ойлары орны толмас трагедияға әкеліп соқты.


Video oldindan ko‘rish uchun mavjud emas
Telegram'da ko‘rish


Суреттерде Америка Құрама Штаттарындағы Миннеаполис қаласындағы I-35W көпірінің құлағанға дейінгі және құлағаннан кейінгі көріністері берілген. gif файл құлау сәтін көрсетеді


Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіндегі іскерлік белсенділік индексінің (PMI) соңғы 6 айғы көрсеткіші

PMI деңгейі 50-ден жоғары болса, бұл өңдеу өнеркәсібінің өсіп жатқанын білдіреді. Ал көрсеткіш 50-ден төмендесе, сектордың қысқарғанын көрсетеді. Әр ай алдыңғы аймен салыстырылады. Жоғарыдағы график әлемдік S&P Global корпорациясының ақпараты. Соңғы айларда PMI 50-ден жоғары болғандықтан, бұл өңдеу өнеркәсібінің өсуінің белгісі.

«Сұраныстың артуына бола өндіріс көлемі мен жаңа тапсырыстар көбейді, дегенмен өсу қарқынының баяулаған. Компаниялар бұған жауап ретінде сатып алу белсенділігін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашты. Бизнестегі сенімділік үш айдағы ең жоғары деңгейге жетті, және респонденттердің жартысына жуығы келесі жылы өндіріс көлемінің ұлғаюын күтуде», – деп хабарлайды S&P Global



20 ta oxirgi post ko‘rsatilgan.